Батагөз Темирбаева өз шіркеуінің келушілеріне Батагөз пастырь деген атпен танылған. Оның «Пресвитерианство» христиандық-інжілдік орталықта шіркеу басшысы боп істеп жүргеніне 15 жыл болған. Жалпақ тілмен айтқанда, ол Көкшетаудағы пресвитериандық шіркеуде пастырь болып жұмыс істейді. Кеңестік дінмен күресуші адамның қызы қалай дін жаршысы атанғаны, әйел пастырьлерге қатынас пен ерлер айтқан уағыздың әйелдердің уағызынан айырмашылығы неде екенін білу үшін CABAR.asia материалын оқыңыз.
– Батагөз, дінге қалай келгеніңіз жайлы айтып беріңізші. Діндар отбасында тудыңыз ба?
– Жоқ, мен атеистер отбасында дүниеге келдім. Марқұм әкем дінмен күресетін басқармада жұмыс істеген. Бірақ мен Құдайдың барына сенгенмін. Себебі әжемнің қолында өстім, ал әжем Аллаға сыйынатын. Жасым 25-26 шамасында болғанда қатты сырқаттандым. Аурудың емі болмады. Емнің шипасы екі-үш аптаға ғана жететін, кейін ауруым қайта оралатын. Солай бірнеше жыл жүрдім.
Мешітке бара бастадым. Аурудың түбіме жеткені сондай, өмір сүргім келмейті. Күйеуім мен кішкентай балам болды. Мектепте математикадан сабақ беретінмін. Мұның бәрі ауыр жүк болатын. Әсіресе, ауырып, денсаулығың сыр бергенде. Мешітте айтылған дұғама жауап таппадым.
– Сол кезде басқа дінді қабылдадыңыз ба?
– Мен Жаратқанмен қатынасым дұрыс болса, өзімді жақсырақ сезінетінімді түсіндім. Бір күні үйге келіп, тізерлеп, Құдайдан маған бағыт-бағдар беруін сұрадым. Содан Құдай маған жауап қатты — қазір қызмет ететін шіркеуге алып келіп, Иисус Христостың адамдар күнәсі өлгені үшін көмектесе алатынын айтты.
– Сізді мұсылман ретінде ештеңе уайымдатпады ма?
– Мен Иисустың жай ғана адам емес, Құдай екенін әрі оның көбі айтатындай орыстардың Құдайы емес екенін білдім: Құдайдың ұлты жоқ. Ол кезде мұсылман болған мен үшін бұның маңызы зор еді. Иисусқа айтқан дұғаларымнан кейін дәрігерлер маған «онкология» деп дұрыс диагноз қойды.
– Өзіңіздің пастырь болатыныңызды қалай шештіңіз?
– Мен әуелі жай ғана шіркеуге келуші жамағат болдым, кейін үй топтарының жетекшісі атандым. Құдай мен арқылы адамдарға жақсы көмектесті. Олар өз қажеттеріне сай жауап алып отырды. Кейін біздің пастырь Канадаға оралды. Оның Қазақстанда болу уақыты аяқталды. Артынша оның орнына мен келдім.
– Сонда протестантизмдағы әйел мәртебесі православие мен исламға қарағанда басқаша ма?
– Иә, протестантизмде әйел көш бастай алады. Інжілде Дебора атты әйел жайлы бір оқиға бар. Ол Ескі Өсиет кезінде орнаған. Сол кезде Израильде қиын жағдай болған. Оған қоса, сол жүкті мойнына Артар ерлер де болмаған. Құдай Дебора сенімін көріп, оны Израиль құтқарушысы етіп көтерген. Біздің пастырь кетер алдында ерлерге шіркеудің рухани басшысы болуды ұсынды, бірақ олар бас тартты, ал мен келістім.
– Діни қызметкерлердің бұлай қабылдануы Қазақстанда қаншалықты кең тараған? Бізде әйел пастырь саны көп пе?
– Қазақстанда протестантизм жақсы тараған, әйел пастырь саны да біршама. Меніңше, олардың саны ер пастырьлермен бірдей-ақ, бірақ қателесуім мүмкін.
– Ер пастырь мен әйел пастырь уағыздарының айырмашылығы бар ма? Бәлкім көтеретін мәселелер де әртүрлі шығар?
– Еркектің аты еркек, ал әйелдің аты әйел. Олардың өмірге көзқарасы әртүрлі. Бірақ олар бір Інжілді оқиды. Ал онда адам дінге сеніп, Киелі рухпен шоқынғанда сенім мен Інжіл түсінігі Киелі рухпен байланысқан адамның рухы арқылы келетіні айтылған. Оған қоса, уағыз айтатын адам емес, Киелі рух. Ол адам арқылы сөйлегенде оның тәнін таңдамайды. Тән – құты, Киелі рухтың үйі. Адамның ішіндегі рухтың жынысы мен ұлты жоқ.
Құдайдың кім арқылы сөйлегені маңызсыз. Адам біздің шіркеуге келгенде оның ішкі мұқтаждығы мен ауыртпалығы бар деген сөз. Оған өзіне кім көмек қолы созатыны маңызды емес: еркек пе, әйел ме, тіпті піл болсын. Бастысы өз сауалына жауап тапса болды.
Бас сурет: иллюстратив бейне, Freepic