«Мен өзім діндармын, сондықтан адамдар адал, неге бұл компанияға ақша салмасқа деп ойладым», – деп Mudarabah Capital қаржы пирамидасына ақша салған қазақстандық өз әрекетін түсіндірді. Бұл пирамидадан 200 адам зардап шеккен. Олар неліктен бұл «діни» қармаққа оңай ілінді?
Табысты сенім
Танымал қазақстандық вайнер Мейіржан Төребаевтың Instagram желісінде 3,3 миллион жазылманы бар. Ол полицейлер туралы қысқаша әзіл-оспақ вайндар түсіріп танымал болды; кейінірек әйелімен бірге отбасылық өмір туралы вайндар түсіре бастады. Оның арнасында ара-тұра діни тақырыптағы контент пайда бола бастады. Офлайн өмірде Төребаев «Мейржачная» шұжығын сатып, оны өз аудиториясына халал өнім ретінде белсенді түрде насихаттады.
2022 жылы Төребаев пен басқа 11 айыпталушыға қатысты сот процесі басталды: оларға Mudarabah Capital қаржы пирамидасын құрды деген айып тағылды. Айыпталушылар адамдарға «пайдалы ислами инвестициялар» арқылы ақша табу мүмкіндігін ұсынған; компания өзін ислам заңдарына сәйкес келетін қаржылық (инвестициялық) институт ретінде көрсеткен. Бұл, айыптаушылардың айтуынша, жәбірленушілер арасында жобаға жалған сенім тудырған.
2023 жылы Төребаев пен басқалары әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Іс бойынша жәбірленушілер 2022 жылы Қазақстандағы қаржылық пирамидалардың құрбаны болғандардың тізімін толықтырды. Жалпы, ресми мәліметтер бойынша мұндай құрбан болғандар төрт мыңнан асады (43 қылмыстық іс). 2023 жылдың басынан бері Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) 22 қаржылық пирамиданы анықтады.
Олардың кейбірі «діни тақырыптарды» пайдаланады. Мысалы, интернетте «халал табыс» деп сендіретін жарнамалар табуға болады – олар 20 500 теңге ($45,7) салуды және жылына 365 000 пайыз алуды ұсынады. Қазақстандықтар үшін бұл ұсыныс өте тартымды болып көрінеді, өйткені банктер мерзімді депозиттер бойынша максимум 16,3% ұсынады.
Бірақ неліктен адамдар мыңдаған пайыз табысы бар ұсыныстарды күмәнді көрмейді?
Алаяқтардың өсиеттері
Дінтанушы, Қазақ Ұлттық университетінің аға оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты Жанна Қаңтарбаева кез келген діннің негізі – күмәнсіз сенім, сондықтан алаяқтардың мұны пайдаланып, діни тақырыптарды өз мүддесіне қолдануы оңай. Сенім ұғымдарын, қасиетті қағидаларды желеу ету қиын емес, өйткені олар білмейтін адамдар үшін көбіне абстракт болатынын айтады.
«Жәбірленушілер діндарлардың алдай алмайтынына сенімді, оларға сенуге болады», – деп түсіндіреді Қаңтарбаева. Біз тағдырымызды Құдайға тапсырамыз. Сенімнің болғаны жақсы, бірақ зиянкестер бұл ұғымдармен ойнайды: олар діндарлықты бетперде ретінде пайдаланады.
Алаяқтардың тағы бір қаруы – қаржылық тұрақтылық табуға деген адамның негізгі қажеттілігіне жүгіну.
«Егер біз тез табысқа кенелетін қаржы пирамидалары туралы айтар болсақ, ол қарыздарды «жабу» ғана емес, сондай-ақ бұрын жетпеген нәрселерге қол жеткізу. Қаржы пирамидаларының құрбандары осындай алдамшы ойларға алданады», – дейді Қаңтарбаева.
Осыған ұқсас пікірді халықаралық IT корпорациясының маркетологы Валерия Кононова да айтады: «Егер біз әлемдегі барлық маркетологтар пайдаланатын түйсікті айтар болсақ, адам бойындағы ең терең, шынайы сезімдерді сенімнен басқа не тудырады?»
Оның айтуынша, тауар, қызмет не идеяны сату үшін тұтынушымен бір тілде сөйлесу керек. Сенім сұрақтары – бала күннен таныс, адам отбасында ең қатты сенетін адамдарымен талқылайтын тақырып.
«Дінге қатысты нәрсе не сілтемелер пайдаланған кезде назар аудару үшін 30 ілмек тастаудың қажеті жоқ. Демек, сатылып жатқан дін немесе сенім емес, сол тауар мен қызметтер, тек «тұздығы» басқа, – дейді Кононова.
Қалай құрыққа түспеу керек?
Манипуляторларға қарсы тұру үшін сыни ойлап, діни образдар мен тақырыптарды пайдаланатын адам қандай мақсат көздейтінін ойланыңыз. Ол расында діндар ма, тыңдаушыға діннің мәнін жеткізгісі келе ме, әлде діншілдікті бетперде ете ме?
«Шынында діндар адам ақша салумен және инвестициялаумен байланысты болуы екіталай екенін білуіңіз керек. Діндар адам қаржылық ойындар ойнамайды, сезімдерді саудаламайды. Сізді қандай да бір ұйымға белсенді түрде шақыратын таныстардан да, бейтаныс адамдардан да аулақ болу керек», – деп кеңес береді Жанна Қаңтарбаева.
Ресми ұсыныстар туралы айтатын болсақ, ҚМА өкілдерінің пікірінше, азаматтар, бірінші кезекте, пайданың 200-300% -на дейін тез және оңай ақша уәде еткенде сақ болулары керек.
«Мұндай пайда болмайды, ал табыс келесі қатысушылардың есебінен төленеді. Компанияның Қазақстанның әділет, салық органдарында тіркелуін, қаржы реттеушісінің халықтан қаражат тартуға лицензиясын тексеру қажет. Мұны Қаржы нарығын реттеу агенттігі мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының сайттарында жасауға болады – компаниялардың барлығы сонда жарияланған», – дейді ҚМА басқарма басшысының орынбасары Андрей Давыдов.
Маркетолог Валерия Кононова жақын арада ақпараттық шудың дін арқылы назар аударуға тырысатын «діни» тенденцияны миға көрінбейтіндей етіп, сіңіріп алатынына сенімді.
«Ал нағыз сенім дегеніміз не? Сенім біздің ішімізде қалады», – деп түйіндеді маркетолог.
Негізгі сурет: Freepik.com