Google және Yandex – Қазақстандағы ең танымал іздеу жүйелері. Қазақстандықтар оларды күн сайын әртүрлі мақсатта пайдаланады, бірақ олар деректерді белсенді түрде жинап, кейін пайдаланатынын ұмытып жатады (немесе мүлде білмейді). Іздеу жүйелері сіз туралы не білетінін және енді деректеріңізді бөліскіңіз келмесе, не істеу керегін анықтайық.
Іздеу жүйелері дегеніміз не және олар қалай жұмыс істейді?
Іздеу жүйесі – бұл пайдаланушыларға желідегі сұрауға жауап табуға көмектесетін арнайы бағдарлама. Сәйкес нәтижелерді қамтамасыз ету үшін іздеу жүйелері пайдаланушы әрекетін және өткен сұрауларды зерттейді. Айтпақшы, бұл деректер де жеке деректерге жатады.
Іздеу жүйелері қалай және қандай деректер жинайды?
«Барлық іздеу жүйелері ең сәйкес нәтиже беру үшін мүмкіндігінше көп деректер жинауға тырысады», – деп түсіндіреді Digital Rights Center Qazaqstan жеке деректерді қорғау тәжірибесінің жетекшісі Владимир Ожерельев.
Бұл деректердің көлемі шынымен де өте үлкен. Іздеу жүйелері сіз туралы мынаны біледі: сұраулар тарихы; іздеу бетіндегі жосық – сіз қайда бастыңыз, қандай деректерді қарадыңыз және іздеу жүйесінің қандай элементтерімен әрекеттестіңіз; геолокацияға сәйкес нәтижелерді беру үшін IP мекенжайы бойынша орналасқан жер туралы ақпарат; құрылғыңыз туралы ақпарат – смартфон ба, компьютер браузері ме? Іздеу жүйелері тіпті экран ажыратымдылығын, браузер нұсқасын және операциялық жүйені біледі.
Google-ге сіз туралы көп дерек неге керек?
Бұл деректер негізінен пайдаланушыға сәйкес жарнаманы ұсыну үшін пайдаланылады. Мысалы, Google жарнамалық желісі (бұл іздеу жүйесіндегі жарнамалар шығатын барлық ресурстар) пайдаланушының жынысын, жасын, отбасылық жағдайын, қызығушылықтарын және тіпті шамамен қаржылық жағдайын анықтай алады.
Бұл ақпарат, мысалы, балалар тағамы туралы жарнама онлайн ойындарға қызығатын жасөспірімдердің емес, жас ата-аналардың назарына түсуіне мүдделі жарнама берушілер үшін алтын қазба. Оның сіз туралы білетіндерінің тізімін Google Ads басқару орталығындағы «Құпиялылық» қойындысынан көре аласыз.
Бұл жеке деректер жинағы неге қауіпті?
Бұл жерде қорқатын ештеңе жоқ сияқты көрінуі мүмкін, әсіресе сіз ешкімге қызық емеспін деп ойласаңыз. Бірақ Владимир Ожерельев жеке қолданушының бір айдағы іздеу сұрауларының тарихынан оның қандай адам екенін, неге қызығатынын, қайда тұратынын және жалпы оның толық психологиялық портретін жасауға болатынын айтады.
Қаупі сол бұл ақпаратқа зиянкестер қызығушылық танытуы мүмкін. Владимир мынадай мысал келтіреді. Іздеу сұрауларынан зиянкестер адамның пәтер сататынын біліп, енді оның қомақты ақшасы болатынын түсінеді. Бұл ақпаратты жеке пайда үшін оңай пайдалануға болады.
Іздеу жүйелері жинайтын жеке деректер қаншалық қауіпсіз?
«Іздеу жүйелері деректерді өте сенімді қорғайды, өйткені пайдаланушылар туралы ақпар – олардың басты байлығы», – дейді Владимир. – Бірақ ірі компаниялар өздерінің ақпараттық қауіпсіздігіне мүдделі болғанымен, адами фактор бар, кейде ақпараттың тарап кетуі орын алады. Әрине, жеке деректерді қорғауға бағытталған заңдар бар. Қазақстанда бұл – «Ақпараттандыру туралы» және «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заң.
Өзіңізді және жеке деректеріңізді қалай қорғауға болады?
Владимир Ожерельев ең сенімді әдіс қауіпсіз браузерлерді пайдалану екенін айтады (мысалы, DuckDuckGo). Олар іздеу тарихын сақтамайды және пайдаланушылары туралы жинайтын ақпаратты азайту үшін барын салады. Бірақ олар да сізді 100% қорғамайды – көбіне мұндай браузерлер пайдаланушының IP мекенжайын жасырмайды. Тағы бір кемшілігі – олар соншалық ыңғайлы емес, өйткені нәтижелер нақты адам үшін оңтайландырылмайды.
Егер адам Google-ді пайдаланғысы келсе не істеу керек?
Бөлек тіркелгі жасаңыз және күрделі әрі қауіпсіз құпиясөз пайдаланыңыз. Іздеу жүйелері сіз туралы не білетінін тексеріңіз. Google мен Яндекс-те «мен туралы ақпарды жүктеп алу» түймесін басуға болады (Google-де бұл Google Takeout деп аталады). Браузеріңізде жарнамалық жүйенің үлкен баннерін көргенде, жарнама желісі сіз туралы ақпарат жинамауы үшін х-ті басып, «бақылаудан бас тарту» опциясын таңдап көріңіз. VPN пайдаланыңыз, бұл – ең сенімді әдістердің бірі.
«Бірақ бұл жерде де сақ болу керек», – деп ескертеді Владимир. – Иә, VPN қауіпсіздікті арттырады, себебі ол арқылы кіретін сайт сіздің нақты IP мекенжайыңызды көрмейді. Сонымен қатар пайдаланушы жіберетін және алатын барлық деректер шифрланған. Дегенмен VPN өзі де деректеріңізді сақтап, тасымалдай алады, сондықтан дәлелденген және ақылы қызметтерді пайдаланған дұрыс».
Инкогнито режимі деректер жинауды шектей ме?
Ол анонимдікті қамтамасыз етудің орнына солай болып көрінеді. Инкогнито режиміндегі сеанс кезінде браузер іздеу тарихыңызды сақтамайды, жекелендірілген жарнама көрсетпейді, логин мен құпиясөздерді сақтамайды және cookie файлдарын жинамайды. Бірақ негізгі деректер жинағы әлі де сол жерде қалады.
Мысалы, инкогнито режимі пайдаланушының орналасқан жерін жасырмайды және адам кірген сайттар браузер үлгісін, операциялық жүйені және экран параметрлерін тани алады. Қысқаша айтқанда, бұл адам жаңа сұрауды енгізген кезде сұрау жолында пайда болатын кеңестерден ғана қорғайды.
Cookie файлдары дегеніміз не және оларды жинауға рұқсат беру керек пе?
Бұл пайдаланушы сайтқа кіріп, түймелерді басқанда, жүйеге кіріп, себетке бірдеңе қосқанда компьютерде сақталатын ақпараты бар файлдар. Келесі жолы сайт оларды танып, адамның жүйеге тіркелгенін және оның себетінде белгілі бір заттар бар екенін түсінеді.
«Бұл файлдарды жинауға рұқсат беру немесе бермеу жағдай мен қажеттілікке байланысты», – дейді Владимир. – Егер бұл интернет-дүкен болса, сайтты жапқанда тауарлар себетіңізде қалады деп қабылдау не әлеуметтік желі болса, пайдаланушы әр жолы қайта кірмеуі үшін орынды болар».
Егер пайдаланушы өзінің «цифрлық ізін» жойғысы келсе ше?
Интернетте өзіңіз туралы ақпаратты жою мүмкін емес деуге болады. «Біз түсінуіміз керек: интернетте қалдырғанның бәрі мәңгі сол жерде қалады», – дейді Владимир. – Бұған қарамастан, Google және басқа компанияларға жеке деректерді жою туралы сұрау жібере аласыз. Мұндай сұрақтарға жиі құлықсыз жауап береді, бірақ бұл әдіс цифрлық ізді тазалаудың қандай да бір түрін қамтамасыз ете алады».
Ешқандай құрал сізді және деректеріңізді 100% қорғамайтынын есте сақтаңыз. Бірақ мұны қауіпсіз браузерлерді, күрделі және әртүрлі құпиясөздерді қолдану және тек сенімді сайттарды пайдалану арқылы ішінара жеңуге болады. Әрине, жеке деректеріңізді интернетте тарата бермегеніңіз абзал.
Иллюстрация: juicy_fish на Freepik
Бұл жарияланымды Еуропалық Одақ қаржыландырады. Оның мазмұнына тек IWPR жауапты және ол міндетті түрде Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.
If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.
We use cookies to ensure that we give you the best experience on our website. If you continue to use this site we will assume that you are happy with it.OkNo