© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Астанада Go Viral фестивалі аяқталды

Медиа, технология, бизнес және инновация өкілдерінің басын қосатын фестивальге өте көп – 2000 адам қатысты.

2023 жылдың 24 маусымы Астанада алғаш рет өткен аймақтық іс-шараның екінші және соңғы күні болды (бұған дейін Go Viral Алматыда өтетін). Қазақстанның астанасында суық болғанына қарамастан, фестивальдің өзі эмоция, идея, спичтерден жанып тұрды.

Фотода: Ананд Кришна

«Біз Go Viral бағдарламасын алты жыл бұрын бастадық, өйткені біз бәріміз бір командадамыз және бір-бірімізге қолдау көрсетуіміз керек, ортақ тіл табу үшін бірге жұмыс істеуіміз керек. Бұл оңай емес, бірақ бұл әсіресе осы күндері маңызды», – деді Алматыдағы АҚШ Бас консулдығының білім беру, мәдениет және БАҚ жөніндегі кеңесшісі Ананд Кришна.

Ол фестиваль жас қатысушыларға оқу және нетуоркиң арқылы өз жолын табуға мүмкіндік береді деп санайды. «Ең бастысы, сіз Go Viral-дан шабыт таба аласыз», – деді Ананд Кришна.

Спикер шабыт туралы жай айтқан жоқ. Ол пышақ сатумен айналысқан алғашқы жұмысы туралы айтып берді, ол үй-үйді аралап, адамдарға осы өнімді ұсынған. Бірақ сатылым жағы қиын болатын.

«Өйткені бұл маған ұнамады, мен бұл өнімге сенбедім, шабытым болмаған. Go Viral-ді жақсы көретін себебім, мен мұнда шабыт алғанымды сеземін, мен шабытты көремін».

Бұл шабытты өз жолдарын іздеп, өздері тұратын жерді жақсырақ мекенге айналдырғысы келетін Go Viral қатысушыларынан табамын.

Неліктен қоқиқаздар қызғылт түсті?

Фестиваль қатысушыларын Seen (бұрынғы Hashtag Our Stories) негізін қалаушысы, мобильді журналистика және цифрлық сторителлиң амбассадоры, TEDx спикері Юсуф Омар шабыттандырды. 7 миллион жазылманы бар халықаралық журналист видеожурналистика арқылы қалай танымал болып, контентті монетизациялауға болатынын айтып берді.

Фотода: Юсуф Омар

«Күтпе. Сен өзіңді өзің жасауың керек. Кейбіреулер саған тәжірибең жеткіліксіз деп айтады. Оларға назар аударма. Өзіңді дамыт», – деді Юсуф Омар.

Ол өзі видео түсіріп, видео-хикаялар баяндауды үйренгенін айтты: «Мен 2012 жылы Конгода, ал 2014 жылы әскери қақтығыстар болып жатқан Сирияда болдым. Кейін дәстүрлі БАҚ-та жұмыс істеп, екі күрделі мәселе байқадым. Біріншісі – негативке әуестік. Екіншісі – әртүрліліктің жоқтығы».

Ол контентмейкерлерге дәстүрлі БАҚ сияқты шектен шықпай, керемет оқиғалар табылатын алтын ортаны іздеуді ұсынды. Сондай-ақ контентті әртүрлі ету керек.

Қазақстанды танытатын вирустық роликтер жасауға болады. Мысалы Қазақстанда қоқиқаздар бар, ол туралы неге контент жасамасқа? Немесе қоқиқаздардың неліктен қызғылт түсті екенін айтыңыз. Бұл сұрақтың жауабы өте қарапайым: «Сіз не жесеңіз, солсыз. Қоқиқаздар жейтін тамағына байланысты қызғылт түсті болады».

«Шындығында, құрал-жабдық соншалықты маңызды емес. Мазмұны мен идеясы өте маңызды», – дейді Юсуф Омар.

Табыс нұсқауы

Фестивальге қатысушылар спикерлерден көптеген құнды мәліметтер алды.

Виртуал графикасының арқасында жаһандық Forbes журналына енген 3d CG дизайнері және суретші Жанар Абраева арнайы бағдарламада жұмыс істеу және Instagram үшін AR маскаларын жасау жолдарын рет-ретімен көрсетіп, айтып берді. Ол Go Viral үшін қатысушылардың дәл алдында Қазақстанның мемлекеттік туында бейнеленген бүркіттің AR маскасын жасады.

Белгілі режиссер әрі фотограф Қанат Бейсекеев сәтті деректі фильм жасаудың негізгі ережесін бөлісті: «Сіз картина арқылы таратқыңыз келетін оқиғаның қызық екеніне сенімді болуыңыз керек. Ол сізге ғана емес, көзделген көрерменге де қызық болуы керек. Әдемі кадрлар ғана емес, Skype диалогының үзінділеріне негізделген көптеген танымал деректі фильмдер бар.

Фотода: Қанат Бейсекеев

Режиссерде түсірілім кезінде бәрі жоспарға сай болмаған жағдайлар болған: нашар кадрлар, кейіпкерлердің шынайы уайымын көрсете алмауы және т.б.

«Мұндай жағдайларда мені монтаждау құтқарды. Соңында сапалы өнім алу үшін осы үдеріске барымды салуға тура келетін», – дейді Қанат Бейсекеев.

Алдымен сапа, кейін таргетиң

 «Брендке адалдық: жарнамаға шығынсыз-ақ сатуды қалай екі есе арттыруға болады?» панель талқысында «Harmony School Astana» PR директоры Нұрзат Таңат бизнестегі ең басты нәрсе адам капиталы екенін, бұл тұтынушыларды тартуға көмектесетінін айтты.

«Көп жағдайда жаңа мектеп ашқанда ғимараттың әдемілігі, жақсы жарнама ештеңе шешпейді. Ең басты фактор – ұстаздар! Мектепті мектеп ететін – ұстаз», – дейді Таңат.

Astana Harmony School ата-аналардан мектеп туралы қалай білгендерін сұрайды. «Ауызша радио тамаша жұмыс істейді, негізгі басшылардың, бизнес иесінің имиджі рөл атқарады, ата-аналардың аз бөлігі ғана бізге жарнама, баннерлер, таргетиң арқылы келеді», – деді спикер.

Әсет Шорман, бизнес және медиа-продюсер: «Маркетиңде адамның бір нәрсеге сенуі басты рөл атқарады. Біз Nike сатып алғанда, аяқ киімнің жоғары сапалы екеніне сенеміз. Сондықтан маркетиңнің жұмысы – сапаны қалыптастыру, тауарға деген сенімді тарату.

Бұл пікірмен маркетолог, адалдық жөніндегі сарапшы Әсемгүл Тұяқпаева да келіседі. Ол бизнес бастаған кезде адамдар жиі маркетиңге үлкен бюджет жұмсайтынын, блогерлер тартатынын байқаған. «Олар бизнесте таргетолог, мобилограф, SMM менеджер болса, онда бұл бизнес өркендей бастайды деп ойлайды. Бұл қате. Оның орнына сапалы қызмет көрсетуге көңіл бөлген абзал».

Әсет Шорман адамдардың адамдарға жазылатынын, сондықтан бизнесменге жеке брендті дамыту керегін еске салды.

Таныстық та бизнес пен мансаптың маңызды элементі болуы мүмкін. «Қазпошта» АҚ басқарушы директоры, «Technowomen Central Asia» тең құрылтайшысы Әсем Нұрғалиева жаңа сапалы байланыстарды қалай орнату керегін айтып берді. «Таныстықты бастамас бұрын, қандай мақсаттарға қол жеткізгіңіз келетінін нақтылап алыңыз. Мақсатыңыз туралы нақты түсінік сізге дұрыс шаралар мен дұрыс адамдар таңдауға көмектеседі. Әңгімелесуді бастаңыз, сұрақ қойыңыз және өз салаңыздағы басқа жандарға қызығушылық танытыңыз. Көмек ұсыныңыз, біліміңіз бен тәжірибеңізді бөлісіңіз».

Фотода: Әсем Нұрғалиева

Стендапшы, сценарист, Qazaq Stand Up жобасының резиденті Нұрмахан Ахметов тыңдаушыларды қазақтілді контент жасауға шабыттандырды.

Одан көрермендер: «Қазақ тілінде түсірсеңіз, ақша табу мүмкіндігі азаяды. Қалай әрекет ету керек?» – деп сұрады. Ол бұл ескірген дүние және қазақтілді жобаларды (мысалы веб-сериалдар) көру статистикасы өте жоғары екенін айтты.

«Біз, керісінше, қазақша контентті жеткілікті түрде қамтамасыз ете алмаймыз. Аудитория бар, әсіресе Қазақстанның кей өңірлерінде халық көбіне қазақ тілінде сөйлейді, бірақ контент жоқ», – деді Ахметов. «Өз стиліңізде, өз салаңызда контент жасаңыз, сонда сізді жарнама берушілер табады».

Баяндамашы құлдық санадан арылу керек деп есептейді. «Біз орыс тілінің экспансиясынан зардап шегіп жатқанымызды мойындап, одан әрі дами беруіміз керек. Біз өзімізге жауапкершілік алуымыз керек. Қазір TikTok көп мәселелерді шешеді: жаңалықтар, ақпарат іздеу. Сондықтан өз тұтынушыларыңызды TikTok арқылы таба аласыз. Қазақстан халқы негізінен контентмейкер ретінде де, қолданушы ретінде де TikTok пайдаланады», – деп даму платформасын ұсынды.

Go Viral құбылысы

 АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Go Viral жабылуында фестивальде соңғы екі күнде көрген креатив пен энергияның арқасында эмоцияға толы екенін айтты.

«Мен серпінді қауымдастықты көргеніме таң қалмаймын: мен оны үнемі бүкіл Орталық Азиядан көремін. Бірақ бұл күндер біздің күткенімізден асып түсті. Бұл талант, идея мен нетуоркиңнің ғажап бірігуі. Go Viral – бұл медиа, технология, бизнес және мәдениет салаларында дамуға, бірлесіп жұмыс істеуге, инновациялар енгізуге және шешімдер табуға шабыттандыратын платформа».

Фотода: Дэниел Розенблюм

Ол қазір біз еңсеру үшін ұжымдық күш-жігерді қажет ететін көптеген қиындықтармен бетпе-бет келіп отырғанымызды еске салды.

«Маған қазақтың «Қосылғанның қолы ұзын, қос керуеннің жолы ұзын» деген мақалы ұнайды. Мен сіздерді бірлесіп жұмыс істеуге, осында орнатқан қарым-қатынастарды нығайтуға және ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін іздеуге шақырамын», – деді Дэниел Розенблюм.

Елші осы фестивальдегі көзқарас пен тәжірибенің алуандығы қатысушылардың әрқайсына оң өзгерістерге үлес қосуға мүмкіндік беретініне үміттенетінін білдірді.

Мұнан соң фестивалдің екі күнінде өткен байқаудың қорытындысы шықты. Go Viral туралы Instagram желісінде ең креатив контент жасаған Әйгерім Батырбаева жеңімпаз атанды. Ол АҚШ-та ағылшын тілін үйрену курстарына сертификат жеңіп алды.

 

«Мен сертификатты сіңліме беремін, – деді Әйгерім, – оған көбірек қажет: ол ағылшын тілін үйренгелі жатыр еді».

 

Фестивальдің ең маңызды нәтижесі де осы шығар – Go Viral қатысушылары адамдарды одан «тыс» та шабыттандыруға дайын.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: