Қазақстанда Қылмыстық кодекстің «діни» баптары бойынша сотталғандардың мерзімінен бұрын бостандыққа шығу мүмкіндігі аз, тіпті бостандыққа шыққаннан кейін де оларға қосымша соттан тыс жазалар қолданылады.
Республикада құқық қорғаушылар «діндар» деп атайтын бір топ тұтқын бар. Бұл экстремистік және террористік баптар бойынша сотталған, бірақ нағыз экстремизм мен терроризмге ешқандай қатысы жоқ адамдар.
Құқық қорғаушылардың есебінше, колонияларда бір мезгілде мыңға тарта «діни тұтқын» отыруы мүмкін. Алматы Хельсинкі комитетінің марқұм басшысы Нинель Фокина оның ұйымы діни айыппен отырған жеті жүз тұтқынды тіркегенін айтқан болатын. Бұл саяси тұтқындардан бірнеше есе көп. Саяси тұтқындарға ротация бар, сондықтан олардың көбінің мерзімінен бұрын бостандыққа шығу мүмкіндігі бар. «Діни» баптар бойынша сотталғандар үшін мұндай мүмкіндік сирек жағдай болып табылады.
«Не таксидегі музыка, не шай үстіндегі әңгіме дұрыс емес»
Құқық қорғаушылар «діни» тұтқындар әдетте «дәстүрлі емес ислам» деп аталатын дінді ұстанады, сондықтан биліктің жіті назарында болатынын айтады.
«Назарбаев дінге рұқсат бергенде діндарлардың мәңгілік алғысы мен мемлекет басшысы үшін дұғаларына сенді. Бірақ ислам мен оның ағымдары, матрудиттік нанымдағы ханафи мәзһабын (Қазақстанда ресми түрде бекітілген бағыт – ред.) қоспағанда, билікке мұндай қатынасты қарастырмайды. Оларға билікті қолдайтын және діндарлардың санасына әсер ететін, адамдарды биліктің жағына тарта алатын діни бірлестіктер қажет», – дейді биліктің дәстүрлі емес діндерге деген ерекше көзқарасына пікір білдірген заңгер Ғалым Нұрпейісов.
Сондай-ақ ол билік басындағылар дінді сән ретінде қабылдайтынын, бұл «бейресми» діни көзқарасты ұстанатын діндарларға ұнамайтынын айтады.
«Жатсенімдегілерді» қудалау қауіпсіздік күштерінің қызметте жоғарылау немесе әлсін-әлсін қоғамдық жанжалда көрініп қалатын арнайы қызметтің мәртебесін көрсету ниетінен тууы мүмкін.
«Олар (арнайы қызмет өкілдері – ред.) үшін не пастор қате ән айтты, не таксидегі музыка, не шай үстіндегі әңгіме дұрыс емес, – деп діндарларды әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту себептерін «Liberty» қоғамдық қорының жетекшісі Ғалым Ағелеуов тізімдейді. – Діни қауым, әсіресе, сәләфилер немесе «Таблиғи жамағат» (Қазақстанда және Орталық Азияның басқа елдерінде тыйым салынған – ред.) болса, олар үшін бұл өгіздің қызыл шүберегіндей-ақ. Оларға мұндай қауымдастықты ұстап, ұйымдасқан қылмыстық топқа немесе террористік ұйымға айналдыру өте ыңғайлы».
2022 жылдың мысалдарының бірі ретінде ислам дінін қабылдаған оңтүстік Қазақстан тұрғыны Анатолий Зерниченконы маусым айында 7 жылға бас бостандығынан айыруды айтуға болады. Эксперттер Анатолийдің әлеуметтік желіде саудиялық ғалым Салех Әл-Фаузанның «Бір Құдай кітабынан» жариялаған дәйексөздерінен «терроризмге үндеу» байқаған.
Қалай да түрмеде ұстау
Егер адам «діни баппен» түрмеге қамалса, онда оның түрмеден шығуы мүмкін емес деуге болады. Бұған нағыз мысал ретінде WhatsApp желісіндегі жабық чатта діни пікірталас негізінде қозғалған іс бойынша тоғыз айыпталушының бірі Болатбек Нұрғалиевтің хикаясын келтіруге болады. Дінтанулық даудан зардап шеккендер жоқ, бірақ сарапшылар әңгімеден «терроризмді насихаттау» және «діни араздықты қоздыру» көрген. Бұл үшін Нұрғалиев пен басқа да талқылауға қатысушылар 2019 жылы 5,5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Қалғандарына жеңілдік болар деген үмітпен Болатбек өзін чатты құрушы ретінде мойындауға келісті. Бірақ керісінше оған ең ұзақ жаза тағайындап, ерекше бақылауға алды.
2021 жылы БҰҰ-ның негізсіз тұтқындау жөніндегі жұмыс тобы жоғарыдағы мұсылмандардың тұтқындалуы мен сотталуы негізсіз деп пікір білдірді. БҰҰ органы белгіленген мерзімде мемлекеттен жауап күтпестен, «заңсыз сотталғандарды босатуды, оларға тиесілі өтемақы төлеуді және кінәлілерді, яғни Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) қызметкерлерін тергеуді талап етті.
Осыдан кейін төрт сотталушы қалыптасқан тәжірибеге қарамастан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды. Бірақ, негізгі ұйымдастырушы саналатын Нұрғалиевты мерзімінің соңына дейін қалдыруы мүмкін. Өйткені 2022 жылы Болатбек Нұрғалиевке заң бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкін болса да, екі рет жазаны жеңілдетуден бас тартылған, тіпті Нұрғалиев жазасын өтеп жатқан Қызылорда колониясының басшылығының шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініші болса да, прокуратура қарсылық білдірген.
Бірінші рет, 2022 жылдың ақпанында қадағалаушы органның наразылығына, тек мақтау мен алғыс қана болған Нұрғалиевтің бір рет мекеме режимін бұзғаны – бос уақытында намаз оқуы себеп болған. Прокуратура өкілдерінің сөзімен айтсақ, бұл «мінез-құлқында оң өзгерістер байқалмайды» деген сөз.
Екінші рет, яғни қараша айында прокуратура Нұрғалиевтің өзі және онымен бірге іске қатысқан басқа сотталғандардың өтелмеген талаптары бар деп мәлімдеген. Сот колония әкімшілігінің Нұрғалиевтің талап арызын қанағаттандырғаны туралы ұсынған құжаттарын, ал қалғандарына жауапты еместігін ескермеген.
Жоғарғы қан қысымы
Колониялардағы «діни» тұтқындарға деген көзқарас қылмыскерлерге немесе саяси сотталғандарға қарағанда қатал, тіпті қатыгез: олар жиі азаптау мен қорлауға ұшырайды, кездесу мен сәлемдемелерге рұқсат етілмейді, дін ұстатпайды.
Қазір Щучье қаласының (Ақмола облысы) сотталған тұрғыны Дадаш Мәженовті шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш беру мерзімі жақындап келеді. Салафизмді ұстанатынын жасырмайтын Мәженов 2018 жылы «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде аудио уағыздар жариялағаны үшін 7 жыл 8 ай алған. Оны бір колониядан екінші колонияға ауыстырып жүргенде, анасы Ирина Маженованың айтуынша, ол қатты соққыға ұшыраған, іздері мен жарақаты бар (Дадаш біраз уақыт өз бетінше қозғала алмады). Соңғы рет, Иринаның айтуынша, оның ұлы Қызылорданың тергеу изоляторында соққыға жығылған, жақ сүйегі сынған; 2022 жылғы қаңтардағы оқиғадан кейін үйіне 200 жүк көлігімен тиеп жібереміз деп қорқытып, ұрып-соққан. Азаптау туралы алғашқы екі арыз бойынша өзі де, туыстары да ешқандай шешімге қол жеткізбеген. Түкке тұрғысыз екенін түсінгендіктен де үшінші рет шағымданбаған.
«Әркімнің жылына төрт қысқа кездесуі бар, онікі тек екеу ғана. Біз оны үйге жақын болсын деп ауыстыру үшін он шақты арыз жаздық, бірақ олар тіпті жауап бермейді», – деп шағымданады Ирина Маженова.
Заң бойынша жазалау жеткіліксіз бе?
Бостандыққа шығу бәрінің аяқталғанына кепілдік бермейді. Бұрынғы «діни» тұтқындардың үш адамы Адам құқықтары жөніндегі бюроға хабарлағандай, олар бостандыққа шыққаннан кейін ҰҚК кураторлары олардан арнайы қызметте жұмыс істеуді талап еткен – діндастары туралы хабардар етіп отыру немесе қақпанға түсіруге атсалысу. Олардың біреуі ғана 2018 жылы комитет мүшелері оны заң бұзбаған діндестерін тұтқындау үшін айлакер болуға мәжбүрлегенде өзін қорғауды сұраған. Әйтпесе, зонаға қайтарамыз деп қорқытқан. Бұрынғы тұтқын прокуратураға арыз жолдап, оны жайына қалдырған.
Сонымен қатар, «діндар» сотталғандар үшін қасіретке айналған шартты заңды жаза да бар. Сот үкімінен кейін олардың деректері «экстремизм мен терроризмді қаржыландыруға қатысы бар» тұлғалардың тізіміне енгізіледі. Қазір Бас прокуратураның ұсынысы негізінде Қаржы мониторингі агенттігі жүргізетін тізімде 1500-ден астам адам бар.
Бостандыққа шыққаннан кейін адамдар осы тізімдерде қалады, бұл оларды барлық дерлік қаржылық құқықтары мен мүмкіндіктерінен айырады. Тізімдегі тұлғалар жеке сәйкестендіру нөмірімен (ЖСН) бұғатталған, онсыз қазақстандықтар мемлекетпен, тіпті коммерциялық сектормен қарым-қатынас сферасынан «жоғалып» кетеді. ЖСН болмаса, босатылғандар банк шоттарын аша алмайды, яғни олар жәрдемақы мен «ақ» жалақы ала алмайды, айыппұл, салық төлей алмайды, теміржол және әуе билеттерін сатып ала алмайды және т.б.
Адам құқықтары жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюрода бұл тізімді жоюға заңды түрде қол жеткізуге әрекет жасалды, бірақ талап арыз тіпті қарауға да қабылданбады.
Құқық қорғаушылардың сауалына Қаржы мониторингі агенттігі алаңдауға негіз көрмейтінін айтты.
«Жеке тұлға өзінің өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында қаржы мониторингі субъектілеріне (банктерге, валюта айырбастау пункттеріне, сақтандыру, лизингтік компанияларға және басқа да ұйымдарға – ред.) [қаржылық] операцияларды жүзеге асыру үшін жүгінуге құқылы», – делінген жауапта.
Бірақ мәселе, мұндай өтініштерді әрбір жеке «қаржылық мониторинг субъектісіне» жасау керек. «Мониторинг субъектілерінің» өздері жиі өтініш берушілерді Агенттікке қайта бағыттау арқылы тәуекел шешім қабылдағысы келмейді.
«Адамдарға кем дегенде өмір сүру мүмкіндігін алу үшін шағымдануға, прокуратураға жазуға тура келді, бірақ бұл нәтиже бермейді. Мен бұл тізімді дұрыс емес деп есептеймін, себебі экстремизм мен терроризмді қаржыландыру дәлелденбеген. Менде де 266-бап (Қылмыстық топтың қызметін қаржыландыру – ред.) бар еді, олар ештеңені дәлелдей алмады, сондықтан мені ЖСН-ді тоқтата тұрумен шектеді», – дейді бұрынғы саяси тұтқын Әсет Әбішев (бұл тізімнің ішінде саяси тұтқындар да бар).
Қаржы мониторингі агенттігінің дәл осындай жауабында Тізімнен шығаруға сот шешімдерінің немесе үкімдерінің күшін жою негіз болып табылатыны көрсетілген; өлім туралы құжатталған дәлелдемелердің болуы; соттылықты өтеу және алып тастау. Біріншісі Қазақстанда іс жүзінде мүмкін емес, үшіншісі сегіз жылға дейін созылуы мүмкін. Сондықтан құқық қорғаушылар Тізімге экстремистік баптар бойынша сотталғандардың барлығын емес, терроризмді қаржыландыруға кінәлілерді ғана енгізуді талап етіп отыр. Құқық қорғаушылар мақсатты қаржылық санкциялардың қолданылатын мерзімін заңмен белгілеу қажет деп есептейді.