© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Қазақстан: жан басына қаржыландыру орта білім проблемаларын шеше ала ма?

Қазақстанда оқушы саны шамадан тыс толып кеткен, материалдық ахуалы нашар мектептердің және ескірген оқу әдістемесінің мәселесін шешу мақсатындағы орта білім жүйесін реформалау басталып кетті.


Фото: nis.edu.kz

Елдегі 21 «Назарбаев зияткерлік мектептің» өзі мембюджеттен орта білім беру саласына бөлінетін қаражатының үштен бір бөлігін жұтып отыр. Ал қалған мектептерде 2019 жылдан бастап жан басына қаржыландыру ендірілмек. Реформаның аяқалысы қалай және жағымды нәтижелерге қол жеткізе ала ма?

Республикада бас-аяғы 7 450 мектеп бар, оның 43%-і – шағын жинақты, яғни педагогтар жетіспейтін және материалдық базасы жұтаң мектептер. Мұндай білім ошақтары негізінен ауылдық жерлерде орналасқан, ондағы оқушылар саны да аз. Қаладағы жағдай өзгеше – мұндағы сыныптардағы бала саны 40-тан кем болмайтын жайттар қалыпты саналады.

Орта білім беру саласына 2018 жылға қарастырылған жалпы бюджет – 118 млрд теңге. Оның ішіне ел бойынша 14 мың баланы Назарбаев зияткерлік мектептер мен арнаулы мектептерде оқыту, педагогтардың біліктілігін арттыру, мектептер салу және тағы сол сияқты шығындар кіреді. Балаларды НЗМ-де оқыту үшін және мақсатты салым ретінде 49 млрд теңге ($128 млн 138 мың 075) жұмсалған, бұл дегеніміз орта білім саласына бөлінген қаражаттың үштен бір бөлігінен асады. Тағы 44,9 млрд теңге ($117 млн 416 мың 318) жаңа мектептердің құрылысына қарастырылған. Биліктің өзі қалалық жерлерде мектептердің мүлдем жетіспейтіндігін мойындап отыр, сондықтан мектеп салуға бизнесті тартпақ. Болжам бойынша, 2019-2020 жылдары НЗМ-ге бөлінетін қаржы ұлғая түспек.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы» мақаласында білім берудің қалыптасқан жүйесін қатты сынға алып, «бүкіл оқу-тәрбие процесі ескірген әдістемеге негізделген» деп атап өтті.

«Оқу-тәрбие үдерісінің тарихи білім сынды маңызды ісі жеке тұлғаның, азамат пен патриоттың қалыптасуы міндеттерін шешуге атымен бейімделмеген. Нақтылық мынада, оқушылар Қазақстан тарихы пәнін «зеріктірерлік», «қызықсыз», «бытысқан» пән деп санайды. Мектеп курстарында көбіне көп кеңестік білім беру жүйесінің сарқыншақтары сынды әскери дайындық, өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету негіздері бағдарламалары бар. Сонымен бірге, оқушыларға қазірдің өзінде қажетті инновациялық курстар жоқ», – делінген президенттің мақаласында.

Оның ойынша, жастардың бір бөлігі діни секталардың, экстремистердің, есірткіге құмар және қылмыстық топтардың «оңай олжасына» айналады. Ал интерактивті білім беруді дамыту жөніндегі міндет тар мағынада түсініліп, солай жүзеге асырылуда.  Заманауи онлайн-білім беруді ұстаз бен шәкірттердің тікелей интернет-араласуы режімінде ұйымдастыруды дамытып, оқу-тәрбие процесін түбегейлі өзгерту қажет.

Назарбаев зияткерлік мектептеріне арналған миллиардтар

Білім беру саласын сапалы реформалау мақсатында 2008 жылы Назарбаев зияткерлік мектептер ашылған. Мұнда инновациялық әдістемелер қолданылып, ең озық материалдық мүмкіндіктер қамтамасыз етіліп, сондай-ақ ең үздік педагогтар мен оқушылар тартылуы керек еді.

НЗМ жүйесінде жұмыс істеген маман, ал қазір CABAR.asia сарапшысы Асқар Мұқашевтың айтуынша, бұл мектептер халықаралық алдыңғы қатарлы оқыту әдістемелерін зерттеп, отандық мектептерде ендіруді көздейтін эксперименттік алаң ретінде ойластырылған.

«Мұның бәріне мемлекет бюджетінен миллиардтаған қаражат жұмсалды. Елдегі барлық оқушылардың арасында өткізіліп жүрген халықаралық тестілеу қорытындыларына сүйенсек, НЗМ білім беруді халықаралық стандарттарға сәйкес дамыту мақсаттарына жетіп отыр, – дейді сарапшы. – Тестілеулердің нәтижелері көрсетіп отырғандай, НЗМ оқушылары бүгінде Сингапур мен Финляндия сияқты елдердің білім сапасы бойынша үздік мектептерінің түлектерімен батыл бәсекелесе алады, сонымен қатар халықаралық олимпиадаларда жеңіске жетіп жүр».

«Алайда, ел көлеміндегі орташа деректерді алып қарасақ, жалпы рейтинг құлдырайды да, үздіктердің қатарына ілінбейміз. Ерекше атап өтерлігі, НЗМ-ге айрықша талаптарға жауап беретін ең қабілетті және дарынды балаларды іріктеп алады. Әлбетте, оқушылары жақсы нәтиже көрсеткеннің өзінде, елдегі қарапайым мектептерінен НЗМ сияқты көрсеткіштерді күту қиын», – дейді Мұқашев.

НЗМ мен қатардағы мектептердің арасындағы зор айырмашылықты жою үшін, тәжірибе алмасу процесін бастау туралы шешім қабылданды. Бұл процесс 2015 жылы, бірінші сыныптың жаңартылған бағдарламасын ендіруден басталды.

«Трансляция аясында білім берудің мазмұны және баға қою жүйесі жаңартылуда, сабақ берудің жаңа әдістері ендірілуде. Бәрі де керемет деуге болар еді, бірақ мұнда да әттегенай бар. Байыппен істелетін нәрсе тым жылдамдатылып жатыр. Осындай қысқа мерзімде мыңдаған мұғалім жаңа бағдарлама бойынша қайта оқытылды деп жатыр. Бірақ олар бағдарламаны қаншалықты түйсініп меңгеріп жатыр – бұл өз алдына бір мәселе. Жаңарту бағдарламасын бастамай тұрып, аудандардағы және ауылдардағы мектептер, оның ішінде материалдық-техникалық жабдықталуы мен мұғалімдердің біліктілігі осындай өзгерістерге қаншалықты дайын екенін анықтайтын мониторинг немесе қандай да бір зерттеу жүргізілді ме – бұл келесі сұрақ. Идея жақсы, қазіргі сәтте аса өзекті де. Бірақ әдеттегідей біздің елде оның жүзеге асырылуы кемшін. Асығам деп, тосылмасақ жарар еді», – дейді Мұқашев.
Жан басына қаржыландыру деген не?

Фото: CABAR.asia/Артем Марусич

НЗМ-де оқу үшін оқушылар мемлекеттен грант алып, осындай деңгейдегі білімге қол жеткізетінін айта кету керек. 2016 жылы НЗМ-нің бір оқушысына мемлекеттік бюджеттен жылына 1 млн 800 теңгеден ($4 700) жұмсалды. Бұл сома ішінде мұғалімдердің, әкімшіліктің жалақысы, оқушының тамағы, формасы, үйірмелерді ұйымдастыру, ғимараттардың күтімі, интернет сияқты тағы да басқа шығындар қарастырылған.

Енді ҚР білім және ғылым министрлігі қатардағы мектептерде де солай жан басына қаржыландыруды ендіруді ұсынып отыр. Қазірдің өзінде Алматы мен Астананың әрқайсында мемлекеттік 5 мектепті пилоттық негізде әр оқушы үшін мембюджеттен қаражат аудару арқылы қаржыландыру басталды. 2020 жылдан бастап қалалардағы барлық мемлекеттік мектептер осы жүйеге өтеді. Сонымен қатар, жекеменшік мектептер де мемлекеттік бюджеттен жан басына қаржыландыру ала алады. Осы сәтте пилоттыз жоба аясында оқушылардың жалпы санының 1,8%-і қамтылған. Бұл мақсатқа 4,8 миллиардтан астам теңге бөлінген, 2019 жылы бұл сома 23 млрд теңгеге дейін ($60 млн 146 мың 443), ал  2020 жылы 125 млрд 918 млн теңгеге дейін ($328 млн 498 мың 953) ұлғаяды.

ҚР білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың сөзінше, мемлекет толып кеткен мектептердің мәселесін бірден шеше алмайды. Кей мектептер әлі күнге дейін апаттық жағдайда, кейбірлерінде оқушылар үш ауысыммен оқиды. Қазіргі уақытта елде 112 мектеп салынып жатыр, бірақ бұл аз. Статистика бойынша, биыл алғашқы жарты жылдың өзінде Астанаға 45 мың адам көшіп келген, оның 20 мыңы – балалар. Мемлекет ұлы көштің соңына ілесер емес. Жуықтап есептесек, осы келгендерге 15 жаңа мектеп салып беру керек. Министрлік жаппай мектеп құрылысына бизнесті тартпақ.

«Бизнес келіп, мектеп салуы керек. Ол үшін біз біліктілік талаптарымен қоса құрылыс нормалары мен ережелерін, санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларды өзгерттік. Либерализация жасадық. Ең алдымен, Алматы мен Астана мектептерінің максималды жобалық қуатын 3 мың орынға дейін ұлғайттық, мектеп ғимаратына тиесілі жер телімі болуын міндеттейтін талапты 40%-ке қысқарттық, Астанадағы мектептердің 5 қабатты, ал кей аймақтардағы мектептер 4 қабатты болуына рұқсат бердік. Спортзалдардың мектеп ішінде болуы шарт емес, 500 метр қашықтықта орналастыруға болады (бір спорттық кешенді екі мектеп бірлесіп жалдауына болады). Мектептерді ыңғайластырылған тұрғын үйде, төбесінің биіктігі 2,9 метрден кем болмайтын жайларда да ашуға болады. Медпункттің де болуы шарт емес, денсаулық сақтау мекемесімен келісім-шарт жасасу жеткілікті. Сол сияқты, ғимарат жеке меншікте болу талап етілмейді, материалдық активтерді 10 жылдан кем емес мерзімге жалға алу туралы келісім-шарт жеткілікті. Сонымен қатар балаларды тамақтандыру туралы келісім-шарт жеткілікті», – деп мәлімдеді білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова баспасөз конференциясында.

ҚР қаржы министрлігінің жоспарына сәйкес, бір оқушының шығыны жылына 300 мың теңгені ($784) құрайды. Мемлекеттік мектептерді жан басына қаржыландыру олардың оқу процесіндегі, интернетке, ағымдағы шығындарын, жөндеу шығындарын өтейді деп болжанған. Осылайша мектептердегі қаражат тапшылығы мәселесін шешіп, ата–аналардың «ерікті» жарналарын құрту көзделген.

Басқа балалардың НЗМ балаларынан несі кем?

ҚР Мәжілісінің (парламенттің төменгі палатасы) қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ирина Смирнова білім беру жүйесінде проблема көп, және олардың азаятын түрі жоқ деген пікірде.

Ирина Смирнова/Facebook.com

«Мектептердің барлығы толып кеткен. Астананың өз басында ғана бастауыш сыныптардың қатары А-дан басталып, М-ге дейін созылған. Урбанизация нәтижесінде қала мектептеріндегі адам саны тым көп. Ал ауылдарда – іргесі сөгілген ескі мектептер. Мектептердің жартысына жуығы шағын жинақты, бұл дегеніміз 1 және 2-сынып оқушылары бірге оқиды деген сөз. Бір мұғалім екі деңгей сыныптарын бірге оқытады. Мен үштілділік туралы да, мұғалімдердің жалақысы туралы да, олардың дайындығы туралы да талай сауал жолдадым. Мемлекеттік бағдарлама бойынша мыңдаған педагог даярлапты, ал жұмыс істеп жүргені 800 ғана. Қалғаны қайда кетті? Енді оларды қайта даярлау керек дейді. Курстан кейін олар мектепте қала ма – белгісіз. Мұғалімдердің курстарына бюджеттен қыруар қаржы жұмсалып жатыр», – дейді депутат.

Айта кетейік, қазақстандық мектептерде үштілдік жүйе енгізіліп, сабақтар ағылшынша, қазақша және орысша жүргізіліп жатыр. Физика, математика сияқты бейіндік пән мұғалімдері ағылшын тілін мүлдем білмейтін. 2018 жылға арналған жоспарда үштілділікке көшу мақсатына 6,9 млрд теңге қарастырылған.

Бұдан бөлек, бастауыш сыныптарға арналған оқулықтар ата-аналар мен педагогтардың наразылығын тудыруда. Былтыр орыс тілі оқулықтарында танымал ток-шоуларды көріп, оларды талдау туралы тапсырмалар, сондай-ақ сауатсыз сөздер жарияланған. Орыс тілінен беретін педагогтар бұл оқулықтардың мүлдем тіл білмейтін балаға арнап жазылған сияқты деп БАҚ-та мәлімдеген. Осы сияқты жағдай ағылшын тілі оқулықтарында да бар.

«Өз елімізде жазылып, басылса да, бағасы удай. Бірінші сынып оқушысының оқулықтар топтамасы 15 мың теңге тұрады. Олардың барлығы әр 4 жылда жаңартылады, бірақ сапасы жақсармайды. Әріп қатесінен көз сүрінеді. Реформа жүріп жатыр, бірақ кім үшін, не үшін екені түсініксіз. Білім және ғылым министрлігі идеяларын ұсынған кезде, ниеті түзу сияқты көрінеді. Бірақ жер-жерден ата-аналардың не айтқанын естіп–көресің де, тағы ойланып қаласың. Міне, бүгін ғана әлеуметтік желілерде ағылшын тілі оқулықтарына қатысты шулап жатыр. Ашсаң – іші толған грамматикалық қате».

Депутаттың айтуынша, оң өзгерістер де баршылық. Қала мектептерінің материалдық базасы жақсарған. Мұғалімдердің жалақысы аз да болса өскен. Бұрын 50 мың теңге алатын, қазір 140 мыңға дейін алады. Әрине, ауыз толтырып айтатындай көп емес, бірақ дәрігерлердің айлығы бұдан да аз. Сынып жетекшісі жетекшілік ететін сыныбы үшін айына 4 мың теңге алады. Құрылған НЗМ-дер де жақсы нәтиже көрсетіп отыр.

«Ол мектептерде оқитын оқушылардың жағдай жақсы. Бірақ мұнда да таяқтың екі ұшы бар. Бұлар – элиталық оқу орындары. Біз ауыл мектебіне келдік, ал олардың спорт алаңы да жоқ. Топырақты бұрқыратып, матадан жасалған доп қуып ойнап жүр. Бірақ олар да НЗМ оқушылары сияқты кәдімгі балалар. Қыс түссе, мектеп іші азынап кетеді, балалар қолғап киіп отырады. Дәретхана – далада. Кей мектептерде су да жоқ. Осы Астананың түбіндегі Қосшы ауылында жаңа мектеп бар, шамасынан үш есе артық бала оқиды. Басқа ескі мектепте 700 бала оқуы тиіс, бірақ 2100 оқушы барады. Оның да дәретханасы далада. Бас қала маңындағы жағдайдың өзі осындай», – деп баяндап берді Смирнова.

Депутаттың ойынша, жан басына қаржыландыру – түйткілден шығудың амалы. Жекеменшік қаражатқа мектептер салына бастайды, мемлекет балалар үшін ақша төлейді. Мұндағы маңыздысы – мемлекеттік мектеп қажетті біліммен қамтамасыз етеді, сапалы білімге балалардың барлығының қолы жетеді.

«Әйтпесе, НЗМ-дерде де ескі принциптер болсын, үстеме қызметтер үшін ата-аналары төлесін. Олардың оқуын неге бүкіл ел болып төлеуіміз керек? Бұл мектептердің түлектері шетелге көшуді көксеп өседі, ал біз кімді даярлап жатырмыз, келешекте кіммен қаламыз?», – дейді Смирнова.


Бұл материал «Giving Voice, Driving Change — from the Borderland to the Steppes Project» жобасы аясында жазылды. Жоба Норвегия Сыртқы Істер Министрлігінің қаржылай қолдауымен жүзеге асуда.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: