© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

ДАИШ–тен кейінгі өмір: Елге қайтқан қазақстандықтарды не күтіп тұр?

Сириядағы ұрыс аймақтарындағы қазақстандықтарды елге қайтару операциясының нәтижесін жылдар өткен соң ғана нақты айта аламыз, дейді сарапшылар.


Подпишитесь на наш канал в Telegram!


Мамырдың 18–інде Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Ақтау қаласындағы оңалту орталығы жайлы әңгімеленетін қысқаша фильм жариялады. Бұл орталықта эвакуацияланған әйелдер мен балалар орналастырылған. Видеода Сириядан қайтып келген әйелдердің бірі қашпақ болғандарды снайперлер атып отырғанын, әйелдерді балаларымен түрмеге қамағанын айтады:

Менің күйеуім Сириядан кетпек талпынысымыз үшін бірнеше рет түрмеге отырып шыққан. Мен түрмеге бір рет жабылдым. Олар менен: «Үйге неге кеткің келеді?» деп сұрай берді, мен: «Мен бұл жерде қажып кеттім, жіберіңдерші», деп жауап бердім. Олар маған қашатын болсаң, атамыз деп ескертті. Қашуға қорыққан тағы себеп – айналаның бәрі миналанған, кетпек болғандардың көбі сол минаға жарылып өлді. Снайперлер атқылап отырды. Ақыр аяғында олардың өздері отбасыларын елден әкете бастады, ал қажеті жоқтарды жібермей, ұстап отырды. Түрмелерде балалар да отырды.

2019 жылдың басынан бері «Жусан» және «Жусан–2» арнайы операцияларының нәтижесінде, Сирияның ұрыс аймақтарынан Қазақстанға 278 азамат эвакуацияланды. Оның ішінде 186 бала мен 54 әйел. Түрлі деректер бойынша, ол жақта әлі де 200–ден 300–ге дейін қазақстандық қалып отыр, оның басым көпшілігі – мектеп жасына дейінгі балалар. Тағы 300 азамат қаза тапқан.

«Жусан–2» операциясының видеосынан скриншот

Альбина Айтпагамбетова, Мұнайлы ауданының балалар дәрігері орталықта оқпен жарақаттанған балалар да бар дейді:

«Қазір орталықта 94 адам жайғастырылған. Олардың арасында туғанына үш–жеті күн ғана толған шақалақтар да бар. Шешелері көп нәрсені айта қоймайды, бірақ көбіне оқ жарақаттарына шағымданады. Кейбіреулерінің жараларын қайта таңу қажет, кейбірлеріне невропатолог көмегі керек. Оқтан жараланған 8–9 жастағы балалар да бар».

Анна Гусарова. Жеке архивінен алынған фото

Орталықазиялық стратегиялық зерттеулер институтының директоры Анна Гусарованың айтуынша, Қазақстан негізінен әйелдер мен балаларды әкеліп жатыр, өйткені олар соғыс әрекеттеріне етене араласқан жоқ:

«Әйелдердің онда не үшін барғандығы туралы ұмытпау керек. Барлығының уәждемелері әртүрлі еді. Бірақ олар онда не істеп жүрді? Олар бала туды. Олардың басты функциясы сол ғана еді. Балалардың өте көптігі де сол себептен. Ал қаза тапқандар туралы айтар болсақ, олардың басым бөлігі – ересек ер адамдар».

Фильмде ҰҚК академиясының психологы Лола Шакимова қайтып келген әйелдер мазасыздық пен үрейге шалдыққан, балаларының тілі дамымаған, олигофренияның бастапқы кезеңі, ақыл–ой кемтарлығы байқалып отыр:

Самолет ұшып өткен кездерде, олар үстел астына тығылатын.

«Оның себебі, әрине, аналардың қорқынышты жағдайларда босанғандығында, соғыс жағдайында және дәрігерсіз баланы дүниеге әкелген. Сондықтан балалар бізге келген кезде, қатты үрейлі еді. Мысалы, самолет үшіп өткен кездерде, олар үстел астына тығылып қалатын. Сурет салғанда қолданатын негізгі түстері – қара және күлгін. […] Балалардың кейбірі ойыншықты өмірінде алғаш рет осында көрді».

Әдістеменің негізін қалау

Халықаралық радикализациялануды зерттеу орталығының (ICSR) есебіне  сәйкес, Сириядағы сегіз жылдан астам уақыт бойы жалғасып келе жатқан азаматтық соғыс кезінде 80 елден келген 40 мыңдай адам ДАИШ (Қазақстанда тиым салынған террористік ұйым) қатарына кірген.

Бастапқыда бейтарап позиция ұстанған Қазақстан 2011 жылдан бастап сириялық босқындарға гуманитарлық көмек көрсете бастады, ал 2017 жылы шиеленісті реттеуге қосылып, Астанада бейбіт келіссөздер ұйымдастыруды шешті. Онда Сирия билігі мен оларға қарсы күресуші көтерілісшілер бір үстел басына жиналды.

Келіссөздердің нәтижелеріне тараптар әртүрлі баға берді, дегенмен жиын «Тұтқындалғандарды/ кепілге алынғандарды босату, қаза тапқандардың денелерін беру және із–түзсіз жоғалғандарды іздестіру бойынша жұмыс тобының» Ережесі қабылданды.

Ресми Нұр–Сұлтан Қазақстанды бітімгер күш ретінде танытуға мүдделі, сол себепті аталған ереже аясында ұрыс аймақтарынан азаматтарды елге қайтаруды бастап кетті. Мұны ҚР президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин де атап өтті, оның айтуынша, «эвакуациялық шараларды көптеген мемлекеттер қолға алды, бірақ тап осындай ауқымдағы операцияны жүзеге асырған Қазақстан ғана».

Аманжол Уразбаев. Photo: ru.sputniknews.kz

Республикалық «Контртеррористік комитет» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Аманжол Оразбаевтың сөзінше, ұрыс аймақтарынан оралып жатқандарды Қазақстан бойынша 12 оңалту орталығы қабылдайды. Былтыр соның тоғызының құрылысына бюджеттен 300 млн теңге (792 мың АҚШ долларына жуық) ақша бөлінді, биыл бұл жобаға тағы үш өңірді қосып, тағы қаржы қарастырылды.

«Бұл бағдарламаның маңызды орындаушыларының бірі «Право» ҚҚ. Жуырда біз кездесіп, жасалып жатқан жұмыстың тиімділігін бағамдадық. Әсерім айтарлықтай жақсы екендігін айта аламын. Ең қиыны – балалармен жұмыс. Ұрыс аймақтарында болып қайтқан балалармен жұмыс істеу әдістемесі жоқ, сондықтан барлығын өздері жасап, негізін қалап жатқан жайы бар».

Ұрыс аймақтарында болып қайтқан балалармен жұмыс істеу әдістемесі жоқ.

«Право» ҚҚ балаларды оңалту шаралары туралы қандай да бір мәлімет беруден бас тартты – Білім министрлігінің бұйрығы солай. Кей деректер бойынша, операцияның екінші кезеңі аяқталған соң, 2019 жылғы маусымның соңында барлық ақпарат толығымен ашылуы мүмкін. Әзірге балалардың бір ай бойы оңалту орталықтарында жататындығы, сондай–ақ олардың ұрыстарға тікелей  қатысу фактілері бойынша тексерілетіндігі белгілі.

Уақыт көрсетеді

Анна Гусарова Сирида болып қайтқан балалармен жұмыс әр елде түрліше жүргізіледі дейді. Өлшемшарттардың бірі – қайтып келушілердің жасы, бірақ одан бөлек те маңызды шарттар бар.

«Тергеу жүргізер болсақ, бұл балалар мен әйелдер шынымен қолдарына қару алған–алмағанына қалайша көз жеткізе аламыз? Олар соғысты ма, өз еркімен бе, әлде оларды мәжбүрледі ме – маңызы жоқ. Бұл осындай операцияларды ұйымдастыру туралы шешім қабылдайтын адамдарды мазалайтын екінші сұрақ», – дейді Гусарова.

Қайтып келушілердің жасы туралы мәселе қазір Европада, АҚШ–та және басқа елдерде көтеріліп отыр. Мысалы, Бельгия үкіметі 10 жасқа дейінгі балаларды ғана қайтару жөнінде қаулы жасады. Одан ересек балалардың жағдайлары жекелеп қарастырылады, шешім содан жасалады.

Ұлыбританияда қайтару шарттары әлдеқайда қатаң: бұл жақтан Сирияға аттанғандардың жасы 14 пен 29 арасында, сондықтан оларды өз азаматтығынан айырып, паналаған еліне депортациялайды.

Қазақстан билігі бұған дейін қайтып келушілердің ұрыс әрекеттеріне қатысқандығы анықталса, оларды азаматтықтан айыру сияқты қатаң жаза қолданылатынын мәлімдеген еді. 2019 жылғы мамырдың басында белгілі болғандай, «Жусан–2» арнайы операциясының аясында Сириядан елге қайтарылған Ақтөбе облысының төрт тұрғыны қылмыстық істер бойынша қатысушы ретінде өтіп жатыр.

Олардың бірі «Сириядағы әскери іс–қимылдарға қатысты» деген күдікпен, қалған үшеуі «терроризм насихаттады» және «діни алауыздық тудырды» деген күдікпен ұсталған. Ақтөбе облыстық соты 15 мамырда олардың барлығына екі айға қамауға алу туралы үкім кесті.

Сириядан эвакуацияланған әйелдер мен балалар. «Жусан–2» операциясының видеосынан скриншот

Сарапшылар азаматтарды қайтару операцияларының, оның ішінде «Жусан» және «Жусан–2» тиімділігі туралы айту өте қиын. Әскери тұрғыдан, операциялар сәтті жүзеге асты – азаматтар елге қайтып келді, бірақ оларды оңалту шаралары нәтиже бере ме, жоқ па – оны 5–10 жылдан кейін ғана, балалар есейген соң нақты айта аламыз.

Гусарованың айтуынша, адамдар соғыстан қайтып келгенде, олардың келешегі қандай болатынын болжау қиын. Сондықтан бүкіл әлемде не істей керек және мұндай адамдарды қайтеміз деген мәселе қызу талқылануда:

«Айтылатын әңгіме көп, бұл «күндердің бірінде жарылатын бомба» деп те мәлімдегендер бар. Мен біздің оңалту бойынша тәжірибеміздің бірегейлігі туралы айтпаймын. Біз барлығын тамаша түсініп тұрмыз, бұл әйелдермен, жесірлермен діни компоненті бар психологиялық шараларды жасау керек. Балаларды әлеуметке қосу керек – балабақшаға, мектепке жіберіп. Кейін, уақыт өте ғана біз бұл азаматтардың өз отанындағы қоғамға сіңісе алды ма, жоқ па, нақтысын айта аламыз».


Бұл мақала IWPR «Орталық Азиядағы тұрақтылыққа бағытталған ашық диалог» жобасының аясында әзірленді

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: