© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Қазақстанда блогерлерді қолға алды: оларды қалай бақылайды?

Қазақстан Парламенті блогерлерді интернеттегі жарнама үшін салық төлеуге міндеттейтін және фейкпен күресетін заң қабылдады.

Заң жобасының авторлары блогерлер мен интернет-кеңістіктің қызметін реттеу қажеттілігі интернет-алаяқтық, кибербуллиң және заңсыз жарнама белсенділігі артқандықтан, көптен көтеріліп келе жатқанын алға тартады.

Айдос Сарым.

«Бүгінгі таңда интернетке қаржының көп ағыны, соның ішінде жарнама берушілердің де ақшасы ағып жатыр. Бұл саладағы құқықтық қатынастар мен өзара әрекет көбіне көлеңкелі не сұрғылт аймақта қалатынын білеміз. Көптеген белсенді пайдаланушылар конвертте ақша алады. Олар интернет арқылы қаржы пирамидаларын құрып, заңсыз қайырымдылықпен айналысады», – деп түсіндіреді депутат Айдос Сарым.

Депутат бұл заң жобасы қарапайым интернет қолданушыларын қорғайды деп есептейді. Олар блогердің жеке пікірін ақылы жарнамадан ажырата алатын болады. Блогерлерге натив және таргет жарнаманы, демеушілік контентті белгілеуге тура келеді – осы ұғымдардың барлығы Қазақстанның заңнамалық базасы үшін «жаңалық» болды.

Жарнама үшін зауал тарту

Заң жобасы (президент қол қойғаннан кейін заңға айналады) Қазақстанға блогер (инфлюенсер) сияқты жаңа құқықтық түсінік «сыйлайды».

Құжатта бұл ұғым келесідей түсіндіріледі: кәсіпкерлік қызмет мақсатында белгісіз адамдар тобына ақпарат жариялайтын онлайн-платформа пайдаланушысы. Депутат Айдос Сарым толықтырады:

«Бұл өте үлкен әлеуметтік қолдау базасы бар, осылайша ақша табатын, пікірге әсер ете алатын, танымалдығын пайдаланып тауар сататын адамдар».

Интернеттегі ақша транзакцияларын ашық ету үшін инфлюенсерлерден жарнамаға алатын ақы үшін бөлек шот ашу талап етіледі; олар түскен сома бойынша салық төлейді. Салық органы қаражаттың шығу заңдылығын тексере алады.

Әлішер Елікбаев. Фото Facebook парақшасынан

Блогер және коммуникация маманы Әлішер Елікбаевтың айтуынша, блогерлердің арасында, шынында да, жарнамадан түскен табысынан салық төлемейтіндері жиі кездеседі.

«Әңгіме әртүрлі компаниялардан, әр жерден ақша алатын блогерлер туралы. Ерте ме, кеш пе, бұл нарық та өркениетті болуы керек», – дейді Елікбаев.

Бірақ, оның пікірінше, блогерлер тіпті жарнамалық емес материалдары үшін де мәселеге тап болуы мүмкін. Мысалы блогер ұсыныстар беріп, бірақ оған ол үшін ақы төленбеген болуы мүмкін. Жарнамалық пост қайсы, тегін ұсыныс қайсы екенін нақты қалай дәлелдейтіні мүлдем түсініксіз.

Мән тудыру

Ринат Балғабаев. Фото Facebook парақшасынан

PR-кеңесші Ринат Балғабаевтың айтуынша, заң жобасын әзірлеген депутаттардың алға қойған мақсаттарына қол жеткізуге қазірдің өзінде база бар.

«Мүмкін, кей онлайн платформаларды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестендіру керек шығар, бірақ шын мәнінде мұның барлығы БАҚ туралы заңда, Салық кодексінде және басқа да құжаттарда бар. Қолданыстағы заңнама да жарайды, – дейді Ринат.

«Құқықтық медиа орталық» қорының директоры Диана Окремова да бұл бағамен келіседі: «Депутаттарымыз бұл заңның екі жақсы ниеті бар екенін айтады. Біріншісі, жарнама үшін ақша алып, салық төлемейтін блогерлерді бақылау. Екіншісі – қоғамды фейк жаңалықтардан, қаржылық пирамидаларға тартудан құтқару және т.б.

Ол жарнамадан түсетін табысқа салық салу керек деген пікірмен келіседі. Бірақ салықты жинау құралдары қазірдің өзінде басқа заңдарда, мысалы, Салық кодексінде жазылған.

Қаржылық пирамидалармен күресу мәселесі неғұрлым жүйелі әдісті талап етеді. Сарапшының пікірінше, мемлекет басты аспект – халықтың медиа сауатын арттыру және сыни ойлауды дамытуды ескермей отыр.

«Енгізіп жатқан жауапкершілікке қарамастан, медиа сауатты арттыру жұмыстары жүргізілмейінше, алаяқтар бола береді», – дейді Окремова.

Өзін цензуралау туралы заң

 Айдос Сарым бұл заңды қабылдау арқылы депутаттар блогерлердің қызметін «реттегісі» келмейтінін баса айтты. Дегенмен Әлішер Елікбаев заң жобасы блогерлерге қысым жасаудың қосымша құралы болуы мүмкін деп санайды, бұл жағдайға айтарлықтай әсер етуі екіталай, өйткені Қазақстанда инфлюенсерлерге ықпал етудің жолдары жеткілікті.

«Өлі денеге пышақ, қылыш, найза, жебе қадалған кезде, келесі инеден бұдан жаман бола қоймайды», – дейді Елікбаев.

Сарапшылар заң қолданушылардың өзін цензуралауын күшейтуі мүмкін екенін де атап өтеді.

«Бізде өзін цензуралау өте қатты, блогерлер биліктің қысымынан қорқып, өз мәлімдемелеріне өте сақтықпен қарайды. Жаңа заң адамдардың санасына шек қояды», – деп есептейді Ринат Балғабаев.

Сондай-ақ Диана Окремова онлайн-жарнама туралы заңда жалған ақпарат үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті: «Бұл адамдарға интернетте бірдеңе жазбас бұрын өз сөздерін сүзгіден өткізуге әкеліп соғады. Бұл «өзін цензуралау туралы заңға» айналуы мүмкін.

Бақылаудағы платформалар

 Заң жобасының бір бөлігі Қазақстандағы онлайн платформалардың жұмысына арналған. Әзірлеушілер онлайн платформалар қатарына мессенджерлерді де қосқан.

Бір қызығы, жобаның бірінші нұсқасында «орнығу» туралы ереже болған. Яғни, бастапқыда түзету бастамашылары онлайн-платформалар Қазақстанда ресми өкілдіктерін ашып,  оның басына ҚР азаматтарын қою үшін талаптар бекітпек болған. Eurasian Digital Foundation негізін қалаушысы Руслан Дайырбеков айтқандай, бұл норма «Ақпараттандыру туралы» заңға қайшы келеді және қоғам наразылығына байланысты оны заңның соңғы нұсқасынан алып тастауға мүмкін болды.

Алайда құжатта кей онлайн-платформаларды Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимыл жасау үшін заңды өкілдерін тағайындауға міндеттейтін норма сақталған. Бұл егер ай сайын республика аумағында 100 мыңнан астам адам платформаны пайдаланатын болса міндет боп табылады.

Сондай-ақ заң жобасы Қазақстанда «ұмытылу құқығын» іс жүзінде бекітеді. Осылайша, пайдаланушы жалған деп санайтын ақпаратты жою үшін онлайн-платформа өкіліне жүгіне алады. Құжатта «жалған» деген «шындыққа сәйкес келмейтін немесе кез келген формада жазылған адамдар, заттар, оқиғалар, құбылыстар мен процестер туралы жалған түсінік тудыратын фактілердің елеулі бұрмалануын қамтитын» ақпаратты білдіреді. Егер платформа деректерді жоюдан бас тартса, пайдаланушы сотқа жүгіне алады.

Депутат Айдос Сарым түсіндіргендей, «жалған ақпарат» түсінігін енгізу мұндай ақпаратты таратуды қылмыссыздандыруға да мүмкіндік береді. Яғни, фейк үшін қылмыстық жауапкершілікке тартпайды, бірақ әкімшілік айыппұл салынады.

Негізгі сурет: Freepik.com


Бұл жарияланымды Еуропалық Одақ қаржыландырады. Оның мазмұнына тек IWPR жауапты және ол міндетті түрде Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: