ҚР Үкіметі «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңды «Масс-медиа туралы» заң етіп өзгертіп жатыр. CABAR.asia биліктің неліктен барлық цифрлық контент жасаушыларды БАҚ-қа теңестіруге тырысып жатқанын, блогерлер үшін не өзгеретінін және заңның тағы қандай жаңалық әкелетінін анықтады.
Қазақстанда Ақпарат министрлігі әзірлеген және биыл қабылдағалы отырған «Масс-медиа туралы» заң жобасын талқылап жатыр. Дегенмен сарапшылар қазір бұл құжат шикі және онда болмауы керек нәрселер бар деп есептейді. Мәселен, заң тек журналистердің ғана емес, интернетте – Telegram, YouTube арналарында және басқа да онлайн платформаларда контент жариялаған әрбір адамның жұмысын реттейтін болады.
Билік құлашын кең жайғысы келеді
ҚР қолданыстағы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңының сонау 1999 жылы әзірленгені, оның сан рет өзгертіліп, қайта сызылғаны сонша, мамандар бұл құжатты мысқылдап шүберек немесе жамау көрпе деп атай бастады және көптен бері «БАҚ туралы» жаңа заң қабылдануын талап етіп келеді.
Алайда билік үшін «тездеткіш» жергілікті журналистер қауымы емес, Украинадағы соғыс болды.
«Әлемдегі геосаяси жағдай ақпараттық қауіпсіздікті қалыптастыруда және сенімді ақпарат таратуда БАҚ-тың маңызын көрсетті. Соңғы айлардағы оқиғалар ақпараттық егемендікті нығайту қажеттігін көрсетеді», – деп түсіндіреді жаңа заңның әзірлеушілері.
2022 жылдың мамырында билік заң жобасын жасау үшін жұмыс тобын құрып, сегіз айдан кейін, 2023 жылдың 6 қаңтарында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тұжырымдама мен «БАҚ туралы» заң жобасын қоғамдық талқылауға ұсынды.
«Заң жобасының мәтіні өте шикі», – дейді жобаны әзірлеу тобының сарапшысы, «Құқықтық медиа орталығы» қоғамдық қорының директоры Диана Окремова. – Бұл жобада сұрақ өте көп, түсініксіз нәрселер бар. Олардың іс жүзінде қалай жүзеге асырылатыны белгісіз».
Осылайша, жобада масс-медианың жаңа түсінігі пайда болды – бұл БАҚ және интернет-ресурстар, оларға, Окремованың айтуынша, ресми тіркелген барлық дәстүрлі БАҚ, ресми тіркелген интернет-ресурстар және басқа интернет-ақпарат көздері теңестіріледі – блогерлер, пабликтер және т.б. Дей тұрғанмен заң жобасында блогерлерді БАҚ-қа теңестіретін жеке норма жоқ.
«Блогерлерді журналистермен теңестіретін норма жоқ», – дейді «Құқықтық медиа орталығы» қоғамдық қорының заңгері, заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Гүлмира Біржанова. – Бірақ заң «Масс-медиа туралы» деп аталып, түсіндірме аппаратына (заңдағы жеке блок – ред.) масс-медиа – бұл БАҚ және интернет-ресурстары екенін жазса, бұл басқа сөздермен алмасқан бір ғана нәрсе екенін түсіну керек, өйткені интернет ресурстары – бұл интернеттегі барлық нәрсе».
Қарапайым тілмен айтқанда, қазіргі редакциядағы заң жобасы күшіне енсе, блогерлердің де журналистер сияқты жауапкершілігі болады. Бірақ блогерлер, пабликтер мен әлеуметтік желідегі түрлі арналардың жұмысы қазірдің өзінде әкімшілік және қылмыстық кодекстермен реттеледі. Сондықтан сарапшылар БАҚ туралы заңға неліктен барлық интернет-ресурстарды енгізу керектігін түсінбейді және бұл нормаға қарсы.
Ол сондай-ақ барлық интернет-ресурстарды БАҚ-қа теңестіру шатасуға және нормалардың жұмыс істемеуіне әкелуі мүмкін деп қорқады: «Бақылау функцияларының мұндай көлемі өте қиын. Шынымды айтсам, мен біздің министрліктің бүкіл интернетті қалай бақылайтынын түсінбеймін».
Shishkin like telegram және YouTube жобасының негізін қалаушы, журналист Дмитрий Шишкин жаңа заңның енгізілуімен өз командасының жұмысында ештеңе өзгермейтініне сенімді:
«Біз қазірдің өзінде кәсіби редакция ретінде жұмыс істейміз. Иә, біз бұқаралық ақпарат құралдары ретінде тіркелген жоқпыз, бірақ онсыз да біздің өтініштерімізге e-otinish (барлық қазақстандықтардың мемлекеттік органдарға өтініш білдіруіне мүмкіндік беретін арнайы қызмет – ред.) арқылы жауап береді. Бізге аккредитация қажет емес, біз мемлекеттік сатып алуға қатыспаймыз, сондықтан бұл тіркеу бізге (мемлекеттік БАҚ органдарында тіркелу – ред.) қажет емес. Бірақ табанды түрде сұрайтын болса, тіркелеміз, ештеңе етпейді.
Соған қарамастан журналист Қазақстанға негізінен БАҚ туралы заң және Ақпарат министрлігі қажет емес деп санайды.
«Америка Құрама Штаттары жүздеген жылдар бойы Ақпарат министрлігінсіз және БАҚ туралы заңсыз өмір сүріп жатыр ғой. Ал ондағы БАҚ жай ғана сөз еркіндігіне (АҚШ Конституциясына енгізілген түзетулер – ред.) енгізілген түзету негізінде жақсы дамып келеді. Бізде де Конституциямызда сөз еркіндігі туралы норма бар, заңдар бар, Азаматтық кодекс, Қылмыстық кодекс, оларда болуы мүмкін құқық бұзушылықтың алуан түрі қарастырылған. БАҚ туралы заң не үшін керек екенін толық түсінбеймін», – дейді Шишкин.
Дереу алып тастаңыз
Гүлмира Біржанованың айтуынша, заң жобасынан жеке және заңды тұлғалар БАҚ жариялаған шындыққа жанаспайтын ақпаратты немесе мәлімдемені жоюды талап ете алады деген тармақты алып тастау керек.
«Бұл өте жаман норма», – дейді заңгер. – Екінің бірі материалды алып тастауды сұрайтын болады. Қазір жоюды талап етпейді деп айтпаймын, бірақ ең болмағанда БАҚ өкілдеріне қалауы бойынша екенін айтамыз. Яғни, материалды алып тастауға міндеттеме жоқ. Бірақ егер заңда мұндай тұжырым болса, онда біздің БАҚ-қа алып тастау туралы талаптар қаптап кетеді».
Жобада жарияланған ақпараттың сенімсіздігін кім анықтайтыны көрсетілмегені (қазір бұл функция соттың құзырында) жағдайды қиындатады.
«Біз бұл ережені алып тастауды талап етеміз, өйткені онда механизмнің қандай болатыны айтылмайды. Бұл процестің қалай өтетіні белгісіз. Сондықтан бұл қажет емес», – дейді Диана Окремова.
Журналистерге мерзімді анықтайды
«Масс-медиа туралы» заң жобасында алып тастауды, қайта қарауды немесе жұмыс механизмін нақты сипаттауды талап ететін көптеген нормалар бар. Бірақ оның жағымды жақтары да бар.
Соның бірі – ескіру мерзімін енгізу. Бұл қазіргі БАҚ туралы заңда көрсетілмеген, сондықтан журналистерді жарияланған материалдан ондаған жылдан кейін де сотқа беруі мүмкін. «Масс-медиа туралы» заң жобасында ескіру мерзімі енгізілді. Үш жыл. Алайда журналистер оны бір жылға дейін қысқартуды ұсынып отыр.
«Журналистикадағы еңбек өтілім 20 жылға жуықтады. Материалдардың ескіру мерзімі өте алаңдатады, өйткені мансабымыздың басынан бастап келе жатқан барлық дыбыс жазбаларын сақтауға мәжбүрміз. Мен бір жылдан аспайтын ескіру мерзімін белгілеуді ұсынамын. Менің ойымша, бұл мерзім жарияланған материалдар бойынша журналистерге талап қоюға жеткілікті», – деп заң жобасына Zakon.kz Астанадағы бюросының жетекшісі Оксана Скибан пікір білдірген.
Заңгер Гүлмира Біржанова да көптеген елдердегідей ескіру мерзімі бір жылмен шектелуі керек деп есептейді.
«Дегенмен, қазір бұл мәселе бойынша [үкіметте] нақты ұстаным жоқ, мемлекеттік органдар арасында келіспеушіліктер бар – кейбіреулер ескіру мерзімін шектегісі келмейді. Бірақ біз ескіру мерзімі әлі де шектелуі керек деп талап етеміз. Ең болмаса үш жыл, бірақ, әрине, бұл бір жыл болуы керек».
«Масс-медиа туралы» заң жобасын қоғамдық талқылау 27 қаңтарға дейін жалғасады – сол күнге дейін әркім legalacts.egov.kz онлайн платформасы арқылы өз ұсынысы мен пікірін білдіре алады. Осыдан кейін құжат пысықтауға жіберіледі. Ал, ашық құқықтық актілер сайтында айтылғандай, айтылған ұсыныстар алдағы уақытта қаралып, ескерілетін болады.
Негізгі сурет: Freepik
Бұл жарияланымды Еуропалық Одақ қаржыландырады. Оның мазмұнына тек IWPR жауапты және ол міндетті түрде Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.