Қазақстандағы сөз бостандығы мен цифрлық құқықтарды нығайту үшін өзара әрекеттесу жолдарын қалай табуға болады? Осы сұраққа жауап беру үшін Соғыс пен бейбітшілікті жариялау институты (IWPR) «Еркіндік Қанаты» қоғамдық қоры атты серіктесімен бірлесіп, медиа қауымдастық пен азаматтық сектор үшін воркшоп өткізді.
Іс-шара 14 сәуір күні Еуропалық Одақтың қаржылық қолдауымен «Цензурасыз Қазақстан» жоба аясында өтті.
Іс-шара American Space Almaty жайлы кеңістігінде өтті.
«Цензурасыз Қазақстан» – Қазақстандағы сөз бостандығын дамыту мен қорғау бойынша жоба. Екі жылдың ішінде цифрлы құқық пен сөз бостандығы салаларында зерттеу, журналистер мен азаматтық қоғам өкілдеріне арналған тренингілер мен воркшоптар, одан бөлек дөңгелек үстелдер, Open Space пен ақпараттық кампаниялар өткізілу жоспарлануда.
Воркшопқа адам құқықтары бойынша сарапшылар, азаматтық әрі арт-белсенділер, журналистер мен медианың өзге де өкілдерін қоса санағанда 18 адам қатысты. Шараның басты мақсаты — «Қазақстандағы сөз бостандығы мен цифрлық құқықтар саласындағы басты мәселелеріміз қандай?» деген сұраққа талқы жасап, шешу жолдары мен өзара әрекеттесу жолдарын табу.
Шара модераторлары «Еркіндік Қанаты» ҚҚ жоба менеджері Дана Буралкиева аталмыш қор негізін қалаушылардың бірі Роман Реймер болды.
Воркшоп аясында келесідей мәселелер айқындалды: қарапайым азаматтардың сөз бостандығы жайлы түсінікке ие болмауы, сарапшылар мен қоғам арасында коммуникация болмауы, өзін-өзі цензуралау мен өнердегі цензура және т.б. Қатысушылар Қазақстанда қандай да бір мәселенің әрқайсымызға қалай әсер ететінін түсіндіретін адамдардың аздығын атап өтті.
Мәселелерді талқылап болған соң қатысушылар брейнсторминг жасап, аталмыш мәселелердің шешілуіне қатысты өз ойлары мен ұсыныстарын айтты. Қолжетімді тіл мен өнер арқылы мәселеге назар аудару, тілді бейімдеу үшін жүйе құрып, қоғамға күрделі ақпаратты жеткізу, кез келген уақытта келіп кеңес алуға болатын адам құқықтары туралы тұрақты ақпарат көзін жасау, бейімделген ақпараттық кампаниялар жасау, мәселенің салдарын қоғамға түсіндіру үшін идеялар алмасу алаңдары, көркемдік белсенділік және тақырыптық іс-шаралар арқылы әртүрлі саладағы адамдарды біріктіру сияқты ойлар айтылды.
Одан өзге қатысушылар адамның мәселеге эмоционалды эмпатиясы болуының маңызн атап өтті. Мысалы, адам мақаланы оқыған кезде мақала-пост авторларымен ішкі диалог басталуы керек. Сонымен қатар, олар ақпаратты қарапайым тілде беру керектігін атап өтті.
Семинар барысында жиналған идеялар мен ұсыныстар цифрлық құқықтар мен сөз бостандығы саласындағы зерттеудің бір бөлігі ретінде, сондай-ақ «Цензурасыз Қазақстан» жобасы аясында алдағы тренингілер мен уоркшоптардың тақырыптарын анықтау үшін пайдаланылады.
Бұл жарияланымды Еуропалық Одақ қаржыландырады. Оның мазмұнына тек IWPR жауапты және ол міндетті түрде Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.