© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Цифрлық ұмытылу құқығы: Қазақстанда бұл мүмкін бе?

Қазақстандықтар интернеттен өздері туралы жалған ақпаратты өшіре ала ма? Қазақстан ұмытылу құқығын енгізе ме? Ал енгізсе, сөз еркіндігіне зияны тимей ме? Бұл туралы CABAR.asia цифрлық адам құқықтарын қорғау және еуразиялық кеңістікте интернетті зерттеу жобаларын әзірлейтін Eurasian Digital Foundation негізін қалаушы, DRCQ заң фирмасының директоры Руслан Дайырбековпен әңгімелесті.

Руслан Дайырбеков. Фото жеке мұрағаттан

– Руслан, айтыңызшы, ұмытылу құқығы дегеніміз не?

– Бұл жеке тұлғаның құқықтары мен жеке деректерін қорғауға байланысты тұжырымдама. Тиісінше, ұмытылу құқығы тұлғаларға егер жеке деректері өзекті болмаса, сондай-ақ оларды сақтау немесе пайдаланудың адамдар үшін теріс салдары болуы мүмкін болса, оларды жоюға, бұғаттауға немесе пайдалануды тоқтатуын сұрауға мүмкіндік береді.

– Бірақ өзі туралы ақпаратты жою кімге және не үшін керек?

– Ғаламторға түсетін ақпараттың бәрі бірдей сенімді бола бермейді. Оның үстіне, кейде ол заңға қайшы болады. Ұмытылу құқығының болмауы жеке дерек иелерінің өздері туралы ақпаратты бақылау құқығын шектейді: кей заңсыз ақпаратты жою құқығы және т.б. Бұл басты кемшілік – өкінішке қарай, біз қосымша құқықтарымызды пайдалана алмаймыз.

– 2020 және 2021 жылдары Цифрлық даму министрлігінің өкілдері өзіңіз туралы ақпаратты жоюды талап етуге болатын заңнамалық тетіктер, тіпті сервисті дамыту туралы айтқан болатын. Бұл жүзеге асты ма?

– Қазақстан заңнамасында ұмыт болу құқығы, өкінішке қарай, мүлде реттелмеген. Бірақ бұл қазақстандықтар интернеттен өздері туралы заңсыз ақпаратты алып тастауға мүлдем әрекет ете алмайды деген сөз емес. Елімізде жеке деректерді өңдеуді, оның ішінде оларды жинауды, сақтауды, пайдалануды және таратуды реттейтін «Дербес деректер туралы» заң бар. Бұл заңға сәйкес, адамдар өздерінің жеке деректеріне қол жеткізуге, сондай-ақ егер олар дұрыс емес немесе ескірген болса, оларды өзгертуге және жоюға құқылы.

Сіз осы ақпарат сақталатын немесе таратылатын тұғырнама, мессенджер және әлеуметтік желілердің өкілдерімен тікелей байланыса аласыз. Бірақ біз әр сервистің өзінің нақты ережелері бар екенін түсінуіміз керек. Оның қалай жұмыс істейтінін түсіну үшін белгілі бір әлеуметтік желінің, сервистің немесе мессенджердің пайдаланушы келісімін мұқият зерделеуге кеңес беремін. Онда пайдаланушы ақпаратты жоюға қалай және қайда өтініш бере алады және сол арқылы өзінің ұмытылу құқығын пайдалана алатыны туралы жазылған алгоритм болуы керек.

– Ұмытылу құқығы басқа елдерде де жұмыс істей ме?

– Бірқатар мемлекеттер, соның ішінде Еуропалық Одақ мүшелері, интернетте ұмытылу құқығын реттейтін заңдар мен ережелер енгізді. Бұл заңдар жеке тұлғаларға интернет провайдерлерінен, іздеу жүйесінің иелерінен және басқа ұйымдардан жеке өздеріне қатысты дұрыс емес немесе ескірген ақпаратты жоюды сұрауға мүмкіндік береді.

– Қазақстан ұмытылу құқығын енгізу кезінде ЕО тәжірибесін қабылдай ала ма?

– Ұмытылу құқығы басқа құқықтармен, заңнамалық нормалармен және қоғамдық институттармен байланысты. Мысалы кейбір юрисдикцияларда, соның ішінде Еуропалық Одақтың кей елдерінде қоғамдық тұлғаларға қатысты ұмытылу құқығын қолдануға шектеулер бар. Өйткені мұндай адамдардың жеке өмірі қоғамды қызықтырады. Олардың әрекеттері мен істері жаңалық болып саналып, қоғамның жіті назарында болуы мүмкін. Егер қоғамдық қызметкерлер мен лауазымды тұлғалардың ұмытылу құқығы болса, бұл пікір білдіру, қоғамдық маңызы бар ақпаратқа қол жеткізу құқығын шектейді. Әрине, тергеу журналистикасы да аяқталады. Ал біздің заңнамада қоғамдық мүдде деген анықтама да жоқ.

– Демек ұмытылу құқығы қоғамдық мүдде сияқты маңызды құрамдас бөлікті есепке алмай енгізілсе, бұл келеңсіз салдарға әкеп соғуы мүмкін ғой?

– Иә. Ұмытылу құқығын шектеудің басты себептерінің бірі – сөз еркіндігі мен ақпарат бостандығын қорғау. Әрине, баспасөздің ашықтығы мен еркіндігін сақтау үшін қоғам қайраткерлері мен танымал тұлғалардың қызметі туралы ақпаратқа жұртшылықтың қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды.

– Бұл қоғамдық тұлғалар ұмытылу құқығын мүлде пайдалана алмайды деген сөз бе?

– Жоқ, олай емес. Ұмытылу құқығы қоғамдық тұлғалардың жеке өмірінің кейбір аспектілеріне қатысты болуы мүмкін. Мысалы ақпарат заңсыз, жалған немесе ескірген болса. Осыларға қарамастан, Қазақстанда ұмытылу құқығын заңдастыруға болады, бірақ бәрін мұқият ескеру керек. Мысалы Ресей Федерациясындағыдай емес, онда қоғамдық мүдделерге, танымал тұлғаларға қатысты шектеулер реттелмеген.

– Ал шенеуніктер мен қоғамдық тұлғалар жоғарыда сіз айтқан әдісті қолданып, әлеуметтік желілер мен мессенджер арқылы өздері туралы ақпаратты өшіре бастаса ше?

– Платформа заңы деген нәрсе бар. Бұл – пайдаланушылармен қарым-қатынасты реттейтін әлеуметтік желілер не мессенджерлердің ішкі нормалары мен ережелері. Платформалар сізді, айталық, шенеунік немесе қоғамдық тұлға деп тапса және сіз алып тастағыңыз келетін ақпарат қоғам мүддесіне сай болса, сізге бұл құқықты беруден бас тартуы мүмкін.

Басты сурет: Freepik


Бұл жарияланымды Еуропалық Одақ қаржыландырады. Оның мазмұнына тек IWPR жауапты және ол міндетті түрде Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: