Қазақстанда табу немесе дін рұқсат еткен киім-кешек, мінез-құлық пен осыған ұқсас құбылыстарды талқылағанда, пікірталасқа қатысушылар жиі дәстүрлі дінге жүгінеді. Ата-бабаның дәстүрлі діни көзқарастары біріне жол берген, бірі олай болмаған, ұрпақтары да сол жолмен жүруі керек дейді.
Бірақ Қазақстанның мемлекет құраушы этносы үшін дәстүрлі дін дегеніміз не? Бұл туралы CABAR.asia тарихшы, PhD Жақсылық Сәбитовтен сұрады.
– Ислам діні енгенге дейін қазіргі Қазақстан территориясында қандай дін басым болды?
– Жалпы, үстем дін болған жоқ. Әртүрлі діни ағымдар болды.
– Ислам діні Қазақстан жеріне қалай және қашан ене бастады?
– Исламның енуі араб экспансиясымен байланысты. Арабтар Орта Азияны жаулап алғанда, қатты қарсылық көрсеткен түргештермен (Жетісуды мекендеген түркілер – ред.) бірінші қақтығыс болды. Тіпті түргештердің көсемдерінің бірін «Әбу Мұзахим», яғни «сүзеген», қарсы тұра алатын адам деп атаған. Содан кейін геосаяси өзгеріс болып, арабтар мен Тан әулеті арасында ықпал ету үшін соғыс басталғанда, бұл VIII ғасырдың ортасындағы Талас шайқасына ұласты. Ол кезде қарлұқтар қытайлар жағында (Жетісуды мекендеген түркілер – ред.) болды, олар кейін арабтарға қосылып, ақырында бұл текетіресте арабтар жеңіске жетті.
Бұл күрестің басты пайдасы қарлұқтарға тиді. Олар арабтармен одақтасады, содан жүз жылдан кейін қарлұқтардың билеушісі 840 жылы өзін қаған деп жариялады (ежелгі түркі халықтарының мемлекет басшысы – ред.). Сол кезде Қазақстан жерінде ислам діні болды. Кейіннен ол бірте-бірте қазіргі Қазақстан территориясын мекендеген тайпалар арасында тарады; қарлұқтарға жақын болғандардың бәрі, мысалы, оғыздар ислам дінін қабылдай бастады. Қарлұқтардың өздері 960 жылы исламды мемлекеттік дін ретінде жариялады.
– Ислам діні бұл аумақтарда қалай сіңісе алды?
– Бұл сол кездегі ислам дінінің білім беру тұрғысынан аса маңызды болып, жетекші мәдениет болғандығынан еді. Егер сіз әлемдік мәдениетке қол жеткізгіңіз келсе, оны ислам арқылы жасауға болатын. Ол арқылы сіз, мысалы, грек авторларын таныдыңыз. Содан кейін бәрі инерциямен жалғасады.
Мысалы, Алтын Ордада ХІІІ ғасырдың аяғында мұсылмандар мен буддистер арасында соғыс болды. Бастапқыда буддистер партиясы жеңді, бірақ 10-15 жылдан кейін мұсылмандар кек алып, буддистер қуылды. Дегенмен, Қазақстан аумағында буддистер, несториандық христиандар, манихейлер сияқты түрлі діндер болғанын айту керек.
– Неліктен ислам қазіргі күйінде барлық басқа ағымдар арасынан жалғасын тапты?
– Айта кету керек, исламда ханафи мәзһабы басқа мектептермен салыстырғанда либерал (ханафилік ислам Қазақстанда ресми түрде мойындалған; бұл мәзһаб «Діни қызмет туралы» заңда көрсетілген – ред.). Кей қозғалыстарда бір нәрсе харам (күнә іс) деп саналса, ханафи мәзһабында ол харам болмауы мүмкін.
Бұл мектеп неофиттерге төзімдірек болды. Кейбір басқа мазхабтардың жаңа ешнәрсе мойындамайтынын және барлық нәрсені абсолютті теріске шығаратынын білеміз. Бұл қазақ арасында орнықпайтыны анық. Міне, сондықтан ханафи мәзһабы арамызда тамыр жайып, тез тарады.
– Неліктен неғұрлым радикал көзқарас ұстанушы дәстүрлі емес деп аталатын ислам дінінің жақтастары пайда болып, қазір де тарап келеді?
– Ұлттық идеология болмағанда дәстүрлі емес ислам миды улайды. Тарихи жады, біртұтас ұлт құру саясаты жақсы қалыптасқан елдерді алсаңыз, ол жақта діни ортада шектен шыққан адамдарды кездестірмейсіз. Мысалы, Ресейде жақсы болсын, жаман болсын өз идеологиясы барын көресіз. Ал экстремалдардың барлығы орыстардың және басқа ұлтшылдардың деңгейінде. Тиісінше, ол жақта экстремистік көзқарастағы православ христиандар жоқ.
Мықты идеология жоқ қоғамда вакуум болады. Оны өте күрделі сұрақтарға қарапайым жауап беретін адамдар толтыра алады. Діни экстремистерді ұлтшыл экстремистерге айналдыру өте оңай, өйткені экстремизм олардың «қанында» бар. Ал экстремизмнің қалай «шығуы» қоғамда қандай институттардың бар екеніне байланысты. Мемлекет бекітіп, құрған өз тегін мақтан тұту дамыған болса, ол ұлтшылдыққа айналуы әбден мүмкін.
– Тәңіршілдік туралы не айта аласыз? Ол қазақ үшін қаншалықты дәстүрлі деп айта аламыз?
– Қазақтардың бұрынғы діндері, соның ішінде ислам діні туралы аңыз-әпсаналар өте көп. Осы мифтердің бірі «тәңіршілдік» деп аталатын нәрсе туралы. Шындығында, қазір айтатындай, тәңіршілдік діні жоқ, оның бәрі ойлап тапқан нәрсе. Ғұн, түрік және моңғолдардың діндері бір-бірінен бөлек болды және бір нәрсе емес еді. Мысалы, Ұмай (құнар құдайы), Ерлік, Үлген – олар моңғолдар, ғұндар, түріктер немесе кейінгі ортағасырлық мұсылман емес көшпелілер арасында қай жерде ұшырасады? Ондай нәрсе жоқ.
Қазір тәңіршілдік деп исламға жатпайтынның бәрін айтады. Олар айтпақшы: «Батыс деген не? Батыс – Батыс. Шығыс дегеніміз не? Шығыс – Батыс емес. Батыс емес нәрсенің бәрі Шығыс». Бұл да солай. Мысалы, аластау (отпен тазарту) дәстүрін зороастризмнен алған болуы мүмкін.
Тәңіршілдік – ешқашан біртұтас болмаған әртүрлі наным-сенімдер мен әдет-ғұрыптардың жиынтығы. Шындығында, біз тәңіршілдік қандай болғанын білмейміз, бірдеңені сенімді түрде айту үшін дұрыс дереккөздер сақталмаған. Алайда ғұн, моңғол, түрік және кейінгі ортағасырлық мұсылман емес көшпелілердің діндері әртүрлі болғаны ақиқат. Бұл исламға дейін бірде-бір біртұтас діннің болмағанын көрсетеді.
– Онда неге қазір кейбіреулер тәңіршілдікке бет бұрып жатыр?
– Бұл неопаганизмнің қайта жандануының әдеттегі тәжірибесі, Батыста да бар, мысалы, кельт құдайлары Один мен Тордың, Ресейде «родноверы» танымалдығы. Неліктен бізде болмауы керек? Бұл бүкіл әлемге ортақ нәрсе болғандықтан, бізде де болады, өйткені біз әлемнің бір бөлігіміз.
Қазір біздің тәңіршілдер түркі тарихы мен мәдениетіне ғашық, романтик адамдар. Неге екені белгісіз, олар исламды ең алдымен хиджаб және барлық жамандықпен байланыстырады, сондықтан біз ислам дінін ұстанбаймыз дейді.
– Тәңіршілдік сыртқы күштердің жобасы дегенге не айта аласыз?
– Бұл жерде батыстың немесе басқа елдердің қатысын іздеу ақымақтық сияқты. Бұл сөз еркіндігін талап ететін адамдардың барлығын Батыс Қытай не Ресей қаржыландырады дегенмен бірдей. Мұның бәрі – айдар тағу. Оған адамдардың өзі барады, бұл олардың құқығы, егер олар тәңіршіл болғысы келсе, болсын.