“Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық”. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде осылай деді. Бұл сөздер бағытталды және елдің әлеуметтік-экономикалық өмірі маңызы бар ма?
2024 жылғы 15 наурызда Қазақстанның батыс өңіріндегі Атырау қаласында Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы өтті. Онда Тоқаев, арасында діни мәселелерді де көтере отырып, бірқатар идеологиялық мәлімдемелер жасады. Ол Қазақстанда «қара киініп, тұмшаланып» жүретін адамдардың көбейіп келе жатқанына назар аударды.
«Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіре-діншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек», деп мәлімдеді президент.
Бұл емеурін кімге бағытталды?
Мұндай сөздердің Президенттің аузынан шығуында таңқаларлық ештеңе жоқ, дейді дінтанушы Аян Орынтай.
“Ұлттық құрылтай – идеологиялық және гуманитарлық сипаттағы мәселелерді талқылау үшін құрылған алаң, сондықтан онда ерте ме, кеш пе діни тұрғыдағы тақырыптар қозғалатын болады”, – деп түсіндірді сарапшы.
Ол биылғы Құрылтай Қазақстандағы діндар адамдар көптеп қоныстанған облыстардың бірі – Атырауда өткізілгенін еске алды. Сонымен қатар, құрылтай мұсылмандар үшін қасиетті – Рамазан айының басында өтті. Бұл да діни мәселенің өзекті болуына ықпал етуі мүмкін.
“Дінге қатысты тезистердің айтылуына тұрмыстық зорлық – зомбылықтың күрделі проблемаға айналуы және халық арасында мұндай зорлық-зомбылықты діни құндылықтар арқылы ақтап алатындардың пайда болуы ықпал етті”, – дейді Орынтай.
Оның пікірінше, Тоқаевтың сөзі бірінші кезекте, арасында ислам дінінің мүддесіне қызмет етуге дайын мемлекеттік қызметкерлер де кездесетін, әсіредіншіл тұрғындарға бағытталған.
Тоқаев қазақстандық қоғамға ғана емес, шет елдерге де белгілі бір емеурін білдірді. Социолог Есет Есенғараев осыған сенімді.
“Бұл Қазақстанда қазір діни көңіл-күйдің, оның ішінде теріс көңіл-күйдің күшеюімен байланысты. Бұл күй билікке де, қоғамға да қажет емес. Тоқаев осы сөздерімен еліміздің ұстанымы қандай екенін айқындап берді. Бұл сөздер шет елдерге бағытталды, олар фундаментализмге қарсы күрес жалғасатынын түсінуі керек. Бәлкім бұл еліміздегі исламдық көңіл-күй мен оның элитаға жататын белгілі топтарға ықпалының артып келе жатқанына алаңдайтын Қытайға жасалған емеурін болуы мүмкін”, – деп болжайды Есенғараев.
“САНДЖ” зерттеу орталығының жетекшісі Жанар Жандосованың пайымынша, діни сенім манипуляция құралына айналып, әлеуметтік желі арқылы насихаттала бастады, ал зайырлы қоғам ақпараттық соғыста блогерлерге есесін жіберіп алды.
“Тәуелсіздіктің 30 жылында халық өз бетімен шешім қабылдау еркінен айырылды. 90-шы жылдары елімізде жігіттер араб елдеріне оқуға аттана бастады. Енді біз осы білімнің жемісін көріп отырмыз: қазір ақыл тоқтатпаған жандарға ықпал ететін өз көшбасшылары бар діни топтар пайда болды”, – дейді Жандосова.
Не өзгереді?
Есет Есенғараев Мемлекет басшысы жария еткен бұл ұстаным “діни экстремизм қызуын салқындататынына” күмәнмен қарайды.
“Осы ағымдарды таратқысы және орнықтырғысы келетіндер қандай қатаң ескерту жасалса да, оған пысқырмайды”, – деп түсіндірді ол өз күмәнін.
Аян Орынтай осы мәлімдемеден кейін Қазақстанның мемлекеттік-конфессиялық саясатында күрт өзгерістер болады деп ойламайды. Бірақ елдің саяси өміріне діни фактор ықпалының алдын алу мақсатында қоғамның исламдануына қарсы күш ретінде мемлекеттің зайырлы сипатын нығайту бағытында шаралар қабылданатын болады.
Алайда, Орынтайдың пікірінше, сарапшылар қауымдастығы, оның ішінде академиялық орта да, ешқандай саяси және басқа да жағдайлардың ықпалынсыз-ақ, толық жауапкершілік ала отырып, ғылыми әдістер мен теорияларды қолданып, “зайырлылық” пен “секуляризм” деген не екені зерттей бастауы керек.
“Қазіргі заманда қандай мемлекеттік модельдер бар, олар ар-ождан, сөз және дін бостандығымен қалай ұштасады? Жергілікті контекст пен халықаралық стандарттарды қалай дұрыс ескеру керек? Мемлекеттің зайырлы немесе өзге сипатына қарамастан адам құқықтарының қандай негізгі принциптері мызғымас қалпында қалуы керек? Осы сұрақтардың барлығына сарапшылар жауап беріп, заң шығарушылар мен басқа да шешім қабылдаушы тұлғаларға арналған нұсқалар ұсынуы тиіс”, – дейді Аян Орынтай.
Жанар Жандосова қазір Қазақстанда, әсіресе денсаулық сақтау саласына араласпау тұрғысынан дінді мемлекеттен бөлуді талап ету қажет екеніне сенімді. Бұл ретте мемлекеттік қызметшілер діндарлармен қарым-қатынас қандай болуы керек екенін көрсетіп, басқа адамдарға үлгі бола білуі тиіс.
“Мектеп меңгерушісі оқушының орамалын күшпен жұлып алу сияқты оқиға болмауы тиіс”, – дейді Жандосова.
PACE Analytics талдау компаниясының директоры Асқар Исмаилов ұлттық құрылтайдағы мәлімдеме Қазақстан дамытуды жоспарлап отырған газ жобаларына теріс ықпал әсер етуі мүмкін деген қауіп білдірді.
“Газ жобалары қазақстандық мұнай және газ кен орындарын игеріп жатқан батыс компанияларына да, Елбасы (Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген арнайы атағы – редакция) заманынан бері Қазақстанда ГӨЗ (газ өңдеу зауыты) құрылысын салуға кедергі болып келе жатқан Ресейге де қызық емес екені белгілі. Тіпті тек Жаңажол ГӨЗ-і болмаса, қытайлық инвесторлар да бұл жобаларға инвестиция салуға құлықсыз”, – деп атап өтті Исмаилов.
Қазақстан газ жобаларына Қатардан ғана инвесторлар таба алды.
“Алайда, Ұлттық құрылтайда хиджабқа қатысты айтылған сөздер Қатардың Қазақстанға инвестиция салу ниетін құрдымға жіберуі мүмкін, – деп пайымдады Исмаилов және мұны былай түсіндірді: – Қатар үшін хиджаб – бұл діни ұйғарым ғана емес, ұлттық киім. Қатарлықтар оған қазақтардың шапан мен сәукелені әспеттейтіні сияқты құрметпен қарайды. Хиджабты “орта ғасырдағы мінез – құлық үлгісі” деп атау олар идеалдарына тіл тигізу деген сөз. Қатар билеушілерінің құлағына бұл сөздер осындай пиғылда жеткізіледі”.
Құрылтайдан бес күн өткен соң, 20 наурызда Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов Қатарға жұмыс сапарымен барды. Бектенов сол кезде: «Біз бұрын-соңды болмаған қомақты сома $17,6 млрд-ты құрайтын ауқымды және стратегиялық маңызды инвестициялық жобаларды іске асыру алдында тұрмыз», – деді. Бұл жобалардың арасында 5,7 млрд долларға газ өңдеу зауыттарын салу да бар. Сұрқай болжамдар орындалмаған сыңайлы.
Негізгі фото: Akorda.kz