© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Жаңа медиа Қазақстандағы билікке қалай әсер етіп жүр?

Біз жай ғана хабарлап қоймаймыз – Қазақстандағы жаңа медианың жұмыс істеу принципін осылай сипаттауға болады. Олар қоғам мен билік арасында байланыс орнатуға тырысып, шенеуніктер өз міндеттеріне көзқарасын қайта қарауы үшін атсалысып жүр. Бұл олардың қолынан келіп жатыр.

Шенеуніктерді қайта оқыту

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер белсенді түрде шағын медиалар пайда болып жатқан құнарлы ортаға айнала бастады. Олардың контент жасайтын тобы ғана шағын. Алайда олар әлеуметке әсер ету жағынан мемлекет ақшасына күн көретін немесе тұрақты түрде мемлекеттік БАҚ-тың идеологиялық ізімен жүретін БАҚ-тан ықпалдырақ.

Мысалы, бюджет шығыстары туралы ProTenge паблигі үкіметті  мемлекеттік органдар қымбат тәркіленген мүлікті тегін алатын әділетсіз ережені өзгертуге мәжбүр етті. Енді лакшери-көліктер, сағаттар, сөмкелер мен басқа да дүниелер аукциондарда сатылып, одан түскен қаржы мемлекет қазынасына түседі.

«Біз оқырмандарымыздың қолдауы және Қаржы министрлігімен диалог арқылы құқықтық базадағы тегін лексустарға прокурорлық және соттық сүйіспеншілікті шектейтін және ел бюджетін толықтыратын іргетастың бір тесігін түзете алдық», – деп жазды бұл туралы ProTenge негізін қалаушысы Жәмилә Маричева.

Facebook желісіндегі жазбалардың арқасында журналист әрі YouTube-тегі «Гиперборей» арнасының авторы Вадим Борейко Көкжайлауда тау шаңғысы курортын салуға қарсылық білдірген эко-белсенділердің билікпен пікірталасын эмоцияға емес, фактілерге аудара алды. Нәтижесінде құрылыс тоқтатылды.

«Обожаю!» YouTube арнасының авторы Асхат Ниязов әкімдерге табанды түрде қарапайым халық қоюға қорқатын сұрақтар қоюымен танымал. Осылайша, журналист Шығыс Қазақстан облысын (ШҚО) тоғыз жыл тұрақты басқарған Даниал Ахметовпен сұхбатқа бір жылдан астам уақыт келісіп бақты. Сұхбат болды, ал шенеунік жақсы жағынан көрінген жоқ. Видео миллиондаған қаралымға ие болып, президент Ахметовты көп ұзамай қызметінен босатты.

Скриншотта: Асхат Ниязов (оң жақта) пен Даниал Ахметовтың сұхбаты (сол жақта)

Сырттай қарағанда журналистердің жұмысы мен болып жатқан қоғамдық-саяси оқиғалар арасындағы себеп-салдар байланысы айқын көрінгенімен, журналистердің өзі ықпалын бағалауға сақтық танытады.

Асхат Ниязов Даниал Ахметовтың жұмыстан босатылуы бірнеше факторлардың әсерінен болғанын айтады. Олардың арасында 2023 жылдың жазында болған өрт те бар. Одан 70 мың гектарға жуық орман өртеніп, 14 адам қаза тапқан. Даниал Ахметов облыс 2022 жылы Шығыс Қазақстан және Абай болып бөлінгенге дейін әкім болған.

Скриншотта: Асхат Ниязов

«Онда сегіз жыл бойы болған оқиғаның барлығы оның жауапкершілігі», – дейді Ниязов. – Содан кейін резонанс тудырған сұхбатым шықты. Оның үстіне оның [әкім ретіндегі] мерзімі аяқталып қалған. Маған оның мерзімін тағы бір жылға ұзарту керек болғандықтан ғана сұхбат беруге келіскенін айтты. Мұның шынымен қалай болғаны маған да қызық».

«Мен тарихтағы рөлімді асырып айтудан аулақпын, ешқашан кеудемді «Міне, тақырыпты мен көтердім!» деп жыртпаймын: – дейді Вадим Борейко. – Мәселе менің арнамда қозғалып, кейін жоғары жақтан шешім тапқан сәттерді мен хронологиялық сәйкестіктер деп атаймын. Мені Ақордада (Қазақстан Президентінің резиденциясы – Ред.) қарайтындарына көпке дейін сенгім келмеді. Бірақ бәрі мені бұған сендіруге тырысты. Ақырында мұны сонда жұмыс істейтін адамдар растады».

Медианы ескеру

Медиа сыншы Сергей Ким де жаңа медианы үкіметте бақылайтынын айтады. Ол жарқын мысал ретінде журналист Михаил Козачков жүргізетін Kozachkov offside арнасының арқасында ашылған қылмыстық істер мен «Обожаю!» жаңа айдары – министрлермен сұхбатын айтады.

Сергей Ким. Фото жеке мұрағаттан

«Министрлердің байланысқа түсуі арнаның ықпалын көрсетеді», – дейді Сергей Ким. – Иә, бұл олардың өздерін жарнамалаудың бір жолы шығар. Бірақ егер ресурстың ықпалы болмаса, олар пиар жасар ма еді?»

ProTenge видеоконтент редакторы Юлия Панкратова медианың күші біріксе күшейетініне сенімді. Бүгін кей журналистер пост жазады, ертең басқалары министрге осы тақырыпта ыңғайсыз сұрақ қояды, арғы күні сұрау жібереді, тағы біреулер дерекқордан деректерді шығарады. Осылайша, тақырып кең ауқым алады, яғни өзгеріс ықтималы жоғарылайды.

Бірақ Ким билікке жаһандық ықпал ету қиын екенін айтып, оны былай түсіндіреді: «Шенеуніктерге себеп-салдар байланысын көрсету тиімді емес: «Сіз біз туралы жаздыңыз, біз түзеттік». Олар мұны әдетке айналдырғысы келмейді. Сондықтан біз нақты біле алмаймыз. Бірақ менің ойымша, жоғарыда көптеген шешімдер реакцияға, соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын да ескере отырып қабылданады».

Асхат Ниязовтың айтуынша, мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы билік ыңғайсыз сұрақтар қоятын жаңа медианы қадағалай бастады, өйткені оларға ықпал ете алмайды, мемлекеттік БАҚ сияқты бірдеңені жариялауға тыйым сала алмайды.

Халыққа жақынырақ

Юлия Панкратованың ойынша, әлеуметтік процестерге әсер көбейгені жаңа медианың адам тілінде сөйлейтіндігінен.

Юлия Панкратова. Фото жеке мұрағаттан

«Біздің көптеген әріптесіміз шағын БАҚ құруға көшті, өйткені мұнда өзіңе ғана бағынасың, бірақ бұл үлкен жауапкершілік те. Бас редактордың емес, халықтың алдында жауаптысың. Сондықтан саған сенсін, келіп, сені оқысын десең, беделің өте маңызды», – дейді Панкратова.

Сергей Ким жаңа БАҚ-тардың ықпалдылығының тағы бір себебін атайды: олар әу бастан бәсекелестік алаңда болады. Түсініксіз мәселелер туралы жазса, адамдар оқымай қояды, сөйтіп олар ә дегенше жоқ боп кетеді — жүйелік БАҚ-тарда ондай жоқ.

«Мемлекеттік және билік тізгінін ұстаған БАҚ-тар мәселелерді бар күйінде көрсетпейді — олар бұған мүдделі емес. Иә, 2023 жылғы «Хабар» (басты мемлекеттік арна – ред. ескертпесі) 2010 жылғыдай емес — қазір онда да белгілі бір деңгейде сын айтылады».

Алайда Сергей Ким атап өткендей, шындықты суреттеу қабілеті мемлекеттік БАҚ пен мемлекеттен тәуелсіз адамда екі бөлек болады.

«Сіздің бар-жоғыңыз ақшалай бюджетке тіреліп тұрғанда, тігісін жатқызып, үкіметті жаманатқа қалдырмауды ойлауыңыз мүмкін. Жоғарыдан тікелей нұсқаулар болмаған күнде де, бізде өзін-өзі цензуралау белең алған», – деп түсіндіреді Ким.

Сондықтан да болар, Вадим Борейко да, басқалар да жүйелік БАҚ-тардан «хайп» материалдар таппайды. Ол жерде, журналистің айтуынша, даудан бөлек, қарапайым талдау да тапшы. Оның пайымдауынша, барлық жүйелік БАҚ – ресми болсын, адал болсын – ақпараттық БАҚ-қа айналған. Олар сұрақ қоймайды — олар жай ғана ақпаратты ұсынып, тоқтап қалады.

«Сұрақ қоймайтын бұл қандай журналист? Микромедиа биліктің де, қоғамның да нәзік салаларын суыртпақтап, сұрайды. Мен қазір өз арнамда жұмыс істеп жатқанда еркіндіктің шекті дәрежесіне жеттім. Мен өзіме, спикерлеріме, көрермендеріме және билік органдарына сұрақ қойғанда, толықтай еркінмін. Жұмысымда «қызыл сызық» мүлде жоқ дегенім емес. Бірақ мен оларды өзім қоямын. Менің ойымша, еркіндік деген — саған біреу рұқсат бергені емес, өзіңе бір нәрсеге тыйым салғаның», – дейді Борейко.

Скриншотта: Вадим Борейко

Мұндай еркіндіктің нәтижесі анық: ProTenge де, Гиперборей де көтерген тақырыптарының нәзіктігіне қарамастан, ешкім материалды алып таста деп талап етіп хабарласқан емес. «Обожаю!» жобасына да ешкім қоңырау шалған жоқ. Бұл жоба алғашында «Хабар» арнасының «Әкімдер» бағдарламасы форматында болған, ал онда шенеуніктер үнемі сондай өтінішпен хабарласатын. Ниязовтың пікірінше, YouTube-тен айырмасы – теленұсқада боғауызды жою керек болғаны және облыс әкімдерін түсіруге тыйым салынғаны.

Қоршаған ортаға әсері

Жаңа медианың пайда болуымен бірге келген оң өзгерістерге оқырмандар мен көрермендердің «тәрбиесін» қосуға болады. Вадим Борейко уақыт өте келе оның мәселелері бойынша ең агрессив комментаторлар да жұмсарып, басқа көзқарастарды сабырлы түрде қабылдай бастағанын айтады. Асхат Ниязов өңірлерде оның жобасын көшіріп алып, шенеуніктерге сұрақ қойып TikTok түсіріп жүргендерге риза болып отыр.

ProTenge тіпті мемлекеттік тапсырыстармен жұмыс істеу, шенеуніктермен сөйлесу, оларға өтініш жазу және бұны этикалық тұрғыдан баяндау курсын ашты. Оқудан өткен 70-тен астам адамның басым бөлігі – қазірдің өзінде ықпалды жобаларды жүзеге асырып жатқан қарапайым қазақстандықтар. Мәселен, Алматы тұрғыны өз қаласының әкімі Ерболат Досаевтан Ресейдің «Wildberries» компаниясымен (ертеректе компания Қазақстан нарығында ерекше артықшылықтар талап еткен еді) меморандум қандай шарттар негізінде жасалғанын айтсын деп талап етіп жүр. Ал Ақтөбе тұрғыны телеграм-арна ашып, онда қаладағы ақшаның не үшін жұмсалатынын егжей-тегжейлі баяндайды.

Медиа-сыншы Сергей Ким тағы бір өзгеріске назар аударады: жаңа медианың арқасында журналистика батылдана түсті – осыдан 5-10 жыл бұрын Қазақстан шындығын сыни тұрғыдан саралайтын мұнша көп материалды елестету мүмкін емес еді.

«Журналистер үнемі шекараны кеңейтуге тырысады. Мемлекеттің мүддесі, керісінше, — біз артық сұрақ қоймас үшін бәрін тарылту», – деп түсіндіреді медиа-сыншы. – Бұл үздіксіз күрес жақсы: тарихтан білетініміздей, тоқырау әрқашан жаман нәрсеге әкеледі. Дәстүрлі медианың жаңа медиа сияқты жұмыс істей қоюы екіталай. Бірақ олардың (дәстүрлі) батыл бола түскенін, ал жаңа медианың пішіні жағынан кәсібилене түскенін жоққа шығаруға болмайды. Бұл екіжақты пайда көру».


Бұл жарияланымды Еуропалық Одақ қаржыландырады. Оның мазмұнына тек IWPR жауапты және ол міндетті түрде Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: