© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Қазақстанда діни саланы қатаңдату туралы айта бастады

«Никаб, хиджаб және қысқа шалбарға тыйым салына ма?» Бұл сауалды журналистер ҚР Мәдениет және ақпарат министріне қойды. Аида Балаева: «Біз бұл нормаларды міндетті түрде зерттеп, ұсынатын боламыз» деп жауап берді. Бұл жауап «исламның артына жасырынған жат ағымдар» қазақ қоғамының негізіне қауіп төндіреді деген депутаттық сауалдардың тұсында айтылды.


Қауіптегі қауіпсіздік

2023 жылдың 4 қазанында Қазақстан парламентінің депутаты Ермұрат Бапи «исламның артына жасырынған жат ағымдарды» айыптап, олардың қазақ қоғамының әлеуметтік-тұрмыстық негіздеріне қауіп төндіретінін айтты.

«Бұл қауіп қоғамның тыныштығын бұзып, мемлекеттің тұтастығына нұқсан келтіре бастады, ұлттық бірлік дәстүрлеріне, қазақ халқының ұлттық дамуы мен мыңжылдықта қалыптасқан ислам өмір салтына қарсы шықты», – деді Бапи үкімет пен барлау қызметтеріне сұрау салу баяндамасында. Ол билік өкілдерінен діни қайшылықтарға негізделген қоғамдағы алауыздыққа қарсы тұру жоспары бар ма деп сұрады.

Сондай-ақ Ермұрат Бапи үкімет «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға тиісті өзгерістер енгізу қажет деп санай ма деген сауал қойды.

Парламент депутаты, «Ақ жол» партиясының өкілі Қазыбек Иса: «Құрметті әріптестер, діни радикализмге заңды түрде тыйым салатын кез келді! Өйткені олар ұлтты жою үшін күресті үлкен қарқынмен жалғастырып жатыр. «Ақ жол» партиясы көп жылдардан бері парламентте діни жаңылудың қатаң түрде жолын кесетін заң қабылдауды ұсынып келеді».

Парламент депутаты Нұртөре Жүсіп те өз сауалында Қазақстандағы исламның радикалдануына алаңдаушылық білдіріп, елімізде діни экстремизмнің таралуына жол бермеу шараларын қабылдауға шақырды.

Өтініш жасалғаннан кейін бірнеше күн өткен соң журналистер Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевадан никаб, хиджаб және қысқа шалбарға (Қазақстанда оларды дәстүрлі емес ислам ұстанушы дін өкілдері киеді деп саналады) тыйым салына ма деп сұрады.

«Біз бұл нормаларды міндетті түрде зерттеп, ұсынатын боламыз. Кем дегенде қоғамдық орындарда. Мен бүкіл әлемдегі тәжірибені бақылаймын. Өйткені бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Қоғамдық орындарда беті жабылған [жеке тұлғаны] тану өте қиын. Бұл қоғаммен бірлесіп зерттелетін болады. Ал біз уәкілетті орган ретінде, осы бағыттағы заңнамалық нормаларды қатаңдату үшін жұмыс істейтініміз анық», – деді Аида Балаева.

Кейінірек ол журналистерге берген түсініктемесінде тек никаб, паранжа және «адамның жеке басын жіктеу мен сәйкестендіруді қиындататын, бет-әлпетті жауып тұратын» діни киімдерге тыйым салу туралы айтып отырмыз деп түсіндірді.

Толеранттылықты ескере отырып

 CABAR.asia сарапшылардан діни тақырыптарға қызығушылықтың артуына не себеп болғанын түсіндіруді сұрады.

Дінтанушы Асылбек Ізбайыров бұл мәселе әсірелеп, жасанды түрде шиеленісіп жатқанына сенімді.

«Дін Қазақстан және әлемнің көптеген елдері үшін өзекті тақырып, бірақ ислам төңірегіндегі жағдайды ушықтыру және оны кей жеке мақсаттарыңыз үшін асыра сілтеу қауіпті болуы мүмкін. Бұл қоғамдағы жікке бөлінуге әкеледі. Ал әлемде болып жатқан тұрақсыз жағдай мен геосаяси катаклизмдер аясында, керісінше, қоғамдық келісімді құптау керек», – деді дінтанушы.

Асылбек Ізбайыров. Фото жеке мұрағаттан

Ал деструктив діни ұйымдарға келетін болсақ, олармен күресті заң аясында бөлек қарастырып, мұндай көріністерге мүлдем төзбеушілік қажет. Дінтанушының айтуынша, қазір ұлттық қауіпсіздік органдары мұнымен сәтті күресіп жатыр.

«Исламдағы экстремист ағымдар – адамның заңды құқықтары мен бостандықтарына қауіп төндіретін, адамның рухани, психологиялық және физикалық денсаулығына нұқсан келтіретін құрылымдар», – деп атап өтті теолог.

Ол мысал ретінде отбасылық құндылықтарды келтіреді. Асылбек Ізбайыровтың айтуынша, дәстүрлі емес діни ағымдар бұл құндылықтарды мойындамайды, бұл олар үшін тиімсіз, өйткені мұндай құрылымдар отбасы мен ел ішінде, сондай-ақ халықаралық қақтығыстар тудыруға бағытталған.

«Көпконфессиялы Қазақстан жағдайында тексерілген және теңгерілген саясат жүргізу қажет. Мемлекет қайраткерлері діннің гуманистік әлеуетіне назар қоюы керек. Бірақ қазір мұндай тәсілді көрмеймін», – деп өкініш білдірді теолог.

Аян Орынтай. Фото жеке мұрағаттан

Дінтанушы, IWPR жоба үйлестірушісі Аян Орынтай депутаттардың мұндай өтініштерін соңғы кездегі мектептердегі діни киім киюге қатысты қызу пікірталастардың салдары деп санайды. Бұған TikTok желісіндегі домбыра харам (исламда: тыйым салынған, жаман) деген видеоға жұртшылықтың наразылық білдіргені қосылды. Айта кетейік, домбыра – қазақ мәдениеті мен болмысының басты белгілерінің бірі.

«Кей депутаттардың дін сияқты өте нәзік тақырыпта ұпай жинағысы келетінін ескерген жөн», – дейді Орынтай. – Халықтың сенімі бар бөлігін ренжітетін сөздерді айта беруге болмайды. Радикал ағымдардың күшеюі, мектептерде хиджаб кию туралы кез келген мәлімдемелер зерттеуге, ғылыми және объектив фактілерге негізделуі керек. Мәселеге өзіңіздің субъектив сезімдеріңізге негізделген баға бере алмайсыз».

Аян Орынтай қазақстандықтар, әсіресе қоғам қайраткерлері толерант сөйлеуді үйренуі керек деп санайды. «Біздің қоғам мүдделері, көзқарастары мен нанымдары әртүрлі адамдардан тұратынын ескеруіміз керек», – деп еске салады дінтанушы.

Дінтанушы, Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы Жанна Қаңтарбаева да зайырлы мемлекеттің негізі – толеранттылық пен түрлі конфессиялардың өзара сыйластық қағидасы екенін еске салды.

«Бізде көпмәдениетті, көпконфессиялы және тіпті «ала-құла» мемлекет деуге болады. Сондықтан ар-ождан бостандығы мен діни сенім бостандығы заңдылық», – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, «дәстүрлі емес» және «деструктив» ағым ұғымдарын ажырату қажет. Деструктивтілігі жоқ дәстүрлі емес діни ағымдар бар.

«Деструктура» сөзі құрылымның бұзылуын, «радикал» түбегейлі өзгертуді білдіреді. Яғни, бұл екі ұғымның саяси реңктері бар, көбіне радикал қозғалыстар мемлекеттік жүйені өзгертуге бағытталған. Бұған қол жеткізу үшін деструктив – лаңкестік, экстремист идеологияны тарату, ұлт тұтастығы мен ұлт бірлігіне нұқсан келтіретін әрекеттер жасалады», – деп түсіндіреді дінтанушы.

Оның айтуынша, мұндай қозғалыстардың пайда болуының алғышарттары мен себептерін түсіну маңызды. Халық арасындағы әлеуметтік наразылық, рухани вакуум және т.б. алғышарт болуы мүмкін.

«Адам материалдық және психологиялық қиын жағдайда болған кезде әртүрлі діни ағымдардың ықпалына көбірек ұшырайды. Содан қолдау, үміт және серіктестік табады. Сондықтан адамдарға қорған болатын қарапайым әлеуметтік нәрселермен жұмыс істеу маңызды», – дейді Жанна Қаңтарбаева.

Оның айтуынша, Қазақстан кей тұстарда тым ашық, кей жағдайда саясатты қатаңдату керек.

«Бірақ дінді жалпылап, оған қарсылық танытуға болмайды. Көптеген адамдар дәстүрлі діни ағымдарды ұстанады. Ал жалпылау сенімі бар адамның діни сезімін қорлау деп бағалануы мүмкін, – деп ескертеді дінтанушы.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: