© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Шымкентте Go Viral фестивалінің бірінші күні өтті

2024 жыл 17 мамыр күні Қазақстанның оңтүстігіндегі Шымкент қаласы Go Viral Festival Central Asia картасының жаңа нүктесі болды. Фестиваль дәстүрге сай бизнес, мәдениет, медиа және технологияға әуес жұртшылықтың басын қосты. Нетуоркиң құруға, білім алуға, пікір алмасуға Қазақстаннан ғана емес, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстаннан да жастар қатысып жатыр.

«Біз Орталық Азияның келешек көшбасшыларына өсуге көмектесіп жатырмыз, — деді АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Мишел Еркін құттықтау сөзінде. — Мен сізге байланыстарды нығайтып, идеялар алмасу мүмкіндігінен қапы қалмаңыздар дер едім».

Мишел Еркін Шымкент әкімдігіне Мирас университетінің кампусында өтіп жатқан фестивальді қолдағаны үшін, IWPR ұйымына Go Viral Festival Central Asia мен Spirit of America-ны ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді, соның арқасында шараға Орталық Азияның түкпір-түкпірінен қатысушылар жиналды.

IWPR-дың Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Абахон Султоназаров биылғы фестивальдің «Past. Present. Future» деген тақырыбы қатысушыларға уақыт пен кеңістікке қатысты ой-өрісін кеңейтіп, өткенге көз жүгіртіп, бүгіннен ләззат алып, ал келешектен шабыттануға мүмкіндік береді.

«Біз күш-жігерімізді жергілікті дауыстардың әлеуетін арттырып, олардың бейбітшілік, демократия, сөз еркіндігі және бірігу жолындағы кедергілерді жеңу қабілетін күшейтуге бағыттаймыз, — деп түсіндірді Султоназаров іс-шараның миссиясын. — Go Viral фестивалі — бұл нетуоркиң, ой алмасу, шабыт пен шығармашылық алаңы. Бұл шын мәнінде креатив ойды қалыптастырып, өмірді өзгертіп, бәрі бас қосатын фестиваль».

Өтірік, кездесулер және жасанды интеллект

Іс-шараның хедлайнері доктор Майкл Шей Тема болды, ол жасанды интеллект романтикалық кездесулерді, неке мен адами қарым-қатынасты қалай өзгертіп жатқанын айтты. Оның айтуынша, қазір әлемде адамдар өзін сүйкімдірек етіп көрсету үшін AI-ды (жасанды интеллект) пайдалану мүмкіндігін беретін көптеген технология түрі бар.

Доктор Майкл Шей Тема: «Ұнаса да, ұнамаса да, AI өміріңіздің бір бөлшегіне айналады, — деп ескертті. — Машина шахмат пен компьютер ойындарын адамнан жақсы ойнайды, бірақ олар музыка жазуда не сурет салуда адамнан асып түспейді, себебі бұл біздің құзырет, адами нәрсе, онымен машина айналыспауы керек. Бірақ романтикалық кездесулер, махаббат, неке, қарым-қатынаста машиналар қазірдің өзінде алдыңызды орайды».

Думан Смақов

AI-дың тағы бір алаңдатарлық тұсын Factcheck.kz-тің бас редакторы Думан Смақов көрсетті. Оның презентациясынан қатысушылар AI кейде өтірік айтуы мүмкін екенін білді. Бұл құбылыс адам одан солай сұрағанда (дәлірек айтқанда, белгілі бір шектеулер қойғанда), яғни AI іздеу жүйелерін бақылап, табылған мәліметтен жалған және шынайы ақпаратты тани алмағанда орын алады. Сонымен қатар, ChatGPT ескірген дерекқорларды пайдаланған кезде «алдауы» мүмкін. Адамның өзі AI көмегімен дипфейктер жасай алады, мысалы, АҚШ президенті Джо Байденнің қазақша өлең «оқыған» видеосы.

«Мұндай технологиялар бізге адам санасына әсер етуге мүмкіндік береді. Бұл бүкіл адамзат үшін үлкен қауіп», — деді Смақов.

Бірақ адам баласы қазірдің өзінде антидот ойлап тауып үлгерді — фейктерді әшкерелеу мүмкіндігін беретін құралдар. Думан Смақов шара қатысушыларына осы құралдарды таныстырды.

Офлайн және онлайн бизнес

Орталық Азияда бизнесіңді қалай дамытуға болады? Тәжірибелі кәсіпкерлер осы тақырыпқа қатысты ойын ортаға салды.

«Орталық Азияда бизнесіңді қалай дамытуға болады?» сессиясында

VanEllie кондитерлік фабрикасының негізін қалаушы Әлия Асылбекова Қазақстанда одан бұрын ешкім премиум деңгейдегі кондитерлік цех ашпағанын айтады. Жаңа өнімге қызығатындар көп болуы керек сияқты, бірақ керісінше болып шықты. «Клиенттерге баға неге орташадан айтарлықтай жоғары екенін түсіндіру қиын болды», — деп қиналғанын еске алады Әлия Асылбекова.

Дегенмен ол «бірегей өнім» — табыстың негізгі бөлігі екеніне сенімді. Әлия Асылбекова жас кәсіпкерлерге дәл осы бағытта жұмыс істеген жөн деп кеңес береді.

Юлдуз Мавлянованың Өзбекстанда үйлену тойы мен кешкі көйлектер бизнесі, сонымен қатар өзінің жеке киім бренді бар. Оның айтуынша, бұл сала өте қиын, өйткені сырттан әкелінетін киім-кешектің кеден мөлшерлемесі жоғары.

Оның жастарға айтар кеңесі — бизнесті несиемен ашпау керек және тіпті тәжірибе жинау үшін табысты кәсіпкерлерге тегін көмекші болып бару керек.

«Бизнес деген — құралдар ғана емес, бизнес — ойлау. Алдыңа мақсат қойсаң, барлық есік өзінен-өзі ашылады», — дейді ештеңеден қорықпау керек деген ойды алға тартатын Юлдуз.

Аяқкиім және былғары бұйымдарын өндіруші Азам Ахруллоев Тәжікстан нарығы әлі жетілмегендіктен және үйрететін ешкім болмағандықтан, өз бетімен үйренуге мәжбүр болғанын еске алады.

«Мен премиум-сегментте клиенттер тапшылығымен бетпе-бет келдім. Осыған байланысты мен масс-маркетке көштім», — деді Азам Ахруллоев тағы бір мәселенің басын ашып.

Ол жас кәсіпкерлерге кішкентайдан бастап, берілмей, үнемі үйренуге кеңес берді.

Қырғызстандық Азис Токтобаев бизнес, дәлірек айтқанда, бизнеске деген көзқарасты контент қалай өзгертетініні жайлы айтты. Азис АҚШ-та оқып, маркетиңдік жобаларда тәжірибе жинаған.

Азис Токтобаев

«Үйренгеніңіздің барлығы кейін жобаларыңызда пайдаға асады,» — деп сенеді Токтобаев және оны өз мысалымен дәлелдейді. Ол АҚШ-тан Қырғызстанға оралғанда, өз контент-маркетиңінің арқасында Орталық Азиядағы Miracare косметикасының сатылымын 10 миллион долларға дейін арттыра білген.

Ол фестиваль қатысушыларына әрбір әлеуметтік желінің кәсіпкерлерге қандай мүмкіндіктер беретінін айтты. «Тез сату үшін TikTok. Сапалы сату үшін Twitter. Instagram болса беделіңді қалыптастыруда керек», — деп тізіп шықты блогер әрі кәсіпкер.

Ол санға емес, сапаға мән беру жөн дегенді алға тартты.

«Әлеуметтік желілерде қатысым пайызы мен контенттің сапасы маңызды», — деп ескертеді Токтобаев әлеуметтік желілердің алгоритмі туралы.

Әлеуметтік желілер — бизнестің ғана емес, тарихты танымал етудің де тамаша құралы. Go Viral фестивалінде бұл туралы да презентация өтті.

«Тарихты әлжелілер арқылы қалай танымал етуге болады» сессиясында

Өнердегі әйелдер

Қазіргі уақытта гендерлік мәселелер талқыланбайтын іс-шараны елестету қиын. Сондықтан қашанда қоғамның тамырын басып бақылап жүретін Go Viral Central Asia өнердегі әйелдердің репрезентациясы жайында сессия өткізді.

Тәжікстандық иллюстратор әрі суретші Насиба Каримова өнердің уақытты қалай жеткізетінін көрсету үшін өз елін мысалға келтірді. Мәселен, Тәжікстандағы кеңестік кезеңде өнердегі басты бағыт социалистік реализм еді.

1935 жылы Тәжікстанда алғашқы сурет көрмесі өтті. Оған 12 өнерпаз қатысты, барлығы — ер. 1950 жылдарға қарай әйел-суретшілер шыға бастады, бірақ олар Фроликова сияқты Ресейден келгендер еді. Ресми гендерлік теңдікке қарамастан, білім алу процесінің қиындығына байланысты әйел-суретшілер аз еді.

Посткеңестік кезеңде Тәжікстандағы азамат соғысына байланысты өнер саласы бір сілкініп, мемлекет қолдауынан айырылды. Бірақ сөйте тұра суретшілер шаблоннан тыс өнерге ұмтыла бастады. Мысалы, әйелдердің ауыр еңбегі. Олар ерлердің мәз-мейрам мақта терушілерді бейнелеген туындыларынан бөлек еді.

«Тәжікстанда өнер үнемі дамып келеді. Суретшілер талқыны қажет ететін түрлі тақырыптарды қозғайды», — дейді Насиба Каримова.

Суретші, зерттеуші, журналист Диана Рахманова жиналғандарға белсенділік пен әйел-суретшілердің қоғамды қалай өзгерте алатыны жайлы айтып берді. Мәселен, Қырғызстанда феминистердің арқасында былтыр анасының аты (әкесінің атының орнына не қатар) туралы заң қабылданды. Өкініштісі, кейін ол жойылды. Өйткені патриархат пен дәстүрлі құндылықтар әлі де дес бермей тұр, соның ішінде өнер саласында.

«Қырғызстанда «мастодонттар» әлі күнге жас әйел-өнерпаздардың қадірін төмендетіп, кемсітеді. Гендер ұйымда кім жұмыс істейтініне жиі әсер етеді. Мен әрқашан бірінші орында кәсіпқойлық, кейін ғана гендер тұрады дегенді ұстанамын», — деді Рахманова.

48 сағатта үлгеру

«48 сағаттық кино жарысы» қысқаметражды фильмдер байқауына арналған сессияда спикерлер, оның ішінде қазақ драматургі, продюсер Әннас Бағдат кімдік мәселесін талқылап, кім үшін фильм түсіретінін айтты. Баяндамашылар фильмдердің балалар мен жасөспірімдерге арналмағанын, бірақ олардың әрқайсында осы жастағы кейіпкерлер бар екенін, өйткені фильмдер отбасылық мәселелерді көтеретінін атап өтті.

«Асан» фильмінің талқысында

«Бұл мәселелерге қатыгездік пен физикалық күш қолданылған зорлық-зомбылық жатады, бұл балалар мен жасөспірімдерді моральдық тұрғыдан сындырып жібереді. Балалар мен әйелдерге күш қолданатындар — негізінен ерлер. Айқын мысал ретінде әйелі Салтанатты өлтіргені үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылған Қуандық Бишімбаевты (Қазақстанның бұрынғы экономика министрі) келтіруге болады. Әкелердің зорлық-зомбылығы отбасын іштен бұзады, ал олардың әйелдері өмір бойы күйзеліске ұшырайды», — деді олар талқыда.

Мысалы, «Асан» қысқаметражды фильмі отбасындағы зорлық-зомбылықтың балаларға және олардың келешегіне қалай әсер ететінін көрсетеді. Әкесі қатыгез отбасында өскен Асан күйзеліске ұшырап, «бұзылған». Ол төбелеске араласып, бір күні оны полиция ұстап алады. Мұндай мәселелер ұлдар мен әкелер арасындағы байланыстың үзілуіне әкеледі.

Ислам зерттеушісі Ғалым Жүсіпбек фильмдегі фатализмді ұнатпады.

«Мұндай жағдайдан шығу жолы жоқ, мүлде жоқ сияқты, — деп айтып өтті Ғалым Жүсіпбек. — Бұл фильмде пессимизм бар; біздің киноиндустрияға мұның қажеті жоқ. Бізге мәселеге тап болған адамдарға оларға жығылған үстіне жұдырық болудың орнына көмектесетін жаңа фильмдер қажет. Фильмдер адам келешекте өзін-өзі жетілдіруге мотивация мен жағымды эмоциялар алатындай позитивті болуы керек».

Десе де режиссерлер: «Осы ескірген қағидалар мен дәстүрлерді жоятын уақыт келді» дейді.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: