© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Нирвана іздеген қазақстандықтар: буддизм Қазақстанға қалай келді

Буддизм Қазақстан территориясында XVII ғ. өзінде болған, мұны қазба жұмыстары кезінде табылған ежелгі буддистік ескерткіштер мен ғибадатханалар айғақтайды. Бұл кезеңге Іле мен Тарбағатай маңындағы жартастарда салынған суреттер, сондай–ақ Қарағанды облысындағы Қызыл–Кент сарайы және Шығыс Қазақстан облысындағы Абылайкит қамал–монастырін жатқызады.


90–шы жылдардың басында, Кеңес одағы құлаған соң буддизм Қазақстанға тағы да ене бастайды. Сол кезде елге Үндістаннан, Бурятия, Оңтүстік Корея және Қытайдан түрлі буддистік ұстаздар ағылады.

Ким Тэ Иль – вон–буддизм ғибадатханасының қызметшісі. Ол Қазақстанға 1992 жылы, өзінің Оңтүстік Кореядағы орталығының жолдауымен келіп, ілімін алғашқы жылдары шағын пәтерінде жүргізе бастаған. Екі жыл өткен соң ол Алматы маңынан жер телімін сатып алады да, ғибадатхана сала бастайды. Ол 1997 жылы ашылып, әлі күнге дейін жұмысын сәтті жүргізіп отыр.

Ким Тэ Иль. Жеке архивінен алынған фото

– Мен бұл елге келгенде, мұнда ислам мен христиандықтан басқа дін мүлдем болмаған. Болса да, өз басым көрмедім.

Буддизм ішінде түрлі ағымдар жетерлік, бірақ біз өзара араласпаймыз, сондықтан Қазақстанда буддизм жолын қуушылардың саны қанша деген сұраққа жауап беру қиын. Жалпы, онша көп емес екені анық.

Бас кезінде менің проблемам тіл еді, тәжірибе жетіспеді. Оның үстіне бұл жердің мәдениеті бөлек, азиялық аймақ. Қатарымыздағылардың басым бөлігі – жергілікті корей ұлтының өкілдері, бірақ олардың мәдениеті мен менталитеті басқа, сондықтан бір бірімізді түсіну қиынға соққаны рас. Дегенмен, буддизм сөзді қажет етпейді, мұнда негізінен медитация мен ілім–танымға жету көзделген. Сол арқылы көкірегіміз нұрланады.

Жеке архивтен алынған фото

Қазір қатарымызда тұрақты 30-40 шақты адам бар. Храмға міндетті түрде келіп тұру керек деген талап жоқ, сондықтан нақты санымыз қанша екенін айта алмаймын. Біреу жылына бір рет қана бой көрсетеді, біреулері апта сайын келеді. Адамдар келеді, кетеді. Олардың арасында түрлі ұлттардың өкілдері бар: орыстар да, қазақтар да, өзбектер де. Жылына екі мәрте әке–ана күнін өткізіп, ата–бабаларымызды еске аламыз. Еске алу рәсімінің ұзақтығы бір сағаттай, аяқталған соң жарты сағаттай дастарқан басына жиналып, шай ішеміз, тілдесеміз.

Бізде садақа жинау деген жоқ, біз оны қабылдамаймыз. Храмды ұстап тұруға кететін шығын көп емес, сондықтан ара–тұра қажет нәрселерге өз қаражатымды жұмсаймын.

Жеке архивтен алынған фото

Вон–буддизм ағымы – Қазақстанда ресми тіркелген буддистік діни екі ұйымның бірі. Екіншісі – Оралдағы тибет ламаизмі. Басқа ағымдар тіркеле алмайды, басты себеп – мүшелердің саны 50-ден кем болмауы тиіс.

Алексей Шмыгля. Facebook желісіндегі жеке парақшасынан алынған фото

Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстандағы барлық діни ұйымдарды 2012 жылы қайта тіркеуден өткізе бастағанға дейін буддистік бірлестіктердің 4 ғибадатханасы болған. Қазір екеуі ғана қалды.

Алексей Шмыгля – Ниппондзан Мёходзи орденінің буддистік диуанасы. Ол Қазақстанда туып–өскен, бірақ соңғы 15 жыл Қырғызстанда, Горная Маевка ауылында тұрады. Мұнда бәрі «Место Пути» атап кеткен буддистік шағын ғибадатхана орналасқан.

Қазіргі «Діни сенім бостандығы туралы» заң діни ұйымдардың тіркелуіне мүмкіндік бермейді, шектеулер тым қатаң, оның ішінде бірлестік мүшелерінің минималды санына талап аса жоғары.
Оқып шығыңыз: Как живет единственная буддийская община в Кыргызстане

Андрей Алмазов. Жеке архивінен алынған фото

Карма Кагью ағымы да дәл осы проблемаға тап болған. Бұл мектеп Қазақстанда 15 жыл бұрын пайда болған, оның негізін қалаған алматылық суретші әйел Мәскеуде буддист жігітке ғашық болып, іліміне қызығып, ақыры сол ілімді отанында тарата бастайды. Қазіргі таңда оған ілескендер үнемі бас қосып, бірге медитация жасайды.

Андрей Алмазов, тибеттік буддизмнің Карма Кагью мектебінің жолын ұстанушы:

– Қазір Қазақстанда вон–буддизмді ұстанатын дәстүрлі корей буддистері бар, бұл – Махаяна буддизмі. Өздерін Далай Ламаның шәкірттеріміз деп санайтын буддистер бар, олардың жамағаты Оралда шоғырланған. Бірнеше адам Қарағандыда және Қазақстанның солтүстік аймақтарында. Аса көрнекті лама Намкай Норбудың жолын қуушылар да баршылық. Сонымен қатар, тибеттік буддизмдегі Карма Каргью мектебінің жолын ұстанушылар – біз бармыз.

Буддизмді арнайы іздедім деп айта алмас едім. Ізгілене түсуім керек деген қажеттілік пайда болды, өйткені басқа адамдармен қарым қатынасым өзіме ұнамайтын. Әрекеттерім бұрыс екенін толық түсінсем де, мұндай болмысымды өзгерткім келсе де, өзгерісті қалай бастау қажет екенін білмедім. Дәл сол мезетте бір бойжеткенді кездестірдім, ол буддист еді. Екеуміздің көңіліміз жарасты, сол кезде буддизм маған лайық ілім екенін түсіндім.

Гомпа. А. Алмазов ұсынған фото

Алматыда 30 шақты адамбыз, барлығымыз осы ілімді шынымен ұстанатын, жұмыс істеп тұрған қауымдастықтың мүшелеріміз. Қаланың әсем жерінде орналасқан үйдің 11-қабатындағы, терезесінен таулардың көрінісі ашылатын пәтерді жалдап келе жатқанымызға 9 жыл болды. Арнайы бөлмеміз – гомпа (медитация жасауға арналған бөлме – ред. еск.) бар, мұнда санамыз «қазір және осында» жағдайында болуы үшін Будда мүсіндері мен басқа да нәрселер қойылған.

Дегенмен, біз медитациямен ғана айналыспаймыз. Көңіл көтеретін кештерді де жақсы көреміз. Шулы кештер жасасақ, барлардың бірінде бас қосамыз. Қазір қатарымызда 25 пен 50 жас арасындағы саны бірдей әйелдер мен ерлер бар, этникалық құрамымыз алуан түрлі.

А. Алмазов ұсынған фото

Заңнама бойынша біз тіркеле алмаймыз, өйткені ол үшін 50 мүшеміз болуы шарт. Алайда, ұйымдағы қызметімізге кедергі жоқ. Органдар қызығушылық білдірді, мәдениет пен дінді қадағалауен айналысатын органдар бізді біледі. Дегенмен, біз ашықпыз, заңға қайшы қызмет жүргізіп жатқанымыз жоқ.

Біз тіркелмегендіктен, діни бірлестік ретінде қоғамдық қызмет атқара алмаймыз, ресми түрде ламаларды шақырып, көпшілік діни шараларды ұйымдастыруымызға болмайды. Бірақ біз ресми тіркелген «Гималай мәдени мұрасы» қоғамдық бірлестігі ретінде көпшілік шара ұйымдастыруға мүмкіндігіміз бар.


Буддистер үшін мүсіндер мен алтарь алдында сыйыну және жоралғылар өткізу тән, бірақ бұл жай ғана ғибадат ету формасы, сананы дұрыс жолға бағыттауға көмектеседі. Буддист үшін маңыздысы – өзін–өзі мейлінше ізгілендіру және жақындарына көмек жасау.

Христиандар мен мұсылмандар үшін маңыздысы – ақырет күнін ойлау болса, буддистер ілімі себептер мен салдарлардың бұлжымас заңдылығына – кармаға негізделеді. Бұл ілімге сәйкес, әр адам өз ойлары, сөздері және әрекеттері үшін сауабын алады. Бұл өмірдегі сауаптары өткен өмірлеріндегі әрекет–амалдары үшін жазылған, ал осы өмірдегі әрекеттері келесі өміріндегі сауабына айналады. Қайта–қайта туыла бере, сауаптарын ала келіп, ақыр аяғында адам Нирванаға жетеді, яғни қайта туу тізбегін үзіп, Буддаға айналады.


Бұл мақала IWPR «Орталық Азиядағы тұрақтылыққа бағытталған ашық диалог» жобасының аясында әзірленді

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: