Epetition.kz сайтында тәңіршілдікті Қазақстандағы ресми діндердің бірі ретінде мойындау туралы петиция басталды. Петиция авторларының дерегінше, жақын жылдары тәңіршілдікті ұстанатын қазақстандықтардың саны миллион адамға жетуі мүмкін. Құқықтық және дінтану тұрғысынан бұл бастаманың болашағы қандай – CABAR.asia анықтап көрді.
Тәңіршілдік деген не?
Сарапшылардың арасында тәңіршілдік ұғымына қатысты ортақ пікір жоқ. Ол дін ба, ұстаным ба, философия ма әлде мемлекеттік идеология ма. Анығы сол: тәңіршілдіктің негізінде – табиғатқа, ата-баба рухына, көк Тәңіріне табыну жатыр.
Петицияға бастама жасаған Ерлан Еспенбетовтың пайымынша, тәңіршілдік мәдени мұраның маңызды бөлігі, сондықтанда да оны мемлекеттік деңгейде көргісі келеді.
«Тәңіршілдік Түркі, Ұйғыр, Оғыз қағанаттарының ресми діні болған. Ол 1321 жылы Өзбек хан ислам дінін мемлекеттік дін ретінде енгізгенге дейін басымдыққа ие болды», — дейді Еспенбетов.
Айтуынша тәңіршілдік дәстүрі ешқайда жоғалған жоқ. Мысалы, қазақтар әлі күнге дейін «Жеті ата» қағидасымен өмір сүреді, оған сәйкес арасы жеті атаға толғанша туыстармен қыз алысуға болмайды. Басқа да мысалдар бар: дүниеден өткен ата-бабаларының қолдаушы-рухы – әруаққа сенеді және Наурызды тойлайды.
«Мен мұны ашық айта бастадым, ал көптеген ғалымдар өздерін көпшілік дұрыс түсінбей қала ма деп қорқады. Мені сектантант деп айыптамас үшін, алдымен зерттеп алдым, Дін істері жөніндегі комитетке, әділет министрлігіне және еліміздің президентінің атына, біздің петициямызды қарауын сұрап, хат жаздым», – дейді Еспенбетов.
Заңгер Мереке Ғабдуалиев Қазақстанда «таза» ислам болмағаны, шаманизмнің ислам ережелерімен қабысып кеткені туралы пікірді қолдайды.
«Қарапайым азамат Құранның кейбір сүрелерін білуі мүмкін, сөйте тұра жұма сайын шелпек салады (үнемі мұсылман мерекесі бола бермеуі мүмкін, қандай да бір оқиғаның құрметіне пісірілетін жұқа нан; мысалы дүниеден өткен туыстарын еске алу үшін – Ред. ескерту), үйді немесе кеңсені адыраспанмен (исламға дейінгі ғұрыптарда қолданылған өсімдік – Ред. ескеру) аластайды, исламға дейін пайда болған өзге де ырымдарды жасайды», – деп түсіндірді заңгер.
Дінтанушы Аян Орынтайдың байқауынша, тәңіршілдікті ұстанатындар бытыраңқы, олардың арасында тәңіршілдік деген не, оның ерекшелігі неде екені туралы ортақ консенсус жоқ.
«Кейбір тәңіршілдер оны дін деп емес, моральды-этикалық философия деп санайды. Ал кейбіреулері діни бірлестік ретінде танылып, құқықтық құзырет иеленіп, олармен өзгелердің санасқанын қалайды. Сөйте тұра тәңіршілдікте өзге әлемдік діндердегі секілді ортақ кітап жоқ, бірыңғай ережелер жинағы мен діни жоралғылары жоқ», – деп ерекшелігін атап көрсетті Орынтай.
Нені дін деп санау керек екенін кім шешеді?
Заңгер Мереке Ғабдуалиев, шенеуніктерге артық құқық нормасы мен құзырет бермеу маңызды екеніне мән береді.
«Ешбір шенеунік өзі бұйрық шығарып, бұл – дін деп мойындай алмайды, ал бұл дін деп саналмайды. Біз дін туралы сөз еткенде, мәселе жақтаушылардың санында емес, немесе петиция қанша дауыс жинайтынында емес. Бұл сенім еркіндігіне құқы туралы. Бұл сенім туралы мәселе. Мемлекет өз тарапынан тек – қоғамдық бірлестікті тіркей алады», дейді Ғабдуалиев.
Дінтанушы Аян Орынтай: зерттеушілер арасында нені дін деп тану керек, нені дін ретінде санамау керек мәселе даулы, дейді. Ғылыми ортада «дін» деген ұғымның нақты анықтамасы жоқ.
«Әдетте, бұл сенім жүйесін қандай да бір тылсым күштер деп түсінеді, алайда бұл тым ауқымды анықтама»,- дейді сарапшы.
Әділет министрлігі де, Дін істері жөніндегі комитет те CABAR.asia жолдаған, белгілі бір көзқарастар жүйесін дін деп тану (танымау) туралы қандай да бір процедуралар бар ма деген сауалға жауап бермеді.
Бірігу үшін не істеу керек?
Аян Орынтайдың сөзінше Қазақстанда ресми түрде діни қызметпен айналысу үшін діни бірлестік ретінде тіркелу қажет. Тіркелу барысында «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» заңда жазылған бірқатар талаптарды орындау қажет.
«Бастамашыл топтың Қазақстан азаматтары арасынан барлық облыс, республикалық маңызы бар қалалар мен астана – әрқайсынан ең аз дегенде 300 адамды қамтитын 5000 қолдаушысы болуы керек. Тіркелу кезінде елдің бүкіл аумағынан өкілдіктері мен филиалдарын ашып үлгеруі керек», – деп Аян Орынтай заңның жекелеген талаптарын атап шықты.
CABAR.asia сауалына берген жауабында Дін істері жөніндегі комитет жаңа бірлестік құрушы бастамашыл топ үшін бірқатар талаптарды көрсетіп, қазіргі таңда тәңіршілдік діни бірлестік ретінде ресми түрде тіркелмегенін хабарлады.
Тәңіршілдікті дін ретінде мойындау және тиісті діни бірлестік құру туралы петицияға 2024 жылдың 25 қазанына дейін қол қоюға болады. Егер ол 50 мың қол жинаса, үкімет оны қарап, қандай да бір шешім қабылдауға міндетті болады. Осы материалды жариялаған шақта тәңіршілдік туралы петицияға 811 адам қол қойған.
Мереке Ғабдуалиевтің айтуынша, діни-қоғамдық бірлестікті тіркеуден өткізу үшін петиция керек емес. Аян Орынтай да заңгер сөзін мақұлдады.
«Бұл петицияны жазған ынталы топ қандай нәтижені қалайтыны онша түсініксіз, өйткені тіркеу үшін қажетті проуедуралар айқын жазылған заңдар бар», – деп мәлімдеді Орынтай.
Басты суретте: Алматыдағы Тәңірлік мотивтері бар қабырға суреті. Фото: Татьяна Трубачева