Қазақстандағы ресейлік насихат, әсіресе Украинадағы соғыс туралы пропаганда орыстілді аудиториядан да асып түседі. Сарапшылар мұны алаңдатарлық белгі деп санайды.
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіттің пайымдауынша, соңғы бес жылда ресейлік насихаттың үш басты тақырыбы пайда болған. Бұл COVID және екпелер туралы мифтер; Украинадағы соғыс туралы мифтер мен қастандық теориялары, мысалы, Зеленскийдің нашақор екендігі туралы жалған ақпарат; Батыс елдері, демократия, адам құқықтары төңірегіндегі мифтер, яғни әлемдік үкімет, масондар және т.б. туралы мәселелер.
Мұндай мифтер «құнарлы жерге» түсуі мүмкін, өйткені қазақстандықтардың едәуір бөлігінің фейк пен жалған ақпаратқа ұшырау қаупі жоғары. Мұны 2022 жылдың аяғында Demoscope Қоғамдық пікір экспресс-мониториң бюросы жүргізген сауалнама нәтижелері көрсетіп отыр. Респонденттердің жартысына жалған ақпаратты анықтау қиынға соғатыны белгілі болған.
Кремльдің пропагандасы қазақ тілінде қалай жұмыс істейді?
Пропаганданы деконструкциялайтын Factcheck.kz жобасының орыс тіліндегі нұсқасының бас редакторы Медет Есімханов Украинаға басып кіруді ақтау үшін қолданылған нарративтердің барлығы дерлік ресейлік пропаганда деп есептейді. Мысалы, НАТО-мен соғыс туралы, Украинада нацизм өркендеп жатыр, Донбасстағы «геноцид» деген мәлімдемелер.
Қақтығысқа қатысты көзқарасты 2022 жылдың наурызында Demoscope зерттеді. Соғысты қабылдауға жауап беру тілі де әсер етеді екен. «Әскери операция» маркерін орыстілді респонденттердің 39%-ы және қазақтілді респонденттердің 27%-ы таңдаған», – делінген Demoscope бюросының баспасөз хабарламасында.
Мұны қазақтілді медиа-кеңістікте де ресейлік пропаганда нарративтері бар деп түсіндіруге болады. Бұған 2022 жылдың наурыз айында Ресей президенті Путиннің Украинамен соғыста «Ресей солдаттары мен офицерлері нағыз қаһармандар сияқты әрекет етуде» деген мәлімдемесін таратқан танымал Nege.kz ақпараттық сайты дәлел бола алады. Редакция жазбасында соғысқа қатысты басқа мәліметтер мен жай-жапсарын атамайды.
Медиа-сарапшы Жолдас Өрісбай sputnik.kz сайтында әлі күнге дейін «арнайы әскери операция» деген тіркесті «соғыс» деген сөздің орнына қолданатынын айта келе, эвфемизмді таңдауды былай түсіндірді: «Бұл медиа – Кремльдікі. Ол «бірқалыпты қозғалыс стратегиясы» (the gradual strategy) пропагандасын пайдаланады. Бұл ресурс «арнайы әскери операция» нарративін қайталай отырып, қазақстандықтардың көзқарасын өзгертуге тырысады».
Айта кетейік, Sputnik.kz сайты «арнайы әскери операция» деген сөз тіркесін тек орыс тіліндегі материалдарда ғана емес, қазақ тілінде де қолданады.
Қазақстанда танымал tengrinews.kz сайты да солай істейді.
Кремльшіл БАҚ «дәстүрлі» және «батыстық» құндылықтарды қарама-қарсы қою арқылы Батыс елдерінің беделін түсіруге тырысады, сонымен қатар ЛГБТ-ға қарсы риториканы қолданады. Бұл нарратив қазақтілді кеңістікте де байқалады. Мәселен, сонау 2020 жылы қазақ тіліндегі 365info.kz қоғамдық-саяси ресурсында Киевте «гейлер Отан-Ана ескерткішіне ЛГБТ туын іліп қойды» деп ақпарат таратса, caravan.kz сайты ЛГБТК+ өкілдері отбасын ойрандап жатқанын жазған болатын.
Nege.kz Қазақстанда ЛГБТ өкілдерінің «көбейіп жатқанын» жазды. Жазба авторы: «Ата-баба дәстүріне қайшы келетін әрекеттерге тыйым салу керек пе әлде Батыстағыдай жаһандану үдерісінің талабына ерік беру керек пе?» деген сауал қояды.
Кремль пропагандасы Қазақстан үшін неге қауіпті?
Жолдас Өрісбай Ресей Қазақстандағы ықпалын экономикалық және саяси құралдар арқылы арттыруды көздеп отырғанын айтады.
«Сондықтан Қазақстан билігі америкалық, еуропалық саясаткерлермен, Қытай басшысымен кездескенде, Ресей билігі Ақордаға (Қазақстан Президентінің резиденциясы – ред.) ықпалын көрсетуге тырысады», – дейді медиа-сарапшы.
Мысал ретінде ол ресейлік тележүргізуші Тина Канделакидің Қазақстанда «орыс тілін мемлекеттік деңгейде ығыстыруды баяу, бірақ сенімді түрде жалғастыруда» деген сөзін келтірді. Ол осындай мәлімдемені 2024 жылғы 16 қаңтарда жасады, ал 2024 жылғы 18 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Италияға ресми сапармен барды.
«Бұл кездейсоқтық болуы мүмкін», – дейді Өрісбай. «Бірақ бұл Кремльдің Қазақстанның Батыс елдерімен қарым-қатынас жасағанын қаламайтынын білдіретін пропаганда әдісі болса керек».
Factcheck.kz сайтының қазақ тіліндегі нұсқасының бас редакторы Думан Смақов Кремльдің үгіт-насихаты халық арасында тез арада жаппай тәртіпсіздік тудырып, Қазақстанның тұрақтылығына қауіп төндіретін сепаратистік және экстремистік көңіл-күй тудыруы мүмкін екенін ескертеді. Мұндай әдістер Украина мен Молдовада да қолданылған және оның пікірінше, ресейлік үгіт-насихат негізгі ақпараттық қауіп ретінде қарастырылуы керек.
«Ресей пропагандасы қазақ қоғамында орыс тілінің қолданылуына баса назар аударып, отарсыздандыру үдерісіне күмән келтіре отырып, биполярлық тудыруға тырысады. Бұл халық арасында пропаганда мен кремлшіл көңіл-күйдің ықпалының күшеюіне әкелуі мүмкін», – деп толықтырады Жолдас Өрісбай.
Шалқар Нұрсейіт пропаганда қоғамды поляризациялауды көздейді деген пікірмен келіседі: «Поляризация бүгінгі қоғам дамуының құрамдас бөлігі екенін атап өткім келеді. Алайда үгіт-насихат бұл үдерісті күшейтіп, Қазақстанның қоғамдық-саяси тұрақтылығына тосқауыл болады».
Шалқар Нұрсейіт айтып отырған тағы бір қауіп – Қазақстандағы адам құқығы мәселесі мен либерализм идеяларын стигматизациялау.
«Бұл жағдайда да ресей үгіт-насихатының әсері бар, өйткені қазақтілділердің көбі орысша пропаганда идеяларын қазақ тілінде таратады. Қос тілді (орыс тілін де біледі – ред.) қазақша сөйлейтіндер осындай үгіт-насихаттың құрбанына айналып, либерализм мен адам құқығын стигматизациялауға үлес қосып жатыр», – дейді Нұрсейіт.
Сарапшы ұзақ мерзімді перспективада Кремльдің үгіт-насихаты Қазақстан халқының өзін-өзі анықтауына әсер етуі мүмкін екенін айтады.
«Соңғы уақытта Кремльдің стратегиялық құжаттары орыс әлемін өркениет ретінде танытуда, бұл орыс тілі мен мәдениетін посткеңестік кеңістікте саяси құрал ретінде пайдалануды білдіреді. Бұл біздің елімізге тікелей әсер етіп, қазақстандықтардың өзіндік санасының күшеюіне кері әсерін тигізеді», – дейді саясаттанушы сенімді түрде.
Оның ойынша, бұл ресейлік пропаганданың қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып бекітілуіне, қазақ әліпбиінің кириллицадан латынға көшуіне кедергі келтіреді.
«Яғни, мемлекеттік қазақ тіліне негізделген біртұтас ақпараттық-идеологиялық кеңістік құру оңай болмайды», – дейді Нұрсейіт.
Кремль насихатымен қалай күресуге болады?
Жолдас Өрісбай алдағы уақытта Кремльдік риторика тікелей қазақ тілінде таралуы мүмкін деп қауіптенеді. Думан Смақов мұның ұрпаққа кеңестік насихат, одан бұрынғы Ресей империясының үгіт-насихаты сияқты күшті әсер ететінін ескертеді.
Сондықтан, Смақовтың пікірінше, үгіт-насихатпен күресте Конституцияда формальды түрде тыйым салынған соғыс пропагандасына тыйым салу сияқты нақты қадамдар жасау маңызды.
«Тәуелсіз БАҚ пребанкиң, яғни ресейлік үгіт-насихат нарративтерін алдын ала деконструкциялауды қолдануы керек. Қазақтілді ақпараттың сапасын арттырумен қатар, қазақтілді аудитория санын арттыру қажет. Жеңіл, әзіл-қалжың контент ғана емес, саяси сауатты контентті де көбейту керек», – дейді Смақов.
Жолдас Өрісбай қазақтілді журналистердің фактчекиң машықтарын жетілдіру қажеттігін айтады.
«Қазақстан нарығында нақты фактілерді тексеру ресурстары өте аз. Әр редакцияда фактчекиңмен айналысатын тәуелсіз мамандар жасақталса, медианарық ұтар еді», – дейді Жолдас Өрісбай.
Бірақ, сарапшының пікірінше, көптеген журналистер үшін фактчекиң кеңістігі орыс тілінен басқа тілдерді білмеу салдарынан тарылып жатыр.
Шалқар Нұрсейіт мәселені шешу үшін кешенді тәсіл қажет деп есептейді.
«Біріншіден, бұл саяси бәсекелестік пен сөз еркіндігін беретін саяси жүйені либерализациялау. Оларсыз қазақтілді де, орыстілді де медиада пропагандамен күресу мүмкін емес. Екіншіден, журналистік этиканы сақтауға баса мән бере отырып, журналистердің біліктілігін арттыруға баса назар аудару керек. Осы тұста ақсап жатырмыз», – дейді Нұрсейіт.
Сондай-ақ, оның айтуынша, бізге тұрақты қаржылық моделі бар БАҚ-тар қажет.
«Қазір көптеген БАҚ мемлекеттік тапсырыстарға тәуелді, бұл олардың материалдарының сапасына қатты әсер етеді», – дейді өкінішпен саясаттанушы.
«Мұндай ақпарат құралдары авторитарлық режимнің үгіт-насихат құралы ретінде қызмет етеді».
Жұмысты қажет ететін тағы бір компонент – қазақстандық аудиторияның медиасауатын арттыру және сыни ойлауды дамыту.
Негізгі иллюстрация: freepik.com
Бұл жарияланымды Еуропалық Одақ қаржыландырады. Оның мазмұнына тек IWPR жауапты және ол міндетті түрде Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.