Соғыс және бейбітшілік репортаждары институты (IWPR) «Құқықтық медиа орталығы» және «Қазақстанның діни бірлестіктері қауымдастығы» мамандарымен бірлесіп Қарағанды және Шымкент қалаларындағы мемлекеттік қызметшілерге, сарапшыларға, діни қоғамдастықтар өкілдеріне арналған екі брифинг-кездесу ұйымдастырды. Аталған Іс-шаралар Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитетінің және жергілікті дін істері басқармаларының қолдауымен өтті.
Брифинг-сессияларға мемлекеттік құрылымдардың, діни бірлестіктердің және азаматтық сектордың 50-ден астам өкілі қатысты. Іс-шаралардың басты мақсаты – IWPR жетекшілігімен әзірленген «Қазақстан Республикасындағы құқықтық нормаларды талдауға негіздеп діни сенім бостандығы жағдайын шолу» тақырыбындағы талдамалық есептің таныстырымын өткізу және оның нәтижелерін талқылау.
Талдамалық есепке сәйкес, Қазақстан Республикасының қолданыстағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы өзінің мәні бойынша ар-ождан бостандығы туралы конституциялық нормаға қайшы келіп, діни бірлестіктердің қызметіндегі құқықтарына теріс ықпал етеді, дәлірек айтқанда, діни бірлестіктердің қызметін шектейді және өзінің нысаналы мақсаты бойынша ар-ождан бостандығы құқығын іске асыру барысында ықтимал кереғар әрекеттерден қоғамдық және мемлекеттік қауіпсіздікті реттеуге бағытталған.
Есепте діни бірлестіктерді міндетті тіркеу, дін саласындағы құқық қолдану практикасы, мектептерде діни киім киюге тыйым салу және дін бостандығына әсер ететін басқа да аспектілермен байланысты мәселелер аталып көрсетілген.
Қазақстандағы IWPR жобалық менеджері Аян Орынтай әр іс-шараның алдында жобаның жүзеге асырылу ерекшеліктері, жобаның мақсаты мен міндеттері туралы баяндады:
«Дін саласындағы заңнаманы халықаралық қағидаттар мен стандарттарға сәйкес жетілдіру, сондай-ақ дін бостандығын құрметтеу идеяларын ілгерілету және конфессияаралық диалогты одан әрі нығайту мақсатында IWPR мамандары қазіргі уақытта «Қазақстандағы діни сенім бостандығы» атты екі жылдық жобаны іске асыруда».
«Құқықтық медиа орталығы» қоғамдық қорының құрылтайшысы Гүлмира Биржанова бірқатар проблемаларға ерекше назар аударды, оның ішінде міндетті дінтану сараптамасының енгізілуі, мемлекеттік органдардың қолданыстағы заңдардың нормаларын кең мағынада түсінуі және екіұшты қолдануы сияқты мәселелерді атап кетті.
Биржанованың паймдауынша, «адам құқықтарын қорғау саласындағы соңғы жылдардағы либерализация үрдістері мен өзгерістерге қарамастан, азаматтардың діни сенім бостандығында іргелі құқықтарын қамтамасыз ету мәселесінің өзектілігі артып, шешілмеген мәселе ретінде қалуда деп айтуға болады».
Сарапшының айтуынша, Қазақстанда 3654 ғибадат орны жұмыс жасайды, оның ішінде 2744 мешіт, православиелік 299 шіркеу, католиктердің 111 шіркеуі, протестанттық 411 ғибадат үйі, Иегова куәгерлерінің 54 ғибадат үйі, Жаңа Апостол шіркеуінің 24 ғибадат үйі, иудаизмнің 6 синагогасы, Бахаи діни бірлестігінің 2 ғибадат үйі, Кришна санасы қоғамының 2 ғибадат үйі және буддизмнің 1 ғибадатханасы бар.
Гүлмира Биржанова Қазақстандағы конфессиялық алуандықты ескере отырып әрбір діни бірлестіктің сенім бостандығы құқығын толық көлемде іске асыруға жағдай жасайтын құқықтық негізді қамтамасыз ету маңызды деп санайды.
Аналитикалық есепті әзірлеуге үлес қосқан авторлардың бірі, заң ғылымдарының кандидаты Мереке Габдуаллиев мектептерде діни киім киюге тыйым салу мәселесін көтерді.
«Мектеп әкімшілігі оқушыларды бас киіммен келді деп сабаққа жібермеуі және мемлекеттік оқу орындарында кепілді құқық саналатын орта білім алу мүмкіндігін шектеуі қандай нормаларға негізделген? Неліктен мектептердің ішкі ережелері Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарынан жоғары қойылады?».
Қазақстандағы діни бірлестіктер қауымдастығының өкілі Данил Буглов діни бірлестіктерді міндетті тіркеуден өткізу талаптарын бүгінгі таңдағы үлкен кедергілер қатарына жатқызды.
«Дінді ұстанатын немесе қандайда бір ұстанымға келген әрбір адам бұл құқыққа туғаннан бастап ие болады. Олар сол құқықтың иелері, оны оларға басқа біреу бере алмайды, бұл сыйлық немесе опция емес. Мәселен, 18-бапқа қараңыздар [Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің]. Ол бапта «егер адам тіркеуден өтіп, барлық шарттарды орындап, кітапқа сараптама жасаса ғана құқықа ие болады» деп айтылмаған», – деген пікірін айтып кетті Буглов.
Қарағандыдағы Жетінші күн адвентист христиандардың жергілікті шіркеуінің жетекшісі Олег Власенко да дін саласындағы заң бойынша өзекті мәселеге тоқталып өтті:
«Біздің Заң бойынша діндар азаматтарда құқықтарға қарағанда міндеттер көп. Бұл дұрыс емес. Діни бірлестіктерді міндетті түрде тіркеу туралы заңнамалық талаптарды қойғанымен көптеген діни ұйымдар қызметін тоқтатқан жоқ, олар тек жасырын жұмыс жүргізе бастады».
Шымкент қаласындағы іс-шара барысында сарапшы-маман Ержан Байбол шиеленістер мен экстремистік пиғылдардың алдын алу үшін тиімді жұмыс жүргізу маңыздылығын атады:
«Осы ретте діни сенім бостандығы саласында білім беру бағдарламасын әзірлеп, 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылдау қажет. Оның шеңберінде нысаналы бағыттар үшін білім беру жобаларын іске асыру есебінен діни топтардағы зорлық-зомбылық пен шиеленістердің алдын алу және конфессияаралық келісімді одан әрі нығайту мүмкін болады».
«Терроризмге қарсы комитет» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол Оразбаев Қазақстандағы ұлттық қауіпсіздік пен діни сенім бостандығы арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың маңыздылығы туралы айтты:
«Ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерлер деген себеппен бәрін апарып оған байламау керек, азаматтардың діни бостандығы мәселелері сияқты сезімтал сала бойынша концептуалды шешімдер мен тәсілдер қолданудың маңыздылығы өте жоғары».
Қазақстандағы діни бірлестіктер қауымдастығының өкілі Виктор Овсянников дін саласындағы құқық бұзушылық бойынша қалыптасқан тәжірибені талдай отырып, әкімшілік айыппұлдар мөлшері тым жоғары деп санайды. Мысалы, дiни жораларды, рәсімдерді және жиналыстарды өткізу бойынша заң бұзғаны үшін (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 490-бабы) қызметтi үш ай мерзімге тоқтата тұрып, жеке тұлғаларға 172 500 теңге, заңды тұлғаларға 690 000 теңге көлемінде айыппұл салынады. Алайда, діни емес ұйымдар үшін осындай құқық бұзушылықтар үшін айыппұл төрт есе, ал жеке тұлғалар үшін екі есе аз екенін байқауға болады
«Тіркелген діни бірлестіктердің қызметіне қатысты ізгілендіру (гуманизация) қағидаты мүлдем басшылыққа алынбайды, керісінше, құқық бұзушылыққа сәйкес келмейтін негізсіз, артығымен жазалау шаралары көрініс табады», – деп есептейді Овсянников.
Екі қалада өткізілген кездесулер барысында брифинг сессиялардың қатысушылары өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді.
Мәселен, Шымкент қаласындағы «Кришна санасы қоғамы» діни бірлестігінің өкілі Александр Олихвер келесідей пікірін жеткізді: «Осындай іс-шараны ұйымдастырғаныңыз үшін көп рахмет. Басында мені шақырған кезде мен күмәнмен қарадым, презентацияның мақсаты сәл өзгеше болады деп ойладым. Алайда іс-шара барысында осы кездесудің діни бірлестіктер үшін өте пайдалы екенін түсіндім».
Қазіргі таңда ұйымдастырушылар кездесу қорытындысы бойынша жергілікті қоғамдастықтың ұсынымдарын ескере отырып, талдамалық есепті одан әрі жетілдіру бойынша жұмысты бастады. Есептің қорытынды нұсқасымен жақын арада әлеуметтік желілерде және жобаның сайтында танысуға болады.