© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Жаркент мешіті: ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрдің бір ғимаратқа тоғысуы

Жаркент (Қазақстан) қаласының іргесі 1882 жылы қаланды, ол кезеңде қала Қытаймен шекаралас аймақта сауда-саттық мекені болатын, сондықтан да мұнда: қазақтар, ұйғырлар, орыстар, дүнгендер мен қытайлар сауда жасайтын. Сауда өрістеген сайын, қала да гүлдене берді,  ал жергілікті көпестер тек өз кәсібін дөңгелетіп қана қоймай, қалада сәулеті келіскен ғимараттар салуға да қаржы құйды. Соның нәтижесінде –  будда немесе даос ғибадатханасы секілді қытайлық үлгідегі, ұштары көкке қарайтын бірнеше қабат шатыры бар ағаштан қиып салынған айрықша мешіт қазіргі уақытқа дейін сақталды.

Жаркентте мешіт салу туралы бастама көтерген жергілікті көпес Вали Ахун Юлдашев болды. Ол мұсылман көпестерінен қомақты қаражат жинауды ұйымдастырып қана қоймай, өзі де көп қаржы бөлді. Мешіт құрылысын Қытайдан арнайы шақырылған сәулетші Хон Пике басқарды, оған Жаркентте тұратын ұйғыр шеберлер көмектесті.

 

Мешіт құрылысы 1887 жылы басталды. Құрылысты жүргізу барысын алдымен жаңа детальдарын ойлап тауып, ұзақ уақыт жобасын сызып алып, содан кейін ғана нұсқаулық-суреттің негізінде жинап шығатын жаңа Lego құрастырғышына ұқсатуға болады.  Мешіттің де құрылысы солай жүрді: дайындық жұмыстары көп уақыт алды, бірнеше жыл бойы шеберлер мешіттің ағашын дайындады, құшақ толатын Тянь-Шань бөренелері бірнеше қабат биік шатырды көтеріп тұратын діңгекке айналды, әрлеуге қажетті түрлі айрықша нақыштар ойластырылды, әшекейлеу үшін арнайы қашалған өрнектер қазіргі уақытқа дейін мешіттің іші-сыртына әр беріп тұр. 1892 жылы мешітке қажетті заттардың барлығы дайындалып біткен соң, оны құрастыру бірнеше айға ғана созылды. Жаркент мешіті бірде бір шегесіз салынған деп саналады.

 

Жаркент мешіті – бас бөлмесі – жұма мешіт деп аталады, және мұнда кіші мешіт пен медресесі бар, бірнеше бөліктен тұратын кешен. Оның барлығы қазіргі уақытқа дейін өте жақсы сақталған тастан қаланған қоршаумен қоршалған.

«Біздің мешіт Жаркентке келетін саяхатшылар арасында өте әйгілі. Бізге Франция, Сингапур, Жапония сияқты елдерден туристер келеді,-дейді Әлия есімді экскурсовод. – Соңғы уақытта өз елдерінен тысқары жерде орналасқан қытайлық сәулет өнерін көргісі келетін Қытай саяхатшыларының саны артқан. Әрине, саяхатшылардың басым бөлігі Жаркентке арнайылап келмейді, Қазақстан мен Орта Азияға жасалатын ауқымды саяхаттың аясында соғып кетеді, соның өзінде қаламызға және ондағы көрнекі орындарға деген қызығушылық соңғы жылдары артып келеді».

 

Жаркент мешітінің бас бөлмесінде дамға дейін намаз оқи алады дейді. Суретте баяғы Таянь-Шань қарағайлары, ағаш бүлінбесін деп оларды тас қазыққа бекіткен. Кеңес заманында жүргізілген қалпына келтіру жұмыстары кезінде ағаш діңгектерді бүлдіріп алмау үшін, гипспен қаптап қойған. Алайда, алғашқы әдемілігінен айырмау үшін кейін ол қаптама алынып тасталған.

 

Шатырды көтеріп тұрған бөренелер мен діңгектер Тянь-Шань қарағайларының діңінен жасалған және олар ғимараттың қабырғасымен қиыстырылмаған, өз алдына күрделі архитектуралық конструкция.

 

Мешіттің бас бөлмесінің төбесіне қолдан жасалған қытай шамдары ілінген, олар да жасалған уақыттан бері бүлінбей, сақталған. Әрбір шамның өзіне ғана тән гүл өрнектері бар.

 

Әу бастағы қалпынан «айырылмаған» әшекейлі өрнектер мен оюлар қытай және ұйғыр халықтарының кескіндеме өнерінің үлгісінде жасалған: аңдар, құстар, өсімдіктер және бүтін бір табиғат көрінісі.

 

Екінші қабатқа көтерілетін баспалдақтың ту сыртына салынған пейзаждардың бірі.

 

Жаркент мешітінің тағдыры оңай болған жоқ. 1910 жылы ол 8 балдық күшті зілзаладан аман қалды, сол жер сілкінісінен кейін ғимаратқа мұқият  жөндеу жүргізілді. Ал, кеңес билігі заманында ол әскери казарма, көкеніс сақтайтын орын, астық қоймасы және тіпті кинотеатр да болды. Сондықтан бұл ғимараттың таңқалдырар тұсы – оның әдемілігі емес, алғаш салынған қалпын бұзбай осы уақытқа дейін сақталуында. 1970 жж мешітке қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылданса, 1978 жылы мұнда архитектуралық-көркем мұражай ашылды.

 

Мешіттің бас бөлмесі екі қабаттан тұрады, алайда саяхатшыларға екінші қабатқа көтерілуге тиым салынған: баспалдақ әбден ескірген және күн сайын келетін саяхатшылар тобын көтере алатын қауқары жоқ. Мұражай сақтаушыларының сөзінше жыл сайын Жаркент мешітіне әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған саяхатшы келеді.

 

Мешіттің ең әдемі тұсының бірі – мінбер, имам уағыз оқитын орын. Ол үлкен бөлменің түкпірінде, аласа ағаш қалқаның ар жағына орналасқан. Мінбердің екі жағында да биік-биік терезелер бар, оған айқыш-ұйқыш мозаика салынған, ал төбеге әшекейлі қытай шамдары асылған.

 

Жаркенттегі мінбер ұштары көкке қараған шатыр үлгісінде қойылып, бақыт гүл мен сәлдегүл шоғыры секілді қашалған өрнекпен безендірілген. Ағашқа қашалған әрбір өрнекті тамашалаған сайын, мұражай ережесін бұзып, осынау әдемілікті қолмен сипап көргің келеді. Алайда, баспалдақ секілді мінберге де көтерілуге болмайды. 

 

Онда отырған имам жамағатқа арнап уағыз айтатындықтан, мінбер әдетте биіктеу етіп салынады. Мінбердің артында Мекке мен құбыла тұсты меңзеп тұратын мешіт қабырғасында михраб қуысы орналасқан. 

«Әрине бұл біздің мәдени мұрамыз, – дейді Жаркент тұрғыны Тұғлұғжан Ниязов. – Алайда мешіт түпкілікті мұражайға айналып, онда намаз оқылмайтыны қынжылтады. Менің ата-бабам Жаркент қаласының байырғы тұрғандары, олар намаз оқу үшін үнемі осы мешітке келетін».

 

Өнертанушылардың дерегінше, мешітті безендіру үшін қолданылған ою-өрнектер дәстүрлі мұсылман мәдениетінің сәулет өнеріне қарағанда, ұйғыр халқының көркем сурет өнеріне жақын, ал мешітті әрлеудегі өсімдік пен өрнектердің нақышы жергілікті флораны бейнелейді.

Барлық суреттер: Ахмет Исаев

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: