© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Неліктен су тапшылығы Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді?

Қазақстанның әр үшінші өңірінде дерлік су тапшылығы байқалады. Ол одан сайын нашарлай түседі: климаттың өзгеруі және адамның қарқынды шаруашылық қызметі өзен ресурстарының сарқылуына әкеліп соғады. Су тапшылығы ұлттық қауіпсіздікке қалай қауіп төндіретінін және оны шешуге бола ма екенін қарастырайық.

Мол емес

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің География және су қауіпсіздігі институты Қазақстанның жылдық өзен ағынының жалпы қорын 102,3 текше км* деп есептейді.

Ең алдымен тұщы су қоры көлемінің көрсеткіші өзен ағыны (жыл сайын өзен арнасында түзілетін су мөлшері) екенін нақтылайық.

Бұл бағалау 1974 жылдан 2015 жылға дейінгі кезеңдегі орташа көрсеткіштен артық емес.

Өйткені, кез келген жылдағы өзен ағыны туралы деректердің берер ақпараты аз. Мұның бәрі көрсеткіш уақыт өте өзгеретіндіктен: суы аз, орташа және суы мол жылдар бар.

Көптеген елдермен салыстырғанда Қазақстан өзен ағынының ресурстарымен аз қамтылған. 2020 жылғы АҚШ Орталық барлау басқармасының World Factbook бағалауына сәйкес, республика бұл көрсеткіш бойынша 185 елдің ішінде 66-шы орында болған. Су ресурстарының шектеулігі күрт континенталь климатпен байланысты, оның ерекшелігі – жауын-шашынның аздығы және жаздың ыстық болуы.

Өзен ағыны су шаруашылығы бассейндерінде (СШБ) қалыптасып, пайдаланылады. Жалпы алғанда, Қазақстанда ірі өзендер мен оларды құрайтын су қоймаларының атымен аталған сегіз СШБ бар. Мәселе мынада: өзеннің жалпы ағын ресурстары бассейндер арасында өте біркелкі емес бөлінген.

Жалпы көлемнің 61%-ы негізінен елдің шығысы мен оңтүстік-шығысында, Ертіс және Балқаш-Алакөл бассейндерінде шоғырланған. Оңтүстікте жағдай былайша: Арал-Сырдария бассейні жалпы ағынның 18%, Шу-Талас бассейні 4% қамтамасыз етеді. Батыста, Жайық-Каспий бассейнінде 11% ғана қалыптасады.

Солтүстік пен орталықта жағдай нашар. Қазақстанның осы аймақтарында орналасқан Есіл, Тобыл-Торғай және Нұра-Сарысу бассейндері жалпы қордың небәрі 6% құрайтынын көрсетеді Қазақстан Республикасының География және су қауіпсіздігі институтының есептеулері.

Жалпы ағынның біркелкі бөлінбеуі – мәселенің жартысы ғана. Мәселенің тағы бір тұсы – Қазақстанның жаңартылатын тұщы су ресурстарының жартысы көршілес елдерден келетін ағындардан келеді. Еліміздегі барлық ірі өзендердің бастаулары шетелде: Ертіс пен Іле – Қытайда, Сырдария – Өзбекстанда, Жайық – Ресейде, Шу мен Талас – Қырғызстанда.


Сырдария – бірнеше елді басып өтіп, Қазақстанға «кіретін» жалғыз ірі трансшекаралық өзен. Ол Өзбекстаннан шыққанымен, оған судың шамамен 50%-ы Қырғызстанда орналасқан Нарын және Қарадария өзендерінен келеді. Сонымен қатар, Қазақстанға барар жолда Сырдария Тәжікстан арқылы өтеді.


Нақты жағдайларда трансшекаралық ағынды сулардың үлесі республикалық орташа деңгейден айтарлықтай асып түседі. Мысалы, Арал-Сырдария СШБ судың 90% (!) сырттан келеді. Ол, көлемі бойынша үшінші орында. Кіші Жайық-Каспий (80%) және Шу-Талас (75%) СШБ көршілес елдерден келетін ағындарға өте тәуелді. Бұл ретте ең суы мол бассейндердің көрсеткіштері айтарлықтай ерекшеленеді. Балқаш-Алакөл бассейнінде сыртқы кірістер – 47%, Ертіс бассейнінде – 25%.

Әзірге жетеді

Иә, Қазақстан өзен ресурстарына бай емес, сонымен қатар бұл ресурстар өте біркелкі емес және тек жартысы ел ішінде қалыптасады, ал жекелеген бассейндер толығымен дерлік көрші елдерге тәуелді.

Дегенмен, тұщы су әзірге жеткілікті. Дүниежүзілік ресурстар институты (WRI) Қазақстандағы су стресінің бастапқы деңгейін орташа жоғары (20%-дан 40%-ға дейін) деп бағалайды. 2019 жылы бұл көрсеткіш бойынша ел 164 елдің ішінде 58-ші орынды иеленді. Әлемдік рейтиңдегі антикөшбасшылар Бахрейн, Кипр және Кувейт болды (80%-дан астам).

Су стресі дегеніміз не?
Бұл термин барлық көздерден алынатын тұщы судың жылдық өзен ағынының пайыздық үлесін білдіреді. Әрине, тұщы суды тек өзендерден ғана емес, теңіздерден, көлдерден, су қоймаларынан, жер асты горизонттарынан, шахталардан, кеніштерден алуға болады. Дегенмен, өзендер – оның негізгі көзі. Нақтырақ айтқанда, Қазақстанда барлық тұщы судың 85% өзендерден алынады.

Ел қолда бар қордың 40%-дан астамын пайдаланған кезде су стресімен бетпе-бет келеді. Суды игерудің мұндай қарқынымен ресурстар табиғи түрде қалпына келіп үлгермейді, нәтижесінде олар таусылады. Сонымен қатар, көрсетілген мән суға сұраныс ұсыныстан асып түсетінін көрсетеді. Егер ресурстардың 80%-дан астамы айналымға тартылса, онда қазірдің өзінде су тапшылығы немесе су дағдарысы бар.

Суға сұраныс пен ұсыныс дегеніміз не?
Сұраныс әдетте суды алуды, ал ұсыныс қолжетімді тұщы су ресурстарын білдіреді. Тапшылық дегеніміз – сұраныстың ұсыныстан жоғары болуы. Мысалы, 100 тонна қант бар, бірақ 120 тонна керек. Сонда 20 тонна айырмашылық тапшылықтың көлемі болып есептеледі. Бұл су жағдайында кішкене басқаша жұмыс істейді. Судың негізгі бөлігін құрайтын өзендердегі барлық суды игеру мүмкін емес, өйткені олар бірден кебеді. Ең дұрысы, 40%-дан асырмай ала аласыз. Мұндай игеру кезінде өзен ресурстары табиғи түрде қалпына келіп үлгереді, ал экожүйелердің жойылу қаупі болмайды. Тиісінше, су тапшылығы тұщы су ресурстарының 40%-дан асқанда пайда болады деп айтылады.

География және су қауіпсіздігі институтының мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстандағы су стресі – 24%, 102,3 текше км-ден 25 текше км пайдаланылады, бұл WRI бағалауымен сәйкес келеді. Бірақ барлық жерде жағдай бірдей емес. Тұщы су қорының 57%-ы алынатын Арал-Сырдария және Шу-Талас бассейндерінде өзен ағынының шамадан тыс жүктемесі байқалады. Ал, Нұра-Сарысу бассейнінде су стресі 88%-ға жетеді.

Бізде шын мәнінде не бар?

Үш су бассейніндегі күрделі жағдай шамамен 7 миллион адамды құрайтын халқы су тапшылығынан зардап шегеді дегенді білдірмейді. (7 миллион – алты аймақтың халқы екенін түсіндіріп өтейік, олардың аумағының басым бөлігі немесе барлығы Арал-Сырдария, Шу-Талас және Нұра-Сарысу бассейндеріне жатады. Есептерге Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Қарағанды, Ұлытау облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласы енген. Дереккөз – Қазақстан Республикасының Ұлттық статистика бюросы.)

Су тапшылығынан, ең алдымен, суды көп тұтынатын экономика салалары зардап шегеді.

«Суды көп қажет ететін, ауылшаруашылық дақылдарын өсіретін шаруалар Қазақстанда су тапшылығын сезінуде, тек маусымдық деңгейде. Олар суарудың шарықтау шегіне жеткен шілде-тамыз айларында қысқа мерзімді (10-нан 20 күнге дейін) ылғалдың жетіспеушілігін бастан кешіреді», - деп түсіндірді Орталық Азиядағы су шаруашылығы мемлекетаралық үйлестіру комиссиясының ғылыми-ақпараттық орталығының жетекші сарапшысы Құралай Яхияева.

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметі бойынша, 2020-2022 жылдары ауыл шаруашылығы жалпы судың 60% игерген. Ал Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында (Арал-Сырдария, Шу-Талас бассейндері) жүйелі суармалы пайдаланатын алқаптардың жартысы шоғырланған. Бұл бассейндердегі су қорының 95%-дан астамы ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне пайдаланылады.

Қазақстан өнеркәсібі судың 24% игереді. Ал Нұра-Сарысу бассейнінің құрамына енетін Қарағанды ​​және Ұлытау облыстарының өндірістік ерекшелігі бар.

Нұра-Сарысу бассейнінің ерекшелігі неде?
Бұл – трансшекаралық ағыны жоқ жалғыз және сонымен бірге өз ресурстарымен ең нашар қамтамасыз етілген бассейн. Судың 45%-ға жуығы (1,6 текше км-нің 0,7 текше км) Қарағандыны Ертіспен байланыстыратын Қаныш Сәтбаев каналы арқылы келеді. Сөйте тұра, Нұра-Сарысу бассейнінің ресурстарын толықтай дерлік өнеркәсіпте игеруде.

Коммуналдық-тұрмыстық секторға келетін болсақ, бұл тартылған су қорының 4% ғана құрайды.

Халықты сумен қамтамасыз ету үлесі салыстырмалы түрде аз. Бірақ соған қарамастан, су беруде іркілістер бар, бұл кейде стихиялық наразылықтарға әкеледі. Осындай соңғы жағдайлардың бірі 2024 жылдың маусым айында Ақтау қаласында (Маңғыстау облысы) болды. 19-ықшамаудан тұрғындары бірнеше күннен бері үйлерінде ауыз су болмағандықтан жол қозғалысын жауып тастады.

«Болжамдық ресурстардың шектеулі таралуы және ауыз сумен қамтамасыз етуге жарамды барланған қорлардың болуы Атырау, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының аумақтарын, сондай-ақ Ақмола, Павлодар, Ақтөбе, Қызылорда және Қарағанды ​​облыстарының жекелей аудандарын нашар және жартылай қамтамасыз етілген аймақтарға жатқызуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті CABAR.asia сауалына ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.

Оның жауабында іркілістердің себебі жалпы су ресурстарының жетіспеушілігінен емес, олардың елді мекендерге, негізінен ауылдық жерлерге жақын жерде болмауында екені айтылған. Осындай барлығы 785 елді мекен бар, халқы 1,8 миллион адамды құрайды. Оларға ауыз су 80 топтық су құбыры арқылы жеткізіледі.

Бір қиындығы, топтық су құбырлары ескіргендіктен бұзылады. Жарқын мысал ретінде Ақмола облысындағы 24 елді мекенді баламасыз сумен қамтамасыз ететін Нұра топтық су құбырын айтуға болады. Бүгінгі таңда магистральдық желіні пайдалану мерзімі екі есеге ұлғайып, тозу деңгейі 90%-ға жеткен.

Қазақстанның бас қаласы Астана ерекше назар аударуға тұрарлық. Мұндағы мәселе, басқа елді мекендердегі сияқты, өзен ағынының ресурстарымен нашар қамтамасыз етілуіне байланысты. Сонымен қатар, су берудегі іркілістер тозығы жеткендіктен және инженерлік қуаттардың жетіспеушілігінен туындайды.

Бар болғаны 500 мың адамға есептелген су қоймасынан 1,4 миллион жергілікті тұрғын сумен қамтамасыз етіледі. 2023 жылы елордада жаппай су тоқтату басталды. Су қоймасын толтыру үшін Сәтбаев каналынан Есіл мен Нұра өзеніне 0,1 текше метр су жіберуге тура келді. Ал, 2024 жыл суы мол жыл болды – су қоймасы тасқын суға толып кеткендіктен, іркілістер қайталанбады.

Осыған ұқсас жағдай Маңғыстауда да бар. Облыс жартылай шөлейт аймақта орналасқан және тұщы су көздеріне тікелей қол жеткізе алмайды. Оның 66% халқының (Ақтау қаласы мен үш ауылдық елді мекен) сумен қамтамасыз етілуі Каспий теңізінің суын тұщытуға байланысты. Жаз мезгілінде тұщыландыру қуатының жоқтығынан тұрғындарға су қатаң түрде кесте бойынша беріледі.

Қай жер жұқа болса, сол жерде үзіледі

Қазақстанда су тапшылығы бар ма? Мұның бәрі қай жағынан қарағаныңызға байланысты. Республикалық ауқымда тапшылық жоқ – барлық тартылған тұщы суды өзеннің жалпы ағынына бөлудің нәтижесі көңіл көншітпейтіндей емес. Дегенмен, суға сұраныс ұсыныстан айтарлықтай асып түсетін кей су бассейндерінде тапшылық байқалады.

Әңгіме еліміздің алты аймағын қамтитын Арал-Сырдария, Шу-Талас және Нұра-Сарысу СШБ туралы болып отыр. Мұндағы су стресінің жоғары деңгейі өте интенсив су тұтынумен, елеусіз меншікті қорлармен, сондай-ақ сыртқы жеткізілімдерге қатты тәуелділікпен байланысты.

Климаттың өзгеруі мен жоғары антропогендік қысымның әсерінен өзендердегі су мөлшері азайғандықтан, жағдай қиындай түседі. География және су ресурстары институты екі факторды ескере отырып, 2030 жылға қарай орташа жылдық ағын 99,4 текше км дейін, 2,9 текше км төмендейді деп болжап отыр. Оның үстіне көршілес елдерден келетін ағынның азаюына байланысты динамика теріс болады. Екінші жағынан, су тұтыну 29,7 текше км дейін көтеріледі деп болжануда. Тиісінше, су стресі қазіргі 24%-дан 30% жетуі мүмкін.

Сөйтіп, онсыз да тапшы Арал-Сырдария мен Шу-Талас су шаруашылық бассейндерінде су тапшылығы бұдан да ауыр болатындай. Трансшекаралық ағынның қысқаруы Нұра-Сарысу бассейні үшін жақсылық әкелмейді: оның шекарасындағы Қарағанды ​​және Ұлытау облыстарының дамуы айтарлықтай деңгейде Қаныш Сәтбаев каналының үздіксіз жұмыс істеуіне тәуелді.

Неғұрлым өткір тапшылық судың негізгі тұтынушылары – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпке кері әсерін тигізетіні анық. Ғалымдар судың жоғары стресі әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларының тоқырауына әкелетінін ескертеді. Ал бұл экономикалық құлдырау мен әлеуметтік толқулар тудыруы мүмкін.

Су тапшылығы экологиялық тұрақсыздықтың жаңа көздерінің пайда болуы және су үшін соғыс сынды ұлттық қауіпсіздікке басқа да қауіп төндіреді. Оның үстіне, соңғы тәуекел әбден болуы да ғажап емес. Тынық мұхиты даму, қоршаған орта және қауіпсіздікті зерттеу институтының мәліметі бойынша, 1990 жылдан 2022 жылға дейін аймақта кем дегенде 15 мемлекетаралық қақтығыстар, соның ішінде қарулы қақтығыстар орын алған. Оның бесеуінде Қазақстанның мүддесі қозғалған.

Ұлттық қауіпсіздік дегеніміз не?
Бұл – адамның және азаматтың, қоғам мен мемлекеттің қарқынды дамуын қамтамасыз ететін Қазақстанның ұлттық мүдделерін нақты және ықтимал қауіптерден қорғау жағдайы. Ұлттық қауіпсіздіктің бір түрі – экологиялық қауіпсіздік. Бұл – адамның және азаматтың, қоғам мен мемлекеттің өмірлік маңызды мүдделері мен құқықтарын қоршаған ортаға антропогендік және табиғи әсер ету нәтижесінде туындайтын қауіптерден қорғау жағдайы.

«Орталық Азия халқының едәуір бөлігі ауылдық жерлерде тұрады және ауыл шаруашылығымен айналысады, сондықтан сумен қамтамасыз ету мәселесі өмірлік маңызды. Тез арада шешілмейтін су тапшылығы, шешілмеген шекаралық мәселелер қосылып, аймақта күшті жарылыс пен жаңа қақтығыстарға әкелуі мүмкін», - дейді саясаттанушы Досым Сәтбаев.

Су береді, бірақ уақытында емес

Қазақстанның сумен қамтамасыз етілу деңгейіне көрші елдер қатты әсер етеді. Мәселе мынада, трансшекаралық өзендердің жоғарғы ағысында су қоймалары мен бөгеттер бар, олар төменгі ағынға жіберілетін су көлемін қажет болған жағдайда ұлғайтуға немесе азайтуға мүмкіндік береді. Басқаша айтқанда, ағын реттеледі.

Осылайша, Сырдария өзені бассейніндегі Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстандағы төрт ірі су қоймасының жалпы сыйымдылығы 27,5 текше км (Тоқтағұл, Бахри Тәжік, Чарвак, Кемпір-Абад) құрайды. Іле өзені алабының Қытай бөлігіндегі екі үлкен су қоймасы – Қапшағай мен Жарынтай бірге 4,5 текше км құрай алады. Ресейдегі Жайық өзені бассейніндегі ең үлкен Ириклинское су қоймасы 3,3 текше км құрайды. Шу-Талас бассейнінің Қырғыз секторындағы Орта-Токой және Киров су қоймаларының жалпы көлемі 1 текше км құрайды.

Жұмысы өзен ағынын реттеумен байланысты үлкен каналдар туралы да ұмытпау керек. 1990 жылдан бері аумағы белсенді түрде игеріліп келе жатқан Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында бірден екі құрылым – Ертіс өзенінен Қарамай мен Үрімші қалаларына дейін жұмыс істейді. Максималды жүктеме кезінде олар жылына 6,3 текше км тасымалдауға қабілетті.

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның ортақ өзендері бар барлық елдердің ішінде қазіргі уақытта тек Трансшекаралық су ағындарын қорғау және пайдалану туралы Хельсинкі конвенциясына қосылмаған Қытаймен ғана су бөлудің нормативтік базасы жоқ. Әдетте елдер тапшы ресурстарды бөлу кезінде қақтығыстар мен дауларды болдырмау үшін суды бөлісу туралы келісімдер жасайды.

Келісімдер әр тараптың судың әділ үлесін алуын қамтамасыз етеді. Мысалы, Шу өзенінің ресурстары келесі арақатынаста бөлінеді: 58% Қырғызстанда қалады, 42% Қазақстанға кетеді.

Қолданыстағы суды бөлу туралы келісімдердің талаптары сақталуда – жалпы алғанда, Қазақстан өзіне тиесілі суды алады. Бәрі жақсы болар еді, бірақ су өте кеш келеді.

«Басқа елдер бізге суды жыл сайын береді, бірақ жыл ішінде емес. Бізге қыста су қажет емес кезде беріледі. Бірақ жазда қажет болғанда бермейді. Неліктен, мысалы, Шу-Талас алабында қыста су ағызылады? Оларда су электр қуаты бар – оны өңдеп, шығарды. Өзбекстанмен де солай. Арал-Сырдария бассейнінде барлық үш арна бойынша жылдық мәнде лимит сақталады. Бірақ жыл ішінде емес», - дейді География және су ресурстары институтының су ресурстары зертханасының меңгерушісі Айсұлу Тұрсынова.

Соңғы кездері елдер ынтымақтастыққа ұмтылуда, өйткені бірігіп ортақ сын – климаттың өзгеруіне қарсы тұру оңайырақ, оның әсерінен өзен режимдері өзгереді. Нәтижесінде сел кезеңдері ертерек болады және ұзаққа созылады, бұл халық шаруашылығына орасан зор зиян келтіретін су тасқынына әкеледі. Бірақ су тасқыны – бір жағы ғана, екінші жағы – құрғақшылық. Олар елдерді өз мүдделерін бірінші орынға қойып, су беру кестесін қайта қарауға итермелейді. Бұл қалыпты дүние.

«Біздің көршілеріміз де суға мұқтаж. Су соларда қалыптасады. Бөлінген бес текше шақырымның екеуін беруі мүмкін немесе мүлдем бермеуі мүмкін. Басқа елдер су беруі үшін оларды қалай қызықтыра аламыз? Жалпы, ешқалай. Өкінішке қарай, Балқаш көлінің құрғап кетуіне әкелетін экологиялық апат қаупінің өзі мұндай ынталандыру бола алмайды. Қытайдың өз даму бағдарламасы бар, ол біздің елге бағытталмаған. Мақта өндірісін дамытқан тұста Арал теңізі құрғап қалды. Біз бұл трагедияны көрдік. Бұл ол кезде ешкімді тоқтатпады. Неліктен қазір тоқтатуы керек? – деп Айсұлу Тұрсынова риторикалық сұрақ қояды.

Өзіңізге сеніңіз

Бұл жағдайдан шығудың қисынды жолы – өзіңізге сену. Бірақ бұл мәселеде үлкен проблемалар бар. Жергілікті ресурстарға түсетін ауыртпалықты бөлек алып қарасақ, жан түршігерлік. Осылайша, Арал-Сырдария бассейнінде су стресі 500% дерлік. Бұл СШБ ішінде жиналғаннан бес есе көп су жұмсалады дегенді білдіреді. Шу-Талас бассейні – 210%, Нұра-Сарысу – 156% болып отыр. Жайық-Каспий СШБ көрсеткіші жоғары – 77%.

Суды ысырапсыз пайдалану салдарынан жергілікті ресурстарға өте үлкен қысым түседі. Әсіресе, суармалы егістік инфрақұрылымының тозуы салдарынан суармалы егістіктерге суды жеткізу кезінде алынатын жалпы көлемнің жартысынан астамы жоғалатын ауыл шаруашылығында мәселе өзекті болып тұр.

Бұл ретте суды үнемдейтін технологияларды енгізу деңгейі небәрі 3%. Ауыл шаруашылығында су өнімділігінің төмен болуы таңқаларлық емес. Жалпы, ел экономикасы жалпы ішкі өнімнің бір долларына Ресей мен АҚШ-қа қарағанда үш есе, Аустралияға қарағанда алты есе көп суды қажет етеді.

«Су шаруашылығының барлық іс-шаралары үшін стратегиялық жоспарлау болуы керек, ол олардың әлеуетіне негізделуі керек. Бізде бірінші кезекте сұраныс, содан кейін ұсыныс жүреді. Шындығында, табиғаттың ұсынатыны осы. Тұжырымдама бойынша сұраныс пен ұсыныс бірігіп жұмыс істеуі керек», – дейді Айсұлу Тұрсынова.

Қазақстан билігі мәселені көріп тұрғаны анық. 2023 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Бүгінгі таңда Мәжіліске (парламенттің төменгі палатасы) жаңа Су кодексінің жобасы ұсынылды. Су ресурстарын тиімді пайдалануға, суды үнемдейтін технологиялар мен суды қайта пайдалану жүйелерін қарқынды енгізуге басымдық беріледі. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. 2028 жылға қарай құжат аясында жалпы құны 3,34 трлн теңге 5,1 мың іс-шараны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Негізгі күтілетін нәтижелердің бірі – су қоймаларын салу арқылы қосымша 2,5 текше км жиналуы. Айтпақшы, осы шараның арқасында трансшекаралық ағындарға тәуелділікті 25% азайтпақ.

Тізімде көрсетілген шаралар қажетті нәтиже бере ме, жоқ па, оны анықтау әлі қиын. Экологиялық саясат, климат және су ресурстары жөніндегі сарапшы Болат Есекиннің пікірінше, жаңа су қоймаларының салынуы су тапшылығы мәселесін қысқа мерзімде ғана шешуге көмектессе, ұзақ мерзімді жоспарда оны қиындатып жібереді.

«Су тапшылығының себебі – жергілікті және ғаламдық су айналымының бұзылуы. Судың мөлшері өзгеріссіз, бірақ біз өз іс-әрекетіміз арқылы экономиканы, халықты және табиғатты сумен қамтамасыз етудің негізі табиғи процестерге көбірек араласамыз. Біз өзендер мен көлдерді біртұтас тірі организм ретінде емес, суы мен өндірістік тоғандары бар арықтар деп білеміз», - дейді сұхбаттас.

Досым Сәтпаев, өз кезегінде, сыбайлас жемқорлық пен немқұрайлық ауқымды жоспарларды жүзеге асыруға елеулі кедергі болуы мүмкін деп санайды: екеуі де дәстүрлі түрде Қазақстандағы стратегиялық міндеттерді, оның ішінде су мәселесін шешуге кедергі жасап келеді.

«Олар ақшаны игере алады. Бірақ кейін ақшаның бір бөлігі ұрланғаны, ал салынғандары сапасыз екені анықталып жүрмесін. Өкінішке қарай, бұл жиі болады. Жақында Жамбыл облысының шенеуніктері ауыз судың сапасын жақсартуға бөлінген қаржыны ысырап еткені үшін сотталған оқиғаны еске түсіріңізші», - дейді саясаттанушы. 

Қазақстанда 2030 жылдан кейін оқиғалардың қалай дамитыны туралы болжам жоқ. Дүниежүзілік ресурстар институты 2050 жылға қарай елдегі судың стресі бұрынғысынша орташа-жоғары деңгейде (20%-дан 40%-ға дейін) сақталады, ал 2080 жылға қарай ол жоғары (40%-дан 80%-ға дейін) болады деп болжайды. Басқаша айтқанда, ұзақ мерзімді перспективада Қазақстан үлкен су тапшылығына тап болады. БҰҰ мәліметі бойынша, ел 2040 жылға қарай сұраныстың 50% көлемінде су ресурстарының айтарлықтай тапшылығына тап болуы мүмкін. Қабылданған шаралардың қаншалық тиімді болатынын және Қазақстан су тапшылығының артуына әкелетін ең нашар сценарийден құтыла ала ма, оны уақыт көрсетеді.


Ескерту:

*Қазақстандағы өзендердің орташа ұзақ мерзімді ағынының ағымдағы бағалануы, сондай-ақ оның 2030 жылға қарай өзгеруінің болжамы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 5 ақпандағы «Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» қаулысының түпнұсқасына сәйкес келтірілген. Материалды дайындау кезінде құжатқа әлі ешқандай өзгерістер енгізілген жоқ.

Негізгі фото: Vlast.kz/Жанар Кәрімова

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: