Медиада тәңіршілдікті кейде дін, кейде көшпенділердің философиясы деп атайды. Тәңір құдайларының саны да «таңдаулы компонент», олар мақала сайын өзгеріп отырады. Қазіргі тәңіршілдер кімдер, неге сенеді және олар далалық ата-бабаларынан несімен ерекшеленетіні туралы CABAR.asia материалында.
Мекен данышпаны
«Біз нағыз тәңіршілдік қандай болғанын білмей өтуіміз мүмкін, [өйткені] біз тәңіршілдік деп атауға болатын нәрсенің бастапқы негіздерімен ғана айналысып жүрміз», – деп қазақ философы және жазушысы Әуезхан Қодар көшпелілердің дәстүрлі наным-сенімінің неліктен бірнеше анықтамалары бар екенін түсіндірді.
Ол көшпелілердің космологиялық екенін жазған: олар өздерін ғаламнан бөлген жоқ, Тәңір де (жоғарғы құдай) олардың өздері сияқты оның бір бөлігі болды. Құдай оларға дүниенің пайда болуын түсіндіру үшін емес, иерархиялық тәртіпті сақтайтын құдіретті күш ретінде қажет болды.
«Көшпелілердің Құдайға алақан жаю қажеттілігі тұрақты емес, ол белгілі бір мәселелерде не белгілі бір тапсырмалар шешуде туындайды. Сондықтан көшпелі қауымда бір культ болуы мүмкін емес, бір тайпада бір тәңір, басқасында екінші тәңір басымдыққа ие болуы мүмкін», – деп түсіндірген Әуезхан Қодар.
Ол көшпелілер өз мәселелерін шешу үшін тікелей Тәңірге емес, белгілі бір аймақтың рухына жүгіне алған деп есептеген. Сонымен қатар, көшпелілер аруақтарға – ата-бабаларының рухтарына сенген. Аруақ қолдауы үшін дұға қажет емес, олардың рухына табыну жеткілікті болды. Басқаша айтқанда, «тәңіршілдіктің басты ерекшелігі – діни қызметкерлердің арнайы тобының жоқтығы және оның жергілікті жердің ерекшелігінсіз жүре алмайтындығы».
Бұл «жергілікті ерекшеліктерді» тәңіртанушы, Kaganica түркі руникалық жазу орталығының директоры Ерлан Еспенбетов пен тарихшы, қоғам қайраткері, тәңіршілдікті зерттеуші Нұрқожа Ерсайын тұратын Алматының өзінен-ақ байқауға болады.
Ата-баба рухтары
Ерлан Еспенбетов түрік деп Якутиядан Түркияға дейінгі ұланғайыр аумақта тұратын халықты атағанын айтады. Осы аумақтың басым бөлігін алып жатқан Түрік қағанаты тұсында тәңіршілдік мемлекеттік идеология болды, ал түріктер автоматты түрде тәңіршілдікті ұстанушыларға айналды деуге болады.
Еспенбетов бұл дүниетанымның мәні адам табиғатты қастерлеп, ата-бабаны құрметтей отырып дамып, шешім қабылдауында дейді. Ру алдындағы жауапкершілік моральдық нұсқаулардың негізінде жатыр: тәңіршілдерде жұмақ пен тозақ жоқ, бірақ олар ата-бабаларын ашуландырып, жетінші ұрпағына дейін қарғысқа ұшыраудан қорқады.
Нұрқожа Ерсайын тәңіршілдік тас дәуірінде пайда болып, көшпелілердің дініне айналды деп есептейді.
«Тәңіршілдікте бір ғана құдай бар және ол, шын мәнінде, табиғат», – дейді Ерсайын. – Бұл абсолют, бұл бүкіл ғалам – онда физиканың, карманың және т.б. барлық заңдары бар».
Ыбырайымдық діндерде Құдайдың бұзуға болатын заңдары бар. «Тәңіршілдікте ешбір заңды бұзуға болмайды, өйткені Құдайдың заңдары шамамен: «Алманы лақтырсаң, жерге түседі», – дегенге саяды дейді Ерсайын. – Егер өлтіру және соған ұқсас нәрселер туралы айтсақ, бұл жағдайда ғалам заңы деп саналатын нәрсе жұмыс істейді: егер жамандық жасасаңыз, ол сізге оралады. Сізге болмаса, ұрпағыңызға».
Алмастыру мәдениеті
Ерлан Еспенбетовтың пікірінше, Қазақстан ұзақ уақыт коммунистік елдің құрамында болғандықтан, тәңіршілдік туралы мәлімет аз. Бірақ ауылдарда дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған. Бүгінде қазақтардың көбі тәңіршілдік ұстанатынын аңғара бермейді. Мысалы үйді адыраспанмен аластайды («гармаланың» жергілікті атауы. Тұтатқан өсімдіктің түтіні зұлым рухтарды үркітіп, сәттілік әкеледі деп саналады – ред.) немесе тұмар (ішінде Құран жазбасы бар былғарыдан немесе күмістен жасалған үшбұрышты «қапшық» формалы қазақтың ұлттық тұмары – ред.) тағып жүреді.
Нұрқожа Ерсайынның айтуынша, ислам дінінің ықпалы, қазіргі тәңіршілдік пен көшпелілердің наным-сенімдерінің арасындағы негізгі айырмашылықтың бірі.
«Қазақтардың ешкімге табынбағанын көптеген құжаттар айғақтайды, бірақ сондай-ақ олардың билеушілері басқа мұсылман билеушілеріне хат жазғанда: «Біз мұсылманбыз, бауырлармыз» деген сияқты сөздер айтқан. Билеушілер ислам ұстанған, бірақ халық арасында ислам қазіргідей күшті емес еді. Қазір Қазақстанда исламның белең алу кезеңі – Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ол ұлттық болмыстың бір бөлігіне айналды», – дейді тарихшы.
Бірақ қазір исламнан медеу іздеп кеткендердің көңілі қалды – дейді Нұрқожа Ерсайын, өзінше бас тарту мәдениеті өрбіді:
«Кей адамдар үшін ислам терроризмнің және басқаларға өз көзқарасын таңып жүрген мұсылмандардың кесірінен теріс образға ие болды. Сол Нұртас Адамбай (ислам дінін ұстанатын қазақстандық актер, «Базз Лайтер» мультфильмінен ЛГБТ насихатын байқап, оған тыйым салдыруға қол жеткізген, – ред.) мультфильмдерге тыйым салып, өзін өте ақымақ етіп көрсетіп жүр. Мен мұндай ислам әлемінің бөлігі болғысы келмейтін жастарды білемін. Бірақ оларға атеист болу қиын».
Сондықтан қазір мантралар, чакрамен тыныс алу сияқты жаттығулар өзін белгілі бір ұлтпен сәйкестендіру аса маңызды емес адамдар арасында танымал. «Тәңіршілдік қазақ болып қалғысы келетіндерге (өздерін қазақтармен теңдестіру – ред.) өте жақсы сәйкес келеді: «Мен жаман адам емеспін, атеист немесе адасушы емеспін, мен ата-бабаларым сенгенге сенемін». Бұл да ұлттық бірегейлікті қолдайды, – дейді Ерсайын.
Қатаң иерархиясыз
Тәңіршілдікке негізінен бұрынғы мұсылмандар келетіндіктен, бәріне исламның призмасы арқылы қарап, исламдық ұғымдардың теңдестігін тәңіршілдіктен іздеп, ол исламмен келді ме, әлде одан бұрын болған ба деп дауласады, – дейді Нұрқожа Ерсайын.
Діннің нақты құрылымы мен ережелері бар екеніне үйреніп қалған басқа ибраһимдік діндерді ұстанушылар тәңіршілдіктен де соны табуға тырысады. Бірақ тәңіршілдікте ол жоқ.
«Бұрын бәрі қарапайым еді: Тәңір (аспан құдайы – ред.) бар, ол барлық жерде және бәрі оның заңдары бойынша тіршілік етеді. Қазір Ұмай (құнар құдайы – ред.) бар, Ерлік (өлілер патшалығының билеушісі – ред.) және тағы басқа неше түрлі құдайлар бар. Бұл құдайлар Тибеттен, Қытайдан, басқа жерлерден келген. Оларды біреу мойындайды, біреу мойындамайды», – дейді Нұрқожа Ерсайын.
Тәңіршілдіктің урбанизациясы
Қаладағы өмір де ізін қалдырады. Мыңдаған жылдар бұрын Нартуған қысқы күн тоқырау мейрамында тәңіршілдер ең ұзақ түннен кейін туған жаңа күнді құрметпен қарсы алу үшін далаға жиналған.
«Қазір біреулер жапан далаға барады, біреулер от жағып жүр, бірақ көбіне мейрамханаға жиналып ішеді», – дейді бақылаған Нұрқожа.
Ол сондай-ақ тәңіршілдік өмір салтынан гөрі субмәдениетке немесе косплейшілердің фан-клубына айналғанын байқаған: «Бұл сондай парадокс: бастапқыда даланың сенімі болған тәңіршілдік қазір қалаларда қайта жандануда».
Тағы бір парадокс, тәңіршілдік халықтық діннен зиялы қауымның дініне айналды. Ерлан Еспенбетов Қазақстанның тәңіршілдік қоғамында ғалымдар, музыканттар, суретшілер, ұстаздар мен кәсіпкерлер көп екенін айтады. Олар көбіне бірнеше тіл біледі және бірнеше жоғары білімі бар. Олар басқа нанымдар мен мәдениетті қабылдайды әрі құрметтейді, бірақ оларға таңғанды ұнатпайды.
«Біз дәстүрлі әдет-ғұрыптарды сақтауға тырысамыз. Қазіргі заманды назардан тыс қалдырмаймыз, бірақ тек тәңіршілдікке зиян келтірмейтінді ғана аламыз, – дейді Еспенбетов. – Мен білетін тәңіршілдер лауазымына қарамай, ар-ұжданына сай қарапайым өмір сүреді. Олар түрмеден қорыққаны үшін емес, ата-бабасының ашуын келтірмеу үшін пара алмайды».
Бұл жерде жүз гүл гүлдейді
«Қазіргі тәңіршілдіктің ағымдары көп, – дейді Нұрқожа Ерсайын.Тәңіршілдікте Рим папасы немесе имам сияқты біртұтас тұлғаның жоқтығынан ұзақ уақыт бойы тәңіршілдікпен айналысатындар өздері үшін сенімнің «дұрыс» нұсқасына келіп, пікірлестер жинайды».
«Тек Алматыда мұндай 3-4 топ бар. Олар бөлек-бөлек жиналады, оларды жиналыстардың орыс тілінде өтуі ғана біріктіреді».
Тарихшының пікірінше, Қазақстандағы тәңіршілдердің жалпы саны ел халқының 2 пайызынан аспайды (немесе қазір Қазақстанда ресми түрде 19,7 миллион азамат бар екенін ескерсек, 395 мыңға жуық). Оның айтуынша, олардың 90 пайыздан астамы Алматы қаласында тұрады. Ерлан Еспенбетов басқа сандарды келтіреді: еліміздегі тәңіршілдердің ресми саны 58 мыңға жуық (Ұлттық статистика бюросы тәңіршілдер туралы мәлімет бермейді – ред.), бейресми – миллионнан астам. Сандардағы бұл сәйкессіздіктің себебі, өзін тәңіршіл санайтындардың бәрі бұл туралы ашық айтуға дайын емес.
«Тәңіршілдердің көпшілігі беймәлім. Олар жасырынып жүр, себебі бұл қауіпті болуы мүмкін: қазір мешіттерде тәңіршілер адасқан деген антинасихат жұмыстар белсенді жүріп жатыр, бірақ олар бес жыл бұрын бұл туралы ештеңе білмеген. Тәңіршілдердің көбі жастар. Ал олар бұл туралы мұсылман ата-аналарына айтудан қорқады. Қалыптасқан қазақи ортада: «Мен – тәңіршілмін» десең, бірден ақыл айту бастап, саған деген көзқарас өзгеруі мүмкін», – дейді Нұрқожа Ерсайын.
Дегенмен, оның айтуынша, кей ұстанушылар тәңіршілдіктің мемлекеттік дін болғанын қалайды. Екінші топ бұлай болғанын қаламайды, өйткені дала философиясы дала философиясы болып қалуы керек.