Қазақстандық режиссер Нұртас Адамбай 2014 жылы «Келинка Сабина» атты фильм түсірді. Бұл фильмді Қазақстандағы шындықты көрсетумен шектеліп қоймай, көпшіліктің қабылдауына әсер ететіндіктен әлеуметтік-мәдени құбылыс ретінде қарастыруға болады. Әлеуметтанушы Жаннұр Ділдабаева өз мақаласында «Келинка Сабина»-ның Қазақстандағы гендерлік дискурсқа әлі де қалай әсер ететіні туралы ой бөліседі.
Фильмдердің гендерлік дамуға әсері
Көптеген ғалымдар бұқаралық ақпарат құралдарының, әсіресе фильмдердің, адамдардың қоғам және әлем туралы ойы мен көзқарасының қалыптасуына тигізетін орасан әсері туралы айтады. Фильмдер көрермендердің іс-әрекетін, өзін-өзі ұстауын өзгертеді, өйткені олар фильмнен өздері ұқсағысы келетін кейіпкердің мінез-құлық үлгісін көреді және қайталайды [1]. Сондай-ақ фильмдердегі әйелдер мен ерлердің дәстүрлі бейнелері стереотипті гендерлік рөлдерге негізделгендіктен олардың бір-бірінің әлеуметтік рөлдеріне деген көзқарасы мен қарым-қатынасына ықпал жасайды [2].
Зерттеулердің көрсетуінше, бұқаралық ақпарат құралдары гендерлік дамуға әсер етеді (кейде тіпті бала кезден бастап), себебі көбінесе фильмдерде «екі жыныстың бірі» мықты, ал екіншісі әлсіз болады және көп жағдайда «дәл ер кейіпкерлер мықтырақ» болып көрсетіледі [3]. Сонымен қатар көптеген фильмдерде ер адамдар белсенді, әйелдер енжар; еркектер жұмыс жасаса, әйелдер – эротикалық ләззат объектісі ғана болып табылады [4]. Ерлер мен әйелдердің фильмдегі бейнесі гендерлік мәселелерге деген көзқарасқа әсер етеді, өйткені гендерлік рөлдер «ерлердің бейнесін жоғарылатады және күшейтеді», ал мықты және тәуелсіз әйел кейіпкерлері «биліктің айқын гендерлік құрылымына қарсы тұра алмайды да» [5].
Бұл мақалада неке мен отбасы туралы ең танымал қазақстандық фильм «Келинка Сабина» негізінде әйелдердің фильмдегі бейнесі мен әлеуметтік рөліне талдау жасалады. Фильмнің рейтингі IVI.ru сайтында 7,5/10, ал Youtube желісінде шамамен 20 миллион қаралым. Сонымен қатар фильм қазақстандық республикалық телеарна – «Жетінші арна»-да көрсетілген.
Фильмнің қысқаша мазмұны
«Келинка Сабина» – 2014 жылы режиссер Нұртас Адамбай Қазақстанда түсірген комедиялық фильм. Фильмнің баяндаушысы – Алматыда өмір сүретін, ауқатты отбасының қызы, басты кейіпкер Сабина. Сабинада күнделікті дүкен аралау, достармен кездесу, қымбат көліктер сияқты қалағанының бәрі бар болғанымен, оған Дубайда сәнді өмір сыйлайтын жұбай қажет болды. Мейрамханадағы кештердің бірінде ол шейх секілді киінген жігітпен танысады және оның бірінші кездесуде тұрмысқа шығуға жасаған ұсынысын қабыл алады. Болашақ күйеуі дәл сол түні оны Дубайға апаруға уәде бергеніне қарамастан, олар Оңтүстік Қазақстандағы Жүгері ауылына келеді. Сабина өзінің алып қашу құрбаны болғанын түсініп қарсылығын білдірсе де, оның ол үйде қалғысы келмесе де, күйеу жігіттің туыстары келіннің түскеніне қуанып, тойға дайындалады.
Фильмнің келесі көріністері Сабинаның Алматыға түрлі жолмен қашу үшін жасаған көптеген әрекеттері мен оның «жаңа отбасы» оған қалай кедергі болғанын көрсетеді. Бірақ Сабина осы жағдайға көніп, күйеу жігіт пен оның ата-анасының еркіне бағынып, бейімделе бастайды. Уақыт өте келе Сабина мен жаңа ортасы арасында отбасылық қарым-қатынас қалыптасады, ол жаңа өмірге үйрене бастайды.
Фильм соңында Сабина Алматыға қашып кетеді, себебі әкесі оны «дұрыс адамға» айналдыру мақсатында алып қашуды ұйымдастырғанын біліп қояды. Десе де, Сабина қалаға қашып кеткеніне қарамастан, күйеуіне қуана-қуана қайта оралады, өйткені ол өз өмірін жаңа отбасынсыз елестете алмайды.
Сонымен, бұл-өзінің алып қашу құрбаны болғанына қарамастан оны ұрлап, күштеп ұстаған күйеуі мен отбасына өз еркімен оралған қыз туралы оқиға.
Неге бұл фильм әлі де өзекті, бірақ комедия ретінде емес?
«Келинка Сабина» 2014 жылы шығарылған болса да, фильмде қазақстандық қоғамның бүгінгі күнде де өзектілігін жоймаған, кеңінен талқыланатын екі негізгі мәселе көрініс табады: гендерлік зорлық-зомбылық және құқық қорғау органдырының реформасы. 2018 жылдан бастап Қазақстанда Ішкі істер министрлігінде (ІІМ) ауқымды реформа жүргізілуде. Белсенділер мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, сондай-ақ шетелдік консультанттар полиция қызметкерлерін жеке тұлғаға бағытталған және ашық болуға, көмек көрсетуге дайын болуға үйретуде. Бұл гендерлік зорлық-зомбылық пен алып қашу құрбандарымен жұмыс жасауды да білдіреді [6].
«Келинка Сабина» алып қашуды қазақ дәстүрі ретінде көрсетеді, бірақ одан да сорақысы – оны әзіл призмасы арқылы қалыпты жағдайға айналдырады. Сценарий адам ұрлау туралы қорқынышты фильмге ұқсаса да, комедиялық визуализация оны «күлкілі және көңілді» оқиғаға айналдырады. Алып қашу туралы оқиға күлкілі болғандықтан көрермендер бұны қылмыстық құқық бұзушылық ретінде емес, қалыпты жағдай ретінде қабылдайды.
Тек 2019 жылдың өзінде 210 алып қашу орын алғаны белгілі [7]. Мұндай қылмыстар әдетте жасырын қалатынын ескерсек [11], тағы қаншама алып қашудың болғаны білмейміз де. Десек те, Сабина үшін кедергі алып қашумен біткен жоқ, себебі ол полицияға арыз жазып, сотқа жүгінгеніне қарамастан құқық қорғау органдары бұл мәселені шешуден бас тартқаны көрсетілген.
Полиция қызметкері мен сот төрешісі Сабинаның күйеуі мен ата-анасы оны алып қашқаны үшін, күштеп ұстағаны үшін тұтқындаған жоқ. Бұл құқық қорғау органдарының әрекетсіздігін, заң негізінде Сабинаның құқықтары мен бостандығының қорғалмағандығын білдіреді.
Полиция немқұрайлылығы мәселесінің ауқымын түсіну үшін, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының бастан кешкен оқиғаларына шолу жасау қажет. Олар дәл Сабина сияқты қылмыстың орын алғанын хабарлауға дайын болса да, кедергілерден өтуге мәжбүр, себебі полицияға өтініш жазу өте бюрократиялық процесс және көбінесе жәбірленуші мен оның отбасын «қорлап, намысына тиеді» [8].
Human Rights Watch (HRW) мәліметі бойынша, Қазақстанда полиция қызметкерлері көп жағдайда әйелдерді шағым беруден бас тартуға, агрессормен татуласуға шақырады [9]. Полиция жәбірленушілерді арыз жазбауға көндіреді немесе шағымданушылардың жағдайына «немқұрайлы қарайды», себебі олар үйдегі зорлық-зомбылықты қылмыс ретінде қабылдамайды [9]. Бұл тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының шағымдарына қарамастан тараптардың татуласуы нәтижесінде 2019 жылы әкімшілік істердің 60%-ға жуығы, яғни 14 998 істің тоқтылуына алып келген [10].
2020 жылғы Қазақстандағы адам құқықтары бойынша есебіне сәйкес, алып қашуға 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілсе де, мұндай жағдайлар әлі де орын алуда [8]. Оған қоса HRW мәліметі бойынша, көбінесе полиция қызметкерлері арнайы әлеуметтік қызметтер мен қорғау механизмдері туралы, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған уақытша тұру ұйымдары туралы ақпарат бермейді [9]. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, фильмде қыз алып қашу қылмыс ретінде көрсетілмеген – декриминализацияланған – деп айта аламыз, өйткені полицей мен сот төрешісі Сабинаның ұрлануын қылмыс, құқық бұзушылық деп санамады.
Алып қашу қандай нәтижеге алып келеді?
Егер фильм алып қашу туралы болса, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қандай қатысы бар деп сұрау орынды. Шындығында, бұл екі құбылыстың біз ойлағаннан да көп ұқсастығы бар.
«Алып қашу» көп жағдайда қыз бостандығын шектеуді ғана білдірмейді, сонымен қатар болашақ күйеу тарапынан жыныстық және тұрмыстық зорлық-зомбылықты білдіруі мүмкін. Алып қашу – еркектің қыз бостандығынан гөрі өз еркінің басымдылығын көрсететін алғашқы қадам. Оңың үстіне тұрмыстық зорлық-зомбылық ешқашан бірден ұрып-соғудан басталмайтыны белгілі, себебі физикалық зорлық көрсету үшін алдымен қолайлы жағдайлар жасалады [11]. Мысалы, қыздың жүріс-тұрысын бақылау (араласатын ортасын шектеу, қайда екенін қадағалау және жеке хаттарын оқу) және психологиялық қысым көрсету физикалық зорлық-зомбылыққа әкелуі мүмкін [11].
Әйелдерді Зорлық-Зомбылықтан Қорғау Департаментінің дерегі бойынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себебі – алкогольдік масаңдық пен қызғаныш [12]. Мысалы, Батыс Қазақстанда 2021 жылдың маусымында ер адам қызғаныштан өзінің сүйіктісін пышақтап тастаған [13], ал Нұр-Сұлтанда 2019 жылдың қазан айында қызғаныштан туған отбасылық жанжал кезінде жұбайы әйелін өртеп жіберген [14].
Бірақ қызға зәбір көрсетуші тек күйеуі ғана емес, оның туыстары да болуы мүмкін. Мысалы, Алматы облысында енесі келінін есінен танғанша ұрып тастаған [15]. «Қазақстанның тең құқықтары мен тең мүмкіндіктері институты» қоғамдық қоры зерттеуіне жүгінсек, Қазақстанда ажырасудың негізгі себебі жас жұбайлар өміріне туыстардың араласуы екен [16].
Фильмде ата-енесі мен күйеуінің Сабинаға деген агрессивті қарым-қатынасын байқауға болады: олар Сабинаға бұйрық беріп, дөрекі сөйлеп, дауыс көтереді. Тіпті күйеуінің жасөспірім жиені оны өзіне қызмет етуге мәжбүрлейді.
«Келін» институын зерттейтін қазақстандық ғалымдардың айтуынша, келіндердің отбасы мүшелерінің арасындағы «ең төменгі мәртебе мен құрметке ие болуы» және олардың «таңдау бостандығынан, өзін-өзі анықтау құқығынан, білім алу және демалу құқығынан» айырылуы келіндерге қатысты зорлық-зомбылықтың дәлелі болып табылады [17]. Қазақ халқында қыздың мәртебесі күйеуге шыққанға дейін жоғары болса да, ол келінге айналғаннан бастап төмендей бастайды, беделі тіпті жасөспірімнен де пәс болады.
Егер қыз ұрлаушы жазаланса, «Келинка Сабина»-ны феминистік фильм деп санауға бола ма?
«Келинка Сабина» фильмі оң және теріс әсер қалдыруы мүмкін. Неде болса ол біздің қоғамда орын алып жатқан маңызды әлеуметтік мәселелерді көтеріп, сынық айнадан көрсеткендей болады.
Бір жағынан, фильм жағымсыз әсер қалдырады, себебі алып қашу қылмыс ретінде қарастырылмайды және күйеу жігіт пен оның туыстары қалыңдықтың келісімінсіз тойды өткізеді.
Екінші жағынан, фильм келін рөлін даяшымен, үй қызметшісімен теңестіру мәселесіне, басқа отбасы мүшелерінің келінге деген құрметсіз және дөрекі қарым-қатынасы мәселесіне назар аударады. Бұл туындыны келіннің төмен мәртебесі туралы, келінді қанау, отбасындағы зорлық-зомбылық, құқық қорғау органдарының әйелдердің құқықтары мен бостандығына немқұрайлылығы сияқты маңызды әлеуметтік мәселелерді қозғайтын феминистік фильм деп санауға болар еді.
Бірақ бұл Сабина өзін ұрлаған күйеуімен қайта қосылудың орнына полицияға барып, олардың үстінен арыз жазса ғана солай болар еді.
Яғни, бұл комедиялық фильм қыз алып қашу мен әйел құқығының тапталу мәселесіне назар аударғанымен, фильмнің соңғы көрінісінде Сабинаның күйеуіне қуана оралуы бұрын көтерілген әлеуметтік мәселелердің маңызын жоққа шығарады.
Бұл дегеніміз, фильмнің барша үшін негізгі ойы – әйел күйеуіне оралып, отбасын сақтап қалуы керек, тіпті ол қызды ұрлап, келісімінсіз үйленсе де әйел күйеуімен қалуы қажет. Егер мені де алып қашып кеткен болса, фильмнің соңына дейін менің құқықтарым бұзылды, бостандығым шектелді, алып қашу дәстүр емес, қылмыс деп қабылдар едім. Бірақ фильмнің соңғы көрінісінен кейін дәл Сабина сияқты мен өз жағдайымды қалыпты деп қабылдап, өз құқықтарым мен бостандығым үшін күреспес едім. Өйткені осындай фильмдердің арқасында қоғамда бұл «дұрыс», «қалыпты» деген түсінік қалыптасқан.
Фильм жеті жыл бұрын түсірілгенімен, оның тақырыбы мен дискурсы соңғы қазақстандық фильмдерде әлі де көрініс табады: «Q-eli» (2017), «Күлпаш әңгімелері» (2017), «Тақиялы періште» (2017), «Сериал емес» (2019), «Келіндер» (2019), «Келінжан» (2020), «Бикештер» (2020) сериалдары республикалық және жекеменшік телеарналардан – «Жетінші арна», «Хабар», «Astana TV» және «HIT TV» – көрсетілген.
Бұл гендерлік мәселелерді қабылдау мен талқылау дискурсы өзгеріссіз қалғанын білдіреді. Бұндай телехикаялар сексизмді, гендерлік кемсітушілікті, тең емес құқықтарды, тұрмыстық зорлық-зомбылықты, әйелдерді құрметтемеуді қалыпты жағдай ретінде көрсетеді, қыздардың тағдыры мен әлеуметтік рөлін тек әйел, ана және ақысыз үй жұмысшысы ретінде насихаттайды.
Ал жаңадан шыққан тұрмыстық және жыныстық зорлық-зомбылық мәселесін көтеретін «Отвергнутые» (2018), «Жена» (2021), «Мыстан» (2021) сияқты фильмдер мен телесериалдар ешбір республикалық телеарнада көрсетілмеген. Қазақстандық телехабарлар әйелдерге деген шын өмірде орын алып жатқан құрметсіз және дөрекі қарым-қатынасты көрсетеді ме әлде насихаттайды ма?
[1] https://www.tandfonline.com/doi/abs/10.1080/15295030009388413
[2] https://link.springer.com/article/10.1023/A:1007119516728
[3] https://doi.org/10.1016/j.sbspro.2010.03.846
[4] https://www.semanticscholar.org/paper/The-portrayal-of-Women-and-Gender-Roles-in-Films-Alzahrani/773cd536ae70790a4828b9056f1693264de5d595
[5] https://www.jstor.org/stable/431572
[6] https://www.kz.undp.org/content/kazakhstan/ru/home/presscenter/news/2021/april/spotlight-initiative-round-table.html
[7] https://rus.azattyq.org/a/kazakhstan-brobe-kidnapping/30466749.html
[8] https://www.state.gov/reports/2020-country-reports-on-human-rights-practices/kazakhstan/
[9] https://www.hrw.org/ru/news/2019/10/17/334789
[10] https://vlast.kz/obsshestvo/37127-bet-i-budet-bit.html
[11] https://vlast.kz/avtory/36193-odomasnennoe-nasilie.html
[12] https://forbes.kz/news/2020/10/21/newsid_236020
[13] https://liter.kz/razyarennyj-revnostyu-pyanyj-muzhchina-udaril-nozhom-vozlyublennuyu-na-glazah-u-rebenka/
[14] https://www.kazpravda.kz/projects/page/7615048
[15] https://www.kt.kz/rus/incidents/v_almatinskoy_oblasti_svekrov_izbila_
snohu_do_poteri_1377906172.html
[16] https://liter.kz/23250-2/
[17] https://www.tandfonline.com/doi/abs/10.1080/02634937.2020.1850423?journal
Code=ccas20