© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Қазақстан: Белсенділер биліктен мектепте орамал тағуға рұқсат беруін талап етіп жүр

Қазақстанда оқушы қыздардың ислам дінін ұстанатын бір топ ата-анасы биліктен мектепте орамал тағуға тыйым салуды тоқтатуды талап етіп жүр. Биыл белсенділер ымыраға келуді ұсынды – оқушы қыздарға орамалдың орнына ақ капюшон киюге рұқсат беруін сұрады.


Бұл идеяны билік ресми түрде мақұлдамаған, дегенмен кей ата-ананың айтуынша, кейбір оқу орындарында директорлар жариясыз өзара келісімге келген. Бірақ даулы мәселе шешімін тапты деуге келмейді.

Қазақстанда оқушы қыздардың орамал тағу мәселесі бес жылдан астам уақыт талқыланып келеді. Оқу жылының басталуымен діншіл ата-аналардың наразылығы, әсіресе, елдің оңтүстік өңірлерінде әлсін-әлсін өршіп тұрады. Билік көбіне шорт кеседі: оқығың келсе, орамалыңды шеш. Шенеуніктер әдетте орта білім беру ұйымдарының міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығының 13-бабына сүйенеді. Онда «мектеп формасына әртүрлі конфессиялардың діни нанымдық элементтерін енгізуге жол берілмейді» делінген.

Биылғы оқу жылының басында ата-аналардың бастамашы тобы WhatsApp мессенджерінде чат ашып, директорлар оқушы қыздарды орамалын шешуге келіспегендіктен сабаққа кіргізбегені туралы ондаған хабарлама алған.

«Ассаламу алейкум, менде видео жоқ, бірақ қызымды сабаққа кіргізбей қойды, ол бүгінге дейін мектепте боне (боне – орамалдың астына киетін қалпақ. ред.) мен капюшон киіп жүрген, директор мұғалімдермен бірге оны үнемі сабақтан шығарып алып, капюшонды да, бонені де шешуін талап еткен!!! Бүгін телефон соғып, дәл осылай келсе, мүлдем кіргізбейміз деді!!!»  – деп жазады ата-аналардың бірі (автордың стилі мен емлесі сақталған).

Оқушылардың ата-аналары биліктің қудалауынан, балаларға қысым көрсетуден қорқып, ашық сұхбат беруден бас тартады. Бастамашы топ басшылық сабаққа орамалмен баруға рұқсат бермегендіктен қыздар үйде отырған республикадағы 70 мектепті анықтады.

Олжас Біләлов. Фото жеке мұрағаттан

Белсенділер бұл ақпаратты 30 қыркүйекте Білім министрлігіне жеткізген. Бастамашы топтың мүшесі Олжас Біләловтың айтуынша, содан бері мектепке кіргізбеу фактілері көбейген.

«Жақында біз сенім телефонын қабылдауды тоқтаттық, өйткені бұл жұмысты тұрақты жүргізу қиын. Орамал тағуға байланысты сабаққа кіргізбеу фактілері 70-тен 264-ке дейін өсті. Біз өтініш бергендердің контактілерін, мектептердің нөмірлерін, толық ақпаратты жазып алдық. Бастамашы топқа мәселенің ауқымын көрсету үшін статистика қажет болды», – дейді Олжас Біләлов.

Орамал діни (емес) атрибут ретінде

Бастамашы топтағылар қашықтан оқытуға қаржысы жететін ата-аналар балаларын ресейлік онлайн-мектептерде оқытып жатқанын айтады. Қыздардың көпшілігі оқу орнына кіре берісте орамалдарын шешіп, сабақтан кейін қайтадан тағып алады.

Иллюстрациялық фото. Фото: RFE/RL

Білім министрлігі орамал тағу немесе хиджаб кию Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына қайшы деп санайды.

«Орта білім беру ұйымдарында орамал (хиджаб) тағуға рұқсат беру Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына қайшы келеді (ҚР Конституциясының 1, 3, 39-баптары, 3, 6 және 7-тармақтары, Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 49-бабы, 2-тармағы). Балалары мектеп формасын бұзған ата-аналарға ҚР Әкімшілік кодексіне сәйкес 20 АЕК (132,5 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл қарастырылған», – деді бастамашы топ өкіліне Білім министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев.

Жасұлан Айтмағанбетов. Фото жеке мұрағаттан

Белсенділер билік өз тыйымдарымен Қазақстан 2016 жылы ратификациялаған білім саласындағы алалаушылыққа қарсы Халықаралық конвенцияның бірінші, үшінші және тоғызыншы баптарын бұзады деп санайды. Сонымен қатар, бастамашыл топ діни құқық пен тегін орта білім алу құқығын шектеу туралы айтады. Олар орамал тағуды мектептерде тыйым салынған діни атрибут деп санауға қарсы және оқушы қыздарға шаштарын жауып жүруге шектеу қоюды тоқтатуды талап етіп жүр.

Бастамашы топтың мүшесі, құқық қорғаушы Жасұлан Айтмағанбетов 30 қыркүйекте үкімет өкілдері және адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімовамен кездесуде: «Халықаралық тәжірибе бар, Қырғызстан, Өзбекстан мектептерінде орамал тағу мәселесі жоқ.  […].  [Қазақстан] халықаралық конвенциялар бойынша өз міндеттемелерін орындауы керек», – деді.

Ресми, орамал таққан қыздар азайып келе жатыр

Білім министрлігінің мәліметінше, шашын жапқан оқушы қыздардың саны азайып келеді. Бастамашы топ мүшесінің сұрауына берілген ресми жауапта 2017-2018 оқу жылында орамал таққан қыздардың 2093 фактісі тіркелгені айтылған. 2021-2022 жылдары мектепке 174 оқушы қыз орамал тағып келген. Бірақ статистиканың азаю әдістері бәрінің көңілінен шықпайды.

3 қазан күні аймақтық Pavlodarnews.kz басылымы Павлодар облыстық дін істері басқармасының басшысы Дәулет Закарьяновтың мектептерде орамал тағуға қатысты түсініктемесі бар жазбасын жариялады. Басылымның жазуынша, Павлодардағы №30 мектепте ата-аналар мектеп формасына қойылатын жалпы талаптарды орындаудан бас тартып, «діни киім» киюді жақтайтындарын айтқан.

«Дәулет Закарьянов ата-аналармен өзара келісімге келетініне үміт білдірді. Әйтпесе, оларға әкімшілік шара қолданып, тіпті ата-ана құқығынан айыруға дейін мәселе көтерілуі мүмкін», — деп жазады pavlodarnews.kz.

Белсенді Олжас Біләлов бастамашы топтың елордалық шенеуніктермен кездесуінен кейін аймақтағы оқушылардың ата-аналары «жағымсыз әңгімелерге» шағымдана бастағанын айтады.

«Ата-аналар мен шенеуніктер мәселе бойынша ортақ шешімге келмегенімен, біздің ұсыныстарымыз талқыланып жатқанда, балалар оқуы үшін жақын арада мектепке жіберілгенін қалаймыз. Бізге басқа ештеңе керек емес.  […].  Ата-аналарды әкімдіктерге жегіп, ата-ана құқығынан айырамыз деп қорқытуға болмайды», – дейді Біләлов.

Мектеп оқушыларының ата-аналары барлық қалаған оқушыларға қазақстандық қашықтықтан білім алу мүмкіндігін енгізуді ұсынып отыр, өйткені қазіргі мектептер жағдайында олар намаз оқуға да рұқсат бермейді, бұл мұсылман жасөспірімдер үшін маңызды. Білім министрлігі қашықтан оқыту идеясын әзірге құптамайды.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: