© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

«Мемлекетке масыл болмаймыз». Қытайдан тарихи отанына оралған қазақтар қалай тұрып жатыр?

2019 жылдың жарты жылында Қытайдан мыңнан астам қазақ отбасылары тарихи отанына оралып, қоныстанды.   


Подпишитесь на нашу страницу в Facebook!


Оралхан Әбен Қытайдың Шыңжаң–Ұйғыр автономиялық ауданының (ШҰАА) Дұрбылжын уезінде туып өскен. Оның айтуынша, ол жақта осы уақытқа дейін тыныш өмір болған, бірақ 2013 жылдан бастап дін ұстанатын адамдардың жағдайы қиындап, мешітте намаз оқуы проблемаға айналды.

Мешіттің аумағына енген бойда, қақпа алдында келушілердің жеке куәліктерінің деректерін жазып ала бастайтын болған. Кейінірек мұның бәрі қорқынышты жағдайға дайындық екені анықталды. Жұмыс істейтіндер мен зейнеткерлерге мешітке келгенді қоймасаңдар, айлық пен зейнетақы төлеуді тоқтатамыз деп қоқан–лоққы көрсете бастаған. Жастардың кіруіне тіпті тиым салды. Осылайша тиым салу науқаны басталды.

Оралхан Әбен. Жеке архивінен алынған фото

2017 жылы мешіттердің алдында деректері жазып алынғандарды саяси қайта тәрбиелеу лагерлеріне орналастыра бастады. Діннен бөлек, білім беру мәселесі қолға алынды. Біз тұрған жерде содан бұрын ұйғыр мектебін жауып тастады. Одан кейін қазақ мектептерін де жаба бастады да, қазақ тілінен беретін мұғалімдерді лагерге қамады деп те естідім. Ал лагерге кетпегендерді қытай мектептерін күзетуге қойған.

Қазақ балалары қытай мектептеріне жіберіліп, оларға қазақша сөйлеуге тиым салды, тек қытайша сөйлеңдер деген талап қойған. Біз балаларымыздың болашағына алаңдай бастадық. Сонда біздің тілімізді, біздің дінімізді жойса, арғы ұрпақтарымыздың жағдайы не болады деген сұрақ жанымызды қинады.

2016 жылдың тамызында Оралхан күйеуімен тарихи отанына оралуды ұйғарды. Елге келіп, үш баласымен азаматтық алды, ал күйеуін паспорты дұрыс емес деп қабылдамады. Дегенмен, отбасы түгел Қазақстанда тұрып жатыр.

Теріскейге аттану

Ресми Пекин алдымен саяси лагерлердің бар екендігін мойындамады, кейін оларды экстремизм мен радикализмнің алдын алу үшін ұйымдастырылған «кәсіби қайта даярлау орталықтары» деп атап ақталды. Өткен жылдың желтоқсанында Қытай билігі осы орталықтарды көрсетеміз деп 12 шетел дипломатын шақырды. Олардың ішінде негізінен мұсылман елдерінің, сондай–ақ Қазақстан мен Қырғызстанның дипломаттары болды.

Сапар нәтижесінде ҚР–дың ҚХР–дағы елшісінің кеңесшісі Манарбек Қабазиев қытай халықаралық CCTV телеарнасында алған әсерімен бөлісіп, сұхбат берді. Өз сөзінде ресми өкіл Қытай үкіметі халқына жаңа мамандықтарға үйренуге мүмкіндіктер жасап, барынша қамқорлық көрсетеді деп атап өтті.

Қазақстанның Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 1991 жылдан бері ҚХР–дан елге 136 492 адам келген. Ал 2019 жылдың алты айында Қытайдан тарихи отанына келіп, оралман статусын (шет елдерден Қазақстанға көшіп келуші қазақтар – ред. ескертпесі) алған адамдардың саны – 1552.

ҚХР–дағы қазақтардың мәселелерін шешумен айналысатын «Атажұрт Еріктілері» ұйымының айтуынша, Қазақстан Қытайдың бұрынғы азаматтарын баспанамен қамтамасыз етуге, жұмыс тауып беруге және жәрдемақы төлеуге  міндетті емес. Сондықтан осы аталған жеңілдіктердің ешқайсы шетелден көшкен этникалық қазақтарға берілмейді. Бірақ олар Қытайда зейнетақы алмаған болса, бұл жақта ала алады. Алайда ол үшін сансыз құжаттарды түгендеп тапсыруы керек.

Биылғы тамызда Қазақстанның экс–президенті Нұрсұлтан Назарбаев партиялық шарада сөз сөйлеп, тарихи отанына оралған қазақтарға «масыл болмай», өз күндеріни өздері көруге шақырды.

«Әлі күнге дейін отыз жыл бұрынғы ұрандарды айтады: «Маған бер, менің балам көп», «Менің айлығым аз, маған бер», дейді. Сонда неңді ойлағансың? Ол сенің проблемаң ғой. Бала туарда, мемлекетпен ақылдасып алған жоқсың ғой. Мемлекеттің өз шаруасы жетеді, болса – береді. Жоқ, тағы бер», – деді Назарбаев (Zakon.kz сайтынан алынып, аударылған дәйексөз).

Қалай дегенмен, мемлекет елдің солтүстік өңірлерінде қоныстанатын оралмандарға көмек береді, өйткені онда жыл сайын халық саны азайып, бала туу көрсеткіштері төмендеп, халық басқа жақтарға көшіп кетіп жатыр. «Атажұрт Еріктілерінің» ақпаратына сәйкес, оралмандар теріскейде қоныс тепкен бойда оларға бірреттік ақшалай жәрдемақы беріледі: алғашқы жылда пәтер жалдау үшін әр отбасы мүшесіне 86 мың теңге (223 АҚШ доллары) тағайындалады.

Мысалы, егер отбасында бес адам болса, бірреттік жәрдемақы көлемі 430 мың теңгені (1,1 мыңнан сәл артық АҚШ доллары) құрайды.

Дегенмен репатрианттардың басым бөлігі Алматы облысында – 29 589 отбасы (73 675 адам), Шығыс Қазақстан облысында – 12 864 отбасы (40 347 адам) және астанада – 3 672 отбасы (6 130 адам) қоныстанған.

Оралхан Әбен қазір отбасымен Алматы облысындағы Қарабұлақ ауылында тұрып жатыр. Күйеуінің туысқандарына жақынырақ келіп орналасқан.

«[Көмек] алмадық ешқандай, аласыңдар ма деп сұрамады да. Тек осы ақпаннан бастап кенже баламның мүгедектігі бойынша азын–аулақ жәрдемақы ала бастадық. Өзіміз күш салып кішкене жер телімін алдық, үйімізді салып алдық, бірақ әлі кірген жоқпыз – құжаттарымыз дайын болмай жатыр. Сондықтан әзірге күйеуімнің туыстарының үйін паналап отырмыз», – дейді ол. 

Ауылда ыдыс жуушы болып уақытша жұмысқа тұрып алған әйел отбасын жағыз өзі асырап отыр, өйткені күйеуінің жұмыс істеуге денсаулығы жоқ, ал ең үлкен қызы университетте оқиды.

«Біздің басымызда тұрмыстық қиыншылықтар бар. Бірақ біз мемлекетке масыл болғымыз келмейді, сондықтан шамамыз жеткенше өз күнімізді көруге тырысып бағудамыз», – деп қосады Оралхан.

«Ажырасыңдар деп бұйырды»

Қазір Оралхан Қытайдан Қазақстанға анасын көшіріп алуға барын салуда. Оның айтуынша, қарт шешесі Қытайда үй қамағында отыр.

«Оның денсаулығы нашар, қамқор болатын ешкімі жоқ. Анам осы елге, біздің жанымызға келгісі келеді, бірақ ол жақтан шығармай отыр, құжаттарын қайтарудан бас тартады. Сондағы себеп – оның лагерде болғанын, онда не көргенін, басынан не өткенін айтып қоймасын деген қауіп. Біз оған ресми шақырту жібердік. Ол бойынша шекарашылар анама паспортын қайтарып, Қазақстанға шығып келуіне рұқсат беруі тиіс. Бірақ әлі күтіп жүрміз», – дейді Абен.

Ол күндердің күнінде отбасымыз қосылып, басымыз түгенделсе деп үміттенеді. Бұған дейін әйел екі жыл бойы Қытайдан күйеуінің қайтып келуін күткен еді –2017 жылдың қыркүйегінде ол Шыңжаңға бауырын жерлеп қайтуға кетіп, жоғалып кеткен болатын.

Оралхан Әбен күйеуімен және балаларымен. Жеке архивінен алынған фото

Кейін анықталғанындай, жұбайы Қытай шекарасынан өте бергенде оның паспортын тартып алған.

«Оған әйеліңмен ажырас деп бұйрыған. 2018 жылдың шілдесінде менімен байланыстырып, осыны айтқызбақ болған. Хабарласты да, ештеңесін түсіндірмей, ажырасамын деп мәлімдеді. Мен оған дайын болмадым да, бас тарттым. Бір нәрсенің дұрыс еместігін сездім», – деп еске алады Оралхан.

2018 жылдың қыркүйегінде оның күйеуі тұтқынға алынды. Күні–түні, тіпті түнгі сағат 2–3 болса да тергеп отырған, отбасыңды шетелге неге шығардың деп сұрай берген. Оралхан Қазақстан парламентіне, Сыртқы істер министрлігіне, тіпті президентке шағым жіберді. Күйеуін елге қайтаруын, отбасының қосылуына көмек көрсетуін сұраған.

Қаншама хаттар мен шағымдардың нәтижесінде күйеуі босатылды. Ол Қазақстанға биыл ақпанда оралды.

«Денсаулығына үлкен зиян келтірген – үнемі ұрып–соққан, азаптап қинаған, соның салдарынан құлағы естімей қалған, бүйрегін құртқан, бауыры ісіп кеткен, жүрегі ұлғайып кеткен, асқазанына жара шыққан. Қамауда отырып не көргенін отбасына айтпа деп қорқытқан. Әбден үйреулендіріп тастаған», – дейді Шыңжаң лагерінде зардап шеккен адамның әйелі.

Қамауда отырып не көргенін отбасына айтпа деп қорқытқан.

Ал 2018 жылдың сәуірінде ШҰАА құқық қорғау органдары Оралхан Әбеннің қартайған анасын ұстап, лагерге жіберген.

«Ол 70 жаста, егде болғанына қарамастан ұстап алып, Қазақстанға барғаны үшін, намаз оқығаны үшін лагерге қамап тастаған. Бірақ оның саяси қайта тәрбиелеу лагеріне жіьеру туралы ешқандай ресми құжаттар жоқ. оның қамалғанын мен 16 күннен кейін бірақ білдім. Жағдайы не болып жатыр – біле алмадым. Басқа бір кісілердің айтуынан мардымсыз бір ақпараттар алып отырдым. Былтыр шілдеде өтіне ота жасалғанын естідім. Ал 15 күн өте салысымен, лагерге қайта қамап тастаған», – деп бөліседі Әбен.

Анасы қамалғаннан кейін бірнеше ай өткен соң Оралханның кіші інісі қысымға шыдай алмай асылып өлді.

«Ерболат қайтыс болған күні мамамды баласымен қоштасу үшін алты сағатқа ғана босатқан! Ұлын адам сияқты жерлеуіне де шама бермеді. Сосын қайтадан жауып тастады. Жасалған ота мен үнемі тергей бергеннен, қамақтағы жағдайдың ауырлығынан денсаулығы тіптен нашарлап кетті. Қыркүйекте ауруханаға түсіп қалды. Бірақ шыққан бетте қайтадан лагерге қамалды», – дейді Әбен.

2018 жылдың желтоқсанында ол анасының лагерден босағаны, бірақ үйқамаққа алынғаны туралы хабар алды.

Ажыратылған отбасылардың тауқыметі

Осы жылдың 4 наурызында Қазақстанның сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Қытайдағы лагерлерде қамалған қазақтардың саны 80%–ке қысқарғанын мәлімдеді. Ал Қытайдан Қазақстанға шығу үшін құжат алу талаптары (негізінен отбасылардың бірігуі үшін) жеңілдетілген.

«2018 жылы 2500–ге жуық оралман қазақтар тарихи отанына бару үшін виза алған. Биыл Қазақстан азаматтығын алған, бірақ қос азаматтығын сақтаған 33 азамат Қытайда ұсталды», – деді Атамқұлов, парламентте сөйлеген сөзінде.

Айна Шорманбаева. Жеке архивінен алынған фото

«Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қорының (International Legal Initiative) басшысы Айна Шорманбаеваның айтуынша, қытай лагерлерінде зардап шеккендердің көпшілігі Қазақстандағы жақындарының Сыртқы істер министрлігіне, халықаралық ұйымдарға жаудырған шағымдарының, сондай–ақ әлемдік басылымдардың қорғануға, сыртқы әлеммен байланысуға мүмкіндік бермей жаппай қамау жүріп жатқаны туралы жаңалықтарды ашық жариялауының нәтижесінде босап шыққан.

«Әрине СІМ өз жауаптарында Қытайдың ішкі мәселелеріне араласа алмаймыз деп жазады, дегенмен адамгершілік және отбасы бірге болуы керек деген қағидаларды ұстанып, қытай тарабына наразылық нотасын жіберіп, келіссөздер жүргізеді. Нәтижесінде бірнеше айдан соң мәселе шынымен шешімін тауып жатады. Кей тұтқындарды үй қамағына отырғызады, кейін босатып, Қазақстанға шығуына рұқсат та береді.  Біздің билік сол лагерлерге қатысты табанды бір позициясын білдірмесе де, көзге көрінбейтін шаруалар атқарылып жатыр», – деп атап өтті Шорманбаева.

International Legal Initiative деректері бойынша, 2017 жылдар бері ұйымның көмегіне 162 Қазақстан азаматы жүгінген. Осы күні 15 адам босатылып, отбасыларына қайтқан.

«Алайда бұл тек өздерінің отбасыларына оралғандарын хабарлаған адамдардың саны. Жақындарымен қосылып, бірақ хабарын бермеген адамдар да бар. Көмек сұрағандардың барлығы туысқандары лагерге қамалғанын айтқан жоқ. Кейбіреулері тек құжаттарын рәсімдеуді өтініп, түрлі құқықтық мәселесімен келгендер», – деп нақтылайды Айна.

Шыңжаңдағы биліктің қысымына ұшырағандардың дені – шетелде, Қазақстан, Түркия және Индонезия сияқты 26 «айрықша елдің» бірінде туыстары бар адамдар, деп хабарлайды Human Rights Watch. Сонымен қатар Шрманбаеваның айтуынша, қауіп–қатер тобына ислам дінін ұстанатындар кіреді:

Тіпті мемлекеттің рұқсатымен қызмет жүргізіп отырған имамдар да ұсталған. Ал бұл адамдар ешқашан мемлекетке қарсы ештеңе жасамаған, ешқандай қылмысқа бармаған. Бірақ олар молда болғаны үшін ғана, кей мәліметтер бойынша, 10–15 жылға сотталып кеткен. Кей молдаларды түрмеде өлгенше ұрып–соққан.

Лагердің өзі, босап шыққандардың сипаттағанына қарағанда, әдеттегі колонияға ұқсайды. Бір камерада қазақтар, қырғыздар, өзбектер, ұйғырлар және дүнгендер отыруы мүмкін.

«Таңғы 8–ден кешкі 5–ке дейін қамалғандарды қытайша жазуға үйретумен болған. Менің білуімше, тіпті білімі бар, қытайша білетіндерді де жазғызған, олардың ішінде мұғалымдер де бар. Бірақ оларға өздері білетін әдеби қытай тілін емес, пропаганда тілін үйреткен. Олар осы уақытқа дейін сүрген өмірлері мен ойлаған ойлары үшін өкініш білдіріп, коммунистік идеалдарға берік екендігін айтатын хат жазуға мәжбүрлеген», – деп жабығады Айна Шорманбаева.

Оларға өздері білетін әдеби қытай тілін емес, пропаганда тілін үйреткен.

Лагерден босап шыққан күннің өзінде елден шығу үлкен проблема болып қала береді.

«Тіпті елден шыға алса да, лагерде не болып жатқанын, басымнан не өткенін өлсем де айтпаймын деген қолхаттар мен саны шексіз құжаттар толтырады.  Елден жіберсе де, Қытайда 1-2 отбасы мүшесін кепілге алып қалады. Сол себепті Қазақстанға кеткендердің көбі өзі үшін кепілге қалған жақындарын уайымдап, ақыры Шыңжаңға қайтуға мәжбүр», – деп түсіндіреді Шорманбаева.

Ал жақыны да, дүние–мүлкі де жоқтар Қазақстанға кетеді де, осында біржола қалып жатыр. Бірақ ол жақта басынан не өткергені жайында жақ ашуға қорқады.

Бір айдан астам уақыт бұрын Оралхан Әбен Қазақстанның сыртқы істер министрлігінен анасын алдырту бойынша шаралар атқарылып жатқандығы туралы жауап алды. Сонымен қатар ол БҰҰ аймақтық өкілдігіндегі адам құқықтары жөніндегі басқармасына хат жазып жіберді. Енді шамалы уақытта анасы елге келіп, отбасымен қосылады деп, үмітін үзбей отыр.


Бұл мақала IWPR «Орталық Азиядағы тұрақтылыққа бағытталған ашық диалог» жобасының аясында әзірленді

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Spelling error report
The following text will be sent to our editors: