© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Тикток-имам және блогер-әке: Қазақстанда діни инфлюенсерлер неге танымал?

Қазақстандағы діни уағызшылар аудиториясын кеңейту үшін әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланады.

Діни қызметкерлер, имамдар мен діни құндылықтарды насихаттайтын тұлғалар діндар адамдар үшін өзінше бір «коучке» айналған. Оларға мыңдаған адамдар жазылған, олар YouTube, Instagram, Telegram және тіпті TikTok желілерін жүргізеді.

Интернеттегі діни инфлюенсерлер кімдер? Олар өз аудиториясына қалай әсер етеді және қандай тақырыптар көтереді?

Тикток-имам

2020 жылы бүкіл әлемде басталған коронавирустық пандемияға байланысты Қазақстанда бұқаралық іс-шараларға, соның ішінде мешіттер мен шіркеулерде жиналуға тыйым салынды. Сондықтан дінге қызығатындар дүниежүзілік желіден «рухани азық» іздей бастады.

Бұл талап ұсыныс тудырды – уағызшылар аудиториямен бірге желіге келді. Ғаламтордағы белсенді дін қызметкерлерінің арасынан Алматы қалалық Төле би мешітінің бас имамы Ерсін Әмірені, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Кенжеәлі Мырзабаевты, Ақтөбе облыстық орталық мешітінің бас имамы Серікжан Еншібайұлын ерекше атап өтуге болады. Халық арасында «тикток-имам» атанған Нұрлан Байжігітұлы да үлкен танымалдыққа ие болды.

Нұрлан Байжігітұлы. TikTok-тан скриншот

«Тикток имамның» TikTok әлеуметтік желісінде 405 мыңнан астам, Instagram-да сонша жазылманы бар. Нұрлан өз аккаунтында өзін «имам, дінтанушы, теолог, психолог» деп сипаттайды. Ол жазылмандарына күнделікті мәселелер бойынша кеңес беріп, жастарға да, әлеуметтік желі қолданушыларының аға буынына да түсінікті заманауи, жеңіл тілмен исламның қағидаларын түсіндіреді.

Имамның өзі «Nartay Aralbayuli» YouTube-арнасына берген сұхбатында өзінің танымалдығын былай түсіндіреді: «Жұрттың бәрі өлетінін айтып, уағыз айтып отырсам, бәлкім, осынша көрермен жинай алмас едім, жастар маған қызықпас еді. Сондықтан әзіл-қалжың, жастардың тілінде сөйлеудің басты себебі – жастардың назарын [исламға – ред.] аудару».

Оның жазылмандары да мұнымен келіседі. «Мұнда бәрі қарапайым. Ол сияқты мысалдарды әр имам келтіре бермейді. Бұл күлкілі әрі тағылымды әңгімелер», – деді CABAR.asia тілшісіне ТикТок арқылы имамды бақылап жүрген Тахир есімді жігіт.

Блогер-әке

Алексей Гаврилов. TikTok-тан скриншот

Интернеттегі діни инфлюенсердің тағы бір жарқын мысалы – Солтүстік Қазақстан облысының Булаево аудан орталығындағы Николай Чудотворец соборының діни қызметкері Алексий Гаврилов. Ол өзін «блогер-әке» деп атайды. Оның TikTok-та 24 мыңнан астам жазылманы бар және барлығы 2,7 миллионнан астам қаралым жинаған.

«[Танымалдық] себебі діни қызметкер мен адам арасында ешқандай кедергі жоқ. Әсіресе діни қызметкер әлеуметтік желіде болғанда: адамдар оған сұрақ қояды, ол бірден жауап береді. Бұл қолжетімділік, шынайылық, бұрмаланбаған ойлар», – деді Алексей Гаврилов CABAR.asia берген түсініктемесінде.

Собор қызметкері Instagram-да уағыз жүргізсе де, TikTok-қа көбірек көңіл бөледі:

«Ең өзекті желі – TikTok. Өйткені онда тікелей эфирге шығуға мүмкіндік бар, адамдар діни қызметкер олармен тікелей сөйлескенге қызығушылық танытады», – дейді блогер-әке.

Қарапайым әрі қолжетімді

CABAR.asia діни блогерлердің танымал болу себебін Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми қызметкері Нұрмұхаммед Мейманқожадан сұрады.

«Әлеуметтік желілердегі уағыз тақырыптары сұрақ-жауап түріндегі форматқа көбірек көңіл бөледі. Тұрғындарды тұрмыстық, жеке сипаттағы сұрақтар көбірек қызықтырса керек, көбіне үйде гитара ілуге, несие, банктен ипотека алуға бола ма деген сияқты қарапайым мазмұндағы сұрақтар жиі туындайды. Олар отбасындағы әлеуметтік міндеттер, бала мен жасөспірімдер тәрбиесі туралы сұрайды», – дейді Мейманқожа.

Сарапшы дін қызметкерлерінің белсенділігі желіге көшкенін, негізінен, көптеген процестер онлайнға өткенімен байланыстырады.

«Қоғамда әлеуметтік желілерді пайдаланушылар саны айтарлықтай өсті. Жастар көбіне кітап, журнал оқығысы келмейді. Виртуал байланыс арналары арқылы ақпарат алудың жеңілдігі мен қолжетімділігі дін саласына да әсер етеді», – дейді Нұрмұхаммед Мейманқожа.

Қызмет заңды ма?

Қазақстанда діни мазмұндағы кез келген ақпараттық материалдарды ғибадатханалардан тыс таратуға тыйым салатын заңдар бар, ал миссионерлік қызметке діни бірлестік әділет органдарында тіркелгеннен кейін ғана рұқсат етеді. Сонымен қатар, діни сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін ғана миссионерлік қызметке рұқсат беріледі.

Егер діни қызмет интернет кеңістігінде (яғни, ғибадатханада емес) жүзеге асырылса, онда ол ӘҚБтК-нің 490-бабына жатады. Шын мәнінде, діни құрамы бар кез келген материал (мақала, әлеуметтік желілердегі жеке парақшалардағы жазба) үшін әкімшілік айыппұл салуы мүмкін. Мәселен, 2022 жылдың шілдесінде журналист Руфия Мұстафинаға Петропавлдағы «Қызылжар» мешітінің бас имамымен видеосұхбат жариялағаны үшін айыппұл салған. Сұхбат Құрбан айт мерекесінің салт-дәстүрлері туралы – ақпараттық сипатта болған.

Осы орайда Нұрмұхаммед Мейманқожа интернет желісінде діни уағыздаушыларды сертификаттау және мониторингтеу тәртібін енгізу қажеттігі туралы пікір білдірді.

«Дәстүрлі емес ағым уағызшыларының дәріс, бейнематериалдарында діни постулаттардың сенімсіз, бұрмаланған мәні болуы мүмкін. Ғаламтордағы дін уағыздаушылардың сөздерінің, мәлімдемелерінің, ұмтылыстарының [заңды] дәрежесін анықтау үшін сертификаттаудан өткізу қажет, бұл зайырлы мемлекет, қоғамдағы конфессияаралық келісім қағидаттарына қайшы келмеуі тиіс», – деп есептейді Мейманқожа.

Алайда дін саласындағы өзге мамандар сертификаттаудан өту қажет деп санамайды. «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің дінтану кафедрасының оқытушысы Талғат Темірбаев интернеттегі дін уағыздаушыларын сертификаттау туралы:

«Қазіргі кезеңде мұндай қажеттілік жоқ. Егер бұл Қазақстан азаматтары немесе Қазақстан аумағында жүрген азаматтар болса, олардың интернеттегі қызметі Қазақстан Республикасының заңымен реттеледі. Ал интернеттегі сыртқы ағынды бақылау негізінен мүмкін емес».

Негізгі фото: Pinterest

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: