Қазір Қазақстанда 2 мың 763 БАҚ жұмыс істейді, ҚР ақпарат және коммуникация министрлігінің мәліметінше, олардың басым бөлігі – баспасөз басылымдар. Маркетингтік зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес, телевизия – БАҚ-тың аса танымал түрі болып қалып келеді. Отандық КТК телеарнасы аса көрілетін, рейтингі ең жоғары – 13,8% арна. Сарапшылардың бағамынша, көрермендердің арасында ерекше танымал – ресейлік телеарналар. Кей сарапшылардың пікірінше, билік бәсекеге қабілетті медиакеңістікті оппозициялық ойыншылардан мүлдем тазартып, халықтың қоғамдық пікіріне ие бола алмай қалды.
Жалпы құрылымдағы БАҚ-тың 86% – баспасөз басылымдары, 11% – электронды БАҚ, 3% – ақпараттық агенттіктер. Сонымен қатар, елде бірқатар шетелдік телерадиоканал жұмыс істейді. Ресми деректерге сүйенсек, олардың жалпы саны 270: 185 – ресейлік, 24 – ағылшын, 11 – америкалық БАҚ, және т.б.
«Қазтелерадио» АҚ ақпараты бойынша, эфирлік–кабельдік телевизиямен 5-6 млн халық қамтамасыз етілген. Бұл ретте атап өтерлігі, басқа көптеген елдерге, айталық Ресейге қарағанда, қазақстандық телевизия жас көрерменін сақтап қала алған. Қазақстандық телекөрерменнің орташа жасы 36 болса, Ресейдегі бұл көрсеткіш – 49, Украинада – 54. Қоғам қайраткері және саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, ресейлік медиа – Қазақстан медиакеңістігіндегі басты ойыншылар болып табылады. Қазақша және орыс тіліндегі контентке қатысты 50 де 50 талабы орындалғандығына, сондай–ақ қазақ тіліндегі контентке сұраныс артқанына қарамастан, ақпараттық қауіпсіздік проблемасының өзектілігі төмендемей отыр. Сарапшының ойынша, елде ақпарат таратып отырған ресейлік телеарналардың кейбірлері анық пропагандалық бағытта жұмыс істеуде. «Ресейлік медиалардың қазақстандықтардың дүниетанымына ықпалы әлі де болса күшті. Нәтижесінде біздегі халықтың біраз бөлігі «тәнімен Қазақстанда, басымен – Ресейде» өмір сүріп жатыр. Бұл қауіпті нәрсе. Әсіресе, Украинадағы конфликттен соң, қазақстандықтардың басым көпшілігінің әлемде және тіпті Қазақстанда болып жатқан оқиғаларға пікірін ресейлік пропагандистер қалыптастырып отырған шақта. Оның үстіне Ресей гибрид соғыстар өткізетін кезде өзінің медиаресурстарын белсенді түрде қолдана бастағандығы салдарынан қауіп деңгейі өсе түседі. Интернет–трольдердің, хакерлердің тұтастай әскерлері жасақталып, басқа елдердің ішкі саяси процестеріне етене араласа бастайды. Негізінде, Қазақстан да келешекте осындай шабуылдардың нысанасы айналуы ғажап емес», – дейді сарапшы. Оның сөзінше, қазірдің өзінде ресейлік БАҚ Қазақстанға қуатты ақпараттық соққы жасауды қолға алды. Масалға, мұндай шабуылдардың бірі елдің кирилл қарпінен латын қарпіне өтуі туралы шешім шыққанда жасалды. Ресейлік БАҚ мұны «қапыда жасалған қастандық» деп атады. Ақтаудағы Каспий елдерінің саммиті қарсаңында ресейлік БАҚ–та Қазақстан АҚШ–тың әскери базасын Каспий төңірегінде орналастыруына өз жерін берді деген жалған ақпарат шықты. Сәтпаевтың ойынша, енді аздаған уақытта халық өз медиасынан гөрі ресейлік медианың тарататын ақпаратына көбірек сене бастайды. «Оның себебі – халықтың мемлекетке деген сенімінің жоғала бастауы, мемлекеттің басыбайлы ақпарат құралдарының таратып жатқан ақпаратының сапасы. Оларға деген сенім өте төмен. Есесіне, ресейлік медиакеңістік, әлбетте, алуан түрлі, яғни зомби–жәшікті көргісі келмейтіндер басқа телеарналардың контентін тұтынады, болмаса онлайн–порталдарды, оның ішінде оппозициялық бағыттағы ресурстарды көре алады», – дейді саясаттанушы. Мемтапсырыс құтқарады Соңғы жылдары БАҚ–та мемтапсырыс бойынша ақпарат жариялау саясаты өткір сынға ұшырап жатыр. Қоғамдық пікірге бақылау жасай алу үшін мемлекет телеарналарда, сайттарда, газеттер мен радиода ақпарат жариялауға қаражат бөліп келеді. «Құқықтық медиаорталық» қоғамдық қорының мәліметінше, 2009-2012 жылдардағы мемтапсырыс бюджеті жылына 3,2 млрд теңге болған, ал кейінгі жылдары күрт өскен. Сөйтіп, 2013 жылы бұл мақсатта 43,3 млрд теңге бөлінсе, 2014 жылы – 48,6 млрд теңге, ал 2015 жылы бұл сома бірден 51,7 млрд теңге болған. Мемтапсырыстың ең ірі алушылары – мемлекеттік БАҚ, ал мемлекеттік емес медиаресурстардың еншісіне түсетіні мардымсыз сомалар. BISAM Central Asia компаниясының ҚР ақпарат және коммуникация министрлігінің тапсырысымен 2016 жылы жасаған зерттеуінің қорытындысына сүйенсек, мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың базалық бағалары нарықтағы шын бағаларға мүлдем сәйкеспейді. Осы себепті мемлекеттік емес БАҚ үшін мемтапсырыстың мәні жоқ. «Қазақстанның интернет қауымдастықтары» ЗТТҚ президенті Шавкат Сабировтың пікірінше, мемлекет қазақ тіліндегі контентті қолдауы тиіс. Сарапшы елдегі 3 млн адам тек қана қазақша сөйлейтіндігін, және олардың қатары жылдан жылға өсіп келе жатқанын атап өтті. Сұраныс үлкен, ал контент әзірге аз. Бұрынырақта интернеттегі қазақ тілін дамыту бойынша мемлекеттік кампания жүргізілген еді. Соның аясында көп шара атқарылды, бірақ контентті одан кейін дамыту туралы ойланбады. Қазақша сөйлейтін аудиторияға шоу-бизнес тақырыбындағы ақпарат көбірек ұнайды. «Мемлекет қазақ тіліндегі контентке барынша қолдау көрсетуі тиіс. Мемтапсырыс негізінде жарияланатын контент алуан-түрлі болуы қажет. Әдетте мемтапсырыс айналдырған он шақты сайтта ғана жарияланады. Ал олардың саны 20-25-тен кем болмауы керек. Мемлекет материалдарды қазақ тілінде жариялап қана қоймай, тағы қосымша ақпараттық алаңдарының дүниеге келуіне қолайлылық туғызуы шарт. Не болмаса елдегі орыс тіліндегі басылымдарға қазақша редакция құруына материалдық тұрғыда көмек беруі артық болмайды. Мұнда БАҚ үшін табысты бизнес-модель құру өте қиын, өйткені біз азбыз, бар-жоғы 18 миллион. Ал интернет қолданатындар тіпті 8-9 миллион ғана. Географиялық тұрғыда алмағайып елміз. Аудиторияны қызықтыру үшін аймақтық жаңалықтарды жазу қажет. Мемлекет бас кезінде медианың аяғынан тұрып кетуі үшін қатысуы керек, уақыт өте келе бизнес өз шамасымен істей береді», – деп ойлайды Сабиров. Аудиторияның қызығушылығы Көптеген басылымдарда істеген журналист Денис Кривошеевтің пікірінше, қазақстандық аудиторияны қызықтыратыны әлемдік жаңалықтар емес, саяси жаңалықтар. «Әлемдік жаңалықтар барлығына бірдей қызық емес, мұхиттың арғы бетінде не болып жатқандығында халықтың жартысынан астамының шатағы жоқ, анда-санда «ананы су алыпты, мынаны жаппай қырыпты» деген сыңайдағы жаңалық болмаса. Олардың табынатыны мен қызығатыны басқа нәрселер. Басқаларының не құлқы, не уақыты жоқ мұншама жаңалықты білуге. Айталық, солтүстіктегілердің біраз бөлігі елде не болып жатқандығынан хабарсыз, өйткені олардың тұтынатыны – «Триколор» мен «НТВ Плюс» тәрелкелері арқылы көрсетілетін дүние. Ол жақтағы қызметтердің сапасы әлдеқайда жоғары, бағасы айтарлықтай төмен. Өкінішке қарай, олар тіпті премьеріміздің атын да білмейді. Назары Ресейде, сол жаққа қоныс аударуға мүдделі. Мүмкін Қазақстанда болып жатқан нәрселерден шошып, ештеңені білгісі келмегендіктен көзін жұматын шығар. Бірақ бұлай өмір сүру қиын», – дейді журналист. Оның есептеуінше, 18 миллион халық аса ірі сайттардағы әр жаңалыққа орташа алғанда 60-70 мың қаралым жинайды, қандай тілде болсын. Екі түрлі түсінікпен жазылып, түрлі дереккөздерден алынған бір жаңалықты бас-аяғы 1,5-2 миллион адам біледі, одан артық емес, бұл дегеніміз халықтың 10%-і. Ал халықтың басым көпшілігін жалпы жаңалық атаулы, оның ішінде ішкі жаңалықтар мүлдем қызықтырмайды, деп санайды Кривошеев, «Қазақша контент дегеніміз қазір барлық ақпараттың тең жартысы болар. Мәселе оның мазмұндылығында және сапасында. Ал оны жақсартудың бірден бір жолы – жарнама бюджеттерін немесе қаржылай қолдауды ұлғайту, алайда оның ешқайсы мүмкін емес немесе жосықсыз», – дейді Кривошеев. Шетелдік БАҚ-тың ықпалы турасында сарапшы әр ел өз мүддесіне жұмыс істейді, ең алдымен өз көрерменінің сұранысына бейімделеді деген ой айтады. Оның пікірінше, мемлекет алдымен БАҚ не үшін керек дегенді анықтап алуы керек, сосын ғана оны дамыту мәселесімен айналысуы қажет. Ең мықтысы жеңеді Саясаттанушы Досым Сәтпаев жергілікті көрермендердің ресейлік БАҚ-тың ықпалына ауып кеткендігіне билік өзі кінәлі деген пікірде.Бұл материал «Giving Voice, Driving Change — from the Borderland to the Steppes Project» жобасы аясында жазылды. Жоба Норвегия Сыртқы Істер Министрлігінің қаржылай қолдауымен жүзеге асуда.