© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Қазақстандағы экстремизммен күрес: миллиондар қайда кетіп жатыр?

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстандағы діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс–қимыл жөніндегі бағдарламаны жүзеге асыру кезінде елдегі азаматтардың радикал идеологияның жетегінде кететіндігінің тамыры ең алдымен әлеуметтік және психологиялық себептерде екені ескеріліп жатқан жоқ.


Подпишитесь на нашу страницу в Facebook!


Қазақстан діни экстремизмге қарсы тұру және алдын алу – мемлекеттік саясатының басымдықтағы бағыттарының бірі екендігін мәлімдеген. Заңнамалық база жетілдіріліп, көптеген мемлекеттік бағдарлама қабылдануда, осы мәселелерді шешуде құзырлы мемлекеттік және қоғамдық органдардың түр–түрі құрылып жатыр.

Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018–2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Оның жалпы қаржыландыру сомасы 270 млрд 148 млн теңгені (696 389 млн АҚШ доллары) құрайды. Бұл өткен 2013-2017 жылдардағы бесжылдықтан әлдеқайда көп қаражат. Ол мерзімдегі экстремизммен күрес 2,8 есе арзанға түскен еді – 103 млрд 176 млн теңге (2013 жылғы валюта бағамымен 1 млрд–тан астам АҚШ доллары.

Алайда девальвацияны ескерсек, анығында жұмсалатын қаржы әжептәуір қысқарған.

Құжаттың сипаттамасына сәйкес, бағдарламаны жүзеге асыруға маңызды меморгандар қатысады – Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура, Президенттің қауіпсіздік қызметі, Ішкі стер және Қорғаныс министрлктері. Бірақ осы қыруар қаржы құйылған бағдарламар қарапайым халықтың есінде қалды ма?

Кемелдіктің шегі бар ма?

Қазақстанның дін мәселелерімен айналысатын орталық атқару органы үнемі өзгереді де жатады немесе атауы өзгертіле береді. Бастапқыда бұл Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Дін істері жөніндегі комитет болды, кейін ол дербес Дін және азаматтық қоғам істері жөніндегі министрлікке айналды. 2018 жылы орган Қоғамдық даму министрлігі боп өзгертілді.

Ал 2019 жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне айналды, құзырына мемлекет атынан діни бірлестіктермен әрекеттесу, азаматардың дін ұстану бостандығын қамтамасыз ету, тағы басқа міндеттер кірді. Оның сыртында бірқатар атқарушы және күштік құрылымдармен бірлесіп діни экстремизмге қарсы тұрады және алдын алады. 

Сонымен қатар мемлекет жылдан жылға экстремизммен күрес жөніндегі заңнамалық базаны жетілдіріп келеді. Алайда құқыққорғаушылар заңдардың азаматтық қоғам бірлестіктеріне қарсы қолданылатын жағдайлар жиі боп тұрады дейді.

2019 жылдың мамырында БҰҰ терроризмге қарсы күрес жағдайында адам құқықтарын қорғау және ынталандыру мәселесі жөніндегі арнайы баяндамашысы Фионнуала Ни Аолаин Нұр–Сұлтандағы экономикалық форум кезінде азаматтық белсенділердің ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндірді деген сылтаумен қудаланатыны алаңдататынын жеткізді.

«Біз заңнамадағы терроризмге қарсы, экстремизмге қарсы әрекет ету ережелеріндегі дефинициялардың аясы тым кең екендігіне әрі олар құқықты шектейтіндігіне қатты алаңдаулымыз. Бұл ережелер теориялық тұрғыда барлық азаматқа тең дәрежеде қатысты болуы керек, бірақ анығында өкінішке қарай олар мақсатты түрде тек нақты азшылық топтарына қатысты қолданылады. Мені әсіресе адамдардың діни бостандықтарына қысым жасалып отырғаны алаңдатып отыр», – деді сарапшы (kursiv.kz жариялаған дәйексөз).

Экстремизммен күрес жөніндегі бағдарламаның мақсатты міндеттері қатарында «діни алауыздықты немесе араздықты тудыруға бағытталған экстремистік идеяларды жақтаушы» адамдар санын азайту деген көрсеткіш бар. Сонымен қатар бағдарлама аясында «халықтың радикалдануына сыртқы факторлардың ықпал етуін төмендету» бойынша шараларды да қолға алу жоспарланған. Оның негізгі жолдары – «техникалық құралдарды жетілдіру» және БАҚ, сайттар мен әлеуметтік желілерді үздіксіз бақылап отыру.

2018 жылы үкімет отырысында сөз сөйлеген ҰҚК төрағасының орынбасары генерал–майор Нұрғали Білісбеков жаңадан қабылданған антитеррористік бағдарламаның басты мақсаты – адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өткен болатын.

«Бағдарлама аясында 80 шара жоспарланған, олардың 35–і арнайы сипаттағы шара. Жұмсалатын қаражаттың басым бөлігі арнайы және құқық қорғау органдарын заманауи техникамен және ең соңғы әзірлемелермен жарақтандыруға қарастырылған», – деп, Білісбеков үкімет мүшелерін сендірмек еді. Сонымен бірге жоспарланған шығындардың ішіне профилактикалық шараларын да, күштік құрылымдардың кәсіби дағдыларын жетілдіру шараларын да ұйымдастыру кіретіндігін қосып өтті. 

Сөз арасында ол 2013 жылдан бері ҰҚК 38 террористік актінің алдын алып, шетелдердегі беделі күмән туғызатын жоғары оқу орындарында оқып жатқан 380 жас қазақстандықты елге қайтарып әкелгендігін айта кетті.

Медиаға арналған тендерлер

Бекітілген шаралар жоспарына сәйкес, орасан зор бюджеттің қомақты бөлігі ақпараттық–түсіндірме жұмыстарына жұмсау қарастырылған – интернет пен әлеуметтік желілер арқылы, сонымен қатар терроризм мен діни экстремизмге қарсы әрекет ету мәселесі жөніндегі әлеуметтік тапсырыс беру арқылы.

Ашық деректерге сүйенсек, бесжылдық бағдарламада бұл мақсатта 246 млн теңге (635,38 мың АҚШ доллары) жұмсау көзделген. «Каzislam.kz» интернет–порталын кеңінен танымал ету үшін 212 млн теңге (547,565 мың АҚШ доллары) қарастырылған.

Шаралар жоспарының біраз бөлігі құпия болғандықтан, меморгандардың экстремистерден қалай қорғаным жатқандығының егжей–тегжейін мемлекеттік сатып алу сайтынан біліп алуға болады.

Былтыр тамызда Алматы әкімдігі танымал вайнерлердің қатысуымен экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жөніндегі контент жасауға тендер жариялады.  Сатып алуға бөлінген сома — 8,9 млн теңге (22,99 мың АҚШ доллары). Қатысушыларға қойылған талаптардың ішінде блогерлердің танымалдылығына нақты сипаттамалар берілген және қанша видео түсіру керектігі жазылған.

«Видеоөнім комедия жанрында, жоғары көркем деңгейде жасалуы және тапсырыс берушімен келісілген, еш шектеусіз қалың мақсатты аудиторияға арналып түсірілген болуы тиіс», – делінген техникалық тапсырмада.

Алайда хабарландыру бір айдай жарияланып тұрды да, одан соң тапсырыс берушілер сатып алудан бас тартып, оны өшіріп тастады.

Оңтүстік Қазақстан облысында да «Дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатындағы шараларды жүзеге асыру» деген мемтапсырыс тақырыбында бірнеше тендер өткізілген. Тапсырыс беруші ретінда облыстық дін істері жөніндегі басқармаға қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекеме көрсетілген.

Қазақстанның мемлекеттік саып алулар сайтының деректеріне сәйкес, 2018 жылдың сәуірінде екі лот бойынша тендер өткізілген – 10 млн теңгенің (25,83 мың АҚШ доллары) «Діндегі дәстүрдің маңызы» телевизиялық бағдарламасы және 57,5 млн теңгенің (148,51 мың АҚШ доллары) сараптамалық нұсқаулықтарын шығару.

2017 жылы жалпы сомасы 155 млн 854 мың теңге (402,55 мың АҚШ доллары) болатын 20 лот бойынша мемлекеттік тапсырыс жарияланды. Оның 12–сі бойынша сатып алу ақыры мемтапсырыс талаптарына сай келетін қатысушылардың жоқтығынан болмады, ал сегіз лот сәтті жүзеге асырылды.

Жергілікті телеарнадан әрқайсы 10 миллион теңгеден астам (25,83 мың АҚШ доллары) болатын «Діндегі дәстүрдің маңызы», «Мемлекет. Қоғам. Дін» діни–танымдық бағдарламалар циклы жасалды. Олардың видеолары YouTube желісіне салынған, 428 рет қаралған.

7 млн 300 мың теңгеге (18,86 мың АҚШ доллары) түзету мекемелеріндегі бас бостандығынан айырылған азаматтармен кездесулерге жұмсалған. Тапсырысты орындаған – тендер жеңімпазы «Қазанат–Мирас» жекеменшік қоры.

Тізімдегі 42 млн 971 мың теңге (110,99 мың АҚШ доллары) тұратын ең ірі «облыстың дін саласындағы сараптамалық жұмысына арналған ақпараттық–әдістемелік материалдарды әзірлеу» лотының үлестірілуі қоғамда біраз дүбір туғызды. Лотты өз қызметтерін 39 млн теңгеге (100,73 мың АҚШ доллары) ұсынған “Халқыма тағзым” қоғамдық бірлестігі жеңіп алды. Көптеген көрнекті қайраткерлер мен журналистер қоғамдық ұйымның мұндай тапсырысты орындауға білігі жетпейтіндігін жеткізген еді.

Бұл әдістемелік материалдарды кейін қаржы полициясы ұзақ іздеп әбігерге түскені тағы бар.

Бірақ тапсырыс берушілер материалдардың барлығы түрлі ұйым–мекемелер мен қызығушылық танытқан азаматтарға таратылып кеткен деп түсіндірді. Есептері жазылған барлық құжаттары тапсырыс орындаушылардың қолында болғандықтан, заң тұрғысынан ұйымға одан басқа сұрақ туындамады.

Алайда көзге түсетін бір жайт бар: Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтындағы мәліметтер бойынша, аталған ұйым 2012 жылы құрылған, қызметі бойынша салық тек 2016 жылы ғана төленген, басқа төлем жүрмеген. Ұйымның бюджетке міндетті төлемдер бойынша қарызы да жоқ. Яғни әдістеме кітапшаларын шығарғанға дейін, одан кейін де бұл ұйым қаржы табатындай ешқандай қызмет көрсетпеген.

Түркістан облысындағы мемтапсырыстарға келсек, 2018 жылы өңір билігі мен басшылығындағы бейберекет жайттардың салдарынан тендерлер бірнеше рет жарияланып, бірнеше рет жойылған.

Интернет пен әлеуметтік желі қолданушыларын терроризм насихатының ықпалынан қорғау үшін Қазақстан заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында ақпараттық кеңістікте үнемі мониторинг өткізіледі. Ақпарат және коммуникация министрлігіне ұлттық ақпараттық кеңістікті бақылау жүйесін жасау үшін 1,7 млрд теңге (4,39 млн АҚШ доллары) бөлінген.

Ведомство ақпараты бойынша, қазіргі уақытта бұл мониторингпен құзырлы органның есебінде тұрған республикалық және аймақтық теле, радиоарналар, басылымдар, ақпараттық агенттіктер мен желілік ресурстар қамтылған.  Барлығының саны 930 БАҚ.

Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен интернеттің шетелдік сегментіндегі қазақ заңнамасын бұзылуы да қадағаланады (терроризм, экстремизм, өзіне қол жұмсау насихаты). 

«Жаңа жаһандық нақты ахуал»

Қоғам қайраткерлері мемлекеттің экстремизммен және терроризммен күресі жайлы журналистерге пікір айтуға құлықсыз. Тіпті жобаның орасан бюджеті сұрақтар туындатса да, шаралар жоспарындағы көптеген баптар құпия болса да, ал материалдық–техникалық базаны жаңарту мемлекеттің қыруар қаржысын талап етсе де.

2016 жылы Қазақстан стартегиялық зерттеулер институтының зерттеушісі Анастасия Решетняк Орталық Азиядағы, оның ішінде Қазақстан мен Қырғызстандағы терроризм мен діни экстремизм туралы монография жариялады.

Сол кезде Қазақстан президенті болған Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөздеріне мазмұндық сараптама жасаған автор олардың 72%–інде «терроризм» немесе «экстремизм» сөздері болғанын анықтады. 2015 жылғы Қазақстан халқына жолдауының мәтініне қарасақ, терроризм қаупі –  «жаңа жаһандық нақты ахуалдың бір сипаты». Сонымен қатар монография авторы терроризм қаупінің БАҚ беттерінің негізгі бөлігін алған тақырып екендігін атап өтеді.

Сауалнамаға қатысқан адамдардың басым бөлігі мемлекеттің діни саясатына және терроризмге қарсы әрекеттеріне оң пейіл білдіреді, сонда да 60%–тен астамы Қазақстанда террористік актілердің болуынан қауіптенеді. Бұл ретте мәселенің шешімі деп респонденттердің дені мемлекет саясатының заң шығару, дін ұйымдарына қатысты бақылау–шектеу шараларын күшейтуді атайды.

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың айтуынша, алдын алу шаралары негізінен пропагандадан тұрады. Оның ойынша, радикалданудың теологиялық жағына шектен тыс назар аударып, ал оның әлеуметтік контексін мүлдем ескермеу – алдын алу шараларының басты кемшіліктері.

«Экстремизммен күрестің түрлі жолдары бар, бірақ біздегі күрес тек радикализация дегеніміз – діни сауатсыздық деген түсініктен туындап отыр. Ал анықтап қарайтын болсақ, радикалды идеологияға тарту процесінің тамырлары біздің жағдайымызда ең алдымен әлеуметтік және психологиялық себептерде жатыр», – дейді ол (Vlast.kz бойынша дәйексөз).

Данил Шемратов, Қазақстанның Шымкент қаласының журналисі осы материалды даярлау барысында қолғабыс етті 


Бұл мақала IWPR «Орталық Азиядағы тұрақтылыққа бағытталған ашық диалог» жобасының аясында әзірленді

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: