Қазақстанның мәселесі, басқа да посткеңестік елдер сияқты, дін априори қауіпті, атап айтқанда, саяси құрылым мен мәдени бірегейлікке қауіп төндіреді деген сенімде дейді сарапшылар. Осыған байланысты дін саласындағы заңнамада діндарларды кемсітетін нормалар бар.
Соғыс пен бейбітшілікті жариялау институты (IWPR) Қазақстандағы діни сенім бостандығының ахуалы туралы аналитикалық шолу дайындады. Онда Қазақстанда адам құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы ырықтандыру ептеп жүріп жатқаны айтылған. Дегенмен діни сенім бостандығы құқықтарын қамтамасыз ету мәселесі әлі де өзекті. Ұлттық қауіпсіздік туралы заңдар мен лаңкестікке қарсы шаралар көбіне діндарлардың құқықтарын шектейді және діни бірлестіктерді қатал бақылау құралы ретінде қызмет етеді.
Дінтанушы Данил Бугловтың пікірінше, Қазақстанның басқа да бұрынғы одақтас республикаларға тән іргелі мәселесі – діннің саяси құрылым мен мәдени бірегейлікке қауіп төндіретініне сенуі.
«Дінді ықтимал қауіп ретінде түсіну негізінде осы саладағы адам құқықтарын шектейтін белгілі бір ішкі саясат қалыптасады», – деп есептейді Буглов.
Дін және құқық саласының сарапшысы, профессор Роман Подопригора бұл Қазақстан үшін тым көп деп санайды: «Біздің елде халық тығыз орналаспағандықтан, бір ауылдан 50 адам табу өте қиын. Сондықтан кейде діни бірлестіктер көрші, дос, досының достарынан сұрау сияқты технологияларды пайдаланады».
«[Миссионерлік қызметке рұқсат] алу үшін сіз қандай да бір тіркелген діни бірлестікке қатысыңыз бар болуы керек», – дейді тұйық шеңберге сілтеп Данил Буглов. – Яғни бұл заңды бұзбау мүмкін емес».
Миссионер тіркеусіз жұмыс істесе, оған әкімшілік айыппұл салынады.
«Қажет болса, діни тақырыпта сөйлескен кез келген адам жазалануы мүмкін. Діни мерекемен құттықтағаны үшін адамды жауапқа тартатындай дәрежеге жетуі мүмкін», – деп есептейді шолу аясында сұхбат берген аноним сарапшы.
«Діни материалдарды тарату» ұғымының өзі кең мағынада түсіндіріледі – бұған діни әдебиеттер, заңда анық көрсетілмеген діни мазмұндағы басқа да ақпараттық материалдар, сондай-ақ діни мақсаттағы заттар жатады.
Сондықтан егер адам интернет-алаңда Құран немесе иконаны сатар болса (ол жай дінді насихаттамай, қосымша ақша тапқысы келді), оған айыппұл салынуы мүмкін. Тіпті мұсылмандардың Құрбан айт мерекесінің мәнін түсіндіретін имаммен болған сұхбат үшін де жазалауы мүмкін. Өйткені заң шығарушының көзқарасы бойынша мұндай сұхбат «діни ақпараттық материалды» дұрыс емес жерде тарату деп есептеледі.
Дін саласындағы 2011 жылы қабылданған заң тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы лаңкестік әрекеттерге мемлекеттің қалыпты реакциясы болды. Дегенмен заңнаманың эволюциясы – қоғам қажеттіліктерін дер кезінде қанағаттандыру үшін қажет табиғи процесс. Қазір ұлттық қауіпсіздік пен діни бостандық арасындағы жаңа теңгерім іздеуге мұқтаждық бар.
«Ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін сілтемелерді теріс пайдаланбай, азаматтардың діни сенім бостандығы сияқты сезімтал тақырыпты реттеудің тұжырымдамалық тәсілдерін әзірлеу маңызды», – дейді «Терроризмге қарсы комитет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол Оразбаев.