Қазақстандағы діни сала өте саясиланған және қоғамдық кеңістікте үнемі үлкен пікірталас тудырады. Дін сияқты нәзік салада салмақты саясат қалыптастыру үшін жоғары білікті кадрлар қажет, бұл болашақ дінтанушылар даярлайтын университеттердегі білімге байланысты.
Мен Еуразия ұлттық университетінің дінтану кафедрасының бұрынғы оқытушысы ретінде Қазақстандағы дінтану пәнінің ғылым ретіндегі ахуалын, ғылыми кадрларды дайындау мәселесін жақсы білемін. Бұл саладағы кей мәселелер философиялық-әдіснамалық сипатта болады, мысалы, дінтануды теологиядан бөлу. Басқалары практикалық негізде жатыр.
Әртүрлі бағыттарды қалай ажыратуға болады?
Бұл пәндердің эволюциясының бай тарихы бар батыс академиялық орталарында да екі пәнді айыру мәселесі әлі шешілмеген. Алайда қазақстандық ғылымда жағдай әлдеқайда нашар: дінтану, исламтану және теология бойынша білім беру бағдарламалары бір-біріне ұқсас және бірін-бірі көшіреді, бакалавриат пен докторантурада оқытылатын пәндер арасында нақты айырмашылық жоқ.
Елімізде исламтанушы өзін дінтанушы, дінтанушы – теолог, теолог – исламтанушы деп атайды. Анықтамаға тереңдемесек, дінтанушы – діндерді қоғамның/психологияның/мәдениеттің феномені ретінде зерттейтін ғалым. Исламтанушы – исламды зерттейтін зерттеуші. Теолог – өзі зерттейтін дінді ұстанатын адам; ол белгілі бір дінді «іштен» зерттейді деуге болады.
Батыс университеттерінде исламтанушы әрі зайырлы адам, әрі христиан, бір сөзбен айтқанда, мәдени құбылыс ретіндегі исламға қызығатын кез келген адам бола алатын болса, Қазақстанда бұлар, әдетте, дінге сіңген, нұсқауларын орындайтын діншіл мұсылман. Бұл жақсы да, жаман да емес.
Исламтанушылар дінтану пәнінен сабақ бере бастағанда қиындықтар туындайды. Исламтанушы дінтану бөлімінде жұмыс істеуге құқығы бар, бірақ дін феноменологиясы сияқты таза діни пәндерді оқытуға келгенде субъективтілік пен біліктіліктің жоқтығы мәселесі туындайды.
Басқаша айтқанда, қазіргі таңда Қазақстанда исламтанудың ғылым ретінде исламды зерттеуге зайырлы, ғылыми көзқараспен қарауы өткір мәселеге айналды. Ал дінтану бөлімдерінде исламтанушы ғалымдардың көп бөлігі жұмыс істейтіндіктен, бұл болашақ дінтанушылардың әлеуетіне әсер етеді. Мен исламтану ғылымының маңызын төмендеткім келмейді, ол біздің қоғам үшін маңызды ғылым, бірақ исламтанудың білім беру бағдарламаларындағы зайырлы және ғылыми бағытын арттыру қажет.
Кафедрадан көрініс
Сонымен қатар еліміздегі діни білім берудің практикалық мәселелеріне тоқталғым келеді. Профессор-оқытушылар құрамының әкімшілік жұмыстарға шамадан тыс жүктелуі (қойылымдарға, концерттерге, конференцияларға бару, қажетсіз қағаздарды толтыру, тексеріс т.б.) сияқты жалпы мәселелерді қозғамаймын. Оқу үрдісіне тікелей әсер ететін жайттарға тоқталып өтейін.
Бірінші. Дінтану мамандығы бойынша бакалавр дәрежесіне түсуге үміткерлер шығармашылық емтихан тапсырады. ҰБТ (Ұлттық Бірыңғай Тестілеу) ұпайларын есепке алудың орнына шығармашылық емтихан енгізу, менің ойымша, үлкен қателік. Бұл емтиханды қорғаушылардың «кімді оқуға алып жатқаныңды, олардың білімі мен еңбекқорлығын бірден көре аласың» деген уәждеріне қарамастан, мен көптеген кемшіліктер көремін.
Біріншіден, музыкатану, дирижерлық, хореография, бейнелеу өнері және т.б. сияқты шығармашылық дайындықты қажет ететін мамандықтардың қатарына дінтанудың қалай кіріп кеткені түсініксіз.
Екіншіден, бұл университеттер арасында дұрыс емес бәсекелестік тудырады. Қазір Қазақстанда мектеп түлектері жоғары оқу орындарына түсу үшін ҰБТ тапсырады. ҰБТ бес пәннен тұрады: үш міндетті және екі мамандандырылған (болашақ мамандығына сәйкес). Дінтану мамандығына түсуге ниет білдірген талапкерлер арнайы пәндердің орнына екі шығармашылық емтихан тапсырады. Яғни, ҰБТ-дан екі бейіндік пәннің балы дінтанушыларды оқытатын жоғары оқу орындарында есепке алынбайды. Ал жағдай көбіне былай өрбиді.
Бес пәннен төмен балл жинаған түлектер дінтану мамандығына құжат тапсырады, өйткені олар сол жерде шығармашылық емтихандар арқылы өз нәтижелерін «көбейте алады», мемлекеттік грантқа ие болады. Әр ЖОО университетке мемлекеттік грант «әкелетін» студенттер байқауында жеңіске жету үшін барлығына дерлік шығармашылық емтихандар бойынша максималды ұпай береді. Осылайша, үміткерлерді іріктеу олардың кәсіби жарамдылығына негізделмейді.
Екінші. Дінтану аясында исламды зерттеуге басымдық беру мәселесі өршіп тұр. Бұл исламтану немесе тіпті теология үшін жақсы, бірақ отандық дінтану бұдан зардап шегеді. Жалпы, әлемде дінтану салыстырмалы түрде жаңа ғылым, тіпті өзінің ғылыми әдістемесі де жоқ (олар сабақтас мамандықтардан алынған), ал бізде ол ғылым негіздерін оқытатын пәндердің жоқтығынан және дінді зерттеудегі ғылыми көзқарастың әлсіздігінен одан әрі шиеленісіп отыр. Бұл – дінтану ғылымының негізі.
Мәселен, бірқатар жоғары оқу орындарында «Дінтану» мамандығы бойынша оқытылатын пәндердің төрттен бірінен астамы исламға қатысты. Бұл пәндердің кейбірі таза теологиялық сипатқа ие – тәпсір әдістерін зерттеу (Құранды тәпсірлеу), хадистану, кәлам негіздері (ислам негіздерін түсіндіру), ислам ғибадатының негіздері. Мұндай бөлініс ғылым ретіндегі дінтануға және діни саладағы сол немесе басқа құбылыстарды зерттеу кезінде ғылыми көзқарастардың негіздерімен таныс емес болашақ мамандарға тікелей әсер етеді.
Үшінші. Докторантураға түсу кезінде ғылыми негіздеме жазудың міндетті талаптары жоқ. Research Proposal – барлық заманауи университеттердегі өте маңызды нәрсе. Үміткерлер арасындағы гранттар үшін байқау сынақ емтихандарына негізделмеуі керек, бұл бакалавр немесе, ең көп дегенде, магистратура деңгейі. Докторантурада гранттар, менің ойымша, қазақстандық ғылымның дамуына үлес қосатын, қоғамның дамуына ықпал ететін өзекті тақырыптар мен жобаларға ғана бөлінуі керек. Қазір бұл күлкілі жағдайға жетті – докторантураға түсетін студенттер нені зерттеп, не туралы жазатындарын білмей, бірінші семестрде бейберекет бөлінеді.
Осы (тек осы ғана емес) мәселелердің кесірінен, байқауымша, дінтану саласының жалпы сапасы жылдан жылға төмендеп барады. Бірақ оң тұстары да бар. Кафедра оқытушысы ретінде мен өте қызық, жүрекке жылы тиетін үрдіс байқадым: қазақ топтары орыс тілділерден білімі мен оқуға деген құштарлығы жағынан әлдеқайда алда болды. Мен өзім оқығанда, маған керісінше болып көрінетін. Бұл қазақтілді студенттерде әлі де болса қосымша кедергілер бар екеніне қарамастан, мысалы, ана тілінде кітаптардың жоқтығы: дінтану интернет кеңістігінің барлығы дерлік орыс немесе ағылшын тілінде және т.б. Қазақтілді ұстаздар арасындағы «исламдық бейімділіктен» арылып, ғылыми-әдістемелік жағына көбірек көңіл бөлсек екен!
Иллюстрация: Freepik.com