© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Қазақстандықтар діншіл бола бастаған

Қазақстан тұрғындары үшін діннің мәні өзгеруде: діни көзқарастағы адамдар көбейген. Бұған Қазақстанда 2011 және 2018 жылдары жүргізілген World Values Survey (Әлемдік құндылықтарды зерттеу) бағдарламасының зерттеу деректері дәлел.

Діннің маңызы арта түскен

 Дін сіздің өміріңізде қаншалық маңызды деген сұраққа 2011 жылы респонденттердің небәрі 21,5%-ы (1500 адам) «өте маңызды» деп жауап берсе, 2018 жылы дәл осы көрсеткіш 28,7%-ды (1276 адам) құраған.

«Маңызды» нұсқасын 33,5% (2011) және 35,5% (2018) таңдаған. Тиісінше, дін аса маңызды еместердің үлесі 33,6%-дан (2011 ж.) 24,3%-ға (2018 ж.) және мүлдем маңызды емес – 11,4%-дан 8,9%-ға дейін азайған.

Дәл осы сұрақтың жас ерекшеліктеріне қарай жауабы діндарлықтың («өте маңызды») ең көп өсуі орта топта (30-49 жас) болғанын көрсетеді. Ал, дін «маңызды» адамдарға келетін болсақ, өсу тек «29 жасқа дейінгі» және «30-49 жас» топтарында байқалады. «50 және одан үлкен» ұрпақ арасында қалыпты дінді ұстанушылар саны азайған.

Діндарлықтың өсу тенденциясын басқа зерттеу жауаптары да дәлелдейді, мысалы:

- үйлену тойлары мен жерлеу рәсімдерін есептемегенде, діни рәсімдерге қатысу жиілігі туралы (2011 жылы 37% «ешқашан» деп жауап берсе, 2018 жылы - 11,1%);

- «Қабылданатын жалғыз дін – менікі» деген тұжырымның әділдігі туралы (2011 жылы 10,1% толық келіссе, 2018 жылы - 18,2%).

Маңызды маркер үйде балаларға сіңіру керек қасиеттер туралы болуы мүмкін. 2011 жылы респонденттердің тек 10%-ы діни сенім туралы айтса, 2018 жылы – 15,1%-ы. Егер 2011 жылы кіші жас тобында бұл көрсеткіш орташадан төмен (9,4%) болса, 2018 жылы орташадан жоғары (17,2%).

Тағы бір маңызды көрсеткіш – қазақстандықтардың діни ұйымдарға атсалысуы. Өзін діни ұйымдардың мүшесі деп санамайтындар саны 91,5%-дан (2011 ж.) 86,8%-ға (2018 ж.) азайған. Өздерін белсенді мүшеміз деп атайтындардың да үлесі азайған: 2,8%-дан 1,6%-ға дейін. Тиісінше, белсенді емес мүшелердің үлесі өскен: 5,7%-дан 6,3%-ға дейін.

Жас ерекшелігі бойынша белсенді емес қатысушылардың саны негізінен кіші жас тобында өскен, бірақ барлық жас топтарында белсенді қатысушылардың саны азайған.

Мұсылмандар көбейген

Қазақстандағы дінге сенушілердің негізгі өсімі ислам дінінің арқасында көбейіп келеді. Егер 2011 жылы респонденттердің 50,3%-ы өздерін осы дінге жатқызса, 2018 жылы – 67,6%-ы. Осы уақыт ішінде православ христиандардың саны 26,7%-дан 18,6%-ға дейін азайған, бұл елдегі демографиялық процестерді көрсетеді.

Сонымен қатар өзін еш дінге жатқызбайтындардың саны айтарлықтай төмендеген: 21%-дан 8,3%-ға.

2011 жылы қазақстандықтардың көбіне кіші жас тобындағылар (57,9%), ал 2018 жылы орта жастағылар (71,2%) өздерін мұсылман деп атаған. Бұл ретте исламданудың ең жоғары динамикасы егде жастағы топта байқалады: онда мұсылмандардың үлесі 35,4%-дан 63,4%-ға дейін өскен. Бірақ бұл статистикаға демографиялық және көші-қон процестері әсер ететінін түсінуіміз керек.

Неліктен діндарлық артқан?

Дінтанушы, IWPR жобасының үйлестірушісі Аян Орынтай ғалымдар, әлеуметтанушылар, дінтанушылар Қазақстандағы діншілдіктің өсуі туралы айтқанда ең алдымен исламдануды айтады.

«Шынында да, қазір исламға қызығушылық белсенді түрде жандануда және бұл табиғи процесс», - деп есептейді Орынтай. «Кеңестік идеологияны білмейтін, өзін-өзі тануға ұмтылып, ең жақын идеология – исламға бет бұрған ұрпақ өсіп келеді».

Әлеуметтанушы, «Стратегия» КММИ» қоғамдық қорының президенті Гүлмира Ілеуованың айтуынша, Қазақстанда исламның артуына үш түрлі фактор әсер еткен: әлеуметтік-экономикалық (мысалы, әлеуметтік бөліністе діннен әділет іздеу); мәдени-этникалық (ұлттық сананың өсуі, ата-бабалар дәстүріне қайта оралу); ішкі және сыртқы саясат (билік дін арқылы өздерінің саяси ықпалын күшейте аламыз деп ойлады, сондықтан олар шетелден исламдандыруға араласпады).

«Жоғарыдағы элитаның қате есебі мен төменнен халықтың сұранысы қоғамның діндарлығының артуына ықпал етті», - деп есептейді әлеуметтанушы. – Қазір белгілі бір баяулау бар. 2023 жылғы зерттеуіміздің нәтижесіне сәйкес, жастар арасында діни сенімін айтатындардың саны азайып барады. Бұл әлі де үлкен көрсеткіш – шамамен 70%, егер ислам туралы айтатын болсақ, бірақ соған қарамастан өсіп жатқан жоқ. Дегенмен Қазақстандағы исламның инерциясы әлі де зор».

Аян Орынтай исламдану үрдісі алдағы уақытта да жалғасады деп есептейді. Ол осыған ұқсас процестерді басынан өткерген Түркияға қарауды ұсынады.

«Мәселе бұл құбылысқа қалай қарауда, – дейді Орынтай, – бұл, ең алдымен, мемлекеттік органдарға қатысты мәселе. Олар оған тыйым сала алады, онымен күреседі немесе оны қабылдап, қоғамдық кеңістікке енгізе алады, өйткені исламның танымалдылығы төмендемейді».

«ҚМПИ «Стратегиясының» бақылауына сәйкес, «символикалық мұсылмандар» деп аталатын топ бар.

«Олар соншалық діндар емес, исламның сыртқы көріністерін талап етеді. Бұл агрессив түрде ұстанымдарын білдіріп, қоғамға/мемлекетке өз талаптарын, мысалы, хиджаб киюді жүктейтін айтарлықтай үлкен топ. Мұндай адамдар 10-нан 24% -ға дейін жетеді және бұл қоғамда араздық қаупін тудырады. Менің ойымша, мемлекет мұндай араласуды бастапқы кезеңде болдырмауы керек», - дейді Гүлмира Ілеуова.

Аян Орынтай Қазақстандағы исламдану кей жағдайда ғана шектен шыққанын, ал жалпы алғанда оның біршама жұмсақ сипатқа ие екенін айтады.

«Қазақстандағы басым топ әлі де этникалық мұсылмандар немесе «номиналды мұсылмандар». Яғни, исламның догмаларын ерекше ұстанбайтындар, мешітке сирек барып, намаз оқымай, өздерін ислам дініне жатқызатындар. Мұны Рональд Инглхарттың «Мәдени құндылықтар картасы» көрсетеді, онда Қазақстан енді дәстүрлі қоғам емес, бірақ постмодерн де емес», - дейді Аян Орынтай.

Рональд Инглхарттың мәдени құндылық картасы. Тік осьте: дәстүрлі және зайырлы құндылықтар Көлденең осьте: аман қалу және өзін-өзі көрсету

Негізгі иллюстрация: Freepik-тегі brgfx

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: