Қазақстан шариғат заңымен өмір сүруі керек – бұл қазақстандық белгілі актер әрі режиссер Нұртас Адамбайдың пікірі. Бұл мәлімдемені қоғамда қалай бағалайды?
«Келинка Сабина» комедиясының кейіпкері актер әрі режиссер Нұртас Адамбайды (Сәбинаны өзі ойнаған) Қазақстанда ғана емес, одан тысқары жерлерде де танымал етті. Алайда Адамбай Сәбинаның келін орамалын мұсылман бас киіміне ауыстырды. Онымен ол Instagram, YouTube және Facebook желілерінде барлығы 1 миллион 200 мыңнан астам жазылманы бар өз аудиториясының алдына шығады. Адамбай оларға ислам діні туралы айтып, әлеуметтік желілер арқылы діни көзқарас пен өмірді насихаттайды.
Қоғамдық тұлға ретінде Адамбайдың ықпалы зор. Мысалы 2022 жылы ол Instagram арқылы Қазақстан Президентінен үлкен экрандарға әлі шықпаған «Базз Лайтер» мультфильмін көрсетуге тыйым салуды сұраған. Екі әйел сүйісіп жатқан көрініс Нұртас Адамбайдың қытығына тиген. Қазақстанның Мәдениет министрлігі мультфильмді прокатқа шығаруға тыйым салды.
Жақында Нұртас Адамбай Forbes.kz берген сұхбатында Қазақстанның шариғат заңы бойынша өмір сүруі керек екенін айтты. Оның айтуынша, барша қазақстандықтардың исламды қабылдауы елді жемқорлықтан арылтып, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге де септігін тигізеді. «Елестетіп көріңізші, егер әр адам ислам қабылдап, соның ережелерімен өмір сүрсе, ел қалай өзгерер еді! Педофилдер де, жемқорлар да болмайды, өйткені адамдар күнәлары үшін оларды не күтіп тұрғанын біледі», – деп түсіндірді ол өз ұстанымын.
Саясаткерлер, саясаттанушылар, дінтанушылар мен басқа да мамандар бұл ұстанымды қалай бағалайтынын CABAR.asia тілшісі анықтады.
Ал Конституция ше?
Қоғам қайраткері, экс-сенатор Зәуреш Батталова: «Мұндай мәлімдемелерді деструктив әрі жол бергісіз деп санаймын. – Қазақстан шариғат бойынша өмір сүруі керек деген уәждердің барлығы еліміздің басты құжаты – Конституцияға қайшы келеді. Діни ағымдардың жекелеген өкілдерінің бастамаларын заңнамалық түрде мақұлдауға мүлдем жол берілмейді».
Құқық қорғаушы Анар Ибраева да Адамбайдың ұсынысы Конституцияға қайшы келетініне назар аударады: егер шоуменнің қисынымен жүрсек, оны өзгерту керек болады.
«Бұл жерде мәселе исламның басқа діндерден артықшылығы немесе сенушілердің сезімін қорлау туралы емес, актер еліміздің негізгі заңын күшпен немесе бейбіт жолмен өзгерткісі келе ме?» – дейді Ибраева.
Саясаттанушы Талғат Қалиев Қазақстанда шариғат заңын енгізу идеясы утопия екеніне сенімді. Қазақстандықтар ондаған жылдар бойы зайырлы мемлекет қағидаттарымен өмір сүруге дағдыланған, тіпті отаршылдыққа дейінгі кезеңде де билер институты («ақсақалдар институты» ұғымына жақын – ред.) болды, оның шариғатқа еш қатысы жоқ өз қисыны болды.
Моральдық көшбасшы ма, саяси ма?
Нұртас Адамбай қазіргі таңда саяси көшбасшы болмаса да, оның бұл салада саяси іске араласуға және табысқа жетуіне толық мүмкіндігі бар. Осы жағына Талғат Қалиев тоқталды. Бірақ ол саясатты діннен ажырату керек екеніне сенімді, өйткені дін саяси алаңға араласқан кезде сенім құралы болудан қалып, саяси ойындар мен манипуляция жасаудың элементіне айналады.
«Қазақстанда діни негізде саяси партиялар құруға тыйым салынған, сондықтан республикада ислам партиясының пайда болуы мүмкін емес, заң бойынша оны тіркемейді», – дейді Қалиев.
Татарстан Республикасы Ғылым академиясының ғылыми қызметкері, ислам ғұлама-теологы туралы «Әбу Ханифа: өмірі мен мұрасы» кітабының авторы Рустам Батров қазақстандық актер отандастарын ислам заңын ұстануға ізгі ниетпен шақырған деп есептейді.
«Осылайша ол қоғамдағы дәстүрлі имандылықты күшейтпек. Бұл біздің заманымызға қаншалықты сәйкес келетіні бөлек әңгіме», – дейді Рустам Батров.
Ол мәселені басқадан көреді: кей қызу адамдар Адамбайдың сөзін сөзбе-сөз қабылдауы мүмкін. Батров мысал ретінде классикалық ханафи (сунниттік исламдағы құқықтық мектептердің бірі – ред.) «Мұхтасар әл-Кудури» еңбегін келтіреді, онда мұсылмандар үшін «кәпірлермен соғысу, тіпті егер олар шабуыл жасамаса да, діни міндет (уәжіп)» делінген.
«Ал одан да беделді әл-Маргинанидің «әл-Хидая» ханафи еңбегі кәмелет жасқа толмаған қыздармен жыныстық қатынасқа рұқсат береді және исламның осы классигі бойынша қыздарды тіпті еркінен тыс та күйеуге беруге болады. Шариғат, соның ішінде ханафи, діннен шыққандарды (өзге ойлы) өлім жазасына кеседі, яғни адамдардың ар-ождан бостандығы құқығын мойындамайды. Адамбай осындай ислам заңдарына шақырып отыр ма? Әлде ол ханафи мәзһабының дәстүрлі ілімдерін жоққа шығарып, исламның басқа түсіндірмесін ұсынып отыр ма? – деп Батров сұрақ қояды.
Ол қоғамдық кеңістікте мұндай тақырыптарда мұқият сөйлеу керек екеніне сенімді. «Тақырыпты терең түсінбеген әдемі ұрандар кері әсерге әкелуі мүмкін, бөтелкеден нағыз қорқынышты әрі қауіпті жынды шығаруы мүмкін», – деп ескертеді Батров.
Зайырлы жақта
Дінтанушы, экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі сарапшы Юлия Денисенко зайырлы заңнаманы сақтауды жақтайды. Оның үстіне ол посткеңестік елдерде шариғат нормаларын енгізу жай айтқанда мерзімінен бұрын, тіпті діни соғысқа әкеледі деп санайды.
«Адамдар ислам туралы қарапайым нәрселерді білмесе, қандай шариғат болуы мүмкін? Көбісіне: қай мазһабқа (исламдағы құқық мектебі – Ред.) жатасыз?, – деп сұрасаңыз олар мазһабтың не екенін білмейді», – деп мысал келтіреді.
Дінтанушының бақылауынша, адамдар көбіне исламды оккультизммен шатастырады. Мысалы олар Құран сүресінің қасына қасқырдың табанын (пұтқа табынушы тұмар) ілуді қалыпты жағдай деп санайды.
«Мен мұны неге айтып отырмын? Идеология жоқ жерде шариғат болуы мүмкін емес, ол, шынында да, ислам мәдениетінде жоқ. Қазіргі көптеген мұсылмандар руханилықты шариғат заңдарымен шатастырады. Шариғаттың мақсаты – рухани модельдерге көмектесу, бірақ бұл ислам мұнымен шектеледі дегенді білдірмейді. Бұл қатаң ережелерді ұстану емес, рухани тәжірибе», – дейді Денисенко.
Ол Мұхаммед пайғамбардың бір хадисінде: «ислам – алтын ортаның діні» дегенін еске салады. Сондықтан дінтанушы шектен шықпауды ұсынады.
«Ал бізде екі шек бар: біреулер иман тек жүректе десе, енді біреулер нормаларын өздері толық білмей-ақ шариғатты қатаң сақтау керек дейді. Ал алтын ортасын таппай қандай шариғат мемлекеті туралы айтуға болады? Зайырлы мемлекет – мұсылмандарды өзінен, дінді бұрмалаудан қорғайтын құрал. Бұл заңдардың не үшін берілгенін және оны қазіргі әлемде қалай қолдануға болатынын түсіну керек», – дейді Денисенко.
Онымен қазақстандық заңгер Әсел Тоқаева да келіседі. Ол шариғат заңы бойынша өмір сүру әйелдердің және жалпы адам құқықтарын бұзу екендігіне назар аударады.
«Олай болса, қоғам мен демократияның дамуы туралы сөз болуы мүмкін емес», – екеніне сенімді заңгер. – Мен әлдебір ықпалға түскен адамдардың мәлімдемелерін түсінбеймін. Мен олардың пікірін мемлекет пен қоғам қалыпты қабылдамауы керек екеніне сенімдімін».
2016 жылы Ақтөбе қаласында (Қазақстан) болған лаңкестік оқиғаға арналған «Дұға» романының авторы Мәди Райымов жағдайға қатысты: «Мұндай мәлімдемелер жасамас бұрын, 35 пайызымыз мұсылман емес екенін түсінуіміз керек және мұны ескеру қажет. Ең идеал мемлекет – адамдардың өз сенімін таңдауға құқығы бар зайырлы мемлекет».
Қорытындының орнына
Бұл материалды дайындау барысында CABAR.asia журналисі кей сарапшылардың не болып жатқанын талқылауға қорқатынын анықтады. Біреуі «славян ұлтының» өкілі болғандықтан шариғат тақырыбына түсініктеме беруден бас тартты.
Тағы бірі шариғаттың қатыгез екенін еске салды. Мысалы қыз басқа діндегі адамға тұрмысқа шықса, оны өлтіру керек; мұсылман исламнан кетсе, оны да өлтіру керек. Жыныстық азшылық өкілдерін де дәл осындай жағдай күтіп тұр: шариғат нормалары қабылданса, оларды өлтіреді. Намаздан бас тартқандар есін жиғанша ұзақ түрмеде отырады.
Алайда кейін сарапшы радикал тыйым салынған ұйымдар қазір сарапшыларды өлтіруге дайын екенін алға тартып, өз пікірінен бас тартты. Сондықтан діни тақырыптарды талқылау қиындай түсуде.
Негізгі сурет: Нұртас Адамбай, Instagram желісіндегі жеке аккаунтынан.