© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Имаммен сұхбат үшін жаза: Қазақстанда діни материалды таратқандар қалай жазаланады

Қазақстанда парадоксал жағдай қалыптасқан: азаматтарды экстремистік емес діни материал таратқаны үшін жазалайды. Хабарландыру сайтында Құран не Інжілді сатқаны үшін немесе діни қызметкермен сұхбат жариялағаны үшін айыппұл сала алады.

Биыл шілдеде, мұсылмандардың Құрбан айт мерекесі қарсаңында петропавлдық журналист Руфия Мұстафина «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Хамзат Әділбековпен сұхбат жариялаған.

«Бұл сұхбатта имам ресми Құрбан айт дәстүрі мен оны атап өту мәдениеті туралы айтады [2006 жылдан бері Құрбан айт пен православтық Рождество Қазақстанда демалыс күндеріне жатады – Ред.]. Видео менің Facebook парақшамда жарияланды», – дейді Руфия өзінің Instagram парақшасында.

Бұл журналистің үйреншікті материалы дерсіз. Бірақ полиция осыдан кейін БАҚ өкілінің үстінен діни мазмұндағы материалды «орынсыз жерде» таратқаны үшін әкімшілік іс қозғады.

Фото: Ахмет Исаев

Сот Мұстафинаны ӘҚБтК-нің 490-бабы 1-бөлігінің 3-тармағы – діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалды тарату талаптарын бұзу бойынша кінәлі деп таныды. Талаптар «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңда көрсетілген. Онда мұндай материалдар тек ғибадатханада, діни оқу орындары немесе уәкілетті органдар арнайы белгілеген үй-жайларда ғана таратылуын бекіткен.

Алдымен Мұстафинаға 50 АЕК көлемінде айыппұл салынды.  Бұл 153 мың теңгеге немесе $338 тең (заңды тұлғалар үшін айыппұл 200 АЕК – 636 мың теңге немесе $1358). Кейін апелляциялық сот журналисті «жасалған құқық бұзушылық елеусіздігіне байланысты» жазадан босатты. Яғни, құқық бұзушылық фактісі сақталды.

Александр Антипин. Фото жеке мұрағаттан

«Егер интернет-алаңды бұқаралық ақпарат құралы деп есептесек, Пасха немесе Құрбан айт мерекесімен құттықтағаны үшін айыппұл салуға дейін жетуі мүмкін», – дейді дінтанушы Александр Антипин.

Тек рұқсатпен

Руфия Мұстафинаны жазалау ісі биылғы жылдың ең резонансты оқиғасы болды, бірақ бұл жалғыз емес. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты тұғырнамасында 2022 жылы ӘҚБтК-нің 490-бабы бойынша қаралған 107 әкімшілік іс көрсетілен (2021 жылы – 103, 2020 жылы – 118).

Осы баппен тіркелген жүздеген адамның ішінде Өскемен қаласының тұрғыны Татьяна да бар. Оған жеке хабарландыру сайты ОLX-те «Библейские сказания. Сказания Евангелистов» кітабын сатқаны үшін айыппұл салған. Сотта Татьяна кітап қажет болмағандықтан сатқанын айтқан, тіпті бұлай жасауға болмайтынын білмеген. Сараптама кітаптың өзін діни, бірақ мазмұнында заңға қайшы ештеңе жоқ деп таныды.

Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданындағы мұсылман киімдері дүкенінің қожайыны Зарина CABAR.asia тілшісіне намаз туралы «Намаз оқып үйренейік!» және исламдағы бала тәрбиесі туралы kitapal.kz сайтынан сатып алған кітаптар сатқанын айтады.

«Жалпы, бұл үшін айыппұл салатынын білдім. Маған дінтанушылар сатуға болмайтынын және рұқсат алған жөн екенін ескертті. Бірақ мен мұсылмандардың киімі мен керек-жарақты кітаппен бірге сатқандықтан, әкімшілік іс қозғалып, бұған мән береді деп ойламаппын. Сот болып, 50 АЕК ($338) көлемінде айыппұл салды», – деп Зарина оқиғасын бөлісті.

Дәл осындай оқиға Өскеменде де орын алып, діни әдебиет таратқаны үшін дүңгіршек сатушысы жазаланған. Бірақ бұл жағдайда әйел жазалануы мүмкін екенін білмеген.

Билік адамдар биліктен арнайы рұқсат алса, жазаға ілікпейтіндеріне сенімді.

«Қазір қоғамдық даму басқармасынан немесе egov.kz арқылы діни әдебиет таратуға рұқсат алу қиын емес. Барлық жағдайда бұл тегін процесс», – деп түсіндіреді Өскемен қалалық ішкі саясат бөлімінің діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл секторының меңгерушісі Назерке Көпенова.

ҚР Ақпарат министрлігі Дін істері комитеті де діни әдебиеттің заңсыз таралуына тосқауыл қоюға күш салып жатқанын атап өтті.

«[Ол үшін] ақпараттық-түсіндіру топ лекторларының қатысуымен тұрақты түрде дөңгелек үстелдер, кездесу, жиындар, тікелей эфир, дәріс, сұхбат, брифинг және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады. Халықты барынша қамту мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары және интернет-ресурстарында тиісті материалдар жарияланып, адам көп шоғырланатын орындарда ақпараттық билбордтар орнатылып, брошюра, буклет пен журналдар таратылып жүр», – деп түсіндірді Комитетте.

Стигма немесе қорғау?

Діни (бірақ экстремистік емес) материалды еркін таратуға тыйым салу Қазақстанда шоғырланған авторитарлық режимнің мәнін көрсетеді. Мұндай режимдер дәстүрлі түрде бүкіл қоғамдық кеңістікті бақылауға тырысады, – дейді Қазақстан халықаралық адам құқытары және заңдылықты сақтау жөніндегі бюро директоры Евгений Жовтис.

«

Діни әдебиеттің басым көпшілігінде заңсыз мазмұн жоқ, бірақ оның діни сипатына байланысты мемлекет оның иелерін және жалпы діндарларды стигматизациялайды»,
 – дейді Евгений Жовтис.

Ол 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң мен соған байланысты нормативтік-құқықтық актілер (ӘҚБтК-нің 490-бабы) репрессиялық сипатқа ие, іс жүзінде олар ҚР Конституциясында тікелей тыйым салынған цензура екенін атап өтті.

«Сондықтан біздің елде діни әдебиетке деген қарым-қатынас алалаушылық тудырады», – дейді Жовтис: «Олай болмаса неге баспадан шықпас бұрын тыйым салынған контент немесе арандатушылық болуы мүмкін көркем әдебиет не басқа діни емес материалдарды тексермейді?»

Билік қабылданып жатқан шараларды діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет деп атайды. Олар өз қызметінің қажеттілігін Қазақстан халқының діндарлық деңгейінің өсуімен, күмәнді уағызшылар мен ұйымдардың (соның ішінде тыйым салынған ұйымдардың) белсенді жұмысымен, сондай-ақ халықтың (әсіресе жастардың) интернетке және әлеуметтік желілерге қызығушылығының артуымен түсіндіреді.

«Көбіне діни-құқықтық сауаты төмен адамдар ақпаратты интернет-ресурстардан, соның ішінде күмәнді арналардан алады», – деп есептейді ҚР Ақпарат министрлігі Дін істері комитеті.

Қисайған нысана

Алайда ақпараттандыру және жазалау сияқты жүргізіп жатқан әрекеттер билікке қажетті нәтиже беріп жатқан жоқ. Хабарландыру және кітап дүкені сайттарында әлі күнге дейін діни әдебиет сатады.

Евгений Жовтис. Фото: dailynews.kz

«Ара-тұра діни әдебиет таратып жүргендерді ұстайды, бірақ олар бұл тұста, менің ойымша, іріктеп әрекет етеді. Діни әдебиет сататын нысан мен сайттарды бақылай отырып, біреулерді бопсалаумен айналысуы мүмкін, ал біреулерге тиіспейді», – деп болжайды Евгений Жовтис.

Құқық қорғаушы жоғарыда аталған нормативтік-құқықтық актілер негізгі міндетін атқара алмай жатқанын айтады. Мәселен, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң қабылдануымен заңға бағынатын діни бірлестік пен қауымдастықтың тіршілігі жеңілдей қоймады, ал зорлық-зомбылыққа шақыратын террористер мен экстремистердің өмірі қиындай түскен жоқ. Сондай-ақ діни сараптаманы өшпенділік тілімен күрестің басты құралы деп атауға болмайды.

«Нақты қауіппен күресу керек, зорлық-зомбылыққа шақырмайтын, өз пікірін, өз көзқарасын білдріп, ар-ождан, дін немесе сенім бостандығы құқығын пайдаланып жүрген адамдарды қылмыстық немесе әкімшілік жазаға тартпау керек», – деп түйіндейді Евгений Жовтис.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: