2023 жылғы 4-5 қазанда өткен онлайн трениңнен кейін БАҚ және азаматтық қоғам өкілдерінің әлеуетін арттыру жобасының аясындағы екінші кезең Алматы (8-9 қараша 2023) және Астана (17-18 қараша 2023) қалаларында өткен екі күндік офлайн-трениң болды.
Еуропалық Одақтың өкілдері, серіктестік бөлімінің басшысы Йоханнес Баур мен саяси кеңесші Эдвардас Александрас құттықтау сөзінде ЕО-ның адам құқықтарын қорғауға және ілгерілетуге бейілділігін білдірді. Олар Еуропалық Одақ қаржыландыратын «Цензурасыз Қазақстан» жобасы осы бейілділіктің бір көрінісі екенін атап өтті, өйткені бұл жоба Қазақстандағы сөз еркіндігін ілгерілетуге және қорғауға бағытталған. Әлбетте, бұл үшін бірінші қадам – әлеуетті арттыру және тиісті білім алу, бұл трениңдер осы мақсатта өткізіледі.
Трениң бағдарламасы пікір еркіндігі, цифрлық құқықтар, физикалық және киберқауіпсіздік, цензура және өзін цензуралау контекстіндегі адам құқықтарын қамтыды. Трениңде журналистер мен азаматтық қоғам өкілдері кәсіби қызметі нәтижесінде жеке өміріне төнетін қауіп-қатерлерден өзін және жеке құрылғыларын қалай қорғау керектігін үйренді.
Бұл тәжірибе Қазақстанда журналистер мен белсенділерге қарсы қудалаулар мен шабуылдардың жалғасып, сондай-ақ БАҚ-тың тез цифрланып жатқан тұсында өте өзекті.
Бағдарлама әр сессия келесісіне жалғап, қатысушыларға өз құқықтарын және оларды қорғау үшін қандай әрекеттер жасау керектігін түсінудің нақты тізбегін құруға көмектесетіндей етіп дайындалған.
Бірінші сессияда адам құқықтары жөніндегі сарапшы және құқық қорғаушы Татьяна Чернобил қатысушыларға олардың құқықтары мен бостандықтарын және адам құқықтарын қорғау құралдарымен таныстырды, сонымен қатар адам құқықтарын тек құқық бұзушылықтардан қорғану үшін ғана емес, сондай-ақ мұндай бұзушылықтардың алдын алу үшін қолдануға болатынын айтты.
Екінші сессияда Қырғызстаннан келген цифрлық құқықтар мен бостандықтар бойынша сарапшы Ирина Байкулова жеке өмірге қол сұғылмаушылық құқығының мәнін ашып берді, сондай-ақ қатысушыларға жеке және кәсіби өмірін қалай қорғау керектігін үйретті.
Екінші күннің екі сессиясын Қырғызстаннан келген қауіпсіздік жөніндегі сарапшы және IT маман Артем Горяинов пен құқық қорғаушы, «Еркіндік Қанаты» қоғамдық қорының тең құрылтайшысы Роман Реймер жүргізді. Бұл сессияларда қатысушылар кәсіби қызметпен байланысты техникалық және физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және сақтауға мүмкіндік беретін құралдармен жұмыс істеудің негізгі машығын игерді.
Ал қорытынды сессияда психолог Ирина Юсупова қатысушыларды кәсіби қызметте өзін цензуралауға әсер ететін қорқыныштары мен көзқарастарымен өз бетінше жұмыс істеуді үйретті.
Трениң қатысушылары әр сессияны мұқият тыңдап, пікірталас пен талқы кезінде белсенділік танытты. Сондай-ақ олар бұл трениңнің кәсіби қызметі үшін өте өзекті және маңызды екенін айтып, жобаның алдағы іс-шараларына қызығушылық танытты.
«Трениң тамаша ұйымдастырылған, сәтті және үйлесімді таңдалған тақырыптар мен жан-жақты ойластырылған бағдарлама. Ақпаратты оңай және қызық етіп жеткізетін харизмасы мықты кәсіби спикерлер. Қатысу деңгейі жоғары. Менің негізгі түйгенім – үнемі өзін-өзі дамыту мен білім жетілдірудің маңызы. Адам құқықтары, цифрлық құқықтар, техникалық қауіпсіздік және өзін цензуралауға байланысты мәселелер бойынша өзімнің қате түсініктерім мен сауатсыз тұсымды түсіну. Мен пікірлес адамдармен кездесіп, іс-әрекетімнің дұрыстығын түсініп, журналистік қызметімді жалғастыруға жігер алдым», – деді трениң туралы алматылық Естөре Нақыпбеков.
«Мен жаңа құралдарды білдім, цензура мен цифрлық қауіпсіздік ұғымдары туралы басымда реттелген және толық картина пайда болды. Мен назар аудармаған көп жаңа нюанстар бар, енді соларға көңіл бөліп, іс жүзінде қолданамын. Бәрі ақ пейілді, ашық және түсінікті болды. Ұйымдастырушылық жағы да ұнады!», – деді Қарлығаш Алатау, «Талдықорған аймақтық әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігі.
Сондай-ақ көптеген қатысушылар алған білімдерін алдағы жұмыстарында қолданатынын және әріптестеріне де үйрететінін жоспарлап отырғандарын атап өтті.
Бұл жарияланымды Еуропалық Одақ қаржыландырады. Оның мазмұнына тек IWPR жауапты және ол міндетті түрде Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.