Әлеуметтік желіде Құраннан аят келтіріп – сотқа тартылды. Қазақстандық актер, режиссер және продюсер Нұртас Адамбай осындай жағдайға тап болды. Бұл сотты сес көрсету деп атауға бола ма, егер солай болса қоғамға «нені нұсқап тұр»
«Instagram парақшамда Құран кәрімнің аудармасын жазғаным үшін Астана қаласы Дін істері басқармасы мені сотқа берді. Шынымды айтсам, біздің елде Құран сүрелерінен аударма келтіруге болмайтынын білмедім», — деді Нұртас Адамбай 2024 жылдың 1 тамызы күні өзінің Instagram аккаунтында.
Сол күні Адамбай Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабына сай діни әдебиет пен діни мазмұндағы өзге де материалдарды тарату жөніндегі заңнаманы бұзғаны үшін сотқа тартылуы тиіс еді. Ол үшін 50 айлық есептік көрсеткіш (185 мың теңге, 393 доллар) айыппұл салынуы мүмкін еді. Алайда сот белгісіз мерзімге кейінге шегерілді.
Астана қаласы дін істері басқармасы CABAR.asia сауалына діни сараптама былай қорытынды жасады деп жауап берді: «Instagram-дағы nurtasadambay парақшасында діни тақырыптағы «Nuradam» подкастынан бейнелер және Құран аяттары мен сүрелері жарияланған». Айта кетейік, «Nuradam» – Нұртас Адамбайдың авторлық подкасты, онда коуч Төребек Бекбаевпен бірге Құран мен Мұхаммед пайғамбардың хадистерін талқылайды.
Дін істері басқармасы «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» заңның 9-бабына сүйеніп, діни әдебиеттерді таратуға діни мекемелер мен медреселерде және жергілікті атқарушы органдар бекітіп берген стационарлы ғимараттарда ғана рұқсат берілетінін мәлімдеді.
«Нұртай Адамбайұлы Адамбаев діни бірлестіктің өкілі болмағандықтан құқық бұзғаны анықталды», — деп жазады жауабында ДІБ.
Бұл іс туралы сарапшылардың пікірі қандай?
Саясаттанушы Димаш Әлжанов Адамбайдың саяси көзқарастары оның режимге оң көзқарастағы адам екенін білдіретінін атап өтті. Сондықтан бұл істің қозғалуына оның әлеуметтік желідегі дінді шектен тыс насихаттауы себеп болуы мүмкін. «Бұл режимнің қоғамдағы осы үрдісті бірыңғай бақылауда ұстап тұруға деген ниетіне кереғар болуы мүмкін», деп пайымдайды Әлжанов.
Дінтанушы Әли Үкеновтің пікірінше, Құран аудармасынан сүре келтіруді діни әдебиетті заңсыз таратуға балау – тым қатал. Егер бұл ережеге сүйенсек, дейді Үкенов, Құрбан (құрбандық шалу мерекесі) және Ораза (мұсылмандардың ауыз бекітуі) Айтпен құттықтаудан бастап, дұға немесе олардың аудармасын қоса интернеттен көптеген ақпаратты жоюға тура келер еді.
«Азаматтарға қасиетті аяттарды талқылауға тиым салу көптеген сұраққа жетелейді. Мысалы, Абай шығармаларында діни сараптамасыз ақ, Құран аяттарына қатысты толғанады, алайда оған ешкім тиым салмайды», – деп түсіндіреді сарапшы.
Үкенов, әлеуметтік желілерде күн сайын көптеген адамдар діни материалдарды жариялайтынын атап өтті. Оның сөзінше, олардың бәрін жауапқа тарту мүмкін емес.
Дінтанушы: жауапкершілікке тартудың орнына азаматтарға діни қызметпен байланысты заңдар туралы ақпарат беріп, ағартушылыққа көңіл бөлу маңызды екеніне сенімді. Бұл болашақта мұндай жағдайлардың алдын алып, діни мәселеде азаматтар мен мемлекеттің арасында анағұрлым үйлесімді қарым-қатынастың тууына ықпал етер еді.
Адамбайға қарсы қозғалған істі сес көрсету деп атауға бола ма?
Димаш Әлжанов мәселеге кеңірек қарауды ұсынады, өйткені Қазақстанда мұндай сипаттағы іс бірінші рет қозғалып тұрған жоқ. Әлжановтың сөзінше құқықтық мемлекет пен сайыскерлік сот арқылы құқықт қорғау механизмдерінің жоқтығынан, ҚР ӘК-тің 490 бабы бойынша қозғалған жекелеген істер сес көрсету немесе діни қайраткерлер мен журналистерге қарсы сипатта болуы мүмкін. Сарапшының пікірінше, діни материалды тарату туралы бап, қоғамға қауіп төндірмей-ақ өзінің діни ұстанымдарын көрсететіндермен емес, зорлық-зомбылық пен араздыққа шақыратындармен күресуі керек.
Әли Үсенов Астана қаласының дін істері басқармасы қандай қисынға сүйенгенін дөп басып айта алмайтынын мойындады. Оның пайымынша, актердің іс-әрекеті неофитке тән. Әсіресе дінге «жаңа келгендер» қасиетті аяттарды сөзбе-сөз түсініп, оны абсолютті ақиқатқа балайды.
«Дін жолына енді келген адамдар «ақиқатты» таптық деп ойлайды да, басқалардың бәрі соны білгенін қалайды, сондықтан да заң бұзып жатады. Көптеген адам бұл ақиқатты білетінін және бұл туралы әр бұрышта айғайлап, басқаларды да артынан еруге мәжбүрлемейтіндей [ішкі] мәдениеті мен этикасы бар екенін түсінбейді», – дейді дінтанушы.
Бұл істің көмегімен кімге нені көрсеткісі келеді?
Димаш Әлжанов бұл істі қарау белгісіз мерзімге кейінге шегерілген соң, оны маңызды іс деп санамайды. Дейтұрғанмен бұл іс режимнің қоғаммен қалай байланыс орнатып отырғанын көрсетеді.
«Медиаажиотажға арналған, әкімшілік істермен және жазалап сес көрсетумен проблема шешілмейді», – дейді Әлжанов.
«Егер Дін істері жөніндегі басқарма өзгерлерге нақыл сөз айтқаны үшін оны жазалауды ұйғарса, менің пікірімше, бұл – қате болар еді», – деп қосты Үкенов. – Ал, осы іспен бірдеңені көрсеткісі келсе, оның нақты не екені айқын емес».
Біріншіден, деп пайымдайды Үкінов, ДІБ діни іс-әрекетке байланысты заңдардың қадағалануы маңызды екенін көрсетуге талпынып отырған болуы мүмыскін.
«Бұл басқа азаматтарға, дінмен байланысты кез-келген әрекет, бекітілген нормалар мен ережелерге сай болуы тиіс деген ескертпе болуы мүмкін», — дейді дінтанушы.
ДІБ көрсеткісі келген екінші дүние: Нұртас Адамбай секілді танымал тұлғалардың өзі дін туралы заңның әрекет аясынан тыс қала алмайды.
Басты фото: Нұртас Адамбай. Дереккөз: Forbes.kz