© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Қазақстандағы діндарлар саны қалай өзгерді

Қазақстанда мұсылмандар мен христиандардың үлесі азайып келеді, мұны 2009 және 2021 жылдардағы екі халық санағы нәтижесінің салыстырмасы көрсетеді. 13 жыл бұрын санаққа қатысушылардың 70,2%-ы ислам дінін ұстанатынын мәлімдеген, ал бір жыл бұрын 69,3%-ы.

Алайда абсолютті түрде Қазақстандағы мұсылмандар саны республика халқы санының өсімімен бірге көбейіп келеді және қазір ол 19 миллион адамның 13,3 миллионын құраса, 2009 жылы 16 миллионның 11,2 миллионын құраған.

Христиандардың азаюы пайызбен де, сан жағынан да байқалады. 2009 жылы елдегі әр төртінші санақ қатысушысы (26,2%) өзінің христиан дінін ұстанатынын мәлімдесе, 2021 жылы бұл көрсеткішке тіпті әр бесінші адам (17,2%) да кірмейді. Санақ деректеріне сүйенсек, Қазақстандағы христиандар саны 2009 жылдан бері 4,2 ​​миллионнан 3,3  миллионға азайған.

2021 жылғы халық санағы бойынша ҚР қала тұрғындарының ішінде ислам дінін ұстанушылар орта есеппен 64,45%. Бұл көрсеткіш өңірлер бойынша әрқилы – Қызылордада 93,91%, Түркістан облысында 91,82% болса, Солтүстік Қазақстанда 34,74% және Қостанай облысының қалаларында – 35,72%. Соңғы екі аймақта қала тұрғындарының арасында христиандардың ең жоғары пайызы тіркелген – 59,83% және 44,86%. Бұл дінді ұстанушылар Қазақстан қалаларында орта есеппен жалпы халықтың 20,59 пайызын ғана құрайды.

Ауылдық жерлерде мұсылмандардың орташа пайызы жоғары – 76,86%. Бұл жолы да көшбасшы облыстар – Қызылорда мен Түркістан, қаладағыдан да жоғары көрсеткіш – 98,23% және 92,56%.

Ауыл тұрғындарының арасындағы христиандардың ең жоғары пайызы Солтүстік Қазақстан облысы (50,82%) мен Қостанай облысында (42,67%). Қазақстанда орта есеппен ауылдық жерлердің әрбір оныншы тұрғыны (11,82%) христиан дінін ұстанатынын айтқан.

Жалпы мұсылмандар саны ауыл тұрғындарының арасында қаладағыға қарағанда көп. Христиандарда керісінше: ауылдық жерлерде сенушілердің саны қаладағыға қарағанда аз. Айта кетейік, 2009 жылғы халық санағы қорытындысы бойынша да осындай үрдіс байқалған, сол кезде қала тұрғындарының 61,2%-ы өзін мұсылман, 34,2%-ы христиан деп есептеген.  Ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 80,8% және 16,8% болған.

Христиан және ислам дінін ұстанушылардың орналасуы халықтың ұлттық құрылымымен сәйкес келетіні байқалады. Мысалы, 2021 жылы Қызылорда облысында қазақтар халықтың 96 пайызын құраса, Солтүстік Қазақстанда халықтың 45 пайызға жуығы – орыстар.

Санақ әдістемесі діндарлыққа «әсер етеді» 

2009 және 2021 жылдағы халық санағы нәтижесін салыстыра отырып, дінге сенбейтіндердің де азайып келе жатқанын көруге болады – барлық санақ қатысушыларының 2,8%-дан 2,25%-ға дейін. 2021 жылы дінге сенбейтіндердің ең жоғары үлесі Қостанай облысы – 4,84%, Маңғыстау облысы – 4,38% және Алматы облысында – 4,32% болды.

Есесіне өз дінін көрсетуден бас тартқандардың үлесі айтарлықтай өскен – 2009 жылғы халық санағы бойынша 81 мың адамнан (0,5%) 2,1 миллионға (11,01%) дейін. Бас тартқандардың көпшілігі – Алматы қаласы, Шымкент, Алматы және Маңғыстау облыстарында, орта есеппен әр бесінші адам санақ сауалнамасының бұл сұрағына жауап беруден бас тартқан.

Әлеуметтанушы, «Стратегия» КММИ» қоғамдық қорының президенті Гүлмира Ілеуованың пікірінше, Қазақстан Республикасы тұрғындарының арасында дінге сенушілер пайызының азаюы және дінге қатысты сұраққа жауап беруден бас тартқандар санының айтарлықтай артуы санақ жүргізу тәсілдерінің өзгеруімен байланысты болуы мүмкін.

«2009 жылы дін автоматты түрде ұлтқа ауысты»
, - дейді ол.

 Тарихшы және дінтанушы Людмила Бургарт «Қазақстан Республикасының 2009 жылғы халық санағы: дін мәселесі» атты мақаласында халық санағы нәтижесі халықтың діндарлығының біршама жоғары деңгейін көрсеткенін, бірақ әдістемесі шала болғанын атап өтті.

«Өзін белгілі бір конфессиямен байланыстырғандардың арасында дінді толық ұстанбайтын және өзін исламға, христиан немесе буддизмге тек дәстүр бойынша жатқызатындардың айтарлықтай үлесі бар», - деп жазды мақалада.

 Еске сала кетейік, 2009 жылғы халық санағында тәуелсіз Қазақстан тарихында дін туралы сұрақ алғаш рет енгізілген болатын (ал Кеңес дәуірінде дінге қатысты сұрақ тек 1937 жылғы халық санағында болған). 2009 жылғы санақтағы «Дін» деп белгіленген тармақта ислам, христиандық, иудаизм, буддизм, көрсетуден бас тартамын, сенбеймін және басқа деген нұсқалар болды. Мысалы, 2021 жылы халық санағы тізімінде христиандарды православ (3 269 143 адам), католик (18 988) және протестант (9419) деп бөлген.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: