© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Неліктен қазақстандық БАҚ-та өздік цензура бар?

«Оппозиция жоқ» деген тақтайша билікшіл БАҚ редакциясында ілініп тұрды, ол Қазақстандағы билікті сынайтындарды мүлдем атауға болмайтынын көрсетеді. Бұл журналистік ертегілер санатынан алынған тақтайша, бірақ бұл жерде шындық та бар – қазақстандық БАҚ-та өз-өзін шектеу бар. Неліктен журналистер өздері үшін цензор болатынын CABAR.asia талдап көрді.

Өздік цензура дегеніміз не?

«Уральская неделя» газетінің шығарушысы Тамара Еслямова өздік цензура – сенімсіздік пен қорқыныштың салдарынан іштей шектеулері пайда болған адамның күйі деп санайды. Соның салдарынан журналист өзінің кәсіби міндетін толық атқармайды.

Дмитрий Дубовицкий. Бейнеден стоп-кадр

«За нами уже выехали» YouTubе-арнасының негізін қалаушы Дмитрий Дубовицкий үшін өздік цензура – бұл «кейде қауіпті мәселелер мен тақырыптарға араласпау».

«Қазір Қазақстан активтерді жаһандық қайта бөлу кезеңін бастан өткеріп жатыр. Осы қиын кезеңде жекеге көптеген «дәйектер» келеді – «ескі» және «жаңа» Қазақстандағы «пілдерге» қатысты әртүрлі әшкерелейтін материалдар. Әзірге біз мұндай тақырыптарды қабылдамауды шештік, әйтпесе олигархат арасындағы ақпараттық соғыстың құрбаны болып, ет тартқышқа түсуіңіз мүмкін. Бұл өздік цензура ма? Белгілі бір деңгейде, иә», – деп Дубовицкий жоққа шығармайды.

Өздік цензура жаман ба?

Тамара Еслямова өздік цензура журналистиканы өлтіріп жатыр деп алаңдайды.

«Өздік цензураның салдары – БАҚ-қа деген сенімнің жойылуы. Бұл ең қайғылы жағдай болуы мүмкін, – екеніне сенімді Еслямова. – Мамандық астындағы іргетас түгел күйреп барады – сенім жоқ, қоғамның үстірт сұранысын қанағаттандыруға бағытталған фейк пен контентке алаң пайда болып жатыр. Осының кесірінен ел де, қоғам да ұтылуда. Бұл әлеуметтік және экономикалық салаларға да, мәдениеттерге де әсер етеді. Өтірік басым болса, бұл қоғамнан не күтуге болады?

Елордалық КТК телеарнасының директоры Александр Трухачев цензура мен өздік цензураны шатастырмауды ұсынады. Ол өздік цензура жеке нәрсе деп санайды. «Өздік цензура мен журналистік этика қатар жүретін нәрселер. Өзін  журналист деп атайтын әр адамның өздік цензурасы болуы керек», – дейді Трухачев.

Оның айтуынша, журналист ойын айтқанда өзінен өзі қорқып, бірдеңені қате айтудан секемденіп, фактісіз, мәлімдемесіз, бұлыңғыр сөйлейтін асқынған өздік цензура болады.

«Бірақ бұл кәсібиліктің жоқтығынан» екеніне Трухачев сенімді: «Даулы тақырып болып, бірақ біреу журналисті сотпен қорқытса, тәжірибесіз немесе кәсіби емес журналист бұдан үркіп, материалдан бас тартуы мүмкін. Кәсіби маман бірде-бір заңды ілік табылмайтын материал дайындайды».

Редакциялық саясат па әлде өздік цензура ма?

Тамара Еслямова. Фото Facebook-тегі жеке парақшасынан

 

«Қазақстандық журналистер жасаған контекске қарағанда, Қазақстанда өздік цензура бар. Журналистер өзі не жазып, не жазбау керегін білетін мемлекеттік БАҚ-ты бөлек қарастыру керек. БАҚ-тың жеке меншік иелеріне тиесілі тағы бір санаты бар. Онда журналистер иесінің не қалайтынына – оның құндылықтары мен сенімдеріне назар аударады. Онда да өздік цензура бар», – дейді Тамара Еслямова.

 

«Уральская неделяда» ешкімде өздік цензура жоқ, – дейді баспагер. Расында, басылым қызметкерлері үшін ең бастысы – журналистік ұстанымдар: «Бізде ешқашан тыйым салынған немесе «Ол туралы жазбай-ақ қояйық» деп айтатын тақырыптар болған емес. Біз әрқашан дәлелдемелер, құжаттар, растаудың үш дереккөзден және одан тыс бар-жоғын анықтаймыз. Бұл жерде ең бастысы – кәсіби болу».

Дмитрий Дубовицкий өздік цензура кез келген медиада бар деп санайды.

«Егер біз редакциялық «қызыл жалаулар» туралы айтатын болсақ, онда иә, әрине, бар. Бұл «қызыл жалаулар» үнсіз, кейде бірден бекітіледі: «Біз мұны істей аламыз, бірақ мұны істей алмаймыз. Бұларды мақтаймыз, мыналарға тиіспейміз». Ең жаманы, мен ұзақ уақыт бойы бұл қалыпты тәжірибе деп ойлап келдім. Бірақ жоқ, бұл қалыпты тәжірибе емес», – деп мойындайды Дубовицкий.

Александр Трухачев. Фото Facebook-тегі жеке парақшасынан

Александр Трухачев КТК-ның редакциялық саясаты бар екенін жасырмайды: «Біз қарастырмайтын тақырыптар бар: біздің көздеген аудиториямызға қызық емес зеріктірерлік тақырыптар. Бірақ оны мемлекеттік телеарналар бізсіз де көрсетеді».‎

Спикердің айтуынша, редакциялық саясат дегеніміз – ұжымдық өздік цензура. Бірде ол Франциядағы әріптестерімен өздік цензура туралы әңгімелесіп, ондағы компаниялар өз акционерлерін сынай ала ма деп сұрағанда, олар: «Жоқ» деп жауап берді. Ал «бұл өздік цензура емес пе?» деген сұраққа олар «жоқ» деп қайталап, «бұл редакцияның саясаты» деп түсіндірді.

«Нарық осылай жұмыс істейді», – деп түсіндіреді Александр Трухачев. – Әр БАҚ-тың қаржы көздері бар: олигархиялық топтар, үкіметтік құрылымдар және т.б. Кез келген БАҚ-та қаржыландыру көзіне қатысты белгілі бір деңгейде өздік цензура болады. Журналист жалақы төлейтін адамды сынай алмайды».

Дмитрий Дубовицкий автордың жеке өздік цензурасы қайда бітіп, «редакция саясаты» қайда басталатынын білмейтінін мойындайды.

«Бұл жерде көптеген нәзік дүние бар», – деп мойындайды Дмитрий. – «Біз Жаңаөзендегі наразылық акциясын жарияламаймыз» – редакцияның саясаты осындай. «Біз мұнайшылардың, мемлекеттің және «Қазмұнайгаздың» ұстанымын көрсетеміз»‎ – бұл қалыпты журналистік әдіс. «Біз тек мұнайшыларды ғана көрсетеміз, өйткені шындық олардың жағында» – бұл активизм қоспасы бар өздік цензура».

Дубовицкий Юрий Дудьке YouTube жұлдызы болмай тұрып, Sports.ru сайтының бас редакторы болған кезде осындай сұрақ қойғанын айтты. Дмитрий Sports.ru сайтында кей тақырыптарда бұрмалаулар бар екенін байқаған. Мысалы, екі футбол жаттықтырушысы арасындағы жанжал кезінде бір жақ үшін бес материал, ал екінші жаққа қатысты бір ғана материал шығуы мүмкін.

«Юр, неге бұлай? Бұл объектив емес қой» дегенде, Дудь маған: «Иә, кейде біз тым субъективпіз, бірақ біз жалықтырмаймыз», – деп жауап берді деп еске алды Дубовицкий.

Өздік цензурамен күресу керек пе?

Александр Трухачев өздік цензурамен күресудің қажеті жоқ екенін айтады: «Егер бұл адекват және сау өздік цензура болса, онда бұл қажет және пайдалы нәрсе».

Дмитрий Дубовицкий «зиян келтірме» қағидасы бойынша жұмыс істейді.

«Өткен жылы мен Қазақстандағы орыс тілінің болашағы туралы бірнеше сұхбатты көміп тастадым немесе кейінге қалдырдым. Онда саяси, идеологиялық сұрақтар, қазақ тілінің мәселесі, бірыңғай реестрлердің жоқтығы, әдістемелік базаның әлсіздігі және т.б. көтерілді. Неліктен кейінге қалдырдым? Біз азапты контексті бастан кешіріп жатырмыз –  Ресей мен Украина арасындағы соғыс және ұлт құру үдерісінің катализі, аудитория көп нәрсені тым эмоционал қабылдайды», – деп түсіндірді Дубовицкий.

Тамара Еслямова өздік цензурамен күнде күресетінін айтады: ол да, «Уральская неделя» газетінің журналистері де қорқынышсыз тумаған – бұл аномальды нәрсе болар еді.

Еслямова: «Мен үнемі өзіммен ішкі диалог жүргіземін. – Менің жағдайымда кәсіби әңгіме қорқынышты жеңеді. Бірақ бұл қиын, сондықтан мен өздік цензурасы жеңген ешкімді айыптай алмаймын».

Ол өздік цензура жоқтығының да құны бар екенін айтады: «Қысымның барлық түрлері, әділетсіз заңсыз сот шешімдері, ауыр айыппұлдар, журналистерге жала жабу және шабуыл жасау – Уральская неделяда» түрі болды. Қолдан келгеннің бәрі, биліктің қолындағы барлық құралдар қолданылды».‎

Өздік цензураны жеңу үшін, оған қарсы күреске екі тарап та қатысуы керек – журналистер де, билік те, – дейді Тамара Еслямова.

«Біздің билік бәрін реттеуге тырысады – олардың тарапынан сенімсіздік пен әртүрлі шектеулер бар. Олар БАҚ туралы заңды шимай етуді доғарып, журналистикаға биліктің тәуелсіз төртінші тармағы ретінде қоғамда алатын орнын беруі керек. Ал оған дейін бұл еркін емес кеңістік. Онда не пайда болуы мүмкін? – дейді журналист. – Тек қорқыныш. Қазір саяси режим үшін еркін баспасөзден қорқынышты ештеңе жоқ деген түсінік бар».

 Негізгі сурет: Freepik


Бұл жарияланымды Еуропалық Одақ қаржыландырады. Оның мазмұнына тек IWPR жауапты және ол міндетті түрде Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: