© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Қазақстан жасөспірімдерінің дінге қатынасы

2009 жылы өткізілген халық санағының нәтижесіне сәйкес,  15-19  жас аралығындағы қазақстандықтардың 1,5 миллионы өздерін қандай да бір дінге жататындығын көрсеткен. Өздерін құдайға сенбейтіндер қатарына жатқызған жасөспірімдердің саны бар болғаны 40 мыңның айналасында.


Подпишитесь на наш канал в Telegram!


*Материал CABAR.asia порталының аудиторияға Орталық Азия елдеріндегі діни алуандық туралы ақпарат беру мақсатындағы мақалалар топтамасы аясында жарияланған. Авторлар қандай да бір діни конфессияны насихаттауды көздемейді.

Мариам, 17 жаста, мұсылман:

— Күні бойы университеттегі оқуыммен жүремін. Сирек болатын бос уақытымда сабақтан демалу үшін көбірек кітап оқуға және ұйқымды қандыруға тырысамын. Корей және ағылшын тілдерінен қазақ және орыс тілдеріне   аудармашы мамандығы бойынша бірінші курста оқимын.

Мен мұсылманмын. Діндар отбасында дүниеге келдім, айналамдағы адамдардың барлығы дінге берілген. Өзіме басқа жол қалмаған, бірақ мен осы бағытта көп ізденіп оқыдым, ақыры өзімнің нағыз мұсылман екендігіме көзім жетті. Он бір жасымда басыма орамал жаптым. Қалалық жерде орамалға еркін қарайды, ал қаладан тысқары, мен тұратын жерде ересектеу адамдар жалпы еш нәрсеге еркін қарай алмайды.

Photo: А. Билялова

Үнемі автобуспен қатынаймын, маған үнемі біреу үңіледі де тұрады. Кейде тіпті тақалып, басыма орамал тағуға ерте емес пе деп те сұрайтындар, шешкенім дұрыс болар деп айтатындар бар. Мектепте балалар мені кемпір деп атайтын. Қатарластарымның арасында агностиктер мен атеистер көп болғанына қарамастан, университетте мен барлығымен жақсы араласамын.

Билегенде, боянғанда, ән айтқанда, орынсыз тақырыпта қалжың айтып қалсам, адамдар: «Есің дұрыс па? Сендерге олай етуге болатын ба еді?» деп сұрайды. Бірақ мен жай ғана хиджаптағы мүсін емеспін ғой. Мен — ол мен. Мен де адаммын, мен де тұлғамын.

Тоғыз жасымнан бастап күніне бес уақыт намаз оқи бастадым. Тым ерте бастап қойдым деп ойлаймын. Мені ешкім намаз оқи бастауға, хиджап киюге мәжбүрлеген жоқ, бұған өз еркіммен келдім. Ал әке–шешем тіпті бетімді қайтаруға талпынбақ болды, өйткені мені әлі есін білмейді деп ойлады.

Бірде хиджап кие бастап, мектепке келгенімде, бір мұғалім саусағымен мені көрсетіп, мен сияқтыларды оқытпайтынын, өйткені ислам – қазақтың діні емес деп айтты.

Қазақстанда мектептерде хиджап киюге тыйым салғанға дейін, біз директормен алдын–ала рұқсат беруін келісіп алдық. Бірақ заң қабылданған соң, ата–анаммен ақылдаса келе, орамалды шешу керек деп ұйғардық. Өйткені мен басқа балалар қатарлы дұрыс білім алуым керек. Мектепке хиджапсыз келгенімде, өзімді жалаңаш отырғандай сезіндім.

 Қазақстан білім беру министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» № 26 бұйрығына сәйкес, нақты хиджап киюге тыйым салынбаған, бірақ оқушы қыздардың бекітілген формасы бар, оған ешқандай орамал кірмейді.  
Орамал дауы. Қазақстан мектептерінде хиджаппен қалай күресіп жатыр

Бір кездерде көп нәрсеге күмәнданатын болдым. Ой–өрісім кеңейе бастады, сол сәтте мен кейбір діни топтар азшылық топтарын кемсітетінін байқай бастадым. Шешенстандағы сұмдықтар – халық көшеден гомосексуалистерді ұстап алып, қинап, өлтіргенін білгенде, қатты құлазыдым. Ұзақ уақыт жылай бердім, егер дін – менің көргенім мен оқығанымдай болса, оның керегі не деп ойландым. Ақыр аяғында, зұлымдық дінге емес, адамға байланысты деген ұйғарымға келдім. Мен зорлыққа қарсымын.

Photo: А. Билялова

Владимир, 19 жаста, православиелік:

— Бұрын мен паркурмен айналысатынмын, бірақ тіземнен жарақат алған соң, бұл әуестігімді ысырып қоюыма тура келді. Қазір көбірек оқып, өзімді дамытумен айналысуға тырысамын. Он үш жасымнан бастап әкеммен бірге жиһаз құрастырып, қайта қаптаумен және жөндеумен айналыстым, сондықтан мен қазір жиһаз туралы бәрін білемін, оған қатысты кез келген сұрақ бойынша кеңес айта аламын.

Мен православиелікпін. Діндар отбасында дүниеге келдім, туған соң бірнеше айдан кейін шоқындырылғанмын. Бала кезімнен мені Құдайға сендіріп өсірді. Мен үшін Құдай – адам емес, әлдебір анағұрлым рухани нәрсе. Мен одан қорықпаймын, оны сыйлаймын, сонымен қатар менің қандай да бір күнәларым болса, тек қана о дүниеге аттанған соң жазалай алады деп сенемін.

Дінге қатты беріліп кеткенім есімде жоқ. Шіркеуге барамын, алайда не үшін баратынымды әлі түсіне қоймадым. Бірақ шіркеуден шыққан сәтімде өзімді дұрыс өмір сүретін адам ретінде сезінемін, рухани тазарамын. Шіркеуде әлдебір ұлылықты сеземін, әдетте балауыз майшам жағып, дұға оқимын.

Мен жерді және барлық тіршілік иелерін Құдай жаратты дегенге сенбеймін. Әу баста діндер бір құдіретке иман келтіру қажеттілігінен, проблемаларын шешу үшін пайда болған деп ойлаймын. Дегенмен, Құдайға сенімім маған көмектеседі. Мен әрқашан өз күшіме ғана сүйенемін, Құдай мен үшін бірдеме істеп тастайды деп ойламаймын, бірақ көмекке мұқтаж сәтімде ол маған демеу береді. Қиын сәттерде мен дұғалар оқимын, соның арқасында жеңілдеп қаламын.

Негізі, бала кезімде мен Жерді жаратқан құдіретке қаттырақ сенетін едім. Бәлкім, діндар ортада өскендігімнен болар. Бұл Аяз атаға сену сияқты – уақыт өте оның шын өмірде жоқ екеніне көз жеткізесің.

Достарымның барлығы – атеистер, бірақ мен олармен дін тақырыбында әңгіме қозғамауға тырысамын. Кейде олар менен жалпы діннің не керегі бар деп сұрайды, бірақ мен олармен дауласқым келмейді, сол себепті жай ғана құдайға сенгім келеді деп жауап беріп құтыламын. Менің мұсылман досым бар, ара–тұра онымен Құдай туралы пікір таластырамыз, бірақ шатаққа бармай, дер кезінде тоқтап, тақырыпты ауыстырамыз.

Марк, 15 жаста, кришнаит:

— Мен мектепте және сонымен бірге IT–академияда бағдарламалаушы мамандығына оқимын. Бос уақытымда баскетбол ойнап, суретке түсірумен шұғылданамын, видеомонтаждаумен айналысамын, кейде музыка және түрлі лонгридтер жазамын.

Мен кришнаитпін. Бұл дінге кіргеніме және осы сана–сезімде жүргеніме алты жылдай болды. Мен үшін дін – сүйеніш, мені үнемі демеп тұратын нәрсе. Қандай да бір қиын сәттер тумасын, дінім мен Құдайды әлдебір нәзік деңгейде сезінуім маған қатты көмектеседі. Әрине, діннен алшақтаған кездерім де болған, бірақ ақыр аяғында дінге оралып, бұл – менің жолым екеніне көзім жетті.

Мен вайшнавизмді ұстанамын, қоғамда ол кришнаизм діні ретінде көбірек таныс. Ол бақыт сезіміне негізделген, бақыт деген – Құдай, ал ол дегеніміз ең алдымен сүйіспеншілік. Басқа діндердің көпшілігінде Құдайдан қорқу керек деп үйретеді, ал біздің дінімізде оны сүю керек. Құдай, Кришна барлық тіршілік иелерін сүйеді.

 Вайшнавизм – индуизмдегі Вишну және оның басқа тұлғаларына (негізінен Кришна мен Рама) табынуға негізделген бағыттарының бірі. (дереккөз)

Біздің дініміз сүйіспеншілікке негізделген: Құдайға деген сүйіспеншілікке, әлемге деген сүйіспеншілікке, барлық тіршілік иелеріне деген сүйіспеншілікке. Дәл осы себепті мен вегетерианмын.

Вайшнавизмде негізгі төрт қағида бар: ахимса – зорлық қылмау қағидасы, яғни ет өнімдерінен мүлдем бас тарту. Жаны бар тіршілік иелеріне зиян келтіруге болмайды, сондықтан мен ет жемеймін. Сондай–ақ былғары мен теріден жасалған заттарды тұтынуға болмайды. Екінші қағида – ішімдік ішпеу, темекі тартпау, есірткі пайдаланбау, тіпті пияз бен сарымсақ жемеу. Үшінші қағида – қаржы айласына, құмар ойындарға және сол сияқты шараларға қатыспау. Төртінші қағида – заңсыз жыныстық қатынасқа түспеу. Осы қағиданы әркім өзінше түсінеді, мен үшін бұл жүріп жүрген адамың болып табылмайтын біреумен секс немесе көзге шөп салу. Мен жұмыртқа, пияз және сарымсақ қосылған тамақ жеймін, ал басқа қағидаларды қатаң ұстанамын.

Вайшнавизмге әкемнің арқасында келдім. Бір күні оның қолына индуизм туралы мақала түскен екен, тақырыпқа қатты қызығып кетеді де, іздене бастайды. Сөйтіп, кришнаизмге келеді. Алматыда халықаралық Кришна санасы қозғалысының жергілікті филиалын тауып алып, ғибадаттары мен шараларына қатыса бастаған.

Вайшнавизмдегі ғибадаттар басқа діндегілерден, айталық, христандықтағыдан қатты ерекшеленеді. Бізде түрлі музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен мантралар айтылады, адамдар билейді, өте көп үнді тағамдары мен тәттілері сатылады. Вайшнавизмде «прасад» деген ұғым бар – бата оқылған тағам. Тәттілер ең берекелі ас болып саналады, әсіресе сүт өнімдерінен жасалған тағамдар.

Мен Маха Мантраны оқимын – бұл вайшнавизмдегі ең басты мантра, оны күнделікті тәспімен оқу керек. Тәспілер туласиден жасалған – бұл қасиетті ағаш түрі, базилик сияқты, бірақ ағаш. Тәспідегі моншақтар саны 108. Әр адам күнделікті мантраларды неше қайтара оқуы тиістігін өзі белгілеп алады. Мен 108 моншақты күнделікті үш немесе төрт қайтара оқимын.

Менің ата–анам менің дініме жақсы қарайды, өйткені менің әкем өзі де кришнаит, ал анам жалпы барлық дінше оң қарайды.

Көптеген адамдар вайшнавизмді хиппилердің қозғалысы немесе сол сияқты бір ермегі деп қарайды, бірақ бұл қате стереотип. Вайшнавизм – индуизмдегі ағым. Мен дінім туралы онша қатты жарияламай, белгілі бір ортада ұстанамын, сондықтан қандай да бір тіл тигізіп қорлаушылыққа кезікпедім. Туысқандарым бұрыннан үйреніп кеткен, басқа Құдайға сенгенім атеизмнен жақсы деп санайды.

Алина, 16 жаста, агностик:

— Мен 11–сыныпта оқимын, уақытымның басым бөлігін оқуыма арнаймын. Қазір ағылшыншамды жетілдіруге бар күшімді салып жатырмын. Сурет салғанды жақсы көремін, бос уақытымды әдетте түрлі суреттердің нобайын немесе толыққанды бір картина салумен өткіземін. Демалыс немесе каникул кезінде достарымды, болмаса жай ғана табиғатты суретке түсіремін. Одан бөлек, қысқа әңгімелер немесе әлеуметтік желіде пост жазғанды ұнатамын, ал болашақта режиссер болғым келеді.

Мен агностикпін. Агноцистизм мен үшін құдайға сену мен атеизм ортасындағы ұғым. Әлемде ғылыми тұрғыдан да, логика негізінде де түсіну мүмкін емес нәрселер көп, сол себепті осы ұстанымға келдім.

Мен аса діндар емес отбасында туып өстім, бізде дінмен байланысты қандай да бір мейрамдар ешқашан тойланбайтын, сыйыну үшін шіркеуге немесе мешітке барып көрген емеспін. Қазіргі уақытта жалпы араласатын ортам агностиктерден тұрады. Біз құдайдың бар екендігін жоққа шығармаймыз, бірақ нақты дінді де қабылдамаймыз.

Менде дүниетанымыммен байланысты ешқандай салт–жоралғы жоқ, бірақ мен кей заттардың сәттілік әкелетін қасиетіне сенемін. Мысалға айтсам, емтихан тапсыруға моншақтан тізілген білезігімді тағамын, өйткені соны тақсам жолым болып кететіндей әсер береді. Сол сияқты мен түрлі ырымдарға сенемін. Жолымда алдымнан қара мысық кесіп жүгіріп өтсе, еш уақытта ол жақпен жүрмеймін, айналып өтемін. Ағашты үш рет тықылдатсам, кейбір достарым маған біртүрлі қарайды, бірақ бұл жораның мен үшін маңызы бар.

Көп кісілерде әр адам құдайға сенуі керек, белгілі бір дінді ұстануы керек деген стереотип бар. Олар менің не мұсылман, не христиан емес екенімді түсіне алмайды, түсініксіз абстрактілі бірдемеге сенеді деп ойлайды. Басқа адамдар өзімді еш дінге жатқызбайтыныма қатты таңғалады, өйткені құдайға сену – тұлғаны толық ететін нәрсе деп санайды.


Бұл мақала IWPR «Орталық Азиядағы тұрақтылыққа бағытталған ашық диалог» жобасының аясында әзірленді

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: