© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Мұнайға кіріптарлықтан бас тарту: Қазақстан мен Әзірбайжан жүк тасымалына ден қоюда

Транскаспийлік халықаралық көлік маршруты – Қазақстан мен Әзірбайжан үшін Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдап, экономикасының мұнайға тәуелділігін қысқартудың оңтайлы жолы. Бұл елдердің өздері оптимистік көңіл күйде. Алайда бұл коридор бұрыннан келе жатқан маршруттармен бәсекелесе алмайды, тіпті қалыптасқан маршруттар тым ұзақ дегеннің өзінде бәсекеге қабілетсіз деген пікір бар.


Подпишитесь на наш канал в Telegram!


Қазақстан мен Әзірбайжанның бюджеттері ұзақ жылдар бойы негізінен мұнай сатудан түскен ақшамен толып отырды. Бірақ 2015 жылы бұл елдердің ұлттық валюталары өте қатты құнсызданды. Өйткені әлемде «қара алтынның» бағасы құлдыраған еді. Мұнай ақшасы тамаша, бірақ сенуге тұрмайтын нәрсе екендігін олар сонда ғана түсінді.

Экономиканың мұнайға тәуелділігін біршама төмендетуге мүмкіндік туғызатын – көлікпен жүк тасымалдау. Қытай мен Еуропа арасындағы тасымалданып жатқан тауарлар айналымының көлемі қазірдің өзінде ондаған миллион тоннаны құрайды, және бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келеді. Ал Орталық Азия мен Кавказ арқылы жүретін маршрут Қазақстан мен Әзірбайжан үшін үлкен табыстың көзін ашып тұр. Оған Қытайдың Ұлы жібек жолын жандандыру туралы бастамасын қосып қойыңыз.

Осыны екі ел түсініп отыр, сондықтан соңғы жылдары көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға баса көңіл бөле бастады. Айта кетсек, Әзірбайжанда былтыр жаңадан Баку–Тбилиси–Карс бағытындағы темір жолы пайдалануға берілді. Бұл бағыт Орта Азияны Еуропамен тұңғыш рет Кавказ және Түркия арқылы байланыстырды. Ал биыл Алят поселкесінде халықаралық теңіз сауда порты, сонымен қатар жаңа магистралдық автокөлік жолдары ашылды, заманауи вагондар, танкерлер мен паромдар сатып алынған. 

Осы сияқты жаңалықтар Қазақстанда да бар. Мұнда мемлекеттің айнымас президенті Нұрсұлтан Назарбаев көлік саласын дамыту – елдің 2050 жылға дейінгі дамуының басты бағыты деп белгілеген.

Коридор және тағы да коридор

Қазіргі уақытта Қытайдан Еуропаға жүк тасымалын қамтамасыз етіп отырған бірнеше маршрут бар. Оның ішіндегі ең арзаны – теңіз жолы, ол арқылы барлық жүктің 90%–ы тасымалданып отыр. Алайда бұл жол тым ұзақ. Теңіз арқылы жіберілген жүк ең жылдамы 45 күнде, ал теңіз дауылы тұрса – одан да ұзақ уақытта жетеді. Дауыл жиі болады.

Қытайды Еуропамен байланыстыратын тағы бір коридор Орта Азия, Ресей және Беларусьті кесіп өтеді. Мұстафаевтың айтуынша, бұл коридор айтарлықтай табысты, ол арқылы үлкен көлемдегі көп жүк өтеді. Одан бөлек, Қазақстан, Ресей және Беларусь ортақ Еуразиялық одаққа кіретіндігін ескеріңіз, бұл бағытта жүктер шекарада салықтар мен алымдардан босатылып, тежелмей тез өтеді.

Сондай–ақ, Қазақстан, Түркіменстан, Иран және Түркия арқылы жүретін, Оңтүстік деп аталып кеткен коридор бар. Бірақ оның бойында тарифтер, шекара асу проблемалары жетіп артылады, оның үстіне Иранға қатысты санкциялардың салдарынан көптеген компаниялар бұл маршрутты пайдалануды доғарды.

Акиф Мустафаев. Photo: day.az

2017 жылы Орта Азия – Кавказ бағытындағы жүк тасымалын ұлғайту үшін ортақтасып күш салу мақсатында, Әзірбайжан, Қазақстан және Грузия елдерінің темір жол және теңіз жүк тасымалдаушылары «Транскаспийлік халықаралық көлік маршруты» қауымдастығын құрды. Кейін келе бұл бастамаға Түркия, Украина, Қытай, Румыния және Польша өкілдері қосылды. Аталған жоба 20 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Еуропа — Кавказ — Азия көлік коридорын ұйымдастыру бағдарламасы (ТРАСЕКА) аясында жүзеге асып отыр.

CABAR.asia–ға пікір білдірген ТРАСЕКА бағдарламасы Үкіметаралық Комиссиясының мүшесі – Әзірбайжан Ұлттық хатшысы Акиф Мустафаев атап өткендей, Еуропа — Кавказ — Азия (Шығыс–Батыс) көлік коридорының ерекшелігі – бұл Азиядан Еуропаға бағытталған ең қысқа жол, ол бойынша жүк тасымалдау ұзақтығы екі аптадан аспайды.

«Бұл коридордың бойында жақсы климаттық жағдай орнап тұрады, оның үстіне бұл қауіпсіз маршрут, мұнда террористік шабуыл сияқты төтенше жағдайлар қаупі жоқ», – дейді Мустафаев.

Транскаспийлік халықаралық көлік маршруты. Карта titr.kz сайтынан алынған

Қазақстандық «Парасат» жүйелі зерттеулер институтының эксперті Найля Алмухамедованың айтуынша, бұл жолдың тағы бір сөзсіз ерекшелігі – қатысушы елдердің арасында орнаған достық сыртқы саяси қарым–қатынастары. Сондай–ақ олардың өзара сауда–саттық жасау мүмкіндіктерін өсіруге қолайлы жағдай жасалған.

Сонымен қатар, 2017 жылдың соңында Ауғанстан, Түркіменстан, Әзірбайжан, Грузия және Түркия «Ляпис–лазурь» коридорын жасау туралы келісімге қол қойды. Құжатқа сәйкес, бұл бағытпен Ауғанстанда шығатын бағалы минерал – лазурит тасымалданбақ. Ауғанстанның көлік инфрақұрылымына қомақты инвестиция құюды жоспарлаған АҚШ аталған жобаны қолдап отыр. Оның маршруты негізінен Транскаспийлік көлік коридормен ұқсас, яғни жүк тек қана Қытайдан емес, Ауғанстаннан да тасымалданады.

Оптимизм және перспективалар

«Транскаспийлік халықаралық көлік маршруты» халықаралық қауымдастығындағылар оптимистік ыңғай танытып отыр. 2017 жылы тасымалданған контейнерлер саны 200 болса, осы жылдың соңына дейін оны 15 мыңға дейін арттыру жоспарланған. Ал 2019 жылға қойып отырған межесі тіпті зор – көрсеткіштерді 10 есе ұлғайту – 180 мың контейнерге дейін тасымалдау.

Найля Алмухамедова. Photo: CABAR.asia

Найля Алмухамедованың сөзінше, Қазақстан үшін бұл маршрут жаңа нарықтарға шығып, астық, металлдар, көмір, құрылыс материалдары, теміржол локомотивтері сияқты өзінің тағы да басқа азық–түлік және өнеркәсіптік өнімдерін Әзірбайжан, Грузия, Түркия, және басқа да елдерге тасымалдауға мүмкіндік ашады. Әзірбайжан өз кезегінде Қазақстанға осы маршрутпен қант, кондитерлік өнімдер, қара металл түрлерін, мақта–мата өнімдерін жеткізе алады.

«Осы маршрутпен тасымалдауға дайын экспорттық тауарлардың тауарлық базасын жаңарту бойынша жұмыс басталып кетті – жобаға қатысушы елдер арасындағы сауда–саттық қарым–қатынастарын кеңейту жөніндегі келісімдер жасалуда, контейнерлік тасымалдауға қатысты тиімді кешендік мөлшерлемелер, сондай–ақ мазут, жанар–жағармай, астық тасымалдауға жеңілтетілген тарифтер белгіленуде», – дейді Алмухамедова.

«Транзит болмайды»

Дегенмен, Транскаспийлік көлік маршрутының әлеуетін толық көлемде пайдалануға бой бермей отырған бірқатар проблема да бар. Ең алдымен, бұл тасымалдаушылардың қызметін сәйкестендіру, коридорды басқару процестерін автоматтау және цифрландыру, тар табанды жолдардан кең табандысына өту.

Акиф Мустафаевтың айтуынша, бұл мәселенің барлығы күн тәртібінде тұр, соңғы айларда шекаралардан өту рәсімін жеңілдету, алдын ала электронды түрде декларация ұсыну және цифрлық технологияларды енгізу бойынша жұмыстар атқарылуда. Егер осы мәселелер шешілсе, бұл коридор арқылы жүк тасымалдау тартымдылығы қатты артады, маршрут осы аймақ елдерін үлкен табысқа кенелтеді.

«Қытайдан Еуропаға тасымалдауға болатын жүктердің көптігі сонша, бұл бірнеше коридорға азық болатын бағыт». Акиф Мустафаев
Сонымен қатар, Мустафаев Қытай мен Еуропа арасындағы басқа көлік коридорларын ашып, дамыту Транскаспийлік халықаралық көлік маршруты үшін қауіп төндірмейді деген пікірде.

«Бұл былайша айтқанда жүктер ағынын диверсификациялауға қолайлы жағдай, және адал бәсекелестік туындатады. Қытайдан Еуропаға тасымалдауға болатын жүктердің көптігі сонша, бұл бірнеше коридорға азық болатын бағыт», – дейді Мустафаев.

Photo: fem.org.br
«Жобаның инфрақұрылымына қазірдің өзінде миллиардтаған доллар құйылды, әлбетте, шығындарды ақтап алу үшін баға жасау кезінде оның әсері болады». Владимир Егоров
Алайда, көлік саласындағы ресейлік сарапшыларының пікірінше, Транскаспийлік көлік маршрутының перспективалары Әзірбайжан мен Қазақстан ойлағандай керемет емес. Транскаспийлік көлік маршруты шынымен де Қытай мен Европаны байланыстыратын ең жылдам жол екендігіне қарамастан, оның басқа коридорлармен бәсекелесуіне тасымалдау құнының тым қымбаттығы кедергі келтіреді, дейді экономика ғылымдарының докторы, Ресей көлік университеті Халықаралық көлік коммуникациялары институтының халықаралық қатынастар мен көлік геосаясаты кафедрасының меңгерушісі Владимир Егоров.

«Транскаспийлік маршрут бойынша тауарларды жеткізу теңіз жолдарымен тасымалдаудан айтарлықтай қымбатқа түседі, ал Ресей арқылы өтетін Транссібір магистралімен салыстырғанда кем дегенде 30% қымбатырақ болады. Жобаның инфрақұрылымына қазірдің өзінде миллиардтаған доллар құйылды, әлбетте, шығындарды ақтап алу үшін баға жасау кезінде оның әсері болады», – дейді Егоров.

Оның айтуынша, Транскаспийлік маршрут мүдделері де, заңдары да бөлек, біріккен экономикалық кеңістік арқылы байланыспаған көп елдің аумағынан өтеді. Сәйкесінше, бәріне тиімді болатын темір жол, кедендік және басқа да талаптар жөнінде келісімге келе қоюы қиынға соғады. Айталық, Орталық Азияда қытай жүктерінің транзиттері үшін Қазақстанмен қатар Түркіменстан да таласады, өйткені онда терең су астынан өтетін жаңа Түркіменбашы порты іске қосылды.

«Қытай Транскаспийлік маршрутты өз жүктерінің трафигін әртараптандыру мақсатында қолдануы мүмкін, дегенмен ол үшін ортамерзімдік перспективадағы аса маңызды коридор – арзанға түсетін теңіз жолы болып қала бермек. Дәл осы себепті Қытай Үнді мұхитындағы әскери қатысуын кеңейтуде, Джибутидегі алғашқы теңіз базасын жасақтап, тап сондай базасын Пәкістанда да шоғырландыру туралы келіссөздер жүргізуде», – деп санайды Егоров.
Алексей Безбородов. Photo: Facebook

Көлік саласындағы тағы бір ресейлік эксперт, InfraNews зерттеу агенттігінің басшысы Алексей Безбородовтың айтуынша, тағы бір проблема – қазіргі таңда Әзірбайжанда да, Қазақстанда да контейнерлік терминалдар жоқ, контейнерлер екі ел арасында паром өткелі арқылы тасымалданып жүр. Ал Каспийдегі паром қуаттары жылына ары кетсе 8–9 мың контейнер тасымалдауға мүмкіндік береді, оның өзі ауа райы қолайлы болып, ешқандай іркіліс туындамаса. Бұл Кавказ елдерінің Орта Азиямен және Қытаймен сауда–саттық жасауына жеткілікті, бірақ Қытай жүктерін Еуропаға жеткізу туралы сөз қозғау ерте.

Безбородовтың сөзінше, мұндай жағдайда және Транскаспийлік маршрутқа қатысушы елдердің арасында еркін нарық қалыптаспаған сәтте, бұл жол арқылы жүк тасымалдау туралы болжамдар құрудың түк мәні жоқ:

Қазіргі амалдармен жұмыс жалғаса берсе, дым өзгермейді. Елдер арасында сауда жүреді, қандай да бір жұмыс жасалады. Бірақ транзит болмайды

Бұл материал «Giving Voice, Driving Change — from the Borderland to the Steppes Project» жобасы аясында жазылды. Жоба Норвегия Сыртқы Істер Министрлігінің қаржылай қолдауымен жүзеге асуда.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: