2024 жылдың 11 қазанында Қазақстандағы киберқауіпсіздік және цифрлық құқықтар туралы ақпараттық науқандардың қорытындысына арналған онлайн-іс-шара өтті. Бұл науқандарға «Цензурасыз Қазақстан » жобасы аясында қаржылық және техникалық қолдау көрсетілген болатын.
Іс-шара барысында төрт ақпараттық науқанның өкілдері өздерінің мақсаттары, міндеттері және мақсатты аудиториялары туралы баяндама жасады, сондай-ақ өздері әзірлеген медиапродукциялар мен нәтижелерді ұсынды.
Бірінші болып белсенді және журналист Михаил Беляков сөз сөйлеп, 6-14 жас аралығындағы балалардың ата-аналарына интернеттегі қауіпсіз кеңістік туралы хабардарлықты арттыруға бағытталған «Балалар және интернет» ақпараттық науқанының нәтижелерін таныстырды. Ақпараттық науқанның контентін жасау алдында команда ата-аналар арасында сауалнама жүргізіп, мини-зерттеудің нәтижелеріне сүйене отырып, барлық ата-аналар мен мұғалімдерге пайдалы мазмұн әзірледі, оның ішінде:
- 2 видеоподкаст (біріншісі IT маманымен, техникалық аспектілер: ата-ана бақылауы, VPN, құпиясөздер, ойындар, қосымшалар және сілтемелер туралы, екіншісі — балалар психологымен гаджеттерге тәуелділік, 18+ мазмұнының балаларға әсері және басқа да пайдалы кеңестер);
- CABAR.asia сайтындағы әңгімелеу форматындағы мақала, онда интернеттің балалар өміріне тигізетін жағымсыз әсерлері туралы нақты оқиғалар баяндалған;
- Factcheck.kz сайтындағы балаларды интернетте қорғау туралы қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаулық мақаласы;
- әлеуметтік желілердегі посттар.
Бұл науқан үлкен қызығушылық тудырып, ата-аналарға арналған пабликтер әлеуметтік желілерде материалдармен бөлісіп, мұғалімдерге арналған оқыту тренингін өткізуге сұраныс түсті.
«Психология-Бизнес-Медиа» қауымдастығының вице-президенті Татьяна Голубцова «Цифрлық
сауаттылық: Түймеден басуға дейін!» атты науқанның екінші презентациясымен сөз сөйледі. Бұл науқанның мақсаты Павлодар, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы 50 жастан асқан тұрғындардың цифрлық қауіпсіздік туралы хабардарлығын арттыру, алаяқтық құрбандарының санын азайту және интернетте жеке деректерді қорғауға байланысты қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын дамыту болды. Осы науқан аясында келесі өнімдер жасалды:
- TikTok-та «Бумерді үйрет» челленджін бастау үшін жас аудиторияны үлкен буынның цифрлық қауіпсіздік мәселесіне назар аудартып, оларға цифрлық қауіпсіздікке үйретуге бағытталған маскалар. Бұл маскалар TikTok-тағы үздік 10% маска әзірлеушілерінің қатарына кірді;
- адамдар кибералаяқтық оқиғаларымен бөлісіп, өздерін қалай қорғау керектігі туралы айтқан қысқа бейнероликтер;
- қарт адамдар үшін цифрлық құқықтар қауымдастығын құру мақсатында ұйымдастырылған «Цифрлық құқықтар бізді біріктіреді» атты бейне көпір.
Үшінші болып белсенді және заңгер Евгений Соловьев «#ЦифрлықҚамқорлық» ақпараттық науқанының нәтижелерін таныстырды. Бұл науқанның мақсаты Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылдық және қалалық мұғалімдердің интернеттегі цифрлық қауіпсіздік туралы хабардарлығын арттыру, мұғалімдер қауымдастығында тәжірибе алмасу мен қолдау атмосферасын қалыптастыру, мәліметтерді және жеке ақпаратты онлайн ортада тиімді қорғауға дайындығын жоғарылату болды. Ақпараттық науқан барысында келесі жұмыстар атқарылды:
- цифрлық құқықтар саласында өзіңізді қалай қорғауға болатыны және алаяқтардың құрбаны болған жағдайда не істеу керектігі туралы практикалық, заңды және техникалық кеңестерді қамтитын 15 ақпараттық пост;
- алаяқтардың құрбаны болып, бірнеше күн ішінде үлкен мөлшерде мүлігін жоғалтып, балаларымен далада қалған құрбанның сұхбаты;
- Полиция департаментінің маманымен сұхбат.
Бұл ақпараттық науқан тасқындар кезеңіне тап келіп, аймақтағы жағдайға байланысты жаңа кибералаяқтық әдістер пайда болған кезде іске қосылып, көптеген адамдарға алаяқтардың құрбаны болмауға көмектесті деп үміттенеміз.
Төртінші және соңғы «Цифрлық дауыстар: Ауыл жастарының мүмкіндіктерін кеңейту» ақпараттық науқаны ауыл жастарының цифрлық құқықтар туралы хабардарлығын арттыруға және олардың цифрлық дағдыларын жақсартуға бағытталды. Презентацияны Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің журналистика кафедрасының меңгерушісі Жанар Рамазанова мен медиа-тренер Марал Айтмағанбетова ұсынды. Ақпараттық науқан барысында 38 медиапродукт жасалды, олардың ішінде:
- студенттер арасында цифрлық құқықтар тақырыбына арналған қысқа бейне байқауын өткізу. Бұл байқау жастар арасында цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғаудың маңыздылығын арттыруға бағытталған. Байқауға 13 шығармашылық ролик (12 қазақ тілінде және 1 орыс тілінде) келіп түсті. Барлық бейнелер әлеуметтік желілерде кең аудиторияның назарын аудару үшін таратылды. Байқау жеңімпаздары техника дүкенінің сыйлық сертификаттарымен марапатталды;
- цифрлық құқықтар тақырыбында жергілікті газеттерде және БАҚ-та қазақ және орыс тілдерінде мақалалар;
- Facebook пен Instagram-да қазақ және орыс тілдеріндегі посттар;
- қазақ тіліндегі 2 видеоподкаст.
Барлық төрт ақпараттық науқан 2024 жылдың маусым айынан тамыз айына дейін жүргізіліп, қысқа мерзімде үлкен нәтижелерге қол жеткізді. Жетістіктері туралы пікірлер мен түрлі пабликтер, басылымдар және басқа да мүдделі тараптардан серіктестік ұсыныстары куәлік етеді.
Іс-шара соңында Азат Рузиев, тәуелсіз журналист, видео және подкасттар бойынша жаттықтырушы, «Больше чем секс» подкастының қосалқы жүргізушісі және «Башта» жобасының авторы бонус ретінде мастер-класс өткізді. Ол сәтті ақпараттық науқандардың өз тәжірибесімен бөлісіп, қандай қауіп-қатерлер болуы мүмкін және оларды қалай болдырмау керектігі, аудиторияны қалай қызықтыруға болатыны және тағы басқа көптеген нәрселер туралы айтып берді.
Бұл жарияланымды Еуропалық Одақ қаржыландырады. Оның мазмұнына тек «Еркіндік Қанаты» ҚҚ мен IWPR жауапты және ол міндетті түрде Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.