Қазақстандағы Иегова куәгерлері ашық, кез келген ақпаратпен бөлісуге әркез даяр. Олардың қызметіне елде тиым салынбаған, алайда қоғамда куәгерлердің діни нанымын жете түсіне бермейтіндіктен, оған тосқауыл қою талпыныстары болып тұрады.
Подпишитесь на наш канал в Telegram!
*Материал CABAR.asia порталының аудиторияға Орталық Азия елдеріндегі діни алуандық туралы ақпарат беру мақсатындағы мақалалар топтамасы аясында жарияланған. Авторлар қандай да бір діни конфессияны насихаттауды көздемейді.
Жұма, таңертеңгі сағат 10. Алматының елеусіз бөлігінде орналасқан Патшалықтар Залында ине шаншар жер жоқ. Ашық есік күнінде қонақтарды саксофон әуені, фуршет үстелімен қарсы алып жатыр. Куәгерлермен сөйлескен кезде ең алдымен көзге түсетіні – олардың ақжарқындығы. Өзара негізінен «сен» деп араласады, бір бірін бауыр деп таниды.
Әр келушінің жанында екі волонтер, немесе өздері айтқандай «ерікті» бар. Сұрағаның туралы екі тілде, өте тиянақты және жанын салып айтып береді. Мен әдебиеттер қойылған стенд қасына тақалдым, жаныма бір бойжеткен келіп, қолыма қазақша Інжілді, Куәгерлердің некеге қатынасы туралы кітапшаны, және тұрмысқа шыға алмай жүргендер не істеуі керек деген туралы тағы бір кітапшаны ұстата қойды. Кейінірек «қыздар арасындағы тақырыптарда» сөйлескім келсе, хабарласуыма болады деп, нөмірін жазып алуын өтінді. Полат Бекжан әйелі екеуі Иегова куәгерлігіне өткеніне 34 жыл болды.– Куәгерлер қатарына қосылғанымызға көп болды, сонау 1985 жылдан бері. Әйелім ол кезде перзентханада істейтін, куәгерлердің бірқатарымен сол жерден танысты. Ол кез ұйымға тиым салынған уақыт еді.
Бір күні олар жұмыста Иегова Куәгерлері туралы кітабын тастап кетіпті, әйелім оны үйге алып келді. Екеуміз оны оқып шығып, жүрегімізде ұялаған, бұрыннан мазалаған сұрақтарымызға жауаптарды таптық. Иса біздің күнәларымыз үшін, бар адамзаттың күнәлары үшін өлгенін білдік.
Ұйымға кірген соң біз қатты өзгердік. Мен ішуді, темекі тартуды, әйеліммен жанжалдасуды қойдым, оны бұрынғыдан да қатты сүйдім. Киелі кітап бізді соған үйретті. Онда барлық нәрсе бар.
Алты баламыз, 12 немереміз бар – олардың барлығы куәгерлер. Иегова Куәгерлері менің өмірімді жақсарта түсті деп ойлаймын. Қазақстанда діни бостандық болғанына ризамыз.
Иегова Куәгерлерінің өкілдері прозелитизммен айналыспаймыз деп ерекше атап өтеді, яғни ашық түрде дініне кіруге уағыздамайды.
Лев Гладышев, Қазақстандағы аймақтық Иегова Куәгерлері Христиан Орталығы діни бірлестігінің ресми өкілі:
– Барлығымыз адамбыз, тілдескіміз келеді. Егер мен тілдесуге деген құқығымды жүзеге асырмақ ниетпен, сізге Інжілден оқығанымды айта бастаймын, ал сізге ол қызық болса, сіз менен толығырақ әңгімелеуімді өтінесіз. Бұл жерде ешқандай заң бұзылып тұрған жоқ.
Біздің ұйымға жай әншейін келіп, бірден кіре қалу да мүмкін емес. Ол үшін сіз өміріңізді өзгертудің бірқатар алғышарттарын орындауыңыз керек. Айталық, жаман әдеттерден бас тарту керек, жұбыңыздың көзіне шөп салуға, темекі тартуға, ішуге болмайды.
Куәгерлер сонымен бірге мемлекет саясатына қатыспайды және толық нейтралитет ұстанады. Иегова куәгерлері мемлекеттік гимн орындамайды, байраққа немесе гербке құрмет көрсетпейді. Олар үшін саяси партияларға мүшелік пен сайлауға қатысуға болмайды. Дегенмен, билікті құрметтеу мен заңға бағыну тақырыбына Куәгерлер уағыздарының біразы бағышталады, бірақ мемлекет рәміздеріне сын келтіруі мүмкін кез келген әрекеттен бас тартады. Сондай–ақ, олардың әскерде қызмет етуіне болмайды, тіпті ол үшін қылмыстық қудалау мен түрмеге қамалатын болса да.
Сонымен қатар, Иегова куәгерлері қан құюдан және оны тамаққа пайдаланудан бас тартады, алайда, баспасөз қызметінің өкілі Владислав Диголянның айтуынша, егуден бас тартпайды: «Иегова куәгерлеріне ешқашан вакцинацияға тиым салынбаған. Ондай тиым салмаймыз да. Бұл әр адамның жеке шаруасы. Яғни ұйым азаматтардың жеке, дербес өміріне араласпайды, адамдар өз бетінше шешім қабылдайды». Владиславтың өзінің әке–шешесі мен ата–әжесі куәгерлер, Інжілді кішкентайынан ата–анасымен оқып өссе де, ұйымға кіру туралы шешімді саналы түрде өзі қабылдаған:– Ата–анаң куәгерлердің қатарынан болса, олардың қандай да бір құндылықтар жүйесін қалыптастыратыны түсінікті, оның ішінде діни құндылықтарды сіңдіреді. Бізде сәбилер мен балаларды шоқындыру жоқ, әр адам есейіп, бұл туралы шешімді өздері қабылдауы керек.
Ұйымымыздың өте баяу өсіп келе жатқандығының себебі де осы: құдайға сыйыну үшін мұнда кез келген адам келе алады, бірақ олардың ішінде өмірін талаптарымызға сай қылып, қатарымызға толық қосылуға дайындары азғантай ғана.
Бізде саяси амбиция жоқ, біздің мақсат – құдайға құлшылық ету, тыныш өмір сүру және қауіпсіздікте болу. Иегова Куәгерлеру қолдарына ешқашан қару ұстамайды – тап осы себептен біз қудалауға ұшыраймыз. Әсіресе ХХ ғасырда куәгерлердің көбі Германиядағы, Кеңес одағындағы өлім лагерлерінде көз жұмды
Айтпақшы, сол өлім лагерлері арқылы куәгерлер 1940–жылдары Қазақстанға келген еді. Ал Иегова Куәгерлерінің Қазақстандағы тарихы 1892 жылдан бастау алады, сол жылы Усть–Бухтарма мекеніне Симеон Козлицкий жер аударылған еді, ол Інжіл зерттеушісі болған – Иегова Куәгерлерін ол уақытта солай атайтын. Бұл адамдар қоғамның бөлігі болу, мемлекетке, басқа адамдарға зиянын тигізбей, өздері дұрыс санайтын жолды ұстанып, өмір сүру құқығына қанын, терін төгіп, лагерлерде жылдар өткізіп ие болды.
Иегова куәгерлдерінің Алматыдағы Орталығы 2005 жылы салынған. Ғимараттардың жалпы аумағы 5 мың шаршы метрді құрап, 7 гектар жерді алып жатыр.
Орталықтың аумағына кірсең, басқа әлемге енгендей әсерге түсесің: күшейтілген күзет, камералар. Орталықтағылар мұны келушілердің тыныштығын құрметтеу мақсатында жасалған қауіпсіздік шаралары деп түсіндірді. Кешен төрт негізгі ғимараттан тұрады, олардың ішіне өзара аралықтармен байланысқан кеңсе, асхана, асүй, тұрғын жай, кір жуатын бөлме, әдебиеттер қоймасы, шеберханалар кіреді. Тұрғын жайда 39 бөлме бар, онда Орталықта істейтін еріктілер тұрып жатыр. Қазір олардың саны 76 адам. Олардың барлығы әдебиеттерді жөнелту, техникалық қызмет көрсету, жабдықтау, қызметтік, заң, аударма, әкімшілік, компьютерлік, есеп, сырқаттар туралы ақпарат бөлімдерінде, сонымен қаар Патшалықтар Залдарын салу бөлімінде істейі. Лев Гладышевтің айтуынша, кешен тұтастай садақалар есебінен жұмыс істеп тұр: «Иегова Куәгерлері – дүниежүзілік ұйым, оның қатарында әлем бойынша 8 миллион мүше бар. Куәгер болу дегеніміз белсенді өмірлік позиция ұстану, сол себепті олар жиі келіп тұратын жерін қамқорлығына алады. Олар, мысалы, біз оқитын әдебиет болсын деп садақа береді. Бізде десятина немесе қандай да бір міндетті жарна деген түсінік жоқ, ақша жинаумен айналыспаймыз. Жасалатын садақаның барлығы ерікті және құпия түрде жасалады». Иегова Куәгерлерінің сайты 975 тілге аударылған. Ал әдебиеттері 750–ден астам тілде жарияланып, 240–ден астам елде таратылады. Кешен аумағындағы тазалық та келушілердің мойнында. Динара Құрманова бұл ұйымға 15 жасында келді, бірақ ресми түрде куәгерлер қатарына 18 жасынан қосылды:– Анам мені Куәгерлермен 97 жылы таныстырған болатын. Әкем де танысты, бірақ мүше болып қосылмаса да, бізді қатты қолдайды. Содан бері міне 20 жылдан астам уақыт өтіпті.
Мен інжілдік қағидалармен өмір сүруге тырысамын, денімнің саулығына мұқият қараймын. Сонымен қатар, соңғы бірнеше жылда мен осы христиандық орталықта ерікті ретінде көмектесіп келемін. Тегім қазақ, мұнда үнемі қазақша кездесулер болып тұрады, әдебиеттер қазақшаға аударылады.
Айналамдағылар дініме қалыпты қарайды, бірақ әлеуметтік желілерде діни ұстанымымды көрсетпеймін.
Бұл мақала IWPR «Орталық Азиядағы тұрақтылыққа бағытталған ашық диалог» жобасының аясында әзірленді