Қазақстанда TikTok желісін жабу ықтималдығы немесе осы платформаға қол жеткізуді шектеу мәселесі талқылануда. CABAR.asia осы мақалада желі жұмысын шектеуге қандай негіз бар екенін және қолданыстағы заңнама аясында заңға қайшы контентке қарсы тұру мүмкіндіктерін саралап көрді.
Ішкі себептер
2024 жылдың 17-сәуірінде Мирас университетінің ректоры Нұркен Халықберген парламент депутаттарына Қазақстанда TiкTok әлеуметтік желісін жабу туралы ұсыныс тастады. Бұл әлеужелі Қазақстанда өте танымал: елде 20,1 млн халық тұратын болса, 2024 жылы қазақстандық TiкTok қолданушылары 14 миллионға жеткен.
CABAR.asia басылымына пікір білдірген Халықберген мәселе контентте емес, қолданушыларға манипуляция жасалмайтынына сенімнің жоқтығында екенін нақтылады.
«Бұл алгоритмдердің қалай жұмыс істейтінін білесіз бе? Неге Қытайда балалар үшін TikTok-та шектеу қойылған да, басқа елдің бәрінде ол жоқ? Неге Қытайдағы TikTok-та тек ағартушылық бағытындағы контент салынады да, ал бүкіл әлемде порнографиядан бастап не сұмдықтың бәрі бар? Бұл коммуникация арнасын толығымен жауып тастау керек немесе балаларға шектеу қою керек», – деген ұсыныс айтты Халықберген.
Оның пікірінше, қазақстандықтарға берілетін ЖСН-жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы және ұялы байланыс операторларының көмегімен мұны оңай іске асыруға болады.
«Сөз еркіндігі үшін күрес деген желеумен, балаларыңыздың жағдайына алаңдамауға келісіп отырсыз. Мен БАҚ- ын жабу туралы айтып тұрмын ба? Жоқ. Журналистерге қандай да бір материалды жазуға тиым салу туралы айтып тұрмын ба? Жоқ», дейді Халықберген. Ректордан кейін TikTok жайлы пікірін Ерлан Саиров та жария етті.
«Tik-Tok арқылы түрлі ойындарды жарнамалау, онлайн казино, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, тіпті порнография, суицидке шақыру, былапыт сөздер мен бейәдеп көріністерге толы рилстар да таралып жатыр. Оларды балалар тек қарап қоймай, зорлық-зомбылықтың құрбаны да болып, ойынқұмарлық дертіне ұшырауда», – деді Саиров 2024 жылдың 22 сәуірі күні.
Саиров жақында қабылданған онлайн-платформалар туралы заңды қолданып, балаларға жағымсыз ықпал ететін немесе адами құндылықтарға қарама-қайшы TikTok контентіне шектеу қою және Қытай секілді балаларға арналған арнайы әлеуметтік желі форматын енгізу туралы үкіметке ұсыныс жасады.Дәл сол күні мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева TikTok-та заңға қайшы контент көлемі ұлғайып келе жатқанын мәлімдеді.
«Көптеген елдер бірқатар әлеуметтік желілерден бас тартуға мәжбүр. Балалар көреді, онда қандай бәйәдеп сөздер айтылатынын да көріп жүрсіздер, тіпті балгерлер бал ашып отыралы», – деп атап өтті министр.
Әлеуметтік желілерге шектеу қою – сөз бостандығына шектеу қою дегенді білдіреді деген журналистердің пікіріне, Аида Балаева, бұл мәселеге кешенді түрде қарау керек деп жауап берді. Оның айтуынша, мемлекеттік органдар бір ғана фактінің негізінде шешім шығармайды, оны әбден зерделеп, тек содан кейін ғана шешім қабылдайды. Балаева, министрлік TikTok желісін жабу немесе шектеу қою мәселесін зерттеп жатыр деп қосты.
Сыртқы ахуал
Қазақстанда TikTok-қа шектеу қою ықтималдығын талқылаумен қатар әлемнің түрлі елдерінде де платформаға тиым салу немесе соны жоспарлау жүріп жатыр. 2024 жылдың 16 сәуірінде Ресейде Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді кәсіби қолданушылар Ассоциациясы Роскомнадзорға TikTok-қа тиым салу туралы ұсыныспен жүгінді. Олардың пікірінше, бұл ресейлік әлеуметтік желілерге өз аудиториясын кеңейтуге мүмкіндік береді. 2024 жылы 18 сәуірде Қырғызстанда TikTok платформасына бөгет қойылды. Оның ресми себебі – балалардың денсаулығына келетін зиянның алдын-алу екен.
2024 жылы 24 сәуірде АҚШ президенті Джо Байден TikTok желісінің қытайлық иесіне платформаны 2025 жылдың 19 қаңтарына дейін америкалық меншік иесіне сатуды міндеттейтін заңға қол қойды. Олай болмаған жағдайда TikTok-қа АҚШ-та тиым салынады. Америка билігінің пікірінше, әлеуметтік желі ұлттық қауіпсіздікке айтарлықтай қауіп төндіреді: қосымша америкалықтардың қызығушылығы, жеке әдеттері, орналасқан жері туралы мәліметтерді Қытай үкіметіне жеткізе алады.
TikTok-тың Қазақстандағы ресми өкілдері, қолданушылардың, әсіресе жастардың қауіпсіздігін – TikTok бірінші орынға қоятынын мәлімдеді. Мұны қамтамасыз ету үшін әлеуметтік желі өте көп күш жұмсайды, соның ішінде қауымдастық Ережесіне қайшы контентті жойып отырады. 2023 жылы TikTok Қазақстанда Ережені бұзған төрт миллионнан астам бейнероликті өшірген.
«Біз Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ІІМ қоса алғанда, ҚР мүдделі билік органдарымен тікелей жұмыс істейміз. Айта кету керек, соңғы айларда бізге кәмелетке толмаған қолданушылардың қауіпсіздігіне байланысты контентті жою туралы ұсыным түскен жоқ. Өз шығармашылығын бөлісіп, тәжірибесін байытып, күн көріске ақша табу үшін елде күн сайын миллиондаған адам TikTok қолданады және жергілікті қауымдастық біздің платформаны қолдануды жалғастыра береді деген сенімдеміз», – деп жауап берді, CABAR.asia сауалына, әлеуметтік желінің әкімшілігі.
Толықтай емес, ішінара тиым салу
«Media Qoldau» құқықтық қызметінің жетекшісі Гүлмира Біржанованың пікірінше, TikTok-қа бөгет қойылуы бек мүмкін, өйткені, негіздеме ретінде қолдануға болатын, мұндай шетелдік тәжірибе бар.
«Балалардың құқына байланысты аргументті де оңтайлы қолданады. Балаларды зиянды ақпараттан қорғау аясында масс-медиа туралы заңжобасына кибербуллинг бойынша өзгерістер енгізілгенін еске алайық,- деп ол өзге де «тиым салу» науқандарынан мысал келтіре отырып, өз пікірін де айтты: – Мен заңгер ретінде әлеуметтік желілерге тиым салудан ешбір қажеттілік көріп тұрғам жоқ».
Өз ұстанымын ол TikTok-та шағым түскен жағдайда контент өшірілетіні жайлы ереже қолданылатынын, оның үстіне, TikTok Қазақстанмен жұмыс істеуге қызығушылық танытқан әлеуметтік желі екенімен түсіндіреді.
«Заңға қайшы контент TikTok-та ғана емес, Instagram-да, YouTube және Facebook-те де бар, дейді Біржанова. – Егер кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне алаңдайтын болсақ, онда барлығына тиым салайық».
Мұндай қатаң шешімнің орнына ол заңға қайшы контентті ғана шектеуге мүмкіндік беретін механизм ойлап табуды ұсынады. Мұндай механизм «Байланыс туралы» заңда қарастырылған. Бұған қоса, адам құқы саласындағы халықаралық құқық жөніндегі кеңесші Татьяна Чернобильдің сөзінше, заңға қайшы контентке ғана шектеу қоюды мемлекет платформалардан және байланыс операторларынан талап етеді.
«Менің білуімше, мемлекеттің өзіне мұны жасау техникалық тұрғыдан күрделі. Егер платформа заңға қайшы контентке қол жеткізуді шектеуден бас тартса немесе тиісті деңгейде хабары болмағандықтан оны жасамаса, онда мемлекеттің өзіне барлық веб-сайттар мен платформаларға шектеу қою жеңіл болады», деп түсіндіреді сарапшы.
Қолданыстағы заңның аясында-ақ мемлекеттің, қоғамның, жеке тұлғаның мүддесіне зияны тиетін ақпаратты шектеуге мүмкіндік бар, еске салды ол.
«Бұл сайлау туралы заңды бұзатын ақпаратқа, кәмелетке толмағандарды сексуалды мақсатқа итермелеу және балалар порнографиясын насихаттау, балаларға кибербуллинг жасау мақсатында таралатын ақпаратқа қосымша»,-деп нақтылады Чернобиль.
«Көптеген әлеуметтік желілерге баланың ата-анасы бақылау орната алады, – деп еске салды Гүлмира Біржанова, – Ата-анаға да жауапкершілік жүктелуі тиіс».
Татьяна Чернобиль, мемлекет «тарап жатқан ақпараттың қауіп-қатері туралы балаларды ақпараттандыру деңгейін арттыру, сонымен қатар, мұндай ақпарат алып оны қолданған жағдайда ата-аналарға кәмелет жасқа толмаған балаларды бақылау машықтарын үйретуге бағытталған шараларды» өткізуді ҮЕҰ мен азаматтардың мойнына жүктеп отырғанына назар аударды. Мемлекет ағарту жұмысына атсалыспайды тек тиым салу құқын ғана иеленіп отыр.
Өзгелері де дайындала берсін бе?
Неге тек TikTok-ты жабуды ұсынып отыр деген сұраққа Біржанова, АҚШ, Қырғызстан, Еуропа Одағы елдерінде платформаға шектеу қойылған қазіргі кезде мұны жүзеге асыру оңай, деп жауап берді.
Татьяна Чернобильдің айтуынша TikTok-қа бөгет қою себебі әр елде әр түрлі. Дегенмен, көп жағдайда бұл цензураның белгісі, ақпаратты алу және тарату еркіндігіне қойылуы ықтимал шектеу лимитінің мемлекет тарапынан асыра қолдануы.
«Бұл, әлбетте, өзге әлеуметтік желілер немесе платформаларға да қауіп төндіруі мүмкін, өйткені шектеу мен тиым салуға құқықтық негіз бар. Бұл керегеде ілініп тұрған және күндердің күнінде атылмай қоймайтын қарумен пара-пар», – деп ескертеді Чернобиль.
Негізгі иллюстрация: freepik.com
Бұл жарияланымды Еуропалық Одақ қаржыландырады. Оның мазмұнына тек IWPR жауапты және ол міндетті түрде Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.