Іскерлік костюм киген президент Тоқаевтың алдында қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандарды еске алу үшін құрбандыққа шалған қозы жатыр. Президенттің жанында имам, артында шенеуніктер отыр. Бұл фото Қазақстандағы зайырлықты дәл көрсететіндей көрінеді. Билік мемлекеттің зайырлығы туралы көп айтады, бірақ өзі діндарлық танытып, дін саласын қатаң бақылауда ұстайды. Жағдайды өзгерту қажет пе?
Зайырлық идеология ретінде
«Зайырлық – барлық діни ағым мен бағыттан бірдей қашықтық ұстау. Бұл мемлекет барлық діннің теңдігі саясатын ұстанып, дін ісіне араласпайтын ең маңызды ұстаным. Біздің елде бір дінге – исламға көп көңіл бөледі. Біз зайырлық жағына да көп ауып кетпеуіміз керек. Зайырлық идеология болмауы тиіс, бірақ біз оны атеизм сияқты идеологияға айналдырып жатырмыз», – дейді дінтанушы Асылбек Ізбайыров.
Биыл тамыз айында Астанада PaperLab ғылыми-зерттеу орталығының алаңында өткен пікірталаста дінтанушы Асылтай Тасболат Қазақстанда тоқсаныншы жылдары зайырлықтың классикалық үлгісі болғанын атап өтті. Қазіргі модель мемлекеттің шамадан тыс араласуымен ерекшеленеді.
Бұл туралы «сыртқы» бақылаушылар да айтады. Вашингтон Pew Research орталығы Қазақстанды діни бостандықты шектейтін елдер тобына жатқызады. АҚШ-тың халықаралық дін еркіндігі жөніндегі комиссиясы (USCIRF) 2022 жылғы есебінде Мемлекеттік департаментке Қазақстанды діни сенім бостандығын өрескел бұзғаны үшін арнайы бақылау тізіміне енгізуді ұсынды.
Дегенмен Қазақстан шенеуніктері айтарлықтай мәселе көрмейді. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі интернет кеңістігінде діни экстремизмнің алдын алуды үйлестіру департаментінің басшысы Жапал Долиев Қазақстанда дін саясатының бағыттары өзгеруі мүмкін екенін, бірақ билік қазіргі зайырлық принциптерінен ауытқуы екіталай деп ойлайды.
«Біздің мақсатымыз – діни келісім. Қазақстан кеңестік зайырлық үлгісін жалғастырып жатыр дегенге келіспеймін. Біздің елде кез келген діни бірлестік не діни ұйым қызметі заңға сәйкес келсе, жұмыс істей алады», – деді Долиев 11 тамызда PaperLab зерттеу орталығының алаңында өткен пікірталаста.
Қауіпті бөлініс
Асылбек Ізбайыров діни салаға шамадан тыс бақылау жасау зайырлық идеясына қайшы келіп қана қоймай, діндарларды қатты кемсітеді деп санайды.
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның преамбуласында исламның ханафи бағытының тарихи рөлін мойындайтынымыз атап өтілген. Олай біржақты болмауымыз керек», – дейді Ізбайыров.
Асылтай Тасболат та мемлекет саясаты исламды дұрыс пен бұрыс деп бөлсе, бұл әртүрлі діни топтардың интеграциясы мен диалогына кедергі келтіреді деп алаңдайды.
Еуразиялық құқық қорғау ұйымының (ЕҚО) басшысы, заңгер Жасұлан Айтмағанбетов те Қазақстандағы ислам ұстанатындарды дәстүрлі және дәстүрлі емес деп екіге бөлу дұрыс емес және қоғамның жікке бөлінуіне ықпал етеді деп есептейді.
«Дәстүрлі емес деген сөзді қолдануға болмайды. Егер сіз дәстүрлі емес сенімде болсаңыз, бұл сіздің есіңіз дұрыс емес деген сөз бе? Қазақстандағы мүфтият қарым-қатынасының өзі қайшылық тудырады. Көбі хиджаб киген адам көрсе, оған теріс қарай бастайды. Отбасында жанжал туындайды, кей ата-ана хиджаб киген дұрыс емес мұсылмандардың бар екенін естіп, қызын ұрып-соғады, хиджабын шештіртіп, мешітке сүйрейді», – дейді Айтмағанбетов.
Асылбек Ізбайыров ислам априори дәстүрлі дін екеніне назар аударады.
«Олар адам намазды басқаша оқитынын айтады [және бұл дұрыс емес – Ред.]. Бірақ исламда төрт мазһаб [бағыт – Ред.] бар. Біз ханафи мазһабын күштеп сіңіртпеуіміз керек», – дейді Ізбайыров және Қазақстанда мешітте ішінен емес, дауыстап «әумин» деп айтқан адамға айыппұл салғанын мысал етеді. Еске салайық, 2016 жылы «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мешіттегі ішкі тәртіп ережесі» қабылданып, намаз уақытында «әумин» сөзін дауыстап айтуға тыйым салған болатын.
Саясаттанушы Гүлнәр Мұқатаева қазақ БАҚ-та діндарлардың имиджін нашар етіп көрсетуді байқайды.
«Мен аймақтардағы Дін істері басқармаларының сайтында діни ағым өкілінің заң бұзғанын, мысалы қару-жарақ тасымалдағаны туралы ақпарат барын көремін. Позитив ештеңе жоқ, тек негатив. Осылай дәстүрлі емес діндар адамның дұшпан бейнесі қалыптасады», – дейді саясаттанушы.
Ізбайыровтың айтуынша, адамның қалай сенетіні ешкімді қызықтырмауы керек:
«Бұл оның жеке мәселесі, оның Алламен қарым-қатынасы. Ең бастысы – заңды бұзбауы».
Тыйым салынған орамал
Хиджаб та қазақ қоғамының «бөліну сызығына» айналды. Биыл Еуразиялық құқық қорғау ұйымы орамал таққан оқушы қыздарды мектепке кіргізбеген 70 дерек жинап, үкіметке жолдаған. Қоғам белсенділері мектепте орамал мен хиджаб кигісі келетін қыздарды кемсітуді тоқтатуға үндейді.
Билік тарапынан оқу-ағарту министрлігі үн қатты: ведомство ресми түрде ата-аналарға оқуға тыйым салуға болмайтынын айтты. Алайда мектепке орамал тағып баруға ресми рұқсат жоқ. Билік балалары мектеп формасына қойылатын талапты бұзған ата-анаға айыппұл сала алады (ӘҚБтК-нің 409-бабы 2-бөлігі).
«Орамалға тыйым салуға болмайды. Орамал тағуға тыйым салғандықтан әйелдердің көбі Сирияға кеткенін, кейін соғысқа тап болғанын білесіз бе? Қыздардың хиджаб киіп жүргенінен қауіпті ештеңе көрмеймін. Бізге діндар адамдармен сындарлы диалог керек», – дейді Гүлнәр Мұқатаева.
Ол діндарларды қудалап немесе оларға террорист ретінде қарауға болмайды деп санайды. «Біз бірге өмір сүруіміз керек, олар Еуропада не Түркияда солай өзара өмір сүріп жатыр, мұнда қауіпті ештеңе жоқ», – деп атап өтті Мұқатаева.
Әлсіреген төзім
Саясаттанушы Фархат Қасенов дін саласына мемлекет бақылауын азайту мүмкін, бірақ, ең алдымен, білім сапасы төмендеуін, әсіресе жастар күрделі сұрақтарға жауабын діннен табуға бейім ауылдық жерлерде төмендегенін мойындау керек дейді. Ол мектеп жоқтығы не оның тапшылығы салдарынан тұрғындар мешіт салуды қолдайтынын айтады.
«Бізде ауылдық жерлерде исламдану өте күшті жүріп жатыр және бұл исламданудың дөрекі түрі. Бұл ішімдік ішіп, темекі шегіп, ұрысып немесе төбелесіп алып, кейін жұма намазына баратын, ораза ұстайтын және т.с.с. адамдар , – деп түсіндіреді Қасенов. Сондай-ақ олар көзқарасын қабылдамайтындарға өте агрессивті. Олар атеистерді ұнатпайды, олар үшін христиан атеиске қарағанда жақынырақ».
Саясаттанушы консенсус немесе өзара ықпалдасу емес, міндетті түрде жау іздеу әрекеті, шын мәнінде, кеңестік қоғамның мұрасы деп санайды.
«Мұндай қоғамда мемлекет бұл мәселені бақылауды тоқтатса немесе оларды бақылауға тырыспаса, мұның теріс нәтижесін көреміз. Бұл қауіпті, күтпеген салдарға әкеп соғуы мүмкін», – деп ескертеді Қасенов.
Ол Қазақстандағы келесі революция қызғылт-сары емес, исламдық болады деген кей сарапшыларға сілтейді.
«Бұған әсер ететін көптеген фактор бар: білім деңгейі мен өмір сүру деңгейінің төмендеуі. Халық неғұрлым кедей болса, соғұрлым күрделі сұраққа қарапайым жауап табуға тырысады», – дейді Фархат Қасенов.
Саясаттанушы Гүлнар Мұқатаева да елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелердің көбеюіне байланысты қоғамның радикалдануы мен наразылығы туралы айтады.
«Адамдар бір күнде террориске айналмайды. Олар алдымен әлеуметтік себептерге байланысты радикалданады: оқшаулану (мысалы, олар жұмысқа қабылданбады), психологиялық, тұрмыстық, отбасы мәселелері болады. Сосын ол қолдау табу үшін дінге барады да, сол жерде ислам деп сипаттаған деструктив ағымның ықпалына түседі. Одан соң әрі қарай радикалдану жалғасады, – деп түсіндіреді Мұқатаева.
Ол қоғам мүшелері диалогына негіз жасап, діни немесе басқа да белгілер бойынша жекелеген топтардың оқшаулануына жол бермеу маңызды деп санайды.
Дінтанушы Асылбек Ізбайыров ұлттық қауіпсіздік мақсатында мемлекет діни саладағы құқықтық қатынасты «Діни қызмет туралы», «Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы», «Миссионерлік қызмет туралы» заң аясында реттеу керек деген пікірде.
«Бірақ мұны бұрмалаусыз жасау керек, бұл лаңкестерге біздің мемлекет исламға қайшы деген мотивация беруі мүмкін», – дейді Ізбайыров.
8 қараша Атырау облысы тұрғындарымен кездесуінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев діни сепаратизмге көз жұмып қалмайтынын айтты.
«Қазақстан – зайырлы мемлекет. Конституциямыз дін бостандығына кепілдік береді. Дегенмен зайырлы және толерант ел болу түрлі радикал ағымдар мен діни сепаратизмге көз жұмып қарау дегенді білдірмейді. Біз ешқашан елдің қауіпсіздігі мен тұтастығына нұқсан келтірмейміз», – деді Тоқаев.