Қазақстан журналистері кейде дәліздерде қашып бара жатқан министрлерді қуып жетіп, жоғары лауазымды шенеуніктерге сұрақ қою үшін лифттерге қысылып, кез келген қоғамдық іс-шарадан полиция бөліміне алып кетуі мүмкін екеніне үнемі дайын жүруге мәжбүр. Әрқашан осылай ма еді?
CABAR.asia журналистерден Қазақстанның басты саяси ньюсмейкерлері – президент, үкімет және парламент өкілдеріне қолжетімділікті қалай бағалайтынын сұрады.
Алыстаған парламент
20 жылдан астам тәжірибесі бар астаналық журналист Ботагөз Ысқақованың пікірінше, ашықтықтың басты көрсеткіші парламент болуы керек. Ол жерде, сөзсіз, барлық қазақстандықтар еркін жүгіне алатын халық өкілдері отыруы керек.
«Мен парламент жұмысын 2003 жылы көрсете бастадым, ал 2004 жылы алғашқы жылдық аккредитация алдым. Ол кезде журналистерге парламенттің екі палатасы – Мәжіліс пен Сенатқа жарамды тұрақты рұқсатнама берілетін. Біз оның қаншалық керемет екенін түсінбедік: сіз оны күзетшіге көрсетіп, кез келген уақытта парламентке кіре аласыз. Біз онда тіпті түскі ас ішу үшін де баратын едік», – деп еске алады Ысқақова.
Оның айтуынша, бұрын парламент журналистері кез келген депутаттан еш кедергісіз пікір ала алатын. Алайда шамамен бес жыл бұрын Сенат журналистерден «алшақтай бастады», рұқсаттамалар өз күшін жойды, содан кейін Мәжіліс пен Сенатқа бөлек аккредиттеуді талап ете бастады.
«Бірақ бұл да жеткіліксіз болды: жылдық аккредитация сақталса да, қағаз рұқсатнама беруді тоқтатты. Оның барына қарамастан, жалпы отырысқа кіру үшін сіз апта сайын парламенттің баспасөз қызметінен аккредитациядан өтуіңіз керек. Енді мәжіліске жолсеріксіз кіре алмайсыз. Яғни, кіре берісте біз үшін жеке жауапты болатын баспасөз хатшысы күтіп алуы керек», – деп мысқылмен атап өтті Ысқақова.
Сондай-ақ ол қазір журналистер депутаттардың қабылдау бөлмесіне кіруіне алдын ала келісілмеген болса, тыйым салынғанын айтады: «Біз бұрын мұны оңай әрі еркін жасайтынбыз».
Тағы бір шектеу: Мәжілістің жалпы отырыстары кезінде жалпы отырыс залына кіруге болмайды. Бұған дейін БАҚ өкілдері еркін кіретін. Ботагөз тіпті ішінде стендаптар да жазғанын еске алады. Қазір «пленарлық» отырыстың басында ғана рұқсат етеді.
«Парламент ғимаратында журналистердің қозғалысы шектелгені соншалық, қай кіреберіс арқылы кірдік, сол арқылы шығу керек. Олар мұны біз кеттік пе, жоқ па екенін тіркеу үшін жасап жатырмыз деп ақталды. Олар неліктен журналистер шығып бара жатқанда белгіленбесе, парламентте түнеп қалады деп ойлайтынын түсінбедім. «Режім» күшейіп жатыр – бұдан асары жоқ», – дейді Ботагөз Ысқақова.
Қашқан министрлер
«2011 жылы Астанаға көшіп келгенімде үкімет отырысынан кейін министр мен премьер-министрді ұстауға мүмкіндік болатын», – дейді 20 жылдық тәжірибесі бар журналист Айнұр Қоскина.
Алайда пандемия жоғары лауазымды шенеуніктердің бұл «қолжетімділік дәрежесін» өзгертті. «Ол біздің мемлекеттік қызметшілерді журналистерден құтқарудың бір түрі болды. Барлығы онлайн болды, мұның біздің шенеуніктерге ұнағаны сонша, олар әлі де пайдаланады», – дейді Қоскина.
Ол үкіметтің пандемия шектеулері жойылғаннан кейін офлайн жинала бастағанын айтады. Алайда біраз уақыттан кейін үкімет отырысына баяндама жасайтын министрлер ғана келе бастады. Қалғандары онлайн отырады. «Яғни үкімет бізге әлі де пандемия бар екенін айтуы керек немесе шешімін басқа жолмен негіздеуі керек», – деп журналист ашықтыққа шақырады.
Ол министрлер кабинетінің өкілдері журналистерден неге қашуға тырысатынын түсінбейді. «Маған сеніңіз, қажет кезде біз оларды ұстап аламыз! – деп сендіреді Қоскина, бірақ бір нюанс айтады: – Үкіметтен екі шығу жолы бар: Премьер-министр (Әлихан Смайылов – Ред.) біреуінен жасырынып шығады, енді басқа министрлер мен вице-министрлер де осы есік арқылы қашып жүр. Мұндай жағдай бірде-бір премьердің тұсында болған емес!»
Президентке сұрақ
Президентке қатысты, Ботагөз Ысқақова бірде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың журналистерге жауап бергенін көрген.
«Бұл 2005 жыл болатын, біз «АстанаБасЖоспар»-да болған кезіміз», – дейді Ботагөз Ысқақова. – Оның бұқаралық ақпарат құралдарына шығатынын күтпеген еді. Бірақ оған біреу бірінші сұрақ қойып, ол жауап берді және осылай кездейсоқ брифиң өтті».
Қоскина да Назарбаевтың журналистерге баспасөз мәслихатын өткізгенін атап өтеді: «Жиі емес, бірақ болып тұратын. Айтпақшы, мен сұрақ қоятынмын. Маған микрофон бергені көпшілікті таң қалдырған. Тоқаев (Қазақстанның қазіргі президенті – ред.) келгеннен кейін не болды? Ол бір ғана баспасөз мәслихатын өткізді».
Қосина Тоқаевтың шетелдік журналистерге сұхбат беріп, қазақстандықтарға шықпайтынына алаңдайды.
«Тоқаев сұхбат бермейді, өйткені ол жауап бере алмайтын сұрақтар көп», – дейді астаналық журналист Сәния Тойкен (оның да тәжірибесі 20 жылдан асады). «Мен оның сұрақтардан инсульт алуы мүмкін екенін жоққа шығармаймын». Мысалы, «Ескі, жаңа Қазақстан» ойынынан бастап, Қантар оқиғасы (2022 жылғы қаңтардағы наразылықтар – Ред.) мен Болат Назарбаевты жерлеу туралы сұрақ. (Нұрсұлтан Назарбаевтың інісін еске алу рәсімі басты билікшіл арнада көрсетілді. Оның жерлеу рәсіміне ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қатысты – ред.). Назарбаев барша қазақстандықтарға өзінің әлі де биікте екенін көрсетті».
Тапсырыстан туған ақпарат
Билік өкілдері қазір ашықтық пен жақындықты айтқанымен, журналистерден алыстап бара жатыр. Бұл туралы медиа саласындағы құқық қорғаушы Диана Окремова да айтады және неліктен бұлай болып жатқанын түсіндіреді.
«Мемлекет ақпараттық кеңістікті бақылай алады деп есептейді. Бұған мемлекеттік ақпараттық тапсырыстарға жұмсалатын қаржының өсіп жатқаны дәлел», – деп бірінші себепті атап өтті Окремова.
Соңғы жылдары блогерлер саны көбейіп, шенеуніктер ақпаратқа монополия тек БАҚ-та болған кездегі «бет-әлпетін сақтау» өте қиын екенін көріп отыр.
«Ыңғайсыз жағдайларда күлкі болмас үшін, олардың жұмысының тиімділігі туралы ыңғайсыз сұрақтар қойылмауы үшін шенеуніктер мемлекеттік тапсырыстардың көмегімен өздері туралы ақпаратты «дозалауға» тырысады», – деп түсіндіреді Окремова.
Екінші себеп – барлық деңгейдегі шенеуніктер, ең алдымен, қоғам игілігі үшін жұмыс істеу керектігін түсінбейді.
«Әрине, қоғамға есеп беріп, журналистермен араласу үшін нәтиже, жұмыстың өнімділігі болуы керек, бірақ көбінде бұл жоқ. Өз ісіңізге жауапты болғанша, ыңғайсыз адамдарды, мысалы, журналистерді алыс ұстаған оңай», – дейді Окремова.
Бұл саясат Диана Окремоваға сәтсіз болып көрінеді. Өйткені қоғам сенімді әрі сапалы ақпарат алмаса, жұрт қауесет жинап, жалған ақпарат көбейеді.
Сәния Тойкен Қазақстанда тәуелсіз БАҚ қалмағанын мойындауды ұсынады. «Бұл ашықтық, жалпы ақпаратқа қолжетімділік туралы сұрақтарға жауап», – деп қынжылады журналист.
Бас иллюстрациясы: Freepik.com
Бұл жарияланымды Еуропалық Одақ қаржыландырады. Оның мазмұнына тек IWPR жауапты және ол міндетті түрде Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.