Қазақстандағы Түркістан қаласы философ, ақын, сопылық ағымды таратушы ұстаз Қожа Ахмет Ясауидің арқасында мұсылмандар көптеп келетін орынға айналды. Оның мазарының үстіне Әмір Темірдің бұйыруымен кесене салынған болатын. Бұл кесене Қазақстанның ғана емес бүкіл әлем мұсылмандары зиярат ететін орынға айналды.
Бүгінгі таңда Қазақстандағы мұсылмандар арасында сопылық ағым қандай рөл атқаратыны туралы, CABAR.asia басылымына дінтанушы, Қазақстандағы сопылық ағымды зерттеуші Айгерім Темірбаева айтып берді. Оның сопылық ағым туралы докторлық диссертациясы мен ғылыми еңбектері Қазақстан мен Түркиядағы сопылық ағым өкілдерін табиғи зерттеулерге негізделген.
CABAR.asia: Ұғымға анықтама беруден бастайықшы – сопылық ағым деген не? Оның исламдағы өзге ағымдардан айырмашылығы неде?
Айгерім Темірбаева: Ғылымда сопылық ағымның анықтамасына қатысты көптеген пайым бар. Сонау XIV ғасырда араб философы, Ибн Халдун, сопылық – Мұхаммед пайғамбар қайтыс болғаннан кейін пайда болған шариғат ілімдерінің бірі деп жазады. Сопылық ағымның тірегі –ғибадатынан таймау, Аллаға құлшылық ету, дүниеауи игіліктерден алыс болу және көптеген адамдар ұмтылатын – билік, байлық, ләззат секілді нәрселерден бас тарту. Батыс ғалымдары сопылықты исламдағы мистик-аскеттік қозғалыс деп сипаттайды.
Сопылық бағыттың исламның өзге ағымдарынан басты ерекшелігі – рухани кемелденуге шақыру, түрлі рухани дағдылар арқылы тазару.
Қазіргі кезде сопылық ағым оны ұстанушылар үшін мінез құлық пен жалпы өмір салтын айқындайтын, дағды мен ұстанымдардың, өмірлік, менталды-псхологиялық бағдардың құнды және түсінікті жинағы.
Қазіргі Қазақстан аумағына сопылық ағым қалай келді?
XI-XII ғғ сопылық ағым Мәуренақырда қанат жайды, бұл қазіргі Қазақстанның оңтүстік өңірлері. Қазақ жерінде сопылық шығыс поэзиясы мен араб-парсы мәдениетінің ықпалы арқылы тарады.
Х-ХII ғғ. Оңтүстігі Мәуренақырға қарайтын Түркістан аумағы әлемдік мәдениет деңгейіне жетті. Мұнда Қожа Ахмет Ясауидің сопылық ілімінің айрықша маңызы бар, ол одан кейінгі ғасырларда түркі әлемінің рухани дамуына серпін берді. «Диуан-и-Хикмет» (діни-философиялық бағыттағы өлеңдер жинағы – ред.) еңбегі арқылы Ясауи өзінің ізбасарларымен бірге аймақ халқын еш қыстамастан мұсылмандыққа тартты.
Қалай ойлайсыз, жергілікті халықтың сопылық ағымға бет бұруына не себеп болды?
Қазақстанда сопылық ағымның сақталуына ілімнің, оны ұстанушылар мен діни орындардың (кесенелер, мешіттер) жергілікті мәдениетке бейімділігі ықпал етті. Дей тұрғанмен қазақстандық ғалымдардың пікірінше Ясауи тариқаты (сопылық жамағат) іс жүзінде жойылған. Сопылық ағымды зерттеушілер арасында Қазақстандағы қазіргі сопылық ағымды ұстанушы топтарды категорияға бөлуге қатысты ортақ пікір жоқ. Алайда, кей жамағат, ясауилық сопылық мектепке тән «зікір» (дауыстап дұға ету) салады.
Қазір Қазақстанда сопылық ағымның дамуы қалай?
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізде өзге мемлекеттерден қоныс аударған этникалық қазақ – ұстаздардың басшылығымен сопылық ағымға тән топтар пайда болды. Рухани бос қуыс және рухани салт-дәстүрлерді қайта жаңғыртуға деген сұраныстың арта түсуі бүкіл ел бойынша сопылық ағымды ұстанушы топтардың өсуіне ықпал етті. Соңғы жылдары елімізде сопылық ағымды ұстанушы топтардың артқанын байқауға болады. Олардың көпшілігі өз қызметтерін шетелдік шейхтар немесе сопылар арқылы заңдастырып жүр.
Бұл топтардың қазіргі уақытта атқарып отырған рөлі қандай?
Сопылық ағым елдің рухани және әлеуметтік өмірінде маңызды орын алады, ол туралы 2023 және 2024 жж. өткен Ұлттық Құрылтайда билік өкілдері екі рет атап өтті. Муфтият (Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы) та сопылық ілім туралы кітап шығарып, конференциялар өткізеді, сопылық ілім туралы мақалалар жариялайды. Бұған қоса, Түркістандағы Ясауи кесенесіне зиярат етіп Қазақстаннан ғана емес алыс-жақын шетелдерден де келушілердің қарасы өте көп.
Сопылық бағытты ұстанушы кейбір жамағат қайырымдылықпен айналысады және Қазақстанның әлеуметтік-осал топтарына қолдау көрсетеді. Қоғам игілігі үшін қызмет ету мақсатында дарынды жастарды, жас кәсіпкерлерді қолдау секілді бастамалар көтеріліп жатады. Бұл бағыт дүниеауи тіршілік пен рухани мұраттар арасындағы алшақтықты жақындатуға деген ұмтылысты көрсетеді.
Қазақстанда жүрген сопылық ағымға жататын жекелеген жамағаттар, трансұлттық құрылымдардың бір бөлігі, сондықтан да олардың мүмкіндіктері орасан.
Қазақстанда сопылық ағымның алдында тұрған түйткілдер мен мәселелер қандай?
Елдің түрлі аймақтарында мемлекеттік органдар мен халық арасында оларға деген қарым-қатынас біркелкі емес.
Қазақстанның басым бөлігінде сопылық жамағат өкілдерінің қызметіне жүйелі түрде мониторинг жасалып тұрады. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде сопылық ағым өкілдері заң бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған да жағдайлар кездесті. Бұл қоғамда резонанс тудырып, адамдар бұл ағымға аса сақтықпен қарайтын болды. Дегенмен, мұндай жағдайларға қарамастан, елдегі ислам дінін ұстанушылар үшін сопылық бағыт әлі де өзекті.
Осы ілімді ұстанушылардың пікірінше, сопылық жамағаттардың басым бөлігі өз жұмысын еркін жүргізіп жатыр: олар жиналып, діни рәсімдерді бірге жасайды.
Дінді саясиландыру және сопылық ағым өкілдерін жағымсыз мақсаттарға қолдану қаупі, бәлкім, маңызды түйткіл болып отыр.
Сопылық дағдыларды қазіргі өмір салтына бейімдеу жүріп жатыр ма?
Сопылықтың бейімделгіштігі тарихи тұрғыда дәлелденген. Сопылық ағымның көшбасшылары оның ұстанымдарын қазіргі жағдайға бейімдеп, оны өзге дағдылармен ұштастырып келеді.
Неге бұлай? Өйткені қазіргі кезде адамдар өз сұраныстарын жақсы тауарлар алу арқылы қанағаттандыруға тырысады, ал рухани өмірде діндар адам түрлі діндер мен философиялық танымдарды зерделеу арқылы ақиқатты білуге ұмтылады. Тіпті, діндар адам формалды діни дағдылардан тыс рухани тереңдей түсу жолында ізденісте жүр.
Сол секілді сопылық ағымды ұстанушылар да жаңа технологияларды қолданады. Түрлі әлеуметтік желілер, тікелей эфирлер, видео- және аудиоподкасттар, онлайн-курстар қазіргі сопылардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды, бұл құралдар идея алмасуға, ғаламдық сопылық желіні дамытуға көмектесіп отыр.
Сопылық ағым өкілдері дінаралық диалогтың жүзеге асуына қаншалықты ықпал ете алады?
Сопылық – біркелкі ағым емес, тіпті Қазақстанда да түрлі дәстүрді ұстанатын әртүрлі топтары бар; жабық та, ашық та жамағаты бар. Айта кету керек, бірқатар шетелдік сопылық ағым өкілдіктері дінаралық диалогты ілгерілетуде анағұрлым белсенді.
Әлемдік деңгейде сопылық ислам дінінің шегінен асып кетуі мүмкін (индуизм, буддизм, христиандық және басқалар), түрлі мистикалық, медитативті, энергетикалық, рухани, философиялық дағдылардан шабыт алатын анағұрлым инклюзивті тенденцияға бейім. Осының негізінде дінаралық диалог орнығады, дінаралық сопылық қауымдастықтар пайда болады, мұнда оны ұстанушылар өзара түсінісу, толеранттық, бейбітшілікке үндей отырып, ортақ діни мұраттарді біріге іздейді.
Мұндай қауымдастыққа қатысушыларда діни ұстанымдармен қатар ауқымды әлеуметтік және экономикалық ортақ байланыстар бар: ортақ бизнес жүргізу, кәсіпкерлік желілерді дамыту және тағы басқалар.