Қазақстанда ақпараттық доктрина бекітті. Оның мақсаты – «тарихи турбулент жағдайда» елдің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бірақ бұл құжат доктринада ақпарат саласына қатысушылардың өзара іс-қимылының негізі ретінде белгіленген сөз еркіндігін де қорғай ала ма?
Тағы да бақылау ма?
2023 жылдың наурыз айында Қазақстан ақпараттық доктрина қабылдады. Ол құжат авторлары жазғандай, «қазіргі заманғы мемлекеттік ақпараттық саясаттың қалыптасу философиясы мен рухын» көрсетеді. Авторлар, былайша айтқанда, ақпараттық саясат пен ақпарат саласы сияқты кең ұғымдарға сиятын барлық нәрсені бір жолға түсірген.
Бұл кең ұғым доктрина аясында іске асатын шаралар тізбегінен байқалады. Мұнда қазақ медиа өнімінің сапасын арттырып, оны халықаралық деңгейде ілгерілету де, аудиторияның сыни ойлау машығын қалыптастыру мәселесі мен ақпарат алаңында ұлттық құндылықтардың үстемдік құруы, сондай-ақ сыртқы ақпараттық ықпалды тежеу тетіктері мен медиа саласының заңнамалық базасын жетілдіруге ұмтылу да бар.
Медиа-заңгер Ольга Диденконың айтуынша, мұндай құжаттар жиі елеулі өзгерістер ұсынады, бірақ оларды жүзеге асыру барысында мәселе туындайды. Мәселен, заңнамада белгіленген қосымша талаптар БАҚ саласын реттеуді ғана күшейтеді, журналистердің жұмысын жеңілдетпейді.
«Доктрина тікелей әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді, белгілі интернет-ресурстарды, блогерлерді, инфлюенсерлерді одан әрі бақылау қажеттігін көрсетеді», – дейді заңгер, «Еркіндік қанаты» құқық қорғау қорының тең құрылтайшысы Роман Реймер. – Доктринада отандық интернет кеңістігінің дәл осы бөліктері, әсіресе соңғысының саясилануына байланысты кең ауқымды жалған ақпарат пен қоғамдық пікірді манипуляциялау қаупі туралы айтылған».
Доктринаның жаңа медиа өнімдерінің адам санасына әсерін сипаттайтын бөлімі туралы айтып отырғанымызды түсіндіре кетейік.
«Құқықтық медиа орталық» құқық қорғау қорының директоры Диана Окремованың айтуынша, іс жүзінде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған қосымша мемлекеттік реттеу фейктердің көбеюіне әкелуі мүмкін. «Шектеулер неғұрлым көп болса, соғұрлым жалған ақпарат көбейеді. Ал идея жүзеге аспайды», – деп есептейді Окремова.
Кең түсінік
Журналистер доктринаның кей тармақтары елдегі сөз еркіндігін шектейді деп қауіптенеді. Ақпараттық саясатты жетілдіру шеңберінде мемлекет «жалған нарративтермен күресіп», «теріс ақпараттық әсер ету қаупіне» ден қояды.
БАҚ өкілдері назар аударатын доктринаның тағы бір кемшілігі – оның тармақтарын нақты жағдайларға байланысты қолдану, тіпті оң тұстарын БАҚ-қа қарсы қою мүмкіндігі.
«За нами уже выехали» YouTube арнасының негізін қалаушы және жүргізушісі Дмитрий Дубовицкий: «Доктринадағы ақпараттық қауіпсіздікті ел ішінде «зиян» сұрақтар қойып, қарсылық білдіретін адамдардың жолын кесу үшін пайдаланады деген қауіп бар», – дейді.
Роман Реймер ақпараттық қауіпсіздік түсінігі кең және әрқилы түсіндіруге мүмкіндік беретінін айтады. Мысалы, Диана Окремова доктринада қауіпсіздік сыртқы деструктив әсерден қорғау ретінде қарастырылады дейді.
«Бұл мәселені сөзсіз шешу керек», – дейді Окремова. – Дегенмен, нақты қандай ақпаратты билік деструктив деп қарастыратыны әлі де түсініксіз. Шынын айтсақ, бізде қазір ресейлік ақпараттық кеңістікке үлкен тәуелділік бар. Одан қорғану үшін барлық ресейлік пропаганда арналарына тыйым салу керек. Бірақ қазіргі Қазақстандағы саяси жағдайда мұны ешкім жасамайтынын түсініп отырмыз».
Бір терінің пұшпағы
[insertpage=’kazahstan-vlasti-predlagayut-priravnyat-ves-internet-k-smi-i-nazyvat-eto-mass-media’display=’page-post-news-left.php’] Доктринада Қазақстанның толыққанды демократиялануы мен саяси жаңғыруы үшін БАҚ жұмысындағы шектен тыс реттеуден арылу қажет делінген. Дегенмен, дәл осы уақытта Қазақстанда құқық қорғаушылар мен журналистер тарапынан бірнеше рет сынға ұшыраған «Масс-медиа туралы» жаңа заң әзірленіп жатыр.
Заң жобасының авторлары журналистерге арналған пресс-карта енгізгендіктен сынның астында қалды. Оны соттылығы жоқ, БАҚ-пен жасасқан шарты бар, БАҚ-та кемінде үш жыл жұмыс өтілі және журналистика немесе сәйкес мамандық бойынша жоғары білімі бар журналистер ғана ала алады. Пресс-карта БАҚ өкілдеріне іс-шараларға кіруге, сондай-ақ бірқатар материалдық және басқалай артықшылықтарға мүмкіндік беруі керек. Құқық қорғаушылар бұл нормадан ең болмағанда жас журналистерді шектеу мәселесін байқады. Ең нашар тұсы – билікке тиімсіз журналистерді билік өкілдерімен сөйлесу мүмкіндігінен аластату.
Заң жобасының тұжырымдамасында және құқық қорғаушылар жұмыс істеген жоба нұсқасында шынында да прогрессив норма болды – журналистік материалдардың ескіру мерзімі белгіленді. Қолданыстағы заң бойынша ескіру мерзімі жоқ. Бұл журналистті тіпті ондаған жылдар бұрын жарияланған материал үшін де сотқа беруге болады деген сөз. Бұл БАҚ өкілдерін өте қиын жағдайға қояды. Бірақ жоба қоғамдық талқылауға қойылғанда, шенеуніктердің бұл прогрессив норманы алып тастағаны белгілі болды (ескілеу мерзімі заң жобасының 26 сәуірдегі жаңа редакциясында, ақпараттық доктрина сарапшылармен талқыланған соң пайда болды – Редакция).
[insertpage=’inoganety-kazahstana-pochemu-vlasti-reshili-obnarodovat-spisok-lits-poluchayushhih-inostrannoe-finansirovanie’ display=’page-post-news.php’]Қазақстандық журналистер үшін тағы бір жаңалық – шетелдік қаржы алатын тұлғалардың тізілімін жариялау болмақ. Бір жағынан, шетелден грант алып жүрген журналистер бұған қарсы емес, өйткені олардың өздері мемлекетті ашықтыққа шақырады. Екінші жағынан, құқық қорғаушылар бұл Ресейдегідей тәуелсіз БАҚ-қа қысымның тағы бір түрі болуы мүмкін деп қауіптенеді. Ресей Федерациясында шетелден ақша алатын БАҚ шетел агенттерінің тізіліміне енгізіледі, бұл олардың елде жұмыс істеуіне кедергі жасайды.
Бұл фактілер Роман Реймерге доктрина мен БАҚ саласындағы басқа жаңалықтар арасында ешқандай қайшылықтар жоқ деп айтуға мүмкіндік береді: «Доктринаның жалпы елдегі сөз еркіндігін шектеуге бағытталғанына және «медиа саласының жаңа субъектілері», атап айтқанда, «Масс-медиа туралы» заң мен шетелдік қаржыландыру тізілімі бір терінің пұшпағы деп есептеймін».
Негізгі сурет: Freepik
Бұл жарияланымды Еуропалық Одақ қаржыландырады. Оның мазмұнына тек IWPR жауапты және ол міндетті түрде Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.