Қазақстандағы судың өте үлкен көлемі – 46% көршілес мемлекеттерден келеді. Су ресурстары және ирригация министрлігі республиканың көршілес елдерге суға тәуелділігін төрттен біріне азайтуды көздеп отыр.
2023 жылдың соңында Қазақстанда тоғыз жаңа су қоймасының құрылысы басталды. Бұл – республиканың су ресурстарын дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының бір бөлігі. Бұл тұрғыдағы өзекті мәселе – көршілес елдерден суға тәуелділікті азайту. Қазақстанның мәселесі – елдегі судың жартысына жуығын – 102,3 текше шақырымның 46%-ын көршілес елдердегі көздерден «алуында». Қалған 54% су ел ішінде бар.
CABAR.asia сарапшылардан билік тапсырманы орындап, жүктемені 25%-ға азайта ала ма деп сұрады.
Су қоймалары суды үнемдеуге көмектесе ме?
Қазақстан суға қатысты сұрақтарды шешуде жүйелі талдаудың жоқтығына байланысты күрделі мәселеге ұшырап отыр. Бұл туралы гидрогеолог, Қарағанды облыстық экологиялық мұражайының даму жөніндегі директоры Дмитрий Калмыков айтты.
«Тәуелділікті азайту бойынша біз су қоймаларын салып, ескілерін қалпына келтіреміз. Кеңес заманында олардың мыңдағаны салынды, кейін ұзақ уақыт қараусыз қалды, көбісі тозды. Қазір су қоймаларын қалпына келтіруге қаржы жұмсалып жатыр. Бірақ олар басқа елде, басқа жағдайда салынған. Су қоймаларын қалпына келтіру әрқашан дұрыс бола бермейді», – деп атап өтті Калмыков.
Ол көптеген елдерде су қоймалары, керісінше, зиянды болғандықтан жойылатынын айтады. Мысалы, су қоймалары булану арқылы су шығынын арттырады. Егер су қоймасы жойылса, ылғал жер астына түсіп, жер асты суларының қорын толтыра алады.
Экосаясат және қоршаған ортаның институционалдық негіздері жөніндегі халықаралық сарапшы Болат Есекин су қоймалары мен өзендегі бөгеттерді адам тамырларындағы қан ұйығыштармен салыстырады. Сондықтан бүкіл әлемде су қоймалары мен бөгеттерді жою процесі жүріп жатыр. Мәселен, Еуропа мен АҚШ-та өткен жылдың өзінде 500-ден астам нысан жойылған.
Есекин: «Олар гигантомания кең тараған жылдары, теріс салдарын ескерместен салынған», – дейді. – Қазір дамыған елдерде өзендер, көлдер мен сулы батпақты алқаптардың табиғи ағысын қалпына келтіріп жатыр. Табиғи өзен ағыстары – климатты сақтауға қажетті су айналымын қамтамасыз ететін экономика мен халықты ұзақ мерзімді сумен қамтамасыз етудің ең сенімді негізі».
Сондықтан басқа елдерден тәуелділікті азайту үшін су қоймаларын салу күмәнді шешім дейді маман. Кеңірек қарап, барлық тараптардың мүдделерін ескерсек, бұл пайдадан гөрі көп шығын әкеледі деген қорытындыға келуге болады.
«Су қоймаларын табиғатқа және жергілікті халыққа тигізетін әсерін ескермей салуға болмайды – мұны бүкіл халықаралық келісімдер мен ұлттық заңдар талап етеді. Үкімет жаһандық тенденцияларды ескере отырып, ғылым мен жергілікті қоғамдастыққа құлақ асуы керек», – деді Есекин.
Калмыков кез келген бағдарламамен жұмыс істеуге кіріспес бұрын талдау жасау керектігін айтады.
«Алайда мен мұндай жұмысты көрмеймін. Осы маңызды факторсыз басқа елдерге тәуелділік сияқты маңызды мәселені шешу қиын», – деп атап өтті маман.
Жергілікті шешімдер
Дмитрий Калмыков суды үнемдеу бойынша түбегейлі шаралар болмаса, басқа елдерге тәуелділікті азайту екіталай екеніне сенімді. Ел ішіндегі мәселелерден бастау керек, олар өте көп.
«Қазақстанда су ресурстарын тиімсіз пайдалану байқалады. Жалпы, бізде құрғақ аймақ болғанымен, Орталық Азия елдері ысырапшыл мемлекеттердің ресми тізіміне кіреді. Мемлекет табиғи ресурстарды үнемдеу мәдениетін насихаттамайды», – деп есептейді сарапшы.
«Ресурсты тиімді пайдалану үшін шаруа қожалықтарында суды дәл есептеуді барлық жерде енгізу керек», – деп қосты саясаттанушы Айдар Әміребаев. – Қаржылық жүктемені азайту үшін инвестициялық шығындарды біртіндеп тарифтерге қосу керек».
Сондай-ақ суармалы жерлердің сортаңдануына қарсы шаралар қабылдауды, оның ішінде ысырапты азайту үшін жер каналдарын құбыр жүйесіне айналдыруды ұсынып отыр. Сонымен қатар, Әміребаевтың айтуынша, су ресурстарын оңтайлы пайдалану және шығынды азайту үшін цифрлық технологиялар енгізу қажет.
Біздің күшіміз – ортақ су
Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаевтың айтуынша, басқа елдерден суға тәуелділікті азайту екіталай.
«Мүмкін үкіметтің біз білмейтін айлакер жоспары бар шығар», – дейді сарапшы. «Бірақ халыққа егжей-тегжейлі жоспар мен цифрлар ұсынылмады (CABAR.asia ашық базада Қазақстан Республикасының су ресурстарын дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын таппады; шенеуніктер құжатты не жоспар не жоспардың жобасы деп атайды – Ред.).
Бейсембаев көрші мемлекеттермен бірігу керек деп есептейді.
«БҰҰ-ның 2023 жылдың наурыз айында жарияланған баяндамасында Орталық Азияда болашақта суға байланысты соғыстар болуы мүмкін екендігі айтылған. Сондықтан келіссөздер жүргізіп, өз-өзімізді қамтамасыз етеміз деп ойнамау керек. Өмірлік маңызды ресурсқа келгенде долданып, үлкен және ұлы болып көрінудің қажеті жоқ, – дейді Бейсембаев.
Ол жағдайға экономикалық қарым-қатынас тұрғысынан қарауды ұсынады: суға айырбас ретінде екінші тарапқа жетіспейтін нәрсені беру.
«Қырғызстан бізге көбірек су береді, біз оның орнына сауда артықшылығын, мұнайға, газға немесе басқа да шикізатқа жеңілдік ұсынамыз», – деп мысал келтіреді сарапшы.
Саясаттанушы Айдар Әміребаев Қазақстанды сумен қамтамасыз ететін сегіз су бассейнінің жетеуі трансшекаралық екенін еске сала отырып, мемлекет су саясатын көршілерімен үйлестіру қажет, ал су ресурстарын шектеулі ұлттық сегменттелген көзқараспен қарастыруға болмайды деп санайды.
«Әлемдегі климаттың өзгеруіне байланысты жағдай бес жыл ішінде Орталық Азияда жылына шамамен 12 текше шақырым су тапшылығына тап болады. Бұл су шығынын жылына 2,5%-ға азайтуды талап етеді. ЕАДБ (Еуразиялық қайта құру және даму банкі) есебіне сәйкес, өңірдегі суды үнемдеу 2035 жылға қарай 35%-ға жетуі керек», – деп мәлімет келтіреді саясаттанушы.
Болат Есекин көршілес елдерге бір-бірінен су алудың қажеті жоқ, керісінше, суды және онымен байланысты табиғи ресурстарды тиімді пайдалану үшін көбірек мүмкіндіктер беретін бірлескен басқарудың нұсқаларын іздестіру керегін құптайды.
«Су дипломатиясы егжей-тегжейлі талдауды қажет етеді», – дейді Есекин. – Су ресурстарын пайдаланудың барлық нұсқаларын есептеу қажет: қай жерде қажеттірек және қай жерде жақсы пайда береді (өнеркәсіп, балық аулау және т.б.). Осы негізде бірлескен басқару және пайда мен тәуекелдерді әділ бөлу тетіктерін жасау керек».
Оның пікірінше, бұрыннан бар саясаттың жалғасуы (business as usual) сөзсіз күйреуге – Арал теңізінде болған жағдайға ұқсас жаңа экологиялық апатқа әкеледі.
«Дәл осындай жағдай Балқаш көлі, Жайық өзені және Қазақстанның басты құндылығы саналатын басқа да табиғи экожүйелерде болады», – деп ескертеді Болат Есекин. «Біз апаттар мен соған байланысты мәжбүрлі көші-қонды, қақтығыстар мен соғыстарды болдырмау үшін пайда мен қарым-қатынас туралы түсінігімізді өзгертуіміз керек».
Негізгі сурет: Татьяна Трубачева. Суретте: Алматыдағы Үлкен Алматы өзеніндегі су қоймасы.