© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Қазақстанның оңтүстігіндегі шиеленіс: билік қандай қорытынды шығара алады?

Бірқатар сарапшы мен қоғам қайраткерлері Масаншы ауылындағы 10 адамның өмірін үзген ойран ұлтаралық қатынас саласында ауыр мәселе орнап отырғанын айтады.


Подпишитесь на нашу страницу в Facebook!


Қазір Жамбыл облысы Қордай ауданында жергілікті масштабтағы төтенше жағдай жарияланған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен шиеленістің мән–жайын анықтайтын үкіметтік комиссия құрылды.

Қазақстан шенеуніктері бірнеше қазақ пен дүнген тұрғындардың арасында туындаған кикілжіңді тұрмыстық жанжал деп, бет бақтырмай отыр; ал жанжалдың арты түрлі арандатушылардың сойқанына ұласқан.

Ресми деректер бойынша, қырғын салдарынан 10 адам қайтыс болды. Денсаулық сақтау вице–министрі Ләззат Ақтаеваның деректеріне сәйкес, Қазақстан мен Қырғызстанның медициналық мекемелерінің көмегіне 165 адам жүгінген. Қазақстан медмекемелерінде қазір 30 адам тұрақты ауыр, сегіз пациент – аса ауыр халде жатыр.

Қазақстан ІІМ мәліметінше, қақтығысқа 400 адам қатысқан. Олардың 47–і ұсталып, олардан екі аңшылық қару алынған. Қақтығыс салдарынан 25 үй, 31 сауда нысаны және 41 автокөлік зақымдалған.

Президент жарлығымен Жамбыл облысының басшысы ауысты. Вице–премьер боп істеген Бердібек Сапарбаев облыс әкімі қызметіне тағайындалды, оны таныстыру кезінде премьер–министр Асқар Мамин «идеологиялық жұмысқа және ұлтаралық келісімнің нығаюына, әлеуметтік-экономикалық жағдай мен халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға баса назар аудару қажет» деп атап өтті.

Кейін облыс әкімінің әлеумет мәселелері жөніндегі орынбасары, сондай–ақ Жамбыл облысы полиция департаменті мен Қордай ауданы полиция бөлімінің басшылары да қызметінен айырылды. Тоқаев шекара маңындағы ауылдардағы қақтығысты бұзақылық деп атап, арандатушыларды айыптады.

“Мемлекеттік органдар қызметкерлерінің салғырттығы салдарынан арандатушылар қантөгіс жасады. Олар жазаланады. Мемлекет зардап шеккендерге қолдау көрсетеді. Бейбітшілік пен келісім біздің басты байлығымыз, оны бұзуға ешкімнің құқығы жоқ!”

Ел билігі шиеленістің негізінде ұлтаралық астар тұрғанын мойындаудан бас тартып отыр. Аудан тұрғындарымен кездесу кезінде Қазақстан вице–премьері Бердібек Сапарбаев мұның «тұрмыстық кикілжің болғанын, оны арандатушылар пайдаланып, басқа арнаға бұрып жібергенін» атап өтті.

Қазақстан дүнгендері қоғамының төрағасы Әбубәкір Войнце де осы тәрізді пікірін айтты.

«Мен ішкі істер органдарында қызмет еттім, тергеуші боп істедім, кешегі күннен бері осы оқиғаны ой елегінен өткізумен болдым. Мұндай жағдай бөтендердің айтақтауынсыз болмас еді. Сондай қысқа уақыттың ішінде қаншама адамды жинап алу мүмкін емес, ондай қысқа мерзімде дайындалып, барлық әлеуметтік желі бойынша үндеу тастап үлгермес еді. Мұның барлығы алдын ала ойластырылып, дайындалғаны анық», – деп санайды Войнце.

Қақтығыстан кейінгі Масаншы ауылы. Photo: T.Батыршин

Шиеленіс ақпанның 7–сінде, Қазақстандағы дүнген диаспорасы шоғырланған орталықтардың бірі саналатын шекара маңындағы Масаншы ауылында болды. 2009 жылғы санақ нәтижесі бойынша бұл ауыл тұрғындарының 90 проценті – дүнген, 5 проценті – қазақтар және 5 проценті – орыстар.

Қақтығыс кезінде темір құралдар, тастар, ататын қарулар қолданылған. Оқиға орнына келген полицейлер тобырды тыныштандырмақ болды, бірақ төбелесушілер тоқтауға үндеген тәртіп сақшыларын тыңдамай қойды. Түнге таман қақтығыстар Жамбыл облысы Қордай ауданының басқа екі ауылында да басталып кетті.

Шынымен қой үстіне бозторғай жұмыртқалап отыр ма?

Қазақстанда 1995 жылдан бері Қазақстан халқы ассамблеясы жұмыс істеп келеді. Оның міндеті – мемлекеттің ұлттық саясатын жүзеге асыру және көпұлтты елде бейбітшілікті сақтау. Ал 2007 жылы оған конституциялық мәртебе беріліп, парламенттік төменгі палатасынан тоғыз орын бұйырды. Тағы жыл өткен соң «Қазақстан халқы ассамблеясы туралы» заңға қол қойылды. Осы құжатқа сәйкес Ассамблея елдің саяси жүйесінің толыққанды субъектісіне айналды.

Қазақстан – көп ұлт өкілдері тұратын қоғам. Билік қанша жерден ұлттық әркелкілікті сақтап, түрлі этнос қауымдастықтарының бір–бірімен бейбіт әрі тату өмір сүруіне барлық жағдай жасалғанын әркез салтанатпен жариялап отырғанымен, елдің түрлі өңірінде анда–санда ұлт негізіндегі шиеленістер болып тұрады.

Сарапшылар адам шығынына әкелген соңғы қақтығыс ұлтаралық қатынас саласында ауыр мәселе орнап отырғанын көрсеткенін атап айтады.

Қақтығыс орнында болып қайтқан журналист Азамат Ерғалидің пікірінше, қақтығыстың ушығуына арандатушылар мен үшінші тарап себеп. Оның сөзінше, жергілікті тұрғындар шиеленіс жай тұрмыстық кикілжіңнен басталғанын айтып берген.

«Зардап шеккен ақсақалдың үйіндегі балалары біреулердің соққыға жыққанын жеткізді. Ақпанның 5–інде Қаракемер ауылында тұратын Төлеген ата ұлдарымен окулиске бара жатады. Орталық аурухана Сортөбе ауылында орналасқан. Ауруханаға жетпей, техникалық қызмет станциясында әлдебір адам тоқтатады. Машина айдап келе жатқан жүргізуші сол белгісізбен ұрысып қалады. Машинаны тоқтатқан бөтеннің қасына тағы бірнеше адам қосылып, шиеленіс күшейіп кеткен. Арты төбелеске ұласып, Төлеген ата еркектерді ажыратуға талпынады. Сол төбелестің кезінде ақсақалға да соққы тиіп, зардап шеккен. Масаншыдағы қақтығыстың басы осы оқиға еді», – дейді Ерғали.

Оның айтуынша, бұл жанжалдың пісіп келе жатқанына біраз болған, болмашы кикілжіңнің арты осындай қайғылы жағдайға әкелгенінің себебі сонда.

Қақтығыстан кейінгі Масаншы ауылы. Photo: T.Батыршин

Қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан Қордай ауданының шекара маңында орналасқан ауылдарындағы қақтығыстың басты себебі – ел билігінің ұлтаралық мәселеге жеткілікті назар аудармағанының, шала жұмысының «жемісі» деп атап өтті.

«Биліктің сөзіне сенсек, біз ұлтаралық шиеленіс болмайтын, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныш елміз. Өйткені бізде Қазақстан халқының ассамблеясы бар ғой! Бірақ сондай тып–тыныш мемлекет болсақ, жылда ұлтаралық қақтығыстар болатыны неліктен? Жыл сайын қан төгіліп, диаспора жетекшілері неге кешірім сұрайды? […] Билік тіпті ол шиеленістерді ұлтаралық деп атымен атауға қорқады, үнемі тұрмыстық жанжал болған деп жаба салады. Ауылдардан ел үдере көшетін, мыңдаған адам көшеге шығатын бұл неғылған тұрмыстық жанжал?» – дейді Тайжан.

Қоғам қайраткері, заңгер Асхат Асылбеков арандату болғанын жоққа шығармайды, дегенмен, дейді ол, елде қарапайым адамдар мен маргинал топтарды қытайларға жер сату, қазақ тілі мен қазақтарды басқа ұлт өкілдері ұрып кетті деген сияқты желеумен оп–оңай көтеріп, көшеге шығаруға болатын жағдай орнап тұр.

«Ұлтаралық қақтығыстардың іргелі себебі бар, мемлекеттің әлеуметтік саясаты соңғы отыз жылда іріп–шіріп, елде осындай бейберекетсіздікке әкелді деген пікірлерге толық қосыламын. Мәдениет, білім беру, ауыл шаруашылық салаларын құртып, әлеуметтік стандарттардың жоғалуы, […] сот–құқық қорғау жүйесінде әділеттің жоқтығы, рейдерлік және орта класты жою, жай адамның кәсіппен айналысуын мүмкін қылмау – тағы осы сияқты көп себеп елді ақыры осы күйге жеткізді», – деп санайды Асылбеков.

Жабулы қазан жабулы күйінде

Қақтығыстан кейін Қорлдай ауданындағы брнеше ауылдың тұрғындары өміріне төнген қауіптен Қырғызстанға, шекараны көлікпен де, жаяу да асып қаша бастады. Кейбіреулер көрші елге тезірек жетіп алу үшін тіпті машиналарын да тастап кете берген. Кейін шекара заставасы 8 ақпанның таң ертеңгісінен «Ауқатты» – «Кең Булун» шекара пункті арқылы Қырғызстанға төрт мың Қазақстан азаматы өткені жөнінде хабарлады. Тағы біраз адам «Сарытөбе» – «Тоқмоқ» бақылау–өткізу пункті арқылы өтіп жатқан. Адамдардың басым бөлігі әйелдер мен балалар болған.

«Сол түні жігіттер жұмылып, шекарада тұрған адамдар аш қалмасын деп, ас–ауқат жинап апара бастады. Шекарадан өткендер бірден жүрек жалғап алып жатты. Басында тек тамақ берген еді. Сосын адамдар мүлдем құрқол қашып келе жатқанын көріп, үстіндегі киімдерін де бере бастады. Содан кейін әлеуметтік желілерде ақпарат таратып, киім–кешек жинауды бастап кеттік», – деп айтып берді Тоқмақ қаласындағы дүнген диаспорасының жетекшісі Абдулла Люров

Көмек жинау жергілікті кафелердің бірінде ұйымдастырылды. Тұрғындар сол жерге жылы киімдер, көрпе–төсек, азық–түлік әкеліп беріп жатты.

Тоқмақ қаласының мэриясы қазақстандықтарды жайғастыру үшін екі мектеп ғимаратын бөлді. Кейбіреулерін туысқандары мен волонтерлар үйлеріне алып кетті.

Ақпанның 9–ында адамдардың бір бөлігі Қазақстанға, туғандарын жерлеуге қайта бастады. Қырғыз Республикасының Шекара қызметінің деректері бойынша, таңертеңгі 10–ға қарай елден мыңнан астам қазақстандық аттанды.

Қазақстанның шекара маңындағы ауылдарындағы қақтығыстар Қырғызстанда да бірақ пікірталас туғызды. Әлеуметтік желілерде босқындарға қатысты жеккөрініш сезімдерін білдіріп жатты. Оның өз себептері бар, дейді «Бір Дүние – Қырғызстан» құқық қорғау ұйымының басшысы Төлеқан Исмаилова. Оның айтуынша, ел оңтүстігінде 2010 жылы, оған дейін және кейін болған ұлтаралық шиеленістер жай күшпен тоқтатылды, бірақ келешекте алдын алу үшін жете зерттелмеді.  

«Сол оқиғалар кезінде саясатшы боп кеткендер азаматтық қоғамның тәуелсіз ұйымдарына қарсы қоймақ мақсатпен ОБОН, «кыркчоро», «апрелевцы», «революция қаһармандары» деген сияқты түрлі бейформал топтарды құрып тастады. Олар әлі күнге дейін бар, олар этникалық азшылықтар мен белсенділерге қарсы кемсітушілік және зорлық әрекеттерін әлі де жалғастырып келеді», – дейді Исмаилова.

Ол сондай–ақ Орталық Азия елдері тәуелсіздік алған соң халықаралық сарапшылар мен эксперттердің назарынан тыс қалғандығын атап өтті. Осы елдердің әрқайсында тұрып жатқан түрлі ұлт азшылықтары бар, бірақ олар жиі жағдайда ақпаратқа тең дәрежеде қол жеткізе алмайды, шешім қабылдауда тең емес, өздері оқшау өмір сүреді.

«Қазақстанда болған соңғы қайғылы оқиға осындай ескі жараларды тағы тырнап өтті, биліктің мұндай шиеленістердің алдын алуға қабілетсіз екенін көрсетті. Бейбіт азаматтар, әсіресе аз ұлт өкілдері шабуылдардың, кемсіту және зорлық нысаналарына айналады. Осындай ауыр кезеңдерде жасалуы тиіс шаралардың орнына қайдағы бір комиссиялар құрылады, шиеленістер мүлдем зерттелмейді, тек уақытша басып–жаншылады. Мұның салдары ауыр болатыны анық», – дейді Исмаилова.

Оның сөзінше, орталықазиялық елдерде тәуекелдердің алдын алу құралдары жасалмаған және осындай шиеленістер кезінде азаматтарға тиімді көмек көрсету үшін ведомстволар арасындағы әрекеттер жүйесі қалыптаспаған.

«Мұндай стратегия негізінде жергілікті өзін–өзі басқару мен жергілікті қоғамдастықтардың маңызы көрсетілуі керек. Алайда билік өзінің үйреншікті шараларынан аса алмай отырғандықтан және күштік құрылымдарды жоғарыдан төмен қарай басқаратындықтан, ондай диалогтар мен тең алаңдар құрылмаған. Бұл жүйе әбден ескірді. Ол адамдардың мүддерсіне жұмыс істемейді», – деп түйеді құқық қорғаушы.


Бұл мақала IWPR «Орталық Азиядағы тұрақтылыққа бағытталған ашық диалог» жобасының аясында әзірленді

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report

The following text will be sent to our editors: