© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

«Сіз бақылаудасыз»: Ниязов пен Маричеваға қарсы іс Қазақстандағы барлық журналистер үшін не білдіреді?

Нақты ақпараттағы қатені қоғамға қауіпті деп танып, репостты жала жабуға жатқызуға тырысты. Бұл – қазақстандық журналистердің қысымға ұшыраған соңғы екі оқиғасы ғана. Бұл қашан басталды, оның артында кім тұр және неліктен бұл бүкіл медиа саласы үшін жақсы белгі емес екенін CABAR.asia материалынан оқыңыз.

Бір пост – әртүрлі бап 

2024 жылдың 30 қаңтарында бюджет шығыстарын бақылайтын ProTenge медиа жобасы Telegram арнасында Азаттық радиосын қолдау мақсатында жазба жариялады. Азаттық қызметкерлері шетелдік БАҚ өкілдері ретінде Қазақстанның мемлекеттік органдарынан аккредитация алуға тырысты, бірақ ала алмады (мәселе кейін шешілді). ProTenge Қазақстанның медиа саласында Азаттық-тың болмауын жақсы емес деп санайды, өйткені Азаттық-тың тергеу тобы әлеуметтік маңызы бар зерттеулер жүргізеді. Жазба мыңдаған қаралым мен репост жинады.

Сондай-ақ Қазақстандағы өмір туралы YouTube-тегі «Обожаю» жобасының негізін қалаушы Асхат Ниязов та репост жасады. Осыдан кейін жала жабу бабымен қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Асхат Ниязов. Фото: Әли Оспан

«Бұл істерге МАМ (Мәдениет және ақпарат министрлігі) тарапынан «Обожаю» және ProTenge Telegram арналарында жалған ақпарат бар екендігі туралы хабарлама (ішкі істер органдарына – ред.) себеп болды. Полиция Асхаттың жазбасында жалған ақпараттың ізі жоқ, бірақ жала жабу бар деп шешкен», – деп түсіндірді істің жай-жапсарын медиа-заңгер, «Media Qoldau» заң қызметінің жетекшісі Гүлмира Біржанова.

ProTenge постында Азаттықты аккредиттеудегі мәселелер массмедиа туралы заң жобасына енгізілген жаңа түзетулерге байланысты туындағаны жазылған. Алайда бұл түзетулер әлі қабылданған жоқ, ал билік БАҚ туралы қолданыстағы заңнаманы басшылыққа алған. Басқаша айтқанда, фактілік қате жіберілген.

«Ол жерде [МАМ] әріптестерді қолдауға бағытталған пост «қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін тудырады» деп санаған. Полиция бұл мәселені мұқият зерттеп, постта қылмыстық құқық бұзушылық жоқ деген қорытындыға келді», — деп жазды ProTenge.

Нәтижесінде олар Ниязовты жала жапқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдады. 

Бұрын-соңды болмаған су тасқыны мен онымен байланысты проблемаларды белсенді түрде жариялаған Ниязов: «Олар мені су тасқынын түсірмеу үшін 20 тәулікке түрмеге отырғызғысы келеді», – деп топшылайды.

Соған қарамастан, 2024 жылдың 29 сәуірінде журналист істі жеңіп шықты. Бұл істе зиян келтірілген жәбірленуші тараптың (жала жабу істерінде міндетті өтініш беруші – жеке тұлға болуы керек) арызының болмауы көмектесті. Шетелдік медиаға аккредитация беретін Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайға қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

Алайда ProTenge негізін қалаушы Жәмила Маричева үшін әріптестерін қолдайтын жазбасы оны «полицияға әкелумен» аяқталды.

Мәселені сотқа дейін шешуге болатын еді

Жәмила Маричева. Фото: Facebook жеке аккаунтынан

2024 жылдың 24 сәуірінде Алматыда полиция қызметкері әкімшілік іс қозғалғанын жеткізу үшін кешкі жүгіруде жүрген Жәмиля Маричеваны қуып жетеді.

«Менің қазір қайда екенімді білу үшін техникалық мүмкіндіктерді пайдаланса керек. Оның үстіне олар маған арнайы ыңғайлы патрульдік көлік шақырды. Полиция бөлімінде мені бастықтың орынбасары қарсы алды, сосын тұтас бір подполковник пен майор келді. Олар шай, кофе ұсынды… және тағылған әкімшілік айыппұлмен келісуді ұсынды. Олар жағдайдың осылай өрбуінің артықшылықтарын сипаттады – сізге тағылғанның 50 пайызын ғана төлеуге тура келеді!» — деп Жәмила Маричева әлеуметтiк желiлерде мысқылдап жазды.

Алайда ол тағылған айыппен келіспеді: журналист айтылған ақпарат қоғамға қауіп төндіреді дегенге сенбейді.

«Әлеуметтік желілерде үлкен аудиториясы бар адам тікұшақтардан у шашып, COVID-19 тарататынын айтса немесе подкастта жыныстық жолмен берілетін инфекциялар тек әйелдерден жұғатынын талқылау – бұл нағыз әлеуметтік қауіпті ақпарат», – дейді Маричева.

Media Qoldau, заң қызметінің заңгері Әсел Тоқаева бұл жазбаның қоғамға қауіп төндірмейтінімен келіседі. Сонымен қатар қорғаушы тарап әкімшілік іс қозғамас бұрын полиция заңбұзушылықты жою туралы талап жіберуге міндетті екенін атап өтті. Бірақ бұл орындалмаған.

Басқаша айтқанда, полиция ProTenge-ге хабарласып, дәлсіздікті көрсетіп, оны түзетуді сұрай алады. Редакция оны түзетіп, мәселе шешілер еді. Неліктен іс 2024 жылы 13 мамырда Маричева жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танылған сотқа дейін жетті?

«Олар мұнымен тоқтамайды»

2023 жылдың желтоқсан айының басында Қазақстандағы БАҚ кибершабуылға ұшырады. Белгісіз біреулер Inbusiness.kz, КазТАГ, Kursiv.Media, «Обожаю» және басқа да медианың жұмысын тоқтатпақ болған. Мәселен, тек әлеуметтік желілерде ғана бар ProTenge үш күн бойы Instagram аккаунтына кіре алмай қалды. Жәмила Маричеваның айтуынша, хакерлер ProTenge-ге Instagram ережелерін бұзады деген ауқымды шағымдар жіберген. Әлеуметтік желі бұған еріксіз бұғаттау арқылы жауап береді. Instagram-да жұмыс істеген төрт жыл ішінде ProTenge платформа ережелерін бұзу туралы бірде-бір хабарлама алмаған. ProTenge аккаунты қалпына келтірілді.

«Біз кибершабуылдарды кәсіби қызметімізбен байланыстырдық. Бізде мұның артында болуы мүмкін адамдар мен мекемелердің тізімі болды. Оған жеке тұлғалар – әкімдер, Forbes рейтиңіндегі адамдар, мемлекет те кірді. Мемлекет тізімде бірінші орында болды», – дейді Жәмила Маричева.

Журналистің айтуынша, ProTenge Telegram арнасына соңғы шабуыл 2024 жылдың 22 қаңтарында, яғни 30 қаңтарда МАМ «Азаттық» радиосын қолдайтын жазбадан қоғамдық қауіпті анықтап, құқық қорғау органдарына жолдағанға дейін аз уақыт бұрын жасалған.

«Мен мұндай кездейсоқтықтарға сенбеймін», – деп мойындады Маричева. «Бұл біздің ProTenge-дегі жұмысымызға қарсы біріккен науқанның бір бөлігі болуы мүмкін». Сіз бізге бірдеңе сұрау үшін қоңырау шала алмайсыз (мысалы, жазбаны алып тастау – Ред.), бізде мемлекеттік ақпараттық тапсырыс түрінде қысым тетігі жоқ. Азаттықтағы әріптестерімізді қолдап жазған жазбамыз резонанс тудырды. Ақпарат министрлігі журналистік қауымдастықтың бірігуін көрді және бұл триггер болуы мүмкін».

«Билік «біз сізді бақылап отырамыз», «сендер назардасыңдар» деп көрсеткісі келеді», – деп түсіндіреді Асхат Ниязов Маричева екеуінің қудалауын.

Ниязовтың айтуынша, МАМ өзінің істеуі тиіс нәрсені істемейтінін тағы бір рет дәлелдеді. 

«Ақпарат министрлігі журналистерді қолдауы керек, ал бізде бұл керісінше. Қанша уақыт жұмыс істеп келемін, олар маған да, әріптестеріме де қолдау көрсеткен емес», – дейді журналист. «Мүмкін бұл олардан: «Абай бол, сөздеріңді бақыла. Бізде сені жауапқа тарта алатын заңымыз бар» деген нұсқау болған шығар. Мен олардың мұнымен тоқтамайтынын түсінемін».

Media Qoldau заңгерлерінің айтуынша, Ниязов пен Маричеваның істерінен басқа, 2024 жылдың басынан бері журналистерді жала жапты және жалған ақпарат таратты деген айыптауларға қатысты басқа да сот істері пайда болған.

«Біз журналистер қауымын әріптестерін қолдауға шақырамыз. Өйткені, мұндай сот істері теріс тәжірибелер қалыптастырады. Журналистер жауапқа тартыламыз деп үнемі қорқып жүретін болады. Жалған ақпарат таратуға қатысты әкімшілік бап мүлдем болжау мүмкін емес және пропорционал емес, біз мұны Жәмила Маричева мен Асхат Ниязовтың істерінен көреміз. Бұл сөз еркіндігін шектеуге әкелуі мүмкін», – деп алаңдайды Гүлмира Біржанова.

Ары қарай не болмақ?

Әсел Тоқаева мен Жәмила Маричева сотқа әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулыға және жүгіру кезінде қамауға алу хаттамасына шағымданды – шағымдар 2024 жылдың 4 маусымында қаралады. 

Бірінші процесс бойынша Тоқаева ProTenge жазбасының жалған ақпарат емес екенін алға тартты. Бұл тек ішінара дәл емес болуы мүмкін, бірақ тұтастай алғанда барлық ақпарат шындық. Маричева заңсыз әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Маричеваны ұстау және полиция бөлімшесіне жеткізу хаттамасына келсек, адвокат бұл әрекеттерге де шағымданды. Алайда сот полиция бөлімшесінің қызметкерлерін тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы шешім шығарған жоқ.

Әсел Тоқаева Маричеваның жүгіру кезінде қалай қадағаланғанын анықтау үшін полицияға сауал жолдаған. Егер олар техникалық мүмкіндіктерді пайдаланған болса, оларға кім және қандай негізде рұқсат берген. 2024 жылдың 28 мамырында сауалға жауап келді: «Азаматша Маричеваның журналға сәйкес әкелінгенін хабарлаймыз. 456-бап бойынша сағат 21.00-де тіркеліп, 21.40-та жіберілді». Заңгер нақты жауап алу үшін қайтадан өтініш жасайды. 

Әсел Тоқаева өз тәжірибесіне сүйене отырып, апелляциялық алқа төменгі соттың шешімдерін өзгеріссіз қалдырады деп болжайды. «Келесі – Жоғарғы сот», – дейді адвокат өзінің жоспарлары туралы.

«Біз жоспарлап отырған жұмыстың барлығы осы жағдайды қалыпқа айналдырмауға және оны басқа әріптестерге таратпауға бағытталған. Біз бұл іс бойынша барлық мүмкін органдарды қамтимыз, – деді Маричева.

Оның айтуынша, журналистер бұл үдерісті қоғамға да, мемлекеттік аппаратқа да құқықтық қоғамда мұндай болмайтынын көрсету үшін жариялап отыр. Асхат Ниязов та мұндай жағдайларда ең жақсы тірек резонанс тудыру деп есептейді. 

P.S. CABAR.asia полицияға сауал жолдады, бірақ жарияланым кезінде түсініктемелер жазылған жауап болмады.


Бұл жарияланымды Еуропалық Одақ қаржыландырады. Оның мазмұнына тек IWPR жауапты және ол міндетті түрде Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: